Accessibility links

Мәскеу Пхеньянға "халықаралық кепілдік" сұрады


Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ын. Владивосток, 25 сәуір 2019 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин Солтүстік Кореяның жетекшісі Ким Чен Ынмен алғаш рет жүзбе-жүз кездескен соң Пхеньянға ядролық бағдарламасын аяқтамай тұрып халықаралық кепілдік берілуі керектігін айтты.

Ресей президенті Солтүстік Кореяға мұндай кепілдік беру процесіне бірнеше мемлекеттің қатысқанын жөн көреді. Путин мен Ким Чен Ынның сәуірдің 25-інде бір күнге созылған Владивостоктағы саммитінен соң жасалған басты мәлімдеме осы болды. Ал Ким Чен Ын кездесудің "жүзбе-жүз пікір алысуға зор пайдасы" болғанын айтты.

Владивостоктағы саммит АҚШ пен Солтүстік Кореяның арасындағы Корей түбегін ядролық қарудан тазарту туралы келіссөз шорт үзілген соң екі айдан кейін өтті. Вьетнамдағы келіссөз кезінде Пхеньян ядролық бағдарламадан бас тару уәдесі үшін өзіне салынған барлық экономикалық санкцияны алып тастауды талап еткен. Вашингтон бұған үзілді-кесілді қарсы болған.

ПУТИН МЕН КИМНІҢ АЙТҚАНЫ

"Олар (Солтүстік Корея - ред.) қауіпсіздігіне небәрі кепілдік қана сұрап отыр" деді Путин журналистерге бейсенбі күнгі саммиттен соң. Оның сөзінше, "халықаралық кепілдік берілмейінше" Пхеньянмен ядролық қару-жарағы туралы келіссөз жүргізу мүмкін емес және мұндай мәселені шешу кезінде екі елдің арасындағы келісім жеткілікті болмайды. Ресей президентінің пікіріне сәйкес халықаралық келісім Солтүстік Кореяның тәуелсіздігіне кепіл болуы тиіс. Путин бір сөзінде Вашингтонды Пхеньянға күш қолданбақ деген сарында атын айтпай сынап қалуға тырысты.

"Әлемдегі ахуалға күштінің заңы емес, халықаралық заң ықпал ететін жағдайға қайтып оралуымыз керек" деді Ресей президенті.

Саммит болған күні Ким Чен Ын Корей түбегіндегі ахуалды "бейбіт реттеу" бойынша Владимир Путинмен "мағыналы әңгіме болғанын" айтты.

Ким Чен Ын (сол) мен Владимир Путин. Владивосток, 25 сәуір 2019 жыл
Ким Чен Ын (сол) мен Владимир Путин. Владивосток, 25 сәуір 2019 жыл

Путин де Пхеньянның ядролық бағдарламасының төңірегіндегі текетірес мәселесін Киммен "жан-жақты талқылағанын" хабарлады. Екі саяси жетекшінің алғашқы жүзбе-жүз кездесуіне үкімет мүшелері мен әскери басшылар да қатысты.

Владивостоктағы Қиыр Шығыс мемлекеттік университетінің алдына шығып, журналистерге көрінген екі саясаткер бір-біріне жымиып, қол алысты.

Путин Кимнің бұл сапары Корей түбегіндегі жағдайды орнықтыру жолдарын "жақсырақ түсінуге сеп болады деп үміттенетінін" жеткізді.

"Екі Кореяның арасындағы диалогты дамытуға және Солтүстік Корея мен АҚШ-тың қарым-қатынасын реттеуге күш салып жатқаныңызды шүбәсіз қолдаймыз" деді Путин.

Саммиттен бір күн бұрын Владивостокқа 700 шақырым жол жүріп, пойызбен жеткен Ким:

"Әлемнің назары Корей түбегіне ауған шақта бұл аймақтағы саясатты бірге саралау, көзқарасымызды үйлестіру және зерттеу мағыналы диалогқа айналады" деп мәлімдеді.

ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ТАРИХЫ

Мәскеу мен Пхеньянның қарым-қатынасы бұрыннан жақсы. 1991 жылы Совет Одағы құлаған соң Ресей қаржылық көмегін тоқтатқанда екі елдің арасы суыңқыраған. Соңғы жылдары екі елдің арасы жақындай түскен. Бірақ Мәскеу Пхеньянға дәл Пекин сияқты ықпал ете алмайды.

Ресей аракідік Солтүстік Кореяның ядролық зымыран сынау әрекеттерін сынап қойғанымен АҚШ, Жапония мен Оңтүстік Кореяның Пхеньянға қатысты саясатын қолдаған емес.

2017 жылы Мәскеу Пхеньянға салынған қосымша халықаралық санкцияларға қарсы шықты, Солтүстік Корея алтыншы ядролық бомбасын сынаған соң халықаралық қауымдастық көтерген шуды "әскери байбалам" деп атады.

Солтүстік Кореяның бұрынғы президенті Ким Чен Ир (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Владивосток, 23 тамыз 2002 жыл
Солтүстік Кореяның бұрынғы президенті Ким Чен Ир (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Владивосток, 23 тамыз 2002 жыл



Ким Чен Ынның әкесі Ким Чен Ир Ресей президенті Владимир Путинмен 2001 жылы Мәскеуде, 2002 жылы Владивостокта кездескен. Ким Чен Ир 2011 жылы Мәскеуге келіп, сол кездегі Ресей президенті Дмитрий Медведевпен де жүздескен.

Бұған дейін 2018 жылдың маусымында және биылғы ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея жетекшісімен екі рет жүзбе-жүз кездескен. Бірақ екі саясаткер қандай да бір мәміле қыла алмаған. Трамп әкімшілігі үшінші саммит өткізу туралы бастама көтерді. Бірақ Пхеньян бұл келіссөзге және болашақ кездесулерге АҚШ-тың мемлекет хатшысы Майк Помпеоны қатыстырмау туралы талап қойып отыр.

Наурыз айында АҚШ Солтүстік Кореяға ядролық бағдарламасын тоқтатпағаны үшін жаңа санкциялар салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG