Accessibility links

Солтүстік Кореяда әйел зорлау - үйреншікті жағдай


Базардағы әйелдерді тінту. Сурет авторы Чхве Сон Гук
Базардағы әйелдерді тінту. Сурет авторы Чхве Сон Гук

Солтүстік Кореяда шенеуніктердің, әскерилер мен арнайы қызмет өкілдерінің әйелдерге жыныстық зорлық көрсетуі - үйреншікті жағдай, оларды ешкім жазаламайды. Елдегі жағдайды зерттеген адам құқығын қорғау ұйымы осындай қорытындыға келген.

Дегенмен Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы ресми Пхеньянның "Солтүстік Кореяда сексуалды сипаттағы қылмыс мүлдем болмайды" деп үнемі мәлімдейтінін атап өтеді.

"ТҮНДЕ ЖЫЛАЙСЫҢ, НЕГЕ ЕКЕНІН БІЛМЕЙСІҢ"

HRW ұйымы әзірлеген "Түнде жылайсың, неге екенін білмейсің" атты 86 беттік баяндамада КХДР-ден қашқан (Корея халық демократиялық республикасы) 54 адамның басынан өткен зорлық-зомбылық оқиғалары баяндалады.

Олардың бәрі Солтүстік Кореяда қолына қандай да бір билік тиген ер адамның (партиядағы жоғары лауазымды шенеуніктен бастап, көшедегі қарауылға дейін) көзіне түскен бейтаныс әйелдің тағдыры "сол сәтте шешілетінін" айтқан.

Сексуалды зорлық туралы бәрі біледі. Әйелдердің бәрі одан қорқады және оған жиі тап болады. Бірақ тіс жарса, өлім жазасына кесілуі не түрмеге қамалуы мүмкін. КХДР қоғамында гендерлік теңсіздік өршіген. Бірақ идеологиялық себептермен жыныстық сауаттылықты үйретпейді, ол жайында тәрбие бермейді.

Human Rights Watch ұйымының Twitter-де жариялаған видеосы

HRW баяндамасы бұрынғы солтүстік кореялық суретші Чхве Сон Гуктың суреттерімен безендірілген. Сон Гук бір кездері мемлекеттік саясатты насихаттауға араласқандықтан жүйенің қыр-сырын жақсы біледі. Кейінірек Солтүстік Кореядан қашып шыққан. Суретші туындыларын диктатор Кимнің отбасы басқарып отырған кездегі көрген-білгендеріне сүйене отырып салған. Туындыдан нақты адамдар мен оқиғаларды емес, елдегі жағдайдың "классикалық сценарийін" көруге болады.

Қысымнан қорыққан базардағы әйел бақылаушыға пара беруде
Қысымнан қорыққан базардағы әйел бақылаушыға пара беруде

Солтүстік Кореяда жұмыссыз әйелдер 1990-жылдардың соңынан бастап көшеде ұсақ саудамен айналыса бастады. Осылайша отбасының жалғыз асыраушысына айналды.

Алайда коммунистік идеология құптамайтын іспен айналысқандықтан бұл әйелдер жыныстық зорлыққа жиі ұшырайтын қорғансыз топқа айналды. Базарда саудамен айналысқан 21 әйел сауалнама барысында полиция мен өзге де билік өкілдері тарапынан жиі жыныстық зорлық көргендерін айтқан.

"Көңілі ауса болды, базардағы күзетшілер немесе полиция қызметкерлері базардың қасындағы бос ғимаратқа немесе кез келген бір "қолайлы" орынға баруды ұсынады. Біз оларға ойыншық сияқтымыз", - дейді елден 2014 жылы қашып шыққан Янгандо өлкесінің бұрынғы тұрғыны, орта жастағы О Чон Хи. Оның айтуынша, мұндай жайттың жиілегені соншалық ерлер де, әйелдер де мұны үйреншікті жағдай санаған. "Тек түнде жатып жылайсың, неге екенін білмейсің" дейді әйел.

ТҮРМЕДЕГІ АУЫР ЖАҒДАЙ

Солтүстік Кореяда түрмеге немесе еңбек лагеріне түскен әйелдердің жағдайы ерекше ауыр, олардың өмірі бұрынғы нацистік Германияның концентрациялық лагеріндегі тұтқындардың жағдайына ұқсас. HRW қызметкерлерінің сауалнамасына қатысқан түрмеде не тергеу изоляторында болған солтүстік кореялық әйелдер жыныстық зорлыққа ұшырағандарын, ар-ожданын қорлайтын сөздер естігенін, тергеушілер мен күзетшілердің мазағына ұшырағанын айтқан.

Провинциядағы базарлардың бірінде сауда жасаған Юн Ми Хва Қытайға қашпақ болғанда полиция қолына түседі, сөйтіп абақтыға қамалады.

"Күн сайын кешке күзетші бір әйелден әкетіп отырды, ол әйелді зорлайтын. Арасында бір күзетші өте қорқынышты болды. Кейінірек оның өте қатыгез екенін білдік. Күнде жаңа адамдар келген сайын әлденені сылтауратып біреуді қатты сабайтын, осылайша өзінің қожайын екенін көрсететін. Клац-клац-клац - бұл өмірімдегі қатты қорқатын дыбыс. Камерадағы құлып ашылған кезде дәл сондай дыбыс шығатын. Күн сайын кешке күзетші есікті ашады. Мен ешкімді көрмегендей болып, тып-тыныш тұрам. Менің кезегім келмесе екен, қорқынышты күзетші болмаса екен деп іштей тілеп тұрам".

Янгандо провинциясында тұрған шаруа әйел Пак Ён Хи КХДР-ден 2011 жылы қашып шыққан. Ол елден кетуге екі рет талпынған. Екіншісінде ғана сәті түскен. Алғашқы жолы оны Қытайда ұстап алып, еліне қайтарған. Тергеу изоляторында полиция қызметкері оған жыныстық бопсалау жасаған.

Солтүстік Корея түрмесіндегі әйелдердердің тергелуі
Солтүстік Корея түрмесіндегі әйелдердердің тергелуі

Пак Ён Хидің айтуынша, одан тергеуші қытайлықтармен болған жыныстық қатынасы туралы сұрай берген. Әйелдің айтуынша, Қытайда болған кезде оны жыныстық құлдыққа сатқан.

"Өмірім соның қолында болды. Не істе десе, соны істедім. Енді қайтейін? Солтүстік Кореяда не істесең де, бәрін заңсыздық деп шығаруға болады" деген Пак Ён Хи.

Түрмедегі тұтқындардың бәрі әр түні біреуінің күзетшіге сексуалды қызмет көрсетуге тиіс екенін білген. Ал егер жүкті болып қалса, күштеп түсік тастатқан.

"Солтүстік Кореяда жыныстық зорлық бар екенін бәрі біледі, бірақ оны ешкім айтпайды. Ешкім онымен күреспейді, себебі көбісіне бұл ыңғайлы. Егер Ким Чен Ын режимі оларға кедергі жасамаса, солтүстік кореялық әйелдердің үні #MeToo ғаламдық қозғалысында естілер еді" дейді HRW атқарушы директоры Кеннет Рот.

РЕСЕЙ ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ

Өткен аптада, қазанның 25-і күні Human Rights Watch ұйымы осыған ұқсас "Сені өлтіре аламын және маған ешкім кедергі жасамайды" атты баяндамасын жариялады. Онда Ресей билігінің бұл проблеманы аса маңызды қылмыс санамайтыны, зорлықты бастан кешкен әйелдерге құқыққорғау органдарының өшпенділікпен қарайтыны, олардың өтініштерін тіркеп, зерттеуден бас тартатыны жазылған.

Қазанның 31-і күні HRW ұйымының баяндамасына қатысты пікір сұраған кезде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "аса ірі мәселе емес" деп баяндаманың "елдегі жағдайды көрсетпейтінін" айтқан.

(Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG