Accessibility links

Нашар жол туралы жазбадан экстремизм белгілерін тапқан


Екатерина Прец, Полтавка тұрғыны.
Екатерина Прец, Полтавка тұрғыны.

Сәуірдің 6-сы күні Омск облысындағы Полтавка қаласында тұратын маникюр жасау шебері Екатерина Прец "Одноклассники" желісінде аймақтағы тоз-тозы шыққан жолдардың жағдайы туралы пост жариялаған. Полиция посты алып тастауды талап еткен. Өйткені аудан әкімшілігі посттан "экстремистік мазмұнын" байқап қалған. Қазір Екатеринаның үстінен іс қозғалып, тексеру жүріп жатыр. Полтавка тұрғындары оған араша түспек. Олар мамырдың 5-і күні митингіге шығып, жол жөндеуді, сөз бостандығын талап етуді ұйғарған.

Алты мыңға жетпейтін халық тұратын қала типтес кентте тұрғындардың тұрмыс-күйіндегі айырмашылықты жасыру қиын. Ешкім жасырмайды да. Өйткені тұрғындарда жасыратын байлық жоқ. Ал Комсомол көшесі Полтавкада көктем мен күздің лайсаңында мүлде езілмейді. Бұл ерекше көшеде VIP адамдар тұрады.

– Бүкіл аудан әкімшілігі – аудан басшысы да, Полтавка мэрі де, екеуінің ағайын-туыстары да, өзге шенеуніктер де осы көшеде тұрады. Ол жерде тұратындардың қызметін нақты білмеймін. Бірақ коттедж салып алды. Әне, анау екі қабатты коттеджді Полтавка әкімінің орынбасары Валерия Никитина қызы үшін салып қойды. Өз үйінің жанынан салды. Ал орталықтан сәл шетке қарай жүрсеңіз жұпыны, бір қабатты барактар мен жеркепелерді көресіз. Қарапайым халыққа сол да жетеді деп ойлайды ғой. Ең бастысы, ол жаққа жаяу да, көлікпен де бара алмайсың. Себебі жол жоқ. Жол жетісіп тұрғаны шамалы еді. 2016 жылы болған тасқын тіпті бәрін шайып әкетті, - деп 30 жастағы Екатерина Прец.

Полтавкадағы VIP адамдар тұратын коттедждер.
Полтавкадағы VIP адамдар тұратын коттедждер.

​Сұлулық салонында жұмыс істейтін Екатерина Прец Комсомол көшесіндегі атасынан қалған ескі үйде 11 жасар қызымен тұрады. Бірақ әлеуметтік желідегі жол туралы постын көрген Валерия Никитина оған көршілік базынасын айтып келмей, бірден полицияға "жазбада экстремистік мазмұн бар" деп, арыз жазған.

Ауыл тұрғындарына зат сатып күн көретін Екатерина постында "Онсыз да су шайып,ойқы-шойқысы шыққан жолға мүлде қарамай, мұндай күйге жеткізу үшін өзің тұратын ауданды қаншалықты жек көру керек?! Жарайды, бәріміз тақтайдың үстімен секіріп жүруге көндік. Бірақ Омскіге баратын жолды айтсаңшы!" деп жазған.

Полтавка жолы.
Полтавка жолы.

Бірінші күні постқа 150-дей адам пікір қалдырған. Өйткені 2016 жылы су тасқыны жалғыз бір жолды ғана емес, бүкіл Полтавканы шайып кеткен еді. Полтавканың сол кездегі мэрі Александр Мельник "кентті қалпына келтіру жұмыстарына облыстық бюджеттен бөлінген ақша бізге сол күйі жетпеді" деп мәлімдеген. 2016 жылы қыркүйекте ол тас жолды жөндеуді және тасқын зардаптарын жоюды талап етіп, халықты митингіге шығарған. Бірақ митингтің соңы жөндеу жұмыстарымен емес, Мельник отбасының Полтавкадан Омск қаласына біржола көшіп кетуімен аяқталған.

– Әлгі ақша бізге әлі жеткен жоқ сияқты. Омскіге үш сағатта баруға болады. Бірақ күзде, көктемде ауыл түгілі, аудан орталығынан аттап шыға алмайсың. Ауыл әйелдері егер көктемде босанатын болса, ауа райын бақылап, қатқақты немесе жердің сәл дегдігенін аңдып отырады. Қалаға жетіп алу үшін екі-үш апта бұрын кетеді. Өйткені аяқ асты бірдеңе болып қалса, жедел жәрдем келе алмайды. Ал перзентхана үйін екі жыл бұрын жөндеді де, тарс жауып қойды. Полтавканың сиқы үшін ұяласың. Бірнеше жыл бұрын ғана бізде 26 мың халық тұратын, ал қазір 19 мың адам ғана қалды. Болашағын ойлағандардың бәрі бұл жақтан кетіп жатыр, - дейді Прец.

​ Тұрғындар жергілікті билікке үнемі шағымданып жатады, бірақ олардан еш қайыр болмайды.

– Көктем шыға немесе күз түссе болды, шешем тірі болса екен деп уайымдаймын. 92 жастағы кәрі шешем өліп қалса табытты сүйреп апарып көмуге тура келеді. Өйткені көлік жүре алмайды. Өзім және шалым түтікшемен дәретке отырамыз. Қалай көтеріп апарамыз, білмеймін. Бірер күн бұрын жедел жәрдем шақырғанбыз. Әйтеуір, дәрігер құдайға қараған әйел екен. Көлікті бізден 500 метр жердегі қиылыста қалдырып, өзі балшықты кешіп әрең жетті. Қазір қайта тәуба, жер сәл дегдіп қалды. Әйтпегенде үйден еңбектеп шыға алмайсың. Біздің үйден ары қазір де бара алмайсың. Ол жақта да кемпір-шал, ДЦП-ға (сал ауруы) шалдыққан мүгедек балалар тұрады,- дейді Полтавка тұрғыны Раиса Голенко.

Полтавка жолдары.
Полтавка жолдары.

Екатеринаның нашар жол туралы желідегі посты қызу талқылаған жұрт облыс билігінің назарын аудару үшін митинг өткізу керек деген шешімге келген. Дереу бастамашыл топ құрылып, жұрт оған косметологты, медбикені, үй шаруасындағы әйелді және фермерді сайлады. Бірақ ертеңінде Екатеринаға полиция келіп, Никитинаның шағымын көрсеткен. Екатерина әуелгіде постты жоюдан бас тартқан. Бірақ екі аптадан кейін жазбаны бәрібір алып тастаған. Әлеуметтік желідегі жұрттың арыны тоқтамай, олар жергілікті билікті әбден сыбаған. Жұрт көпшіліктің мұң-зарын жеткізу үшін біреулерді губернаторға, тіпті президентке жіберуді ұсынған.

Катя Прецтің постынан кейін жергілікті баспасөз шу көтеріп, билік те ала шапқын болып, әбігерге түсті. Аудан әкімшілігі қордаланған проблемаларды талқылау үшін жергілікті аудандық газеттің редакциясында ауыл тұрғындарымен шұғыл кездесу өткізді. Билік өкілдерінің айтуынша, мұндай жиындар жүйелі түрде "әкімшілікте" ғана өтіп тұрады.

Полтавкадағы жиын.
Полтавкадағы жиын.

​Бұл жолы жиынға Полтавканың барлық көшесінен 50 шақты адам қатысты. Аудан басшысы Александр Милошенко сөзін "ақша жоқ" деп хабарлаудан бастады. Былтыр жол жөндеуге 23,5 миллион рубль жұмсалған. Оның 12,5 миллионы облыстық, 6,5 миллионы муниципалитет, ал төрт миллионы федералдық бюджеттен бөлінген. Бірақ Полтава ауданында бір километр де жол салынбаған. Полтавка мэрі Марина Руденко мұның себебін былай деп түсіндірді.

– Аймақтық жол қорынан ақша алу үшін облыстың жол министрлігі жыл сайын конкурс өткізеді. Полтавка кентінде 26 километр асфальт жол, 33 километр қара жол бар. Ал ақшаны бізге жөндеу жұмыстарына ғана береді. Оның өзінде асфальтталған көшелердің шұңқырларын бітеуге жұмсаймыз. Қара жолдарды жасау керек. Ал бұл үшін әуелі сараптама жүргізіп, жоба әзірлеу қажет. Оғанда ақша керек, бірақ ақша жоқ. Қолымыздан бар келетіні - шлак төгу. Бірақ бізде оған да кезек күтесің. Сондықтан жұқалап қана төгеміз, - дейді мэр.

Полтавка мэрі Марина Руденко
Полтавка мэрі Марина Руденко

Биыл қандай көшелерді жөндеу керек деген мәселені талқылауға келгенде жұрт тамақтары қарлыққанша дауласты. Зейнеттегі мұғалім Тамара Шахова күйінгеннен жылап жіберіп, залдан шығып кетті.

– Жаңа үйге көшкендерді тағы дымсыз қалдырды. Бәрін қатырамыз деген уәдені үйіп-төгіп, алдап көшірді де, Полтавкадан бір километр жердегі 18 үйді тағдырдың тәлкегіне тастады. Азап көріп жатқанымызға төрт жыл болды. Жаңа кварталда ойқы-шойқы емес, тақтайдай түзу жол болуы тиіс қой. Тозған үйлерден көшіп барған адамдарға арналған үйлерді батпақтың үстіне салуға кім рұқсат етті? Бірақ Марина Ивановна аудандық газетте біздің көшеден "семерка" көлігіммен қиналмай жүремін деп көрсетіпті. Бірақ қанша келгенін білмейміз. Оны бір рет те көрген жоқпыз. Бәрі бекер, бізге енді ешкімнен қайыр болмайды. Өздері алдаудан да, ақша жоқ, бекем болыңыздар деп жұбатудан да шаршамайды екен, - дейді Тамара Шахова.

Полтавка.
Полтавка.

Аймақ билігі бұл шуға реакция танытпай отыра алмады. Үкімет қаржыландыратын БАҚ-тар азаматтарды жеке қабылдау үшін сәуірдің 27-сі күні облыстық министрлер кабинеті бүкіл құрамымен Полтавкаға барады деп хабарлады. Митингіге шыққысы келгендердің арыны сәл басылды. Үміт сәулесі пайда болды. Бірақ Прецті экстремизмге қатысты айыптаған Никитинаның арызы бойынша тексеру жалғасып жатыр.

– Полициядағы бір бастық маған өзімсініп, "түрмеге бәрібір біреуді отырғызу керек. Әйтпесе Никитинаға жала жапқан болып шығады ғой" деді. Олар бәрін сканерлеп, тігіп қойыпты. Кем дегенде, Мельникті қудалағандай мені де ауданнан кетіретін шығар. Жұрттың көбі қорқып қалды. Кейде өзім де жертөлеге тығылып қалғым келеді. Бірақ кейін шегінерге жол жоқ. Бізді үшінші сортты адам көріп, қорлағандары жетер, бұл - біздің жеріміз! Жұрт қолдап жазып жатыр, бірақ енді желіде емес, жекеге жазып жатыр. Митинг өткізу керек. Путинге жеткізу керек мұны, - дейді Екатерина.

Мамырдың 5-і күні Полтавка тұрғындары наразылыққа шығуды жоспарлайды. Дәл осы күні Ресейде Алексей Навальныйдың "монархия орнатуға, коррупцияға, теңсіздікке, цензура мен заңсыздыққа қарсы - Ресейдің нағыз азаматы болу құқығыңды қолдау" акциясы өтпек. Екатеринаның айтуынша, бұл екі оқиғаның бір күнге жоспарлануы кездейсоқтық. Ал мамырдың 7-сі күні Ресей президенті Владимир Путинді инауграциясы өтеді.

("Сибирь.Реалии" сайтының тілшісі Марина Ильинаның мақаласы орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG