Accessibility links

Ресейде тілші болу қауіпті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Азаттықтың Орыс қызметі мен "Сибирь.Реалии" жобасының тілшісі Татьяна Лапрад Ресей тергеу қызметіне шағымданып, журналистік қызметіне кедергі жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауды талап етті. Ол "Открытая Россия" қозғалысының Красноярскіде өткен акциясы кезінде белгісіз адамның шабуылынан зардап шеккен. Оның арызы бойынша іс қозғалды ма, жоқ па, әзірше белгісіз. Азаттық тілшісінің мүддесін "Агора" құқық қорғау ұйымы адвокаты Владимир Васин қорғамақ.

Шабуыл сәуірдің 18-і күні "Открытая Россия" қозғалысының красноярлық бөлімшесінің құрылтай жиынында жасалған. Өзін "депутаттың көмекшісімін" деп атаған белгісіз біреу Лапрадтың саусақтарын қайырып, телефонын тартып алмақ болған. Полиция қызметкерлері журналиске араша түспей, әлгі оқиғаны құр бақылап тұрған. Шабуыл жасаған адам кетіп қалған. "Сибирь.Реалии" сайты редакциясында шабуыл жасауы мүмкін адамның фотосы да, шабуыл жасалған сәт түсірілген видео да бар.

"Сибирь.Реалии" журналисіне шабуыл жасауы мүмкін адам.
"Сибирь.Реалии" журналисіне шабуыл жасауы мүмкін адам.

Шабуыл жасау фактісі бойынша полицияға журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру туралы арыз берілді. Ресейде бұл бап бойынша алты жылға дейін соттау жазасы қарастырылған.

​– Жиын жаймашуақ, тып-тыныш өтіп жатқан еді. Жұрт Красноярскіде қозғалыстың ұйымын құруды қолдап, дауыс берді. Енді кеңесті сайлап жатқан. Жиын аяқталып қалған сәт. Сайланған кеңес мүшелері алдағы жоспарларын оңашада талқыламақ еді. Сол мезетте полиция қызметкері подполковник Сергей Антипин кіріп келді. Ол жиынды ұйымдастырушыларға "полицияға арыз түсті, белсенділерге Ресей әкімшілік кодексінің "Ұнамсыз ұйымның жиыны" деген 20.33 бабы қолданылуы мүмкін" деді. Содан кейін жұртты камерасына түсіре бастады. Ол жерде кемі үш журналист тұрғанбыз, біз де түсіре бастадық. Мен подполковникке сұрақтар қоюға тырыстым. Ал видеодағы адам полициядан "Журналистердің түсіруіне болмайды емес пе?" деп сұрады. Сосын телефонымды жұлып алуға тырысып, қолымнан тартқылай бастады. Мен телефонымды бермеуге тырысып, онымен алысып жатырмын. Ол телефонды тартып алмақ болып қолымды қыса бастады. Ал полиция қызметкерлері әлгі ер адаммен алысып жатқанымызды құр бақылап тұрды, - дейді Татьяна Лапрад.

Оның сөзінше, полицейлер әлгі ер адамға "Дмитрий Анатольевич" деп сөйлеген. Красноярлық әріптестері әлгі адам Енисей казактары ұйымының жүзбасы немесе атаманы болуы мүмкін деп топшылайды. Татьяна әлгі адаммен алысып жатып, онымен сөйлесуге тырысқан. Бірақ ол "біреулердің камераға түсіргені ұнамайды" деумен шектелген әрі "депутаттың көмекшісімін" деп мәлімдеген.

Енді Татьяна "Агора" ұйымы заңгері Владимир Васин екеуі алда не істейтіндерін ойластырмақ. Красноярск құқық қорғау органдары Лапрадтың арызына мүлде реакция танытпаған.

– Сол күні кешкісін полиция жасағын шақырып, журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасалғаны туралы арыз жаздым. Оны Красноярск қалалық ішкі істер басқармасында тіркеттік. Арызым тергеу комитетіне жолданғанын білемін. Енді өкіліммен жолығып, ары қарай не істейтінімізді ақылдасамыз. Мұндай адамдардың жазадан қорықпай, тайраңдауына жол беруге болмайды. Кез келген адамның жанына барып, тарпа бас салғаны үшін ондайлар жазасыз қалатын болып тұр ғой. Бұған қоса, прокуратураға маған жасалған шабуылды құр қызықтап қарап тұрған полиция қызметкерлерінің үстінен де шағымданбақпын, - дейді Азаттық тілшісі Татьяна Лапрад.

Татьяна Лапрадқа жасалған шабуылды журналистер мен БАҚ қызметкерлері кәсіподағының үйлестірушісі Павел Никулин де айыптайды. Оның айтуынша, оппозициялық акциялардан хабар тарататын ресейлік тілшілер полиция мен мемлекеттің өзге де "ерікті көмекшілерінің" озбырлығынан мүлде қорғалмайды.

– Құқық қорғау органдары журналисті кез келген жағдайда қорғауға міндетті. Өкінішке орай, полиция бұл міндетін көбінесе орындамайды. Журналистік қызметке кедергі жасағаны үшін қылмыстық кодексте қылмыстық жаза қарастырылған 144-бап бар, бірақ ол мүлде жұмыс істемейді. Біз мұндай фактілерді жинап, түрлі құқық қорғау органдарынынан жауап және дәл осы бап бойынша қылмыстық іс қозғауды талап ететін боламыз. Өйткені бұл – бізге қатысты, яғни кәсіби статусымыз, қоғамдағы айрықша орнымыз нақты белгіленген бап. Бірақ көпшілік шаралар кезінде полицейлер, әлдебір адамдар журналистерге шабуылдаса, құқық қорғау органдары тарапынан әлдебір реакцияға қол жеткізу мүмкін емес, - дейді Павел Никулин.

Никулиннің айтуынша, журналистерге полицейлер, НОД (ұлт-азаттық қозғалысы) мүшелері, казактар немесе өзге де кремльшіл белсенділердің шабуылына қалай ұшырамауға болатынын үйрететін нақты кеңестер жоқ.

Волгоградтағы казактар патрулі.
Волгоградтағы казактар патрулі.

Мамырдың 5-і күні "Ол бізге патша емес" ("Он нам не царь") қарсылық акциясы кезінде журналистер полиция тарапынан да, НОД қозғалысы мүшелері мен казак формасын киген адамдардың тарапынан тағы да шабуылға ұшырады. Полицей таяғымен ұрғаннан кейін "МБХ.Медиа" журналисі жеңіл жарақат алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Франциялық AFP агенттігі тілшісіне НОД мүшелері тас лақтырған. Азаттық тілшісі Мумин Шакировке әлдебір "казак" қоқан-лоқы жасаған. Бұл - алдыңғы күні болған эпизодтардың бірен-сараны ғана.

"Шекарасыз тілшілер" құқық қорғау ұйымы дерегінше, әлемдегі баспасөз еркіндігі ахуалы жыл өткен сайын нашарлап барады. 2017 жылғы баспасөз еркіндігі индексінде сарапшылар "өшпенділік өршіп бара жатқаны анық байқалып келеді" деп хабарлады. 180 елдің баспасөз еркіндігі бағаланған индексте Ресей 148-орында тұр.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда "баспасөз еркіндігі" нашарлаған

"Шекарасыз тілшілер" ұйымы қызметкері Андрей Жвирблистің пікірінше, Ресейде журналистерге қысым жасау үйреншікті жағдай айналған.

– Қайта, Татьяна Лапрад Ресейде журналистерге жасалатын шабуылдың "жеңіл" түріне ұшыраған. Кейде журналистер ауыр жарақат алады. Олардың техникасын сындырып тастайды, көп жағдайда бұл үшін ешкімді жауапқа тартылмайды. Бірер жыл бұрын Шешенстан мен Ингушетияның шекарасында журналистер мен құқық қорғаушыларды ұрып-соғып, автобустарын өртеп жіберген оқиға болған. Швеция сыртқы істер министрлігінің толассыз сауалдарына қарамастан ол кезде істі жауып тастауға тырысқан. Іс жабылмады, бірақ оны дұрыстап тексеріп жатқан да жоқ, әлі ешқандай жаңалық жоқ. Әлгі шабуылдан швециялық және норвегиялық журналистер зардап шеккендіктен, бұл істі халықаралық қоғамдастық жіті бақылап отыр. Татьяна қайта қатты зардап шеккен жоқ. Ал СЕРБ деген атышулы ұйым белсенділері өз міндетін атқарып жүрген журналистерге шабуылдағанын талай көргенбіз, - дейді ол.

Андрей Жвирблистің сөзінше, "Шекарасыз тілшілер" ұйымы Ресей Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп, журналистер мәртеебесін түсіндіруге тырысқан. Бірақ бұл бастама Ресейде қолдау таппаған.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының Франциядағы шарасы. 2013 жыл.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымының Франциядағы шарасы. 2013 жыл.

Журналистика Ресей ғана емес, өзге елдерде де қауіпті мамандық болып тұр. "Шекарасыз тілшілер" дерегінше, 2017 жылы әлемде қызмет бабымен 65 журналист қаза тапқан. Олардың 26-сы кәсіби парызын орындау кезінде зеңбірек оғынан мерт болған немесе жанкешті терроршылардың құрбанына айналған. Ал 39-ын саяси, экономикалық немесе өзге де қылмыстарды ашқаны үшін өлтірген.

Былтыр наурызда Красноярск өлкесінде Азаттықтың Орыс қызметі тілшілері Сергей Хазов-Кассиа мен Андрей Костяновқа шабуыл жасалды. Фермерлердің наразылық акциясынан хабар тарату үшін Кропоткин қаласына барған журналистерді ұрып-соғып, оларға газ баллондарын шашқан, компьютер мен өзге жабдықтарын тартып алған. Шабуыл жасағандар қашып кеткен.

Арменияда премьер-министр Серж Саргсянға қарсы жаппай шеруден хабар тарату кезінде Азаттықтың үш журналисі шабуылға ұшырады. Сәуірдің 22-сі күні бет-жүзін бүркеп алған полицей Азаттықтың Армян қызметінің тілшісі Наира Булгадарянға шабуыл жасаған. Наразылық манифестациялары өткен негізгі орын - Ереванның орталығындағы Республика алаңынан тікелей трансляция жүргізіп жатқанда камера істен шығып, Азатутюн радиосының трансляциясы үзіліп қалды. Одан бір күн бұрын продюсер Анатолий Егизарян шабуылға ұшырады. Оны соққыға жыққан. Оқиғаны көріп тұрған полиция көмекке келмеген. Дәл сол күні жай киім киген бір офицер тілші Арус Хакобянды жарақаттады. Бұл оқиға тілші Ереванның оңтүстігіне қарай шамамен 30 километр жердегі автомагистральда өтіп жатқан наразылық акцияларынан хабар таратып тұрғанда болған. Оқиға видеосы да бар. Жан ұшырып көмекке шақырғанына қарамастан, әлгі жерде тұрған полицейлер Хакобянға араша түспеген. Армения бас прокуроры осы оқиғаға қатысты тексеру жүргізуге бұйрық берілді деп мәлімдеді.

2018 жылы сәуірдің 30-ы күні Кабулдағы жарылыстан Азаттықтың Ауған қызметінің екі журналисі қаза тапты. Абадулла Хананзай оператор болып жұмыс істеген. Мамырдың 8-і күні ол үйлену тойының бір жылдығын атап өтер еді. Оператор Сабауун Какар радикал исламшылдар шабуыл жасаған жерлерде жиі түсірілім жасаған.

Видео: Журналистер аза тұтқан апта.

Жаһан жаңалықтары. Апта 04.05.2018
please wait

No media source currently available

0:00 0:18:05 0:00

Терактінің тағы бір құрбаны Махаррам Дурани - Азаттықтың Ауған қызметіне мамырдың ортасынан бастап жұмысқа тұруы тиіс еді. Махаррам Кабул университетінде ислам заңдары факультетінде оқып жүрген.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Любовь Чижованың мақаласы орысшадан аударылды )

XS
SM
MD
LG