Accessibility links

"Заңды некедегі әйелдің құқығы көбірек". Ресейдегі мобилизация неке тіркеуді күрт көбейтті


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Ресейде президент Владимир Путин мобилизация жариялаған соң, заңды некеге отырғандар саны күрт артты. Мәскеу Украинадағы сәтсіздіктерден соң осындай қадамға барған еді. Содан бері соғысқа шақырту алғандар бірге тұрып келген немесе кездесіп жүрген әйелдермен некесін заңдастырған. Бұған күйеуі өлген немесе жарақат алған жағдайда отбасына жәрдемақы беретіні түрткі болған.

22 қазанда Елена Михайлова мен онымен 19 жыл бірге тұрған Максим Пыталово қаласының АХАЖ бөлімінде некесін қиды. Соның алдында Максимге әскерге шақыру қағазы келген. Пыталово Ресейдің Латвиямен шекарасындағы Псковск облысында орналасқан.

"Бәрі осылай асығыс болады деп ешқашан ойлаған емеспін" дейді Михайлова. "Тойға дайын болған жоқпыз, бірақ жағдай соған итермеледі... Ақшамыз болмаған соң, жүзік алмасқан жоқпыз. Ол қайтып оралған соң аламыз деп шештік. Уәде етілген ақшаның бір бөлігін болсын береді деп үміттенемін".

"Табысымыз көп емес" деп жалғастырды ол. "Максимнің тұрақты жұмысы жоқ, уақытша табыстармен күнелтіп жүр. Кейінгі кездері механик болып жұмыс істейді. Қазір бастысы күйеуіме керек заттарды алу керек. Кеткенде қолында болсын деп оған жылы шұлық, киім сатып алдым".

Мұндай оқиға тек Михайлованың жағдайымен шектелмейді. Алты аптаға жетер жетпес уақыт бұрын Путин мобилизация жариялаған соң, елдің әр облысында некесін тіркеп жатқандар көбейді. Облыстардың көбі мобилизацияланған адамдарға некесін құжат тапсырған күні тіркеуге рұқсат берген. Кей аймақтарда сарбаздар мен қалыңдықтарды АХАЖ бөліміне апару үшін автобус жалдаса, кейбірі базалардың өзінде уақытша той залын жасап қойған.

Елена мен Максимнің екі баласы бар. Некесін тіркеп жатқандардың көбі осыған ұқсас себепті айтады.

Ресейдегі АХАЖ бөлімі. Көрнекі сурет.
Ресейдегі АХАЖ бөлімі. Көрнекі сурет.

"Мобилизация аздап қорқытады" деді ол "Север.Реалии" басылымына. "Ол кез келген нәрсеге ұшырауы мүмкін. Кез келген жағдайда заңды некедегі әйелдердің құқығы көбірек, сондықтан некемізді заңдастыруды шештік".

"ТОППЕН ҮЙЛЕНДІРІП ЖАТЫРМЫЗ"

Мемлекет күйеуі қайтыс болған әйелдерге 7 миллион рубль (115 мың доллар), жарақат алған жағдайда 3 миллион рубль береді. Сонымен қатар жарақат алған күйеуіне барған әйелінің қонақ үйі мен тамағын да билік төлейді. Ал мобилизацияланған отбасыларға бір реттік төлем облысқа байланысты 50000-150000 рубль (815-2450 доллар) арасында болады.

Пыталов ауданы басышысының мобилизация жөніндегі орынбасары ауданда мобилизацияланған сарбаздар арасында үйленіп жатқандардың көп екенін айтады. Ол соғысқа жақын маңда тұратын туыстарының қауіпсіздігі мақсатында аты-жөнін атамауды сұрады.

"Бір дегенде бірнеше жұпты, топпен үйлендіріп жатырмыз" деді ол. Шенеунік нотариус кеңсесінде мұра жазып кетуге кезекке тұрған мобилизацияға ұшыраған сарбаздардың да көп екенін айтады.

"Медиазона" тәуелсіз басылымы елдегі неке санының көбеюін зерттеген. АХАЖ деректерін негізге алған олар 21 қыркүйектен бері кемінде 492 мыңнан астам адам мобилизацияланған дейді. Бурятияда бұрын аптасына 83 неке қиылса, мобилизация жарияланған соң бұл көрсеткіш 662-ге жеткен. Сібірдің оңтүстігіндегі кедей аудан мобилизация жарияланбай тұрып та соғысқа көп адам жіберген.

"Медиазонаға" неке қию деректерін 75 аймақ ұсынған. Одан мобилизация жариялағаннан кейін төрт аптада 31 мың мобилизацияланған сарбаздың үйленгенін көруге болады. Астраханьдағы жергілікті баспасөз құралдары 22 қазанның өзінде 104 жұп үйленіп, рекордты жағдай болғанын хабарлаған. Алтайдағы Камень-на-Оби қаласында 21 қыркүйек пен 15 қазан аралығында 71 неке қиылған. Былтыр осы уақытта 23 неке тіркелген.

Шығыс Сібірдегі Байқал ауданы қыркүйек пен қазанда некеге отырғандардың саны рекордты көрсеткішке жеткенін хабарлаған. "Аудандық бөлім қызметкерлерді мобилизация туралы ескерту 1211 рет берілген соң жылдам процедура өткізген" деп хабарлады газетке жергілікті әкімшілік.

Антон Пинежанинов — Архангельск облысының солтүстігіндегі Котлас қаласының тумасы. Оны Ленинград облысындағы мобилизация базасына жылдам жібергені сонша, ол бұрыннан кездесіп жүрген қалыңдығы Марияға үйленіп үлгермеген. Олардың екі баласы бар.

Антон мен Мария Пинежаниновтар екі ұл тәрбиелеп отыр.
Антон мен Мария Пинежаниновтар екі ұл тәрбиелеп отыр.

Бірақ Мария Санкт-Петербургте некесін қиғызу үшін Пинежаниновтың базасына барған. Санкт-Петербург губернаторы Александр Беглов шенеуніктерге мобилизацияланған сарбаздардың тойын жылдамдатуды тапсырған.

Ал ұлы Котластан мобилизацияланған Лариса Соловьева жергілікті АХАЖ ұлының некесін жылдам тіркеуден бас тартып, бір ай күтуді сұрағанын айтады.

"Ұлым жазғы лагерьге бара жатыр ма сонда?" дейді ол. "Ол соғысқа бара жатыр. Бірақ бюрократтар әскери жағдайда жұмыс істеуден бас тартып отыр... Ұлымның атын атамаймын. Жауларға мұны білудің керегі жоқ. Оны қатты алаңдаймын".

"ОНЫҢ ҚАЙТА ОРАЛАТЫНЫНА СЕНІМДІ ЕМЕСПІН"

Қыркүйекте Карелияның солтүстік-батысындағы Костомукша қаласында 34 жұп үйленген. Солардың арасында Анна Васильева мен Алексей де бар.

"Мобилизация жариялағанда, оны жақсы көретінімді әлі білген жоқпын" деді Васильева Азаттыққа. "Кездесіп, танысып-білісіп жүрдік. Бірақ оған шақырту келгенде, екеуміз бір-бірімізді жақсы көретінімізді түсіндік".

"Тверьдегі базаға бардым" деп жалғастырды ол. "Оны отрядтан босатты. Орталыққа барып, оның шақыртуын көрсетіп, үйлендік. Кезек өте көп болған соң, ұзақ күттік. Қапырық әрі ыңғайсыз болды".

"Медиазонаға" зерттеген 75 аймақтың бәрінде мобилизациядан соң неке қию артқан. 21 қыркүйектен бері ол облыстарда барлығы 31 мың неке тіркелген.
"Медиазонаға" зерттеген 75 аймақтың бәрінде мобилизациядан соң неке қию артқан. 21 қыркүйектен бері ол облыстарда барлығы 31 мың неке тіркелген.

Некесін тіркеген соң олар сыра ішіп, шұжық жеуге барған. Сол кезде Васильева күйеуін соғысқа кетпеуге көндіруге тырысқан.

"Карелияның басқа адамдары секілді Грузияға кет немесе басқа жерлерде тығыл дедім" деді ол. "Бірақ ол бас тартты. Өмірге және болып жатқан оқиғаларға көзқарасымыз әртүрлі. Вагнер ротасының тәжірибелі инструкторлары олардың басын айналдырған".

"Қоштасып жатқанда, қандай жағдай болмасын адам болып қалуын сұрадым" деді ол. "Украин тұтқыны қолына түссе, азаптама дедім. Оның қайта оралатынына сенімді емеспін. Телефонмен оны күтетінімді, үйге оралуын тілейтінімді айтамын. Бірақ оның мен білгендей жақсы, сүйкімді жігіт болып қалатынына сенімді емеспін".

Елена Михайлова Латвия шекарасына жақын жердегі Пыталово қаласында екі ұлымен жалғыз қалды.

"Бізді кім асырайды?" деп сұрады ол. "Ол жоқ. Екі ұлымыз бар. Оларды кім тәрбиелейді? Он жеті жастағы ұлым үшін де қорқамын. Маған той керек емес еді. Ештеңе керек емес. Осының бәрінің аяқталғаны керек. Бұрынғыдай өмір сүргіміз келеді".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG