Accessibility links

Ресей қазағы күдікпен қамалды


Ресейдің Алтай Республикасы Қосағаш ауданында тұратын этникалық қазақ Әуелхан Жатқанбаев. Суретті баласы Мейірім Жатқанбаев жолдады.

Ресейдің Алтай Республикасына қарасты Қосағаш ауданы басшысы, 64 жастағы этникалық қазақ Әуелхан Жатқанбаев «аса ірі көлемде пара алды» деген айыппен қамалды. Азаттық хабарласқан туыстары «пара алды дегенге сенбейтіндерін, енді түрлі қысым жасала ма деп қауіптенетіндерін» айтады.

Әуелхан Жатқанбаевтың ұсталғаны туралы алғашқы ақпарат ресейлік телеарналардың Алтай Республикасындағы жергілікті тілшілерінің хабарларынан белгілі болды.

Қосағаш басшысы екі айға қамалды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:51 0:00
Жүктеп алу

«ҮШ МИЛЛИОН РУБЛЬ»

«Россия 1» телеарнасынан сөйлеген Алтай Республикасы тергеу комитеті өкілі Татьяна Юдакова «Тергеу версиясы бойынша, 2016 жылы қаңтарда Қосағаш ауданы муниципалдық құрылымы басшысы Жатқанбаев кәсіпкерден үш миллион рубль (52 мың долларға жуық – ред.) пара алған. [Ақшаны] кәсіпкердің құрылыс фирмасының аудандағы селоның бірінде жалпы білім беретін мектеп салу үшін мемлекеттік контракт алуға жарияланған аукциондағы жеңісін қамтамасыз еткені үшін алған. Контрактінің жалпы сомасы 217 миллион рубль болған» деді.

Телеарнаның хабарлауынша, контракт жасалған, бірақ кейін Әуелхан Жатқанбаевқа Ресей қылмыстық кодексі 290-бабы, 6-тармағы бойынша «аса ірі көлемде пара алды» деген айып тағылып, ол ақпанның 22-сі күні ұсталған.

Телеарна Әуелхан Жатқанбаевты күдікті ретінде қолына кісен салынған жерден бастап, тергеуге қамауға сот шешімі шыққанға дейінгі аралықтағы оқиғаларды түгел дерлік түсірген.

«АЛАҢҒА ЖИНАЛҒАН ХАЛЫҚТЫ КҮШПЕН ТАРАТТЫ»

Ал ақпанның 27-сі күні Ресейде тұратын этникалық қазақ Мейірім Жатқанбаев «әкесі Әуелхан Жатқанбаевтың қамауға алынған» Facebook арқылы хабарлады. Телефонмен хабарласқан Азаттық тілшісіне ол:

Ресейде тұратын Қазақстан азаматы Мейірім Жатқанбаев.
Ресейде тұратын Қазақстан азаматы Мейірім Жатқанбаев.

- Ақпанның 22-сі Алтай ішкі істер бөлімінен хабарласып, бір іске қатысты куә ретінде келуін сұраған. Келісім бойынша әкем кешкі сегізде баруы керек еді. Бірақ бір жамандықты сезді ме, сол күні өзін жайсыз сезінді. Кешке қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақыртты, - деді.

Мейірім Жатқанбаевтың айтуынша, әкесін «жедел жәрдеммен ауруханаға апарған жерінен ішкі істер бөліміне алып кеткен».

- Алдын ала жоспарланған әрекет екені белгілі. Өйткені әкемді қамауға алған жерде телеарналар тұрды. Екі сағат ішінде сот екі айға қамауға шешім шығарды. Жергілікті халық әкемнің ұсталуына наразы болып, алаңға жиналды. Бірақ оларды полиция күшпен таратты, - дейді ол.

Өзінің айтуынша, Мейірім – Қазақстан азаматы. Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында тұрған. Бірақ әкесінің денсаулығына байланысты жақында қайтадан Ресейге көшіп барған.

Алдағы сәрсенбіге мені және апайымды тергеуге шақырды. Екеуіміз де Қазақстан азаматтарымыз. Ертең қандай да бір іспен бізді қамауға алып, әкеме қысым жасап, істемегенін істедім дегізе ме деп қорқамыз.

- Алдағы сәрсенбіге мені және апайымды тергеуге шақырды. Екеуіміз де Қазақстан азаматтарымыз. Ертең қандай да бір іспен бізді қамауға алып, әкеме қысым жасап, істемегенін істедім дегізе ме деп қорқамыз. Баласы үшін әке қандай әрекетке болса да барады ғой, - дейді ол.

Мейірім Жатқанбаев «ресейлік телеарналардың күдікті ретінде ұсталған әкесін оңды-солды қаралап, түрлі ақпараттар беріп жатқанын, өздерінің Қазақстан азаматтары ретінде сыртқы істер министрлігімен хабарласа алмай отырғандарын» айтты.

Азаттық тілшісі Ресейдің Алтай Республикасы бойынша ішкі істер министрлігі баспасөз қызметіне хабарласқан еді. Баспасөз қызметінің өкілі Любовь Николаева «Қылмыстық істі тергеу комитеті қозғаған, сұрағыңызға солар жауап береді» деп мәлімдеді. Ал аймақтың тергеу комитетімен хабарласу мүмкін болмады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі кеңесшісі Ержан Мұстафин өзінің «бұл істен хабары жоқ екенін, мәселені сұрастырып анықтайтынын» айтты.

Алтай Республикасындағы жергілікті ақпарат құралдарынан Әуелхан Жатқанбаевтың аудандағы түрлі басшылық лауазымдарын СССР заманынан атқарып келе жатқанын білуге болады. Әуелхан Жатқанбаев Ресей қазақтары арасында алғаш рет мешіт салдырған және Қосағашта Наурыз мерекелерін ұйымдастырушы адам ретінде белгілі болған. Ресейдегі Алтай республикасы Қосағаш ауданында қазір 12 мыңға жуық этникалық қазақ тұрады.

Ескерту: мақала шыққаннан кейін Алтай Республикасы бойынша ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі «Қосағашта рұқсат етілмеген акциялар болған жоқ, полиция оларды таратуға шақырылған жоқ, күш қолдану оқиғасы болмаған» деген ақпарат таратты.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG