Accessibility links

«Ресейдегі cөз еркіндігін ешкім шектей алмайды»


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейде сөз еркіндігіне қысым күшейе түсті. Бұл елдегі Grani.ru сайты алты айға жабылды. Азаттық осы редакцияның бас директоры Юлия Березовскаяның мәлімдемесін ұсынады.

Царизм тұсында да, СССР кезінде де пікірін ашық айтқандар қуғынға ұшыраған. Ресейдегі еркін ойды басып-жаншу қазір де жалғасып жатыр.

Патша заманында пікірін еркін айтқан адам каторгаға айдалатын, СССР тұсында ондай белсендіні еңбек лагеріне немесе «жындыханаға» жіберетін болған.

Ал қазір Кремльде сөз бен пікір еркіндігін басып-жаншу арқылы билікке жеткен КГБ «қырағылары» отыр. Енді олар Украинадағы соғысқа килікті, күннен-күнге арсыз әрі қатыгез болып барады.

Кейінгі күндері Кремльді сынаған немесе Украинаны қолдаған, тіпті белгілі бір символдарды тағып алған адамды ұрып-соғып, тіпті өлтіріп кетіп жатыр. Көбіне ондай адамдарды полиция көлігіне тиеп әкетіп, әкімшілік және қылмыстық жазаға тартады. Журналистерді де аяусыз қудалау басталды, билік сайттарды жауып, әлеуметтік желілерді толық бақылауға алуға тырысып отыр.

Мәскеудегі журналистерге жасалған шабуылдарға қарсы пикет. (Көрнекі сурет)
Мәскеудегі журналистерге жасалған шабуылдарға қарсы пикет. (Көрнекі сурет)

Мемлекеттік телеарналар билікке жақпағандарды жексұрын етіп көрсетуге кіріскен. Ресми БАҚ шындық пен сын айтқандарды «араздық тудырушы» деп қаралайтын жағдайға жетті. Билік ондай «жаудың сойылын соғатындарды» заңмен жазалауға көшті.

Екіжүзді билік еркін ақпаратты таратпау үшін тіпті «балалар мүддесін қорғауға» көшті. Олардың ойынша, «ұрпақты қауіпті ақпараттан сақтау керек». Биліктің қисынына салсақ, танымал мультфильмдер мен Уикипедия мақалаларын да «насихатшыл» деп қаралауға болатындай.

Украинада сепаратизмді қоздырған Кремль Ресей аймақтарының құқығы туралы әңгімеге келгенде тіпті төзімсіз. «Сепаратизмге шақырғандарды» жазалау туралы арнайы заң да шығарып үлгерді. «Сібірді федералдандыру маршын» өткізбек болған шағын топтың әрекеті көптеген сайттарға цензура орнатуға сылтау болды. Кубаньға федералдық мәртебе сұраған белсенді әйел түрмеге де қамалды.

Екінші рет сотталған журналист Борис Стомахин.
Екінші рет сотталған журналист Борис Стомахин.

Журналист Борис Стомахин Путиннің империялық саясатын сынаған мақалалары үшін түрмеде екінші мерзімін өтеп жатыр. Ол интернетте жарияланған мақалалары арқылы «терроризмге шақырған» болып шықты.

Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихын биліктің айтқанынан өзгеше түсіндіру де қылмыс саналатын болды. Заң шығарушы орган ақылға қонымсыз осындай заңдардың бірінен соң бірін «басып шығарып» жатыр. Полиция мен прокуратура қызметкерлерінің бассыздығы да қазір адамның миына сыймайтын дәрежеге жеткен.

Танымал блогерлерді мемлекеттік тіркеу туралы да қисынсыз заң қабылданды. Тіпті қарапайым интернет қолданушыларға да қысым жасалатын болған. Билік жұртты пікір жазғаны үшін, біреудің пікірін қайталап жариялағаны үшін, тіпті видеомен бөліскені үшін де тергей бастады.

"Lenta.ru сайтының жабылмай тұрғандағы "Орыс өмірі" деп жариялаған суреті.
"Lenta.ru сайтының жабылмай тұрғандағы "Орыс өмірі" деп жариялаған суреті.

Журналистік жобалар шетелге ауа басады. Lenta.Ru бас редакторы қызметінен қуылды. Қазір ол Латвия астанасы Рига қаласында ресейліктерге арналған ақпараттық сайт ашып жатыр. Қарапайым интернет пайдаланушылар құлыпталған сайттарға кірудің амалдарын үйренуге (біздің Grani.Ru сайты да құлапталған – авт.) мәжбүр. Осылайша «саяси өнер» (билікті айтады – ред.) мен «белсенділер шеберлігінің» (белсенді азаматтар -– ред.) адам айтса нанғысыз мысалдары байқала бастады.

Біздің Grani.Ru сайтымыз Ресей жұртын «тыйым салынған бұқаралық шараларға қатысуға шақырғаны» үшін алты айға жабылып қалды. Прокуратура саяси тұтқындарды қолдаған көше шерулері жайлы мақалаларымызды осылай бағалады.

Бірақ біз мақалаларымызды бұрынғы қарқынмен шығара береміз, ресейлік оқырмандарға арнап негізгі сайтымыздың көшірмелерін шығарамыз, ақпараттарымызды әлеуметтік желілер арқылы да кеңінен таратамыз. Ресейлік БАҚ-ты бақылаушы «Роскомнадзор» біздің 40-тан астам «көшірме сайтымызды» қара тізімге енгізді. Сайттарымызды Ресей соттары қанша жерден жауып жатса да, оқырмандарымызды жоғалтқан жоқпыз.

Дағыстанда шығатын "Черновик" газетінің журналистері Махачкала (Ресей) қаласында қарсылық акциясын өткізіп тұр. (Көрнекі сурет)
Дағыстанда шығатын "Черновик" газетінің журналистері Махачкала (Ресей) қаласында қарсылық акциясын өткізіп тұр. (Көрнекі сурет)

Біз тоқтамаймыз, жұмыс істей береміз. Біз үшін Grani.Ru сайтын еркін пікір алмасатын алаң және азаматтық қарсылықтың символы ретінде сақтап қалу маңызды. Біздің цензураны айналып өту тәжірибеміз қысымға ұшырап отырған басқа да интернет-жобаларға пайдасын береді. Біз азат Ресейдің дауысы бұрынғыдай естіле беру үшін қолымыздан келгенін аянып қалмаймыз.

Бұл мақалада айтылған пікір - автордың жеке көзқарасы. Азаттық ұстанымын білдірмейді.

(Grani.ru сайтының бас директоры Юлия Березовскаяның мәлімдемесін аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG