Accessibility links

Астаховтың кекесіні халықты ашуландырды


Ресей президенті Владимир Путиннің балалар құқықтары жөніндегі ресми өкілі Павел Астахов.
Ресей президенті Владимир Путиннің балалар құқықтары жөніндегі ресми өкілі Павел Астахов.

Change.org сайтында жарияланған, Ресейдегі балалар құқықтары омбудсмені Павел Астаховты отставкаға кетіру жөніндегі петицияны 150 мыңнан астам адам қолдаған.

Жұртшылықты Павел Астаховтың Сямозеро көлінде аударылған қайықтан құлап, аман қалған балалармен кездесуінде айтқан орынсыз сөзі шамдандырған.

Маусымның 18-і күні Ресейдің Финляндиямен шекарадағы Карелия аймағында лагерьде демалып жатқан балалар мінген екі қайық аударылып, 14 бала суға батып, 37-сі аман қалған. Құтқарылған балалармен кездескен омбудсмен олардың бірінен «Қалай жүздіңдер?» («Как поплавали?») деп сұраған.

Ресей жұртшылығы «балаларды қорғауға тиіс адам тым дөрекі, орынсыз сөз айтты» деп Павел Астаховқа наразылық білдірді. Ал Ресей тергеу комитетінің ресми өкілі Владимир Маркин «омбдусмен мораль мен этика нормаларынан аттап кетті» деп мәлімдеді.

Астахов «Шошып қалған баланы сөйлету үшін психологиялық әдісті қолдандым» деп ақталған. Ол ​Change.org сайтындағы петицияны «Американың күйе жағу әрекеті» деп сипаттап, ал оған қол қойғандарды Ресейге еш қатысы жоқ «электронды боттар» мен «Америка қуыршақтары» ретінде сипаттаған.

Павел Астахов Instagram-дағы парақшасында «Change.org Сан-Францискода тіркелген, енді біз қоғамдық пікірді америкалық сайттар арқылы білдіреміз бе? Онда электрондық боттар көп кіреді, оған тіркелудің де қажеті жоқ. Тіпті Instagram-дағы аккаунтымнан көріп отырмын, көбі жағымсыз пікір қалдыру үшін украин сайттарынан кіреді» деп жазды.

Маусымның 29-ы күні Ресей ақпарат құралдарына түсініктеме берген Change.org-тың Шығыс Еуропа және Орталық Азия қызметінің басшысы Дмитрий Савельев «сайтта қол қойғандардың нақты адамдар екеніне көз жеткіземіз» деді. Оның сөзінше, Астаховтың қызметтен кетуін қолдағандардың 95,8 пайызы Ресейде тұрады және олардың барлығы «шын адамдар». Оның бұл мәлімдемесін gazeta.ru сайты таратты.

Астаховтың сөзі биліктің халық алдындағы менмендігінің белгісі ретінде «қанатты сөзге» айналып, интернет қолданушылар #какпоплавали деген хэштегпен түрлі қағытпалар жариялап жатыр.

«Паша сияқты дұрыс ғибадат етіп жатырмыз» деп жазды #какпоплавали хэштегін қолданған Абрам Иванов интернет қолданушы.

@Рустем Адагамов есімді қолданушы «Астахов Сямозеро көліне батпай қалған балаларды Қара теңізге жіберуді ұсынды» деп мысқылдаған.

Тула облысында суға батқан бес кісі туралы жаңалыққа @OMA800 есімді интернет қолданушы #какпоплавали хэштегін жалғады.

Тағы бір Twitter қолданушы суға батып бара жатқан кеменің суретін беріп, «бұл – билікке қатысты жаңа мем» деп кекетті.

Шілденің 1-і күнгі мәлімет бойынша, Астаховтың отставкасын талап еткен петицияны 154 мыңнан астам адам қолдаған.

Астахов «сөзімді жұрт дұрыс түсінбеді» дегенімен, бейнежазбада сол бөлмеде болған әйелдің «Құдайға сақтап, олар аман қалды» деп жауап қайтарғаны естіліп тұр.

Фарангиз Наджибулланың материалы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG