Accessibility links

Карелия қиянындағы Путиннен көңілі қалғандар


Вегарус кенті тұрғындары Татьяна Сергеева мен Елена Морозова.
Вегарус кенті тұрғындары Татьяна Сергеева мен Елена Морозова.

«Ресей қажет етпесе, мүмкін, Карелияның жеке бөлінгені жөн шығар, осындай референдум өткізсек қайтеді?» деген сауалы үшін жазықты болған депутаттың отанына Азаттық тілшісі барып қайтты.

Қарашаның аяғында Петрозаводск соты «сепаратизмге шақырды» деген айыппен жергілікті депутат Владимир Заваркинге 30 мың рубль көлемінде айыппұл салды. Бұған мамырда Карелия басшысы Александр Худилайненнің отставкаға кетуін талап еткен жиынға қатысушыларға Заваркин қойған: «Жоғарыдағылар аймақтың проблемаларын елегісі келмегеніне қарағанда, Ресейге Карелия мүлде қажет емес шығар? Мүмкін, Карелияның Ресейден бөлінгені жөн шығар, осындай сұрақпен референдум өткізсек қайтеді?» деген сауалы түрткі болған. Тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысып, олармен билік және президент жайлы әңгімелесу үшін Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Заваркиннің отаны - Суоярви қаласы мен Суоярви ауданының құдай да, билік те ұмытқан кенттерінің біріне аттанды.

1939 жылға дейін фин территориясы болған бұл жерден аудан орталығы Суоярвиге дейін 40 шақырым, Финляндия шекарасына дейін – 70 километр. Қыста суы қатпайтын Айттойоки өзені үстінен салынған көпірдің бір жағы қалың орман, ал қарсы бетте ағаштан жалғыз қабатты етіп салынған ондаған үйден тұратын Вегарус кенті орналасқан. Күн сәулесі бұлт арасынан жылт етеді де, лезде жоғалып кетеді, аспаннан қар құйып тұр. Далада шыңылтыр аяз, ауадан пеш мұржасынан будақтаған түтін мен қорада тұрған шөмеле шөптің иісі сезіледі. Көшеде адам аз, қаңырап бос қалған үйлердің көбінің терезесі сынған, кейбірінің қабырғасы үңірейген тесік.

Вегарусте 200-дей адам ресми тіркелген, бірақ нақты есеп бойынша 50 адам қалған. Көбі – Вегарусте туып-өскен немесе мұнда бала күнінде келіп, кентпен бірге қартайып, кентпен бірге ешкімге керексіз болып қалған зейнеткерлер. Біртіндеп босап жатқан үйлерді бұзып әкетіп, отынға жарататын да, баспанасының жыртық-тесігін жамауға пайдаланатындар да кент тұрғындары.

Вегарустағы пошта бөлімшесі 2016 жылы қаңтарда жабылмақ.
Вегарустағы пошта бөлімшесі 2016 жылы қаңтарда жабылмақ.

Вегарус кентінің тарихы Маркестің мифтік Макондосына (жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романындағы қала) ұқсайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін орманның ортасында салынған кентке іргедегі фин деревнясының атауын қойған. Соғыстан қираған аудандарды қалпына келтіру үшін көп ағаш керек болып, Карелия АССР-нің Суоярви ауданында ашылған ағаш дайындайтын пункттерге Совет одағының түкпір-түкпірінен жұмысшылар жиналған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кентте 600-700, кейде мыңға жуық адам тұрған кездер болған. СССР ыдырағаннан кейін кәсіпорындар жекешелендіріліп, 1990 жылдары ағаш дайындау кәсібі жартылай криминалды бизнеске айналып, инфрақұрылымды дамытуға ақша салу тиімсіз болды. Бірақ, ең бастысы, адамның орнын машина басып, егер бұрын бір бригаданың айлық нормасы бір мың текше метр ағаш болса, қазір үш адам жұмыс істейтін кешен тәулігіне 800 текше метр ағаш кеседі. «Бұрын бізде мектеп, бала бақша, медпункт, асхана, тұрмыстық үй, азық-түлік және өнеркәсіп тауарларын сататын дүкен, гараж және жанармай құятын бекет болған» дейді күртік қар астында жатқан бос алаңқайларды көрсеткен Вегарус тұрғыныТатьяна Павловна Богданова.

Вегарус тұрғыны Татьяна Павловна Богданова.
Вегарус тұрғыны Татьяна Павловна Богданова.

Ол кенттің кетеуі бірте-бірте кеткенін айтады. «Әуелі 1995 жылы клуб пен асхананы жапты. Орман-өнеркәсіп шаруашылығына қарайтын екі мекеменің ғимаратын бір күнде бұзып, бір жаққа алып кетті. Қатысымыз жоқ болған соң, қайда әкетіп жатқанын да сұрамадық... Негізі, қатысы бар ғой, бірақ қайда әкетті, білмейміз... Ал клубты мектепке көшіріп, орнына тұрғындардың бос уақытын ұйымдастыратын орталық жасады. Балабақшаны да мектепке қосты. Балалар мектепте 7-сыныпқа дейін оқып, 8-сыныптан бастап қаладағы мектеп-интернатта жатып оқитын. Бірақ, кейін мектепті де жауып тастады. Фельдшерлік пунктті екі жыл бұрын жапқан, енді фельдшерді аптасына бір мәрте автобус әкеліп тұрады, бірақ ол жаққа жүру керек, мен бармаймын» дейді Татьяна Павловна.

Вегаруста 1952 жылдан бері тұратын ол мұнда үш жасында әке-шешесімен келген. Әкесі селолық кеңестің төрағасы болған. Жергілікті мектепті бітірген соң киномеханиктің оқуын оқыған, жергілікті клубта 15 жыл жұмыс істеген. Тұрмысқа шығып, екі балалы болған соң кешкісін жұмыс істеуге жағдайы келмейтін болып, фельдшерлік пунктке санитарка болып орналасқан. ФАП-те 20 жыл жұмыс істеп, 1995 жылы зейнет демалысына шыққан, енді міне, қазір мұнда клуб та, фельдшерлік пункт те жоқ.

Жергілікті өлшем бойынша Татьяна Павловнаның зейнетақысы үлкен саналады – 15 мың рубль алады. Алайда ол «балам мойнымда масыл болып отыр, оның үстіне ішеді, бірақ мұнда басқа не істейді» дейді. Вегарусте талайға дейін дүкен болмай, тұрғындар азық-түлік сатып алу үшін қалаға сабылатын. Автобус айына екі мәрте келеді, ал көлік жалдасаң, барып-қайтуың 1200 рубльге түседі. Рас, мәскеулік инвесторлар салған «Вегарус» демалыс базасында жуырда дүкен ашылыпты. Электр жарығы жиі өшіп қалатыны болмаса, Татьяна Павловнаның тұрмысы тәуір. Сәл жел соқса немесе қар жауса өшіп қалатын жарықты қосу үшін ұзақ жөндейді, кейде тұрғындар екі күн жарықсыз отырады. «Былайша мұнда күн көруге болады. Бірақ, кейде далаға шығуға қорқамыз, қасқыр бар. Кейде иттердің қарғыбауынан сүйреп кетеді. Әйткенмен өзім ешқайда барып жатқан жоқпын, жасарымды жасадым, енді дәм-суым қашан таусылатынын күтіп отырмын» дейді Татьяна Павловна.

Вегарустың төңірегінде ағаш дайындайтындар көп, бірақ тұрғындарға жұмыс жоқ.
Вегарустың төңірегінде ағаш дайындайтындар көп, бірақ тұрғындарға жұмыс жоқ.

Оның үйі тұрмысқа жайсыз болғанымен, жылы екен: қабырғаға жапсырылған түсқағаздың өңі әбден оңып, кейбір тұстары сарғайып кеткен, ескі линолеум төселген еден қисық, темір пеш жемір-жемір болып тозған. Үйін жекешелендірмеген, басқару компаниясы үйді жөндеу мен ұстау шығынын есептеп, төлем қағаз жіберіп тұрады екен, бірақ Татьяна Павловна баяғыдан төлемейді. 1975 жылдан бері мұнда бір шеге қағылмаған. Үй иесі совет заманындағы хрусталь ыдыс-аяқ жиналып, фарфордан жасалған кішкентай заттар тұрған серванттың жанындағы сырты тозған ескі креслода отыр, шағын теледидар экранынан президент Владимир Путин федералдық жиналысқа жолдауын оқып тұр.

Теледидар жақты нұсқап, президент пен оның саясаты жайлы не ойлайтынын сұрағанымда, Татьяна Павловна басын ұзақ шайқап отырды да: «Путин бе? Қазір ешкімге сенбеймін... Әсіресе Украинаға көрсетіліп жатқан көмек жайлы жеке пікірімді айтсам, әрине, адамдарды аяйсың, бірақ оларды қашанға дейін өбектей бермек... Өз халқымызға да көмектесу керек қой. Ал қазір Сирияны құлатады, одан кейін тағы бір жаққа барып килігеді... осы уақытқа дейін өзімізден басқаның бәрін жарылқап келдік қой. Әне, Қырымға электр жарығын тартуға қаншама ақша берді, ал біз Вегарусте жарықсыз отырмыз. Мәскеуге әуелі өзімізді жарылқап алсын, өзгелерге сосын көмектессін деп айта барыңызшы» деп жауап берді.

ПУТИННЕН КӨҢІЛІ ҚАЛҒАНДАР

Татьяна Павловнаның үйіне таяу маңда екі құрбы – Елена Ивановна мен Татьяна Ивановна серуендеп жүр екен. Татьяна Ивановнаның үстінде жасыл түсті қалың күрте, бөртегүл түстес бас киімі бар, Елена Ивановна әскерилердің киімі түстес күрте мен қара былғары шалбар киген. Елена Ивановна сәл қызулау көрінді, бәлкім, көңіл-күйі көтеріңкі шығар деген де ой келді.

Екеуі «Жарық өшіп қалады, байланыс жоқ, жарық өшсе, телефон да істемей қалады ғой. Онсыз да қиянда жатырмыз, Вегарусқа жете алмаймыз, қыста аяз жол салып береді, ал көктем мен күзде ағаш таситын көлікке жармасамыз» деп шағымданады.

Вегарусте қаңырап бос тұрған үйлер көп.
Вегарусте қаңырап бос тұрған үйлер көп.

Бірақ боран жолды үрлеп тастаса, қыста да жол жүре алмайсың. «Былтыр бүкіл қыс бойы жолды екі мәрте ғана күреді. Жаңа дүкен ашылғалы жақсы болып қалды әрі бағасы да онша қымбат емес, ал бір жағдай болып қалса, дәрігер шақыра алмай қиналамыз. Егер стационар телефон істемей қалса, ұялы байланыс ұстайтын жотаға шығу керек. Бірақ, жедел жәрдем көбінесе келмейді, анальгин ішіңдер, жоқ болса, көршілеріңнен сұраңдар деп өзіңе ақыл айтады» дейді Елена Ивановна. Ол жанындағы Татьянаны көрсетіп: «Құлап, арқасын зақымдап алған кезде, тауға шығып телефон соғып, қалаға апару керек шығар десем, ертең фельдшер келеді ғой дейді. Одан не қайыр, қолында таблеткасы да жоқ, мұнда бос келіп, бос кетеді кетеді. Құлаған кезде арқасын зақымдап алған, қалаға апарып рентгенге түсіру керек қой. Не күйеуі, не көлігі жоқ. Бірақ, сол күйі келмей қойды» дейді. Кенттен көлік табуға болады, Суоярвидегі жұмысқа көлікпен қатынап істейтін екі адам бар, бірақ оларға ақша төлеуің керек. «Ал мереке болса, мүлде үміт жоқ, көлік болғанымен, оны жүргізетін арақ ішпеген адам таппайсың» дейді Елена Ивановна. Татьяна Ивановна 7 мың рубль зейнетақы алады, күйеуі Беларус елінде вахтамен жұмыс істеп, жол салады. Елена Ивановна «әлі зейнетке шыққан жоқпын» деп наздана жымияды.

Ресейге салынған санкция мен халықаралық оқшаулау кесірі Вегарус тұрғындарына тимеген тәрізді: олар француз ірімшігінің дәмін бұрын да татып көрмеген, ал бірақ Владимир Путинді екеуі де онша ұнатпайды. «Бұрын жақсы көруші едік, кейін көңіліміз қалды. Украинадағы жағдай басталғалы Украинадан басқа ештеңе айтпайды, солардың проблемаларымен әлек. Енді оған мына Сирия қосылды. Өмірі біреумен соғысамыз да жатамыз. Ауған соғысына қатысып, жарымжан болып келгендерді мүлде ұмытқаны сияқты бұл жолы да солай болады» дейді Татьяна Ивановна. «Ол маған да ұнамайды. Бізге, әсіресе зейнеткерлерге не жақсылығы өтті?» дейді құрбысын қостаған Елена Ивановна. Ал құрбысы «Олай деме, мәскеулік зейнеткерлер үшін жақсылық жасап жатыр ғой» деп таласады. «Иә, жасап жатыр! Ал Вегарус үшін, Карелия үшін ештеңе жасаған жоқ!»

Қос Ивановна сайлауға бармайтындарын айтады. «Өзіміздің сайлауға да, мәскеулік сайлауларға да бармаймыз. Ешкімге сенбейміз, оңдыртып жатқан ешқайсысы жоқ. Сайлауға барып, дауыс бересің, кейін үмітің ақталмағанда ашуың келеді. Неге екенін қайдам, бірақ олар Украина балаларын құтқарады, ал біздің балаларды құтқармайды» дейді Татьяна Ивановна.

«ӨЗ АДАМЫМЫЗ КЕРЕК»

Вегарус тұрғындары Клавдия Ивановна Лукьяненконы онша жақтырмайды екен. Тұрғындардың айтуынша, ол әкімшілікте жұмыс істеген кезде жұрт баяғыда бұзып, отынға тасып әкеткен үйлерге кісі қосып жазған. Жұрт «бір шаңқылдаса жуық арада тоқтамайды» деп Клавдия Ивановнадан сескенеді. Азаттық тілшісіне де «Клавдия Ивановнаға бармай-ақ қой, алда-жалда барып жатсаң – аса сақ бол!» деп ескертті.

Вегарус тұрғыны Клавдия Ивановна Лукьяненко.
Вегарус тұрғыны Клавдия Ивановна Лукьяненко.

Оның өзге жұрттың үйі сияқты бір қабатты қисайған үйі өзенге таяу орналасқан. Аулада маңайды азан-қазан етіп үрген кішкентай қанден шынжырлаулы. Есікті ашқан күйеуі Василий Клавдия Ивановнаны шақырды да, өзі ас бөлмеге кіріп кетті, соған қарап, бұл шаңырақта кімнің билігі жүретіні байқалды. Клавдия Ивановна темір пештің жанындағы жалпақ креслоға жайғасты, ал қарсы алдында Владимир Путин федералдық жиынға жолдауын оқып тұр. Клавдия Ивановна – Харьков облысының тумасы. Ленинградтағы медучилищені бітіріп, кемеде медбике болуды армандаған, бірақ кемеге алмай, 1973 жылы Вегаруске жұмысқа жіберген. Әуелі балабақшада, кейін селолық кеңесте жұмыс істеген. Ол қатты аяз қысқан 2000 жылы кенттегі жалғыз жылу қазандығы істен шығып, гараж қатып қалғаннан кейін Вегарустегі ағаш дайындау пунктін мүлде жабу туралы шешім қабылданғанын еске алады.

Бірақ совет үкіметі тұсында мұндай жағдай болса, халықты ұйымдасқан түрде басқа жаққа көшіретін, ал мұнда кент мүлде қараусыз қалған. Клавдия Ивановна тұрмысым нашар деп шағымданбайды, күйеуі екеуі ұстайтын шаруашылықта екі сиыр, біраз қой, шошқа, тауық-үйрек бар. Бүкіл шаруаны өздері атқарады, таңғы сағат төрттен тұрып, түн ортасында жатады. Петрозаводскіде тұратын екі баласы жазғы демалыста шөп шабуға келеді.

Клавдия Ивановна жүйе адамы ретінде президент пен үкіметті құрметтейді, Владимир Путиннің саясатын толық қолдайды. «Тек оған сәл қаталдық жетіспейді» дейді ол. «Кімге қатал болуы тиіс?» деген сұраққа: «Бәріне» деп жауап берді. Клавдия Ивановна істің мән-жайына үңілгісі келмейді: үлкен саясатты жетік білмегенімен, жергілікті билікті сөгеді: «Мына түрімізді, қалай тұрып жатқанымызды көріңіз. Әлгі Худилайнен (Александр Худилайнен – Карелия республикасының басшысы) Суоярвиде аудан халқымен кездесу өткізіпті. Оны газеттен оқыдық. Сол кездесуге қуана-қуана барып, одан жолдың жайын, басқа нәрселерді сұрар едім. Ондай мүмкіндігім жоқ. Күйеуімнің мотоциклі бар, бірақ онымен қалай апарады? Жұртты әкелуге көлік немесе автобус неге жібермейді? Худилайнен – біздің адам емес. Оның жүргізген саясаты ұнамайды. Жұртқа еш қайыры жоқ. Әлгі Нелидов та біздің адам емес болатын. Былықпен келіп еді, былықпен кетті» дейді ол. (2010-2012 жылдары Карелияны басқарған Андрей Нелидов қазір «парақорлық» ісіне қатысты абақтыда отыр.)

«Нелидовты да, Худилайненді де өзіңіз жақсы көретін Путин тағайындады емес пе?» деген уәжге Клавдия Ивановна: «Демек, бекер тағайындаған. Бізге өзіміздің адам, жергілікті біреу керек» дейді.

Вегарустан аудан орталығы Суоярви қаласына қайттық. Бес қабатты панель үйлер мен қос қабатты ағаш үйлер тоз-тозы шыққан, ойқы-шойқы әрі бағдаршамы жоқ жолдарда ескі «Жигулиден» өзге көлік көзге түспейді.

Любовь Егорова осындай үйлердің біріндегі тұрмысқа жайсыз пәтерде тұрады. Пәтерде су құбыры жоқ, ал әжетхана ретінде жертөле үстінен тесік ойып қойған, ол 1954 жылы салынғаннан бері тазаланбаған. Аязға қарамастан, подъезде қолқаны қабатын сасық иіс бар, тұрғындардың айтуынша, жазда тыныс алу тіпті мүмкін болмай қалады екен.

Суоярви тұрғыны Любовь Егорова.
Суоярви тұрғыны Любовь Егорова.

40 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтерінде 1996 жылдан бері тұратын Любовь осында екі ұлын өсірген. «Мына баракқа кіргізгеннен бері осылай. Қабырғалары бөрене емес, топырақтан үйілген, бәрі шіріп тұр, еденнің тақтайы шіріп кеткен, бірде еденді көтеріп көріп едім, асты көлкілдеген су» дейді Любовь. Ал екінші қабаттағы көршісінің жағдайы тіпті қиын, оның пәтерін шатырдан сорғалаған су алып кеткен. Жазда – қапырық ыстық, қыста суық. Пешті таңнан кешке дейін жағуға тура келеді, бірақ таң ата шелектегі су қатып қалады. Аптасына бір рет іргедегі моншаға түседі, су шақ келмейтіндіктен, Любовь кір жуғыш машинаны кірді сығу үшін ғана пайдаланады.

Любовь пәтер кезегінде1985 жылдан бері тұрады. Бірақ, соңғы 25 жыл ішінде Суоярви қаласында жаңадан бір үй салынбаған, кезектегілерге жалғызбасты қарттардың босаған пәтерлерін береді. Екі жыл бұрын Суоярвиге Карелия жөніндегі федералдық бас инспектор Алесандр Хюннинен келіп, Любовьтың үйін апатты жағдайда деп тануға тапсырма беруге уәде еткен, бірақ ол кеткеннен кейін әлгі уәде де ұмытылған. «Олар күрделі жөндеу жүргізуді 2017 жылдың жоспарына енгізгенін айтады, бірақ мынаны қалай жөндейді, бәрі шіріп тұр ғой?» дейді Любовь.

Любовь 12 мың рубль зейнетақыға күн көреді әрі таяуда Петрозаводскіге кетіп, әзірше жұмыс таппаған ұлдарының біріне де осы ақшадан көмектеседі. Жаз маусымында жидек теріп, азын-аулақ ақша табады: Карелияда қаражидек, итбүлдірген, мүкжидек, қарақат қабылдау ұйымдастырылған. «Жидек теру – ауыр жұмыс. Биыл жидек теріп, небәрі 25 мың рубль ғана таптым. Ал негізгі қорегім – қара нан мен «бич-пакет» (тез әзір болатын кеспе). Кейде 10 рубльден картоп, өсімдік майын сатып аламын, бары сол – өзге ештеңеге жетпейді» дейді Любовь.

Суоярвидегі көппәтерлі үйлердің біріндегі әжетхана.
Суоярвидегі көппәтерлі үйлердің біріндегі әжетхана.

Вегарус тұрғындарына қарағанда, Любовь коррупциямен күрес қорының (ФБК) бас прокурор Юрий Чайканың отбасына қатысты тексеру жүргізгенінен хабардар – интернеттен оқыған. Ол Чайка мен коррупционерлерді, әсіресе Карелия басшысы Худилайненнің жер-жебіріне жетіп сыбады. «Ол бүкіл ақшаны қалтасына басып алып отыр, бірақ мұнысы дұрыс емес қой! Худилайненді баяғыда орнынан алу керек еді!» дейді. Любовь Владимир Путинді Ресейдің беделін өсіруді ойлайтын нағыз азамат, елді Сириядағы террористерден қорғап («әйтпесе бізді бас салады»), Украинадағы фашистермен күресіп жатыр деп сипаттап, оны толық қолдайды. «Онда – бандералар, жартысының дені дұрыс, ал жартысы – оңбаған. Әлгі оңбағандардың көзін құртып, мүлде қырып тастау керек. Халықтың жартысының обалына қалған оңбағандарды қабырғаға қойып ату керек. Тіпті кімнің кім екенін анықтап жатпай-ақ Сталин тұсындағы сияқты сотсыз, тергеусіз бәрін ату керек» дейді Любовь қызбаланып.

Бірақ, Любовь сыртқы саясаттың қамымен жүрген биліктің аймақтардың жағдайын ұмытқанын, басшылыққа коррупционерлер мен жалқауларды қойғанын мойындайды: «Путинге айналасындағы адамдардың кім екенін білу үшін көзін сәл ашу керек шығар. Олар ақшаны қайда жұмсағанын көрсетіп әлдебір есеп беруі тиіс, бәрін бақылау керек. Ал былайша Путин мықты, мен оны қолдаймын, бірақ тозған үйлер бағдарламасы... Бүкіл Суоярвиден әлгі бағдарламаға үш үйді ғана қосты, ал біздегі үйлердің 70 пайызы тозған. Оған мұны қалай жеткізуге болады? Видео жазсаңыз, ол көретін шығар?»

(Сергей Хазов-Кассианың мақаласы орыс тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG