Accessibility links

Ресейде украиналық босқындарға көмек қысқарды


Шығыс Украинадан келген босқындар Ресейдің Ставрополь өлкесінде.
Шығыс Украинадан келген босқындар Ресейдің Ставрополь өлкесінде.

Донбастан қашып, Ресейдің Псков қаласында тұрып жатқан украиналық босқындарды қонақүйден шығарып жатыр. Олар "Путин далада қалдырмайды" деп сенеді.

Светлана Мороздың екі ұлымен және кәрі анасымен бірге Ресейдің батысындағы Псков қаласында орналасқан «Спорт» қонақүйінде тұрып жатқанына бір жарым жыл болды. Бірақ, Украинаның шығысындағы соғыстан қашып, Ресейді паналаған Светлана сияқты жүздеген адам енді далада қалуы мүмкін. Бұған қарашада Мәскеу қабылдаған босқындарға қатысты жаңа ережелер себеп болмақ.

Ресей Украинаның оңтүстік-шығысынан қашқан босқындарға жәрем бағдарламасын тоқтатпақ. Қарашаның бірінен бастап украиндардың Ресей аумағында жеңілдікпен жүру тәртібі күшін жойды, ал уақытша қабылдау орындары босқындарды тек 60 күн ғана паналата алады. Демек, жергілікті басшылар босқындарды бір жарым жылдан бері тұрып жатқан қонақүйлер мен санаторийлерден шығаруы тиіс. Жергілікті билік барар жері жоқ жандарды паналатудың басқа жолдарын қарастырып жатыр.

Бұған дейін Донбастағы қақтығыстан қашқан халық өз үйлеріне қайта оралуға мүмкіндік туғанша «уақытша паналау орындарында» тұра беретін. «Уақытша паналау орны» дегендері – көбіне тозығы жеткен «Спорт» қонақүйі сияқты ғимараттар. Босқындарға жәрдемақы да тек екі ай ғана беріледі.

РЕСЕЙ БЮДЖЕТІНЕ АУЫР САЛМАҚ

Ресей президенті Владимир Путин әу баста «Украинаның жаңа билігінен теперіш көріп жатқан орыстілді халықты құшақ жая қарсы аламыз» деген ишара танытқан.

Дегенмен, мұнай бағасының құлдырауы және халықаралық санкциялардың кесірінен экономикасы кері кеткен Мәскеу қазір босқындарға қонажайлық танытатындай халде емес.

Украиналық босқындар билік өздеріне тұруға ұсынған бұрынғы әскери қалашықтағы үйдің алдында тұр, Смуравьево, Псков облысы, 12 желтоқсан 2015 жыл.
Украиналық босқындар билік өздеріне тұруға ұсынған бұрынғы әскери қалашықтағы үйдің алдында тұр, Смуравьево, Псков облысы, 12 желтоқсан 2015 жыл.

Босқындар Ресейдің федералдық бюджетіне ауыр салмақ түсіріп отыр. Ресми мәліметтерге қарағанда, соғыстан қашқан Украинаның 16418 азаматы Ресейде уақытша тұрып жатыр. Мәскеу оларға ай сайын 400 миллион рубль (5,7 миллион АҚШ доллары) жұмсайды. Оның үстіне әр босқынға ас-суға деп 800 рубль (11,34 АҚШ доллары) беріледі.

1980-жылдардан бері күтім көрмеген «Спорт» қонақүйіне былтыр соғыс басталғалы Шығыс Украинадан 326 адам келіп қоныстанған. Осы күні олардың көбі Ресейдің басқа аймақтарына кеткен, кейбірі Донбасқа қайта оралған. Әзірге бұл қонақүйде Мороз әулетін қосқанда 23 кісі қалып отыр.

Светлана Мороз былтыр маусымда ресейшіл сепаратистер мен Украина әскерінің арасында соғыс басталғанда Донецк облысындағы Макеевка қаласынан отбасымен кетіп қалған. Олар кете салысымен тұрған үйлеріне артиллериядан оқ атылып, аулаға снаряд түскен. Өздері кеткеннен кейінгі аласапыранды интернеттегі суреттерден көрген Светлана Мороз «дер кезінде кетіппіз» деп шүкірлік айтады.

РЕСЕЙ АЗАМАТЫ БОЛУДАН ҮМІТТІЛЕР

Макеевкада Светлана Мороздың екі әпкесі қалған. Пәтері мен дүние-мүлкі де қараусыз жатыр екен. Қарашада жергілікті әкімшілік өкілдері Светланаға «босқын мәртебеңіз жаңартылмайды, енді қонақүйді босатуларыңыз керек» деп ескертіпті. Содан бері оның уайымы көбейген.

Светлана Мороз (оң жақта) анасы және ұлдарымен.
Светлана Мороз (оң жақта) анасы және ұлдарымен.

Ол мұнда Ресей азаматтығын алу үшкен келген екен. Светлана Мороздың анасы Ирина Светличная Мәскеуден солтүстік-шығысқа қарай 350 километр жердегі Кострома қаласында дүниеге келген. Әскери қызметтегі күйеуі Украинаға жіберіліп, 19 жастағы Ирина Светличная онымен бірге сол кездегі одақтас республикаға көшіп барған. Енді қарт әйел Ресей азаматтығына ие болып, осы елден мүгедектігіне байланысты жәрдемақы мен зейнетақы алғысы келеді.

– «Бәрі тез болады, жарты жылда Ресей азаматы атанасыздар» деген сөздеріне сеніп, жылдам бітіреміз деп ойладық. Құжат тапсыруға барсам, «үш жыл тіркеуде болуың керек» дейді. Сонда, ол тіркеуді қалай аламыз? – дейді Светлана Мороз.

Оның Псковқа келгенде жасы 16-ға толған үлкен ұлы Данилде Украинаның да, Ресейдің де паспорты жоқ. Әдетте бозбалаларға осы жаста төлқұжат беріледі. Анасы «Балам тоғызыншы сыныпты біткен соң оқу да оқи алмай, жұмыс та істей алмай қала ма» деп уайымдайды. Оның айтуынша, жергілікті билік балаға анықтама сияқты бір құжат жасап береміз деп уәде етіпті.

– Құжаттарын берсінші, ары қарай өзіміз... – деп күрсінеді Ирина әжей.

Осы күні босқындар үшін құжат – негізгі проблемаға айналды. Тек құжаты барлар ғана жұмысқа тұрып, пәтер жалдай алады, басқа да табыс табады. Босқындардың көбі «егер паспорт талап етпесе, тез жұмыс тауып, аяқтан тұрып кетер едік» деп налиды.

БАРАР ЖЕРІ – ҚАҢЫРАҒАН ҚАЛАШЫҚ

Шығыс Украинадағы Луганск облысының Попасна ауданындағы үйінен күйеуі және үш баласымен бірге Ресейге қашып келген Евгения Богатырь ұрыс біраз тыншығанда еліне қайтып оралуды ойлағанын айтады. Бірақ, артынша соғыс оты қайта өршіп, олар бұл райынан қайтыпты.

Бұрын әскери база болған Смуравьево қалашығындағы тұрғын үйлердің бірі. Псков облысы, 12 желтоқсан 2015 жыл.
Бұрын әскери база болған Смуравьево қалашығындағы тұрғын үйлердің бірі. Псков облысы, 12 желтоқсан 2015 жыл.

Қарашаның соңында оларға «Спорт» қонақүйін босатыңдар деген пәрмен берілген. Ресей үкіметі олар тұратын ауданды «қауіпті аймақ» қатарына жатқызбаған, демек, олар «уақытша босқын» мәртебесінен айырылады.

Мұны естіген Евгения еңіреп жылағанын айтады. Кейін жергілікті әкімшіліктің араласуымен «демеуші» табылып, олардың оқу жылы аяқталғанға дейін пәтер жалдап тұруына қаржы бөлуге келісіпті.

Егер оған дейін Украинаның шығысындағы соғыс толастамаса, онда «Спорт» қонақүйінен шығарылатын босқындардың баратын бір-ақ жері бар. Ол – кезінде Ресейдің әскери базасы болған Псков облысындағы Смуравьево қалашығы.

Мұнда 120 пәтерлі үй қаңырап бос тұр, жергілікті әкімшілік «Спорт» қонақүйіндегі босқындарды осы пәтерлерге қоныстандырғысы келеді. Әскерилер кеткелі бұл жер қаңырап, бары-жоғы 500-дей тұрғын қалған. Совет одағының көзіндей болған «Мәдениет үйі» терезелері үңірейіп, арса-арса болып тұр. Иесіз қалған құжыралар мен көпқабатты үйлер алыстан үрей шақырады. Жолды қурай мен шөп басып кеткен.

Бір жыл бұрын Смуравьевоға қоныстанған Юлия (оң жақта) жаңадан келген украиналық босқындармен сөйлесіп тұр. Псков облысы, 12 желтоқсан 2015 жыл.
Бір жыл бұрын Смуравьевоға қоныстанған Юлия (оң жақта) жаңадан келген украиналық босқындармен сөйлесіп тұр. Псков облысы, 12 желтоқсан 2015 жыл.

Смуравьеводағы үш бөлмелі пәтерде күйеуі және екі баласымен бір жылдан бері тұрып жатқан Юлияның айтуынша, жағдайлары біршама тәуір. Пәтерге кірген соң жуынатын бөлмені қалыпқа келтірген. «Мұндағы пәтерлердің барлығына жөндеу қажет болады», - дейді ол. Көршілері де жақсы, жақын маңда мектеп те бар екен. Күйеуі 20 километр жердегі ағаш тілетін цехтан жұмыс та тауыпты.

Қанша кемшілігі болса да, атыс-шабыс болып жатқан өз қалаларымен салыстырғанда Смуравьево бұларға жұмақтай көрінеді. Әйтсе де Светлана Мороз бен оның анасы және Шығыс Украинадан келген басқа да босқындар Ресейге, әсіресе Владимир Путинге сенім артып келгенде өз болашағын бұдан басқаша елестеткен.

Светлана мен оның анасы 2014 жылғы мамырда өткен референдумда өз-өзін тәуелсіз деп жариялаған «Донецк халық республикасына» емес, басқаға үміт арқандарын айтады.

– Біз референдумға «Путин Қырымды қосып алған сияқты бізді де өзіне қосып алады» деген оймен бардық. Негізі біз Путин үшін дауыс бердік, – дейді Светлана Мороз.

«Путин сіздерді тастап кетті деген сезім жоқ па?» деген сауалымызға ол «жоқ» деп жауап берді.

(Светлана Прокопьева мен Тони Веселовскидің материалы негізінде әзірленді.)

XS
SM
MD
LG