Accessibility links

Түркия-Ресей жанжалының кесірі Қазақстанға да тие бастады


Жолда бөгеліп тұрған жүк көліктері. (Көрнекі сурет)
Жолда бөгеліп тұрған жүк көліктері. (Көрнекі сурет)

Түркиядан жүк әкеле жатқан қазақстандық көліктер Ресей шекарасында қамалып тұр. Кәсіпкерлер Анкара мен Мәскеудің дауынан туған бұл оқиғадан бизнестері шығын шегіп жатқанын айтады.

Түркиядан шырын қорабын жасауға керек материалдар тиеп, Петропавлге келе жатқан қазақстандық жүк көлігінің жүргізушісі Анатолий Очковский алты күннен бері Бачевск (Украина) пен Троебортное (Ресей) шекара бекеттерінің арасындағы бейтарап аумақта көлігінің ішінде тұрып жатқанын айтады. Ол – Түркия өнімдерін Ресейге өткізуге тыйым салған Мәскеудің санкциясының зардабын тартқан азаматтардың бірі.

– Менде компаниям берген сенімхат бар. Сонымен 15 жылдан бері жүргенмін, Европада да мойындалған. Кешеден бері жарамай қалды. Олар (Ресей кеденшілері – ред.) «Тасымалдаушының жүргізушіге берген кепілгерлігі» деген жаңа құжат ойлап тапқан. Менде түпнұсқасы болуы керек екен, көшірмесі жарамайды екен, – дейді ол.

Аннатолий Очковский Украина-Ресей шекарасында өзімен бірге 100-ден астам жүк көлігі қамалып тұрғанын айтады.

КӘСІПКЕР: ШЫҒЫН ШЕГІП ЖАТЫРМЫЗ

Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынас ушыққанның кесірін көріп жатқан қазақстандықтардың бірі – қостанайлық кәсіпкер Александр Акхобеков. Ол жүк тиеген үш көлігі Ресейдің Украинамен шекарасындағы Троебортное және Крупец,Грузиямен шекарасындағы Верхний Ларс кеден бекеттері маңында өте алмай тұрғанын айтады.

–Менің адамдарым 10 күннен бері – 24 қарашадағы оқиғадан бері (Түркияның ресейлік Су-24 ұшағын атып құлатқан күнді айтады – ред.) сонда тұр. Олардың ақшасы мен жанармайы таусылайын деді. Қыс қой, көлікте жылынып отыр. Шекарада оларға өте дөрекі және нашар сөйлейді. Не үшін өткізбейтіні туралы ресми жауап бермейді, – дейді Александр Акхобеков.

Бөгеліп тұрған жүк көліктері. (Көрнекі сурет)
Бөгеліп тұрған жүк көліктері. (Көрнекі сурет)

Ресей өткізбей тұрған көліктерінің Қазақстанға енді қашан жететінінен бейхабар кәсіпкер «бұл оқиғадан шығынға батып жатырмын» дейді.

– Жүргізушінің күнделікті тамағына 30 доллар кетеді. Оған қоса көлік күндіз-түні оталып тұр, жанармай шығындалып жатыр. Жүргізушінің мұнда келіп, тағы басқа жаққа баратын уақыты өтіп кетті. Өте көп шығынға ұшырап отырмыз, – дейді ол.

Александр Акхобеков Түркиядан жүк тасыған көліктерінің құрлықпен жүргеннен басқа тиімді амалы жоғын айтады. Ол Қазақстан билігінің жуықта айтқан – «кәсіпкерлер Баку (Әзербайжан) мен Ақтау (Қазақстан) порттарын пайдаланып, жүкті Каспий теңізі арқылы тасысын» деген мәлімдемесімен келіспейді. Билік «сонда әр көліктің шығыны 1400-1600 доллар болады» деген еді.

– Бізде Каспий арқылы жүк тасу тиімді емес. Паром арқылы бір бетке өтудің шығыны 2800 доллар болады, – дейді қостанайлық кәсіпкер Александр Акхобеков.

«БҰЛ ТАУАРЛАР РЕСЕЙДІҢ САНКЦИЯ ТІЗІМІНДЕ ЖОҚ»

Түркиядан Қазақстанға тауар әкеле жатқан көліктер Ресей кедендерінде бөгеліп тұрғанын Қазақстан автотасымалдаушылар халықаралық одағы да растайды. Одақтың атын айтпауды өтінген маманының сөзінше, «Ресей арқылы транзитпен келмек болған көліктерде Мәскеу тыйым салған азық-түліктер жоқ».

Көбі Түркиядан құрылыс материалдарын әкеле жатыр. Онда ешқандай қызанақ, көкөніс жоқ.

– Көбі Түркиядан құрылыс материалдарын әкеле жатыр. Онда ешқандай да қызанақ, көкөніс жоқ. Бұл тауарлар Медведев қол қойған, 2016 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін санкциялардың тізімінде жоқ. Оған қоса жүк Қазақстанға келе жатыр. Мен түсінбей отырмын, – дейді Қазақстан автотасымалдаушылар халықаралық одағының өкілі.

Азаттық Ресей кедендерінен өте алмай тұрған қазақстандық көліктерге қатысты пікірін білмекке Қазақстан инвестициялар және даму министрлігіне хабарласқан еді. Бірақ министрліктің аты-жөнін айтпаған қызметкері «жауапты басшылар Ресейде өтіп жатқан кеден тақырыбына арналған жиынға кеткенін» айтып, бұл оқиға жайлы комментарий бермеді.

Анкара мен Мәскеудің арасы биыл 24 қарашада Түркияның әскери-әуе күштері Сириямен шекарада Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсіріп, ресейлік бір ұшқыш қаза тапқаннан кейін нашарлаған. Түркия ресейлік ұшақ «елдің әуе кеңістігін бұзып, ескертуді елемегенін» мәлімдеген. Бірақ Мәскеу ол ұшақтың «Сирия аумағындағы әуе кеңістігінде жүргенін» айтып, Түркия шекарасын бұзғанын жоққа шығарған.

Ресей бұл оқиғадан кейін Түркияға қарсы салынған санкциялар тізімін бекіткен. Қарашаның 30-ында Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Түркияға экономикалық шаралар қолдану туралы қаулы шығарған. Ол қаулыдан кейін Түркиядан Ресейге әкелуге болмайтын ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізімі жарияланған. Ол тізімде томат, пияз, салат, капуста, брокколи, қияр, апельсин және мандарин сияқты цитрус жемістер, алма, жүзім, алмұрт, шабдалы, өрік, құлпынай, бүлдірген бар. Ресейге Түркиядан тұз, қалампыр, тауық және күркетауық етін әкелуге де тыйым салынған.

XS
SM
MD
LG