Accessibility links

Байқаңыз, телефоныңыз тыңдалады


Ресейлік телеарналар оппозицияны қаралайтын телесюжеттерді көрсеткенде адамдардың телефон әңгімелерінің жазбасын, интернеттегі жеке хаттарын жарыққа шығарады. Қанша ресейлік азамат тыңдалып жатыр?

2015 жылы ресейлік соттар миллионға жуық телефонды тыңдауға рұқсат еткен. АҚШ федералдық соты сол жылы жалпы алғанда 4 148 рұқсат берген. АҚШ-қа қарағанда Ресейде телефон тыңдау 204 есе көп. Ал қанша ресейлікті арнайы қызмет сот шешімінсіз тыңдап келеді?

Леонид Волковтың есебі бойынша, бірнеше ондаған миллион адамның кем дегенде біреуі телефон әңгімесінің тыңдалғанын байқайды. «Телефоныңызды тыңдады деп сәл ғана күдіктенсеңіз болғаны, шынымен де тыңдайтындарына күмәнданбаңыз» дейді Алексей Навальный.

Сол 2015 жылы Страсбург соты полициялық СОРМ (жедел іздеу шараларына арналған техникалық құралдар жүйесі) жүйесімен ресейліктердің әңгімесін жаппай және бақылаусыз тыңдау адам құқығы жөніндегі конвенция мен ондағы жеке өмірді құрметтеу туралы құқықты бұзады деп таныды. «Роман Захаров Ресейге қарсы» ісі бойынша осындай үкім шықты.

Жариялықты қорғау қорының қызметкері, петербургтік Роман Захаров «СОРМА-ның жеті басты айдаһарымен» күресуді 13 жыл бұрын бастайды. Ол кезде Роман арнайы қызметпен ілінісудің қаншалықты қауіпті екенін түсінген жоқ. Романға шабуыл жасалды, «Линия полета» журналының бас редакторы қызметінен кетуі керек болды, аяғында арнайы қызмет одан өздеріне жұмыс істеуді талап ете бастағанда ол Ресейді тастап, Еуропа елдерінің біріне кетті. Роман Захаров Азаттық тілшісіне заңсыз тыңдаумен қалай күрескені және Ресейден кету себебі туралы айтып берді.

– Ісіңізді көп жыл қарады. Бәрі неден басталған еді?

Байланыс операторлары, провайдерлер бұл тетікті ФСО мен ФСБ арнайы қызметтерінің қолына өздері өткізіп берген.

– СОРМ деп аталатын аждаһаны жеңгім келді. Байланыс операторлары, провайдерлер бұл тетікті ФСО (Федералдық күзет қызметі – ред.) мен ФСБ (Федералдық қауіпсіздік қызметі) арнайы қызметтерінің қолына өздері өткізіп берген. 2004 жылы өзім клиент болған мобильді байланыс операторына қарсы шағымдандым. Ресейлік соттардан жеңіліс тапқан соң іс 2006 жылы Адам құқығы жөніндегі Еуропа сотына жетті.

Көптеген жыл өтті, 2015 жылы желтоқсанның 4-інде шағымымды дұрыс деп, менің пайдама үкім шығарып берді. Бұл шешім 2015 жылғы әлем бойынша он маңызды шешімнің бірі саналады. Бұл Ресей ғана емес, барлық адамдарғақатысты. Мемлекеттік тетік әркезде азаматтардың жеке өмірін бақылап отырғысы келеді.

– Неге басында операторларға қарсы шағымдандыңыз?

– Олар тыңдауға мүмкіндік береді, конституция мен байланыс туралы заң бойынша адамдарды СОРМ-нан дереу өшіріп тастау керек, себебі байланыс құпиясын сақтауға жауапты. Олар қазіргі жүйе өздерінің рұқсатынсыз да тыңдауға мүмкіндік беретінін біледі. Демек, ондайды сот шешімінсіз іске асырып отырған олар да қылмыс жасап жүр деген сөз.

– Неге бұл тақырыпқа мән бердіңіз? Өзіңізді тыңдап жүргендей көрінді ме?

– Иә, сондай күдік болды. Адамдар менің қайда екенімді білген нақты жағдайлар, байланыс деректерім жария болған кездер болды. «Бұл қалайша жүзеге асады?» деп бала сияқты сауал қойдым. 2004 жыл еді, саналы адамдар сияқты демократиялық елде тұрып жатырмыз. Ешкім экстремист ретінде күдіктенбейтін қарапайым азамат неліктен өзін біреулер тыңдап жүргенін біле алмайды? Неге ресми жолмен дәлел алуға болмайды? Осының бәрі мен үшін түсініксіз көрінді. Істің байыбына барғанда арнайы қызмет өкілдерінің қарапайым азаматтардан үнемі қорқып, күдіктеніп жүретінін түсіндім. Олар сөйлесуден бас тартты, жауап алу мүмкін болмады.

– Сізден басқа кімдер бұл тақырыпты көтерді?

СОРМ қолданатын блэк-бокс пен құқықтық нигилизм жүйесін ойлап табу оңай емес.

– 1990 жылдары және 2000 жылдардың басында «Гражданский контроль» ұйымы ғана бұл мәселені көтерді. Осыған қатысты конференциялар өткізіп, зерттеулер жүргізіп, мақалалар жариялады. Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты Ресейде азаматтардың әңгімесі тыңдалғанын растайтын бірде-бір құқықтық тетіктің жоқ екенін анықтады, арнайы қызмет бермесе, ондай ақпаратты ешқашан ала алмайсыз. Ең сұмдығы, әлемнің ешбір елінде бұндай емес. Иә, шектеулер бар, бірақ сот сізге ақпаратты беруге оларды міндеттей алады. Бізде ондай тетік жоқ. Ресей саясаты жеке өмірді, жалпы жеке тұлғаны қорғауға арналмаған. Екінші фактор – халықтың үнсіздігі. Үшіншісі, қызық болса да айтайын, адамдарымыз талантты. СОРМ қолданатын блэк-бокс пен құқықтық нигилизм жүйесін ойлап табу оңай емес. Бұл жүйе 1990 жылдары қалыптасқан, әлі күнге дейін реформаланып келеді.

Білесіз бе, демократиялық Ресейде байланыс министрлігі органдармен бірге әділет министрлігінің үнсіз қолдауымен заң қабылдайды, онда блэк-боксты енгізу туралы техникалық нормативтер бар! Бұл заң бойынша барлық операторлардан СОРМ жүйесіне қосылуды талап етеді, онсыз лицензия бермейді, ал СОРМ-ды федералдық күзет және қауіпсіздік қызметтерінің қолына береді. Басқа елдердің бәрінде бұлай емес. Арнайы қызмет байланыс операторына хабарласады, сосын барып олар әңгімені тыңдау үшін түймені басады.

– Блэк-бокс қалай жұмыс істейді?

– Шығарғыш тетікте жазу мүмкіндігі қарастырылған: өшіріп қоясың немесе ол үнемі қосулы тұрады. Әңгіменің тыңдалып жатқанын ешкім білмейді, тіпті оператордың өзі хабарсыз. Басқа елдерде операторлар біледі. Иә, арнайы қызмет құпия қосылуы мүмкін, ал бұл жақта оның керегі жоқ. Тіпті Совет Одағында блэк-бокс болған емес.

– Әр мобильді байланыс операторы мен провайдерге солай қосылған ба?

Әңгіменің тыңдалып жатқанын ешкім білмейді, тіпті оператордың өзі хабарсыз.

– Волков басқаратын Интернетті қорғау қоғамы әлі күнге дейін қосылмаған кішкентай провайдерлер бар екенін анықтады. Олар негізінен ауылды жерлерде қызмет көрсетеді. Бірақ ереже бойынша қосылмау мүмкін емес, себебі лицензия алу үшін ФСБ-мен (Федералдық қауіпсіздік қызметі – ред.) келісу керек. Қандай қомақты бизнес!

2000 жылдардың басында, нарықтың осы сегменті қарқынды өсе бастағанда кейбір провайдерлер қосылудан бас тартпақ болды, бірақ соңында көнуге мәжбүрледі. СОРМ-ға арналған жабдық өте қымбат тұрады, оператор оны өз есебінен сатып алады, бірақ заңда басқаша айтылған. Ал жабдықты ФСБ және билікпен үлестес фирмалар береді, бірақ ол - жеке бизнес. Сондықтан да олар «Яровая заңын» қабылдауға құлшынды – ол дегеніңіз өте үлкен сақтау қоры ғой, біреулер онымен айналысуы керек.

– Арнайы қызмет сіздің шағымыңызға қалай қарады?

– Страсбургте бірінші тыңдау болғанға дейін, 2014 жылдың қыркүйегінде менің қорғаушым Борис Груздаға Солтүстік-Батыс федералдық округіндегі президенттің уәкілетті өкілінің көмекшісі хабарласқан. Ол кезде ФСБгенерал-полковнигі Булавин өкіл болатын. «Романға бұның керегі не?» деп сұрапты.

Қорғаушым, әлбетте, қоңыраудың мәнін түсінбеген, біздің ісімізге оның не қатысы бар деп ойлайды. Ол бұны елеусіз санап, мән бермеді. Бірақ Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты мәселеге терең қарап, бүкіл әлемдегі билікке тән үрдісті – терроризммен күрес дегенді желеу етіп, азаматтардың жеке өмірін құрметтеуді шектейтіндерін анықтады. Сол 2014 жылы жалған участковыйлар келіп, мен туралы ақпарат жинады. Сосын маған шабуылдады.

– Көшеде ме?

Роман Захаров.
Роман Захаров.

– Иә, үйдің маңында, көшеде шабуыл жасады. Тіпті оны арнайы қызмет ұйымдастырмаса да, шабуыл арқылы байланыс нөмірлері бар телефонды ұрлауды көздеді. Телефонды құлыптаудан шығармақ болды. Сосын маған шабуыл жасаған қылмыскерлерді ұстадық деді, телефондарымды ұзақ бермей жүрді. «Ұстадық деді» деп неге айттым? Оларды өзім көрмедім, беттестірген жоқ. Бұл өзі бір түсініксіз оқиға. Кейін полиция басшысының қызметкерлеріміз деп біреулер келіп, менімен сөйлесті. Артынан олардың ІІМ-ге еш қатысы жоқ екенін полицияның өздері айтты.

– Олармен не туралы сөйлестіңіз?

– Біртүрлі әңгіме болды, шабуылды былай қойып, басқа ақпараттарды сұрады. Өміріме қызығушылық танытып, бүге-шігесіне дейін сұрады. Кейін полиция қызметкерлері «олар біздің адамдар емес» деп, өздері таңғалды. Мен сақтық шарасын жасадым, бірақ Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты шешіміне қуанып, ары қарай әрекет ете бердім.

– Ал Еуропа соты шешімін міндетті түрде орындау керек пе?

– Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты жауап беруші мемлекеттің Еуропалық конвенция және адам құқығына қатысты қандай тармақтарды бұзғанын көрсетеді. Журналистер әлі күнге дейін мені көп сома алды деп санайды. Ешқандай еуро сатисфакция (өтемақы – ред.) алмадым, себебі судьялар Захаров мырза үшін моральдық шығынды өтеу жеткілікті деп санады. Расымен де, мен ризамын, басқа өтемақы керек емес.

Ал екінші шара біршама маңызды: енді ресейлік заңнамаға сай соттың шешімін қайта қарауды талап ете аламын. Істі қайта қаратуға тырысамыз. Енді ресейлік сот, сот жүйесі не істеді дейсіз ғой? Талапты орындаудан бас тартты. Сиқырлы таяқшаның жоқ екенін білемін. Еуропа соты мен Еуропа кеңесін қазіргі Ресей жақтырмайды.

– Басты мақсатыңыз қандай? СОРМ жүйесі мүлдем болмаса дейсіз бе?

– Басты мақсатым – СОРМ жүйесін ресейлік заңнамаға, конституция мен Еуропа соты айтқан ұсыныстарға сәйкестендіру. Өте тиімсіз жүйе, сырттан ешкім бақылай алмайды, тіпті Президент әкімшілігінің де оған шамасы келмейді. Арнайы қызмет қалауынша тыңдап, жеке деректеріңізді көре алады. Жарты жылда бір рет бас прокурор баяндама жасап, жүйенің қызметі, тәртіп бұзушылықтар, оны жою жолдары туралы айтуы керек. Баяндама құпия өтеді, үкімет пен ФСБ қызметкерлерінен басқа ешкім білмейді.

Әңгімені тыңдаудың қаншалықты көмектескені туралы статистика, тым құрыса сарапшылардың бағасын беріңізші. Терроризм жоқ қой деп құтылады. Қайдағы жоқ? Теракт бар, экстремизм күшейіп келеді, ксенофобия өркен жайған, әсіреұлтшылдықтан адам шошиды, іздеудегі адамдарды таба алмайсыз. Сонда жаппай тыңдау қалай көмектесті? Несі тиімді? Соны дәлелдейтін қылмыстық іс бар ма? Ешкім үндемейді.

– Тыңдау ауқымы қандай?

– Соңғы статистика бойынша жыл сайын кем дегенде миллион сот шешімі шығады. Одан тыс қанша әңгіме тыңдалатынын білгіңіз келсе, бұл санды екі-үш есе көбейтіңіз. 2000 жылдардың басынан бастап бәрін тыңдауға болатыны айтылды. Ол кезде жазу көлемі жетпесе, қазір «Яровая заңы» қойманың мәселесін ашты. «Яровая заңына» сай операторлар жазбаны 12 сағат сақтауға тиіс, демек олар қаржылық мәселені операторларға жүктейді, олар болса абоненттерге салмақ түсіреді.

Жабдықты орнатпау үшін соттасқан екі ресейлік оператор болғанын білдік. 2006 жылы болған жағдай. Ауылдағы шағын провайдерлер «Бұл өте үлкен сома, не үшін оны орнатамыз? Ақшасын төлеңдер» деген. Сотта олар «Қарсы емеспіз, бірақ жабдықты өздерің орнатып беріңдер» деп мәлімдеген. Тәжірибе бойынша өз есебіңнен қоясың, кейін ақысын өтейді. Бірақ кейін ешкім өтемейді. Пайда табудың көзі. Оны зерттеп жатқан ешкім жоқ, бірақ экономикалық астары бар.

– Неліктен қазір Ресейден кетіп қалдыңыз?

Роман Захаров.
Роман Захаров.

– ФСБ қызметкерлері тергеуге ала бастады. «Ресейге қарсы іс-әрекеттің шегінен өте бастадыңыз» деді. Кешіріңіз, қашаннан бері сотта құқыңды қорғау Ресейге қарсы әрекет саналып еді? Сосын өздеріне тартуға кірісті. Бәрінен сол жағы ауыр тиді. Мұндайды күтпеген едім. Кәсіби құпияларым бар, көпшілік алдында жүрген адаммын. Ұсыныстан бас тарттым, бірақ әлі күнге дейін маған хабарласады.

Ауылдағы шағын провайдерлер «Бұл өте үлкен сома, не үшін оны орнатамыз? Ақшасын төлеңдер» деген. Сотта олар «Қарсы емеспіз, бірақ жабдықты өздерің орнатып беріңдер» деп мәлімдеген. Тәжірибе бойынша өз есебіңнен қоясың, кейін ақысын өтейді. Бірақ кейін ешкім өтемейді.

Екіншіден, жұмыс берушіме ескерту жасаған, мен туралы теріс пікір айтқан. Оған проблеманың керегі жоқ. Ынтымақтас болудан бас тартқан күннің ертесінде жұмыссыз қалдым. Почтамды тексеріп, ашпақ болды, қоңыраулар онсыз да белгілі. Сондықтан Ресейден уақытша кеткен дұрыс дедім. Қанша уақытқа созыларын білмеймін. Мен саяси диссидент емеспін. Бәрі біткен шығар деп үміттеніп жүрген едім, бірақ бүгін тағы қоңырау шалды.

– Сонда не дейді?

– Алдымен мені туған күніммен құттықтады. Сосын кездесуді ұсынды.

– Кетіп қалғаныңызды білмей ме?

– Кеттім деп айтпадым, Петербургте емеспін дедім. Қайда екенімді біледі деп ойлаймын. Нөмір бірінші жау емеспін ғой, соңыма шам алып түспес. Дегенмен психологиялық қысым тоқтар емес, соған алаңдаймын. Өз заманында Алексей Кириллович Симонов «Еркіндік кеңістігі тез тарылады. Алдымда жылдар, айлар бар деп ойлайсың, бірақ бір нүктені басса – дым болмай қаласың» деген еді. Ертеңім бұлыңғыр екеніне көндіктім, бірақ менің Ресейім диктаторлық мемлекет болмаса деймін. Олай бола қоймас деп үміттенемін.

Дмитрий Волчектің сұхбатын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG