Accessibility links

"Путин мен лагерьлерді өзіміз жасап алдық"


Россия-24 телеарнасының Михаил Петровтың Эстонияға қашқаны туралы сюжетінен скриншот
Россия-24 телеарнасының Михаил Петровтың Эстонияға қашқаны туралы сюжетінен скриншот

Әскери бөлім дуалына соғысқа қарсы сурет салған акциядан кейін псковтық жаттықтырушы Еуропа одағынан саяси баспана сұраған болатын. Эстонияда Михаил Петровқа саяси баспана берудің орнына оны бес жылға соттады - бір жыл түрмеге, төрт жыл шартты жазаға кескен. Кейінірек эстониялық БАҚ Петровтың Ресей арнайы қызметіне қатысы болғанын, ал Эстонияға тыңшы ретінде берілуге барғанын хабарлады. Жуырда ол бостандыққа шықты.

Facebook парақшасында өзі жайлы қысқаша ақпаратқа "тыңшы" деген сөзді қосқанымен, Ресей сыртқы барлау қызметіндегі жұмысы туралы Михаил Петров қазір де онша айтқысы келмейді. Оның бұл жұмысы туралы Псковта ешкім білмеген, ал "Барлау мекемесінде қызмет еткеніңіз туралы таныстарыңыздың ішінде біреу-міреу біле ме?" деген сұраққа Петров "Жоқ, әрине!" деп күліп жауап береді. Жұрттың бәрі – журналистер, шенеуніктер, оппозиция белсенділері үшін ол - спортқа деген сүйіспеншілігін билік патриоттық пропаганда мақсатында пайдалануға тырысқан жай "Физрук" – аралас жекпе-жектен балалар жаттықтырушысы ғана.

Михаил Петров коррупцияға қарсы рұқсат етілмеген жиында тұр. 26 наурыз 2016 жыл
Михаил Петров коррупцияға қарсы рұқсат етілмеген жиында тұр. 26 наурыз 2016 жыл

"Физрук" саяси орта мен әлеуметтік желілерде танымал кейіпкер болған. Оны жұрт спортшы ретінде, Псков облысының вице-губернаторы Максим Жаворонковтың (қазір "Единая Россия" партиясының орталық атқару комитеті жетекшісінің бірінші орынбасары) спарринг серігі әрі губернатор Андрей Турчак командасының белді мүшесі ретінде біледі. 2015 жылы Петров Украинадағы Майдан оқиғаларынан кейін Харьковтен Мәскеуге көшкен атышулы "Оплот" аралас жекпе-жек клубының Псков аймақтық бөлімшесін басқарған.

Бірақ кейін оның риторикасы күрт өзгеріп шыға келді. Әлеуметтік желілерде Петров бұрын оппозицияны сыбағандай, режимді сыбай бастады. Ол Ресейдегі ресми мәртебесі жоқ "Открытая Россия" желілік қозғалысының аймақтық бөлімшесіне мүшелікке өтіп, наразылық акцияларынан қалмайтын болды. Навальныйдың Псков штабы ұйымдастырған 2017 жылғы 12 шілдедегі митингіде ол екі жыл бойы билікке қалай "сатылып" жұмыс істегенін жасырмай айтып берді. Михаил жастарға "Мен сияқты болмаңдар" деп кеңес берді.

Ресейден қашар алдында Петров Ресей әуе-десанттық әскерінің Псковта орналасқан әскери бөлімінің бетон дуалын түрлі-түсті бормен бояп тастаған. Ішінде орыс-украин достығы туралы бейнеленген пацифистік суреттерді екі күннен кейін солдаттар өшірген. БАҚ оның Эстониядан саяси баспана сұрау себебін дәл осы акциямен байланыстырған. Эстония түрмесінен босап шыққаннан кейін бірден Германияға кетіп қалған Михаил Петров Азаттықтың Орыс қызметіне Ресейден кету себептері әлдеқайда тереңде жатқанын айтып берді.

"ОЙЛАНА БАСТАСАҢ, ОРНЫҢА ӨЗГЕ АДАМ ТАБАДЫ"

Михаил, билік сізге – қарапайым балалар жаттықтырушысына не деп кінә артты? Билікпен біраз уақыт дос болып, олар сізді бағалап еді ғой...

– Негізі, ешқандай кінә артқан жоқ. Тек мен саптан шығып кеттім, ал саптан шыққан адам оларға не қайта баруы қажет, немесе жазалануы керек. Ал менің жазаланғым келмеді, алға қойған үлкен жоспарларым бар. Псков облысы әкімшілігі - жалпы жүйенің бір бөлігі. Негізі, жекелей алғанда, олардың ешқайсынына кінә артпаймын. Бірақ олар жүйенің бір бөлігі болғандықтан, олар үшін мен - жаумын. Ал биліктің көмегіне келсек, мен "Искра" спорт клубын ашқан соң шамамен үш жылдан кейін Максим [Жаворонков] өзі хабарласып, көмектесе бастады. Негізі, бұл қалыпты нәрсе ғой. Мен адам оппозиционерге айналғанға дейін мемлекеттің өзімен жұмыс істеп көруі керек деп санайтынмын әлі де солай санаймын. Әуелгіде ынтымақтастығымыз жемісті болатындай көрінген, бірақ уақыт өте келе бәрін түсіндім, әрі қызықсыз болып кетті де, бәрін тастадым.

Михаил Петров
Михаил Петров

Сіз балалар спортымен айналысасыз ғой. Мұның саясатқа, идеологияға қандай қатысы бар?

– Иә, әуелгіде дәл осылай - "Миша, балаларды жаттықтырумен ғана айналыс, ештеңеге кіріспе" деп жұмсақ формада ескертілді. Кейін әлдебір тұрмыстық мәселелерге, әлдебір жаттықтырушының басындағы қиын жағдайға байланысты, әлдебір отбасыға қарайласуын сұрап оған (вице-губернатор Жаворонков. – Азаттық) жүгіне бастадым. Мұнымды ол жақтырған жоқ, яғни олар мұндай нәрселерді ұнатпайды. Сен олардың айтқанымен жүруің, мысалы, "ыдыс жу" деді ме, ыдыс қана жууың керек. Балалармен "соғыс ойынын ойна" деді ме, ойнауың ғана керек, ал өздігіңнен не оңға, не солға қадам аттамайсың. Ал неге бұлай деп ойлана бастасаң, сені өзге біреуге ауыстыра салады.

Михаил Петров
Михаил Петров

Ал кейін жайсыз сұрақтарым ресейлік деңгейге көтерілді. "Мынау неге бұлай? Шлосбергті (ресейлік саясаткер, құқық қорғаушы, журналист – ред.) не үшін ұрып-соғу керек болды?" деймін. Ол - бізге жау. Саяси бапты қайта енгізу керек. Бәріне Немцов сияқты көпірдің үстінде жусатып тастау керек" дейді. Міне, солай. Сондықтан саған ойлануға болмайтынын, тіпті оған тырысуға да болмайтынын біртіндеп түсіне бастайсың. Ал қарсы бірдеңе айта бастап едім, Турчак пен Максим Константинович екі жақтап жаза бастады. Ал кейін екеуі де жазуды доғарып, прокурорлық тексерулер басталды, яғни маған қарсы бүкіл жүйе көтерілді.

"МИТИНГІГЕ ШЫҚПАСАҢ, ЕШТЕҢЕ БЕРМЕЙМІЗ"

​ – Ал билікпен достығыңыз қалай басталды?

– Әуелгіде олар балаларды жақсы көретінін, оларға көмектескісі келгендей түр танытты. Мысалы, мен жаттықтырушымын, жұмысымды жақсы көремін. Еш алаңсыз жұмыс істеп жүрмін. Содан бір күні маған біреу, оның тіпті кім екенін де білмеймін, әйтеуір аватаркасында Штирлицтің суреті тұр "Сен тамаша жігітсің, саған көмектескіміз келеді" деп жазды. Оның кім екенін таныстарымның бірі кейін түсіндірді. Мен "мейлі, ондай тұрған не бар" деп ойладым...

Михаил Петров "Яблоко" партиясының псковтық жетекшісі Лев Шлосбергпен бірге Октябрь даңғылында ағаш отырғызып жатыр. Псков
Михаил Петров "Яблоко" партиясының псковтық жетекшісі Лев Шлосбергпен бірге Октябрь даңғылында ағаш отырғызып жатыр. Псков

Әлгі адам кім екен?

– Максим Константинович Жаворонков. Онымен алғаш сөйлескен кезде маған ол спортты, балалар спортын дамытқысы, жаттықтырушыларға көмектескісі келетін адам болып көрінді, қазір де солай болып көрінеді.Ол қазір де көмектеседі, бірақ сен оның жаттықтырушы деген түсінігіне сай болуың керек. Жазған, айтқан сөздеріңнің бәрі сай болуы тиіс. Оларда былай: "Көктемде бізде митинг өтеді, мүмкін қатысарсың?" дейді. Ал бас тарта бастасаң, "Миша, шықпасаң, саған ештеңе бермейді" дейді. Бірақ мұны әлгі "Орыс көктемі", Қырымды басып алуды қолдау сияқты митингілерге шығуың керек екенін ұқтыратындай етіп айтады. Бала-шаға емессің, әрине түсінесің ғой. Сондықтан әлгі митингілерге қатыстық... Ал Навальныйдың митингілеріне ешкім үгіттемей-ақ өзім барып жүрдім. Міне, осындай айырмашылық.

– Сонда әкімшілік қалай көмектесті?

Псков облысының бұрынғы вице-губернаторы Максим Жаворонков, MMA шебері Джефф Монсон және Михаил Петров. Псков. 23 ақпан 2015 жыл
Псков облысының бұрынғы вице-губернаторы Максим Жаворонков, MMA шебері Джефф Монсон және Михаил Петров. Псков. 23 ақпан 2015 жыл

– Біріншіден, әкімшілік ресурстар. Бірақ қазір ойласам, онша жарытып көмектеспепті де ғой. Спортзал жағынан көмектесті. Айтпақшы, иә, грант берген еді ғой. Әлеуметтік мәселелерге бағдарланған коммерциялық ұйымдарға арналған екі грант алдым-ау деймін.

"КЕЙІН САТЫЛҒЫМ КЕЛМЕДІ"

– "Крым наш" митингілерінен кейін не себепті Навальныйдың митингілеріне бара бастадыңыз?

– Түсінесіз бе, әлгінің бәріне эстетикалық тұрғыдан төзе алмадым. Қырымды басып алуды қолдау митингілеріне клубты дамыту үшін қатыстым. Сол үшін сатылдым, мұны митингіде ашық айттым. Біз бәріміз бірдеңеге сатыламыз ғой. Мен осылай сатылдым. Таң қалатын шығарсыз, бірақ кейін сатылғым келмей қалды. Бетбұрыс шамамен 2015,2016, 2017 жылдары, яғни тұрмыстағы дүниелерді көріп, бауырыммен, анаммен, досым Дима Марковпен арадағы әңгімелерден кейін басталған сияқты. Қырым үшін бірдеңе деп дауласқан кездерім болды. Кейін украиндармен әңгімелестім. Адамды осы өзгертеді екен. Ал адамдар өзгермесе, әлем мүлде дамымас еді.

– Бірақ қашуға не үшін тура келді?

– Ресейден қашуыма тура келді. Өйткені туған қаламда, бүкіл елде жүру қауіпті болды. Мысалы, бөлмеде қауіпті болса, сіз одан шығып кетесіз ғой. Мен де сол себепті шығып кеттім. Өміріме қатер төнді.

Қай жақтан қатер төнді? Қарапайым жаттықтырушыға қандай қатер төнуі мүмкін?

– Соғысқа қатысып жатқан әскери бөлімнің дуалына сурет салып едік, әскери қарсы барлау қызметі бірден есептік іс қозғады, мен тұратын үйдің подъезіне киімін ауыстырып төрт солдатты отырғызып қойды . Мені қашуға мәжбүрлеген міне, осындай дүниелер...

"КӨМЕК СҰРАП БЕРІЛДІМ "

– ФСБ назарына іліккеніңізді қалай байқадыңыз?

– Олар мені шақырды ғой! Мені бірге жұмыс істеген параллель қызметтегі адам шақырды. Ол айтты... Оның не айтқанын айтпаймын, өйткені ол кісі әлі жұмыс істейді. Ең бастысы, оның не айтқаны да емес, біраз уақытқа елден кету керегін меңзеп ұқтырғаны.

Псков облысының бұрынғы губернаторы Андрей Турчак Петровтың жаттығуларында
Псков облысының бұрынғы губернаторы Андрей Турчак Петровтың жаттығуларында

– Саяси эмигрант Михаил Петров Эстонияда аяқ астынан тұтқын болып шыға келгенін естігенде Псковта бәріміз таң қалдық. Эстония соты сізді әділ соттады деп санайсыз ба?

– Олар мені істеген қылмысым үшін соттады. Мен берілуге бардым, өйткені оларға көмек сұрап бардым. Сот болды, құдайға шүкір, ол жақта сот нағыз сот қой. Алдарына өз еркіммен келгенімді, яғни шекарадан өткеннен кейін бірден құзырлы органға барғанымды ескерді. Сөйлестік, ал кейін не болғанын өздеріңіз де білесіздер – сот символикалық мерзім берді.

– Сізді не деп айыптады? Тыңшылыққа қатысты айыптады емес пе?

Навальныйдың Псковтағы штабында митингіде сөйлеп тұрған Михаил Петров. 12 маусым, 2017 жыл
Навальныйдың Псковтағы штабында митингіде сөйлеп тұрған Михаил Петров. 12 маусым, 2017 жыл

– Жоқ, "Эстония республикасының тәуелсіздігі мен мемлекеттік тұтастығына қарсы бағытталған күш қолданбау әрекеттері" деген 233-ші бап бойынша айыптады. Яғни әуелгідегі тыңшылық айыбын осы бапқа ауыстырды.

Ал енді арнайы қызметтер жайлы айтсам... Шамамен 20 жылымды осы мекемеде өткіздім ғой, сондықтан демократиялық елдердің арнайы қызметі мінсіз деп ойлап, дәріптеудің керегі жоқ деп айтар едім. Арнайы қызмет дегеннің өзі демократиялық ұйым емес қой. Ресейдегі сияқты олар бір ғана қағиданы ұстанады – ойыңа келгенді істе, бұл үшін сені ешкім жазаламайды, тек контораға опасыздық етпесең болды. Бұл ағылшындарға да, америкалықтарға да, немістерге де, өзгелерге де ортақ қағида. Бірден айтайын, мен де Скрипальдарды улауға Ресейдің қатысы бар деп ойлаймын. Бір жағынан, бұл ағылшын арнайы қызметінің ісі болуы да мүмкін. Мен мұны арнайы қызметтің қалай жұмыс істейтінін білгендіктен айтып отырмын. Ресейдің де, Батыс елдерінің де арнайы қызметі бәріне баруы мүмкін. Сондықтан олардың арнайы қызметін де, қоғамын да әспеттеудің керегі жоқ.

"АГЕНТУРАМЕН ЕШҚАНДАЙ ШАРТ ЖАСАЛМАЙДЫ"

– Михаил, арнайы қызметтегі мәртебеңіз қандай болды?

Тыңшы деуге болатын шығар... Ресей арнайы қызметінің өзгелерден айырмашылығын білесіз бе? Бізде құпия агенттің немесе кадр қызметкердің арнайы қызметпен байланысын ешқашан дәлелдей алмайсыз. Ресейлік арнайы мекеменің ерекшелігі осында. Агент екеніңді дәлелдейтін ешқандай құжат болмайды, алда-жалда бір нәрсе болып қалса, "жоқ, біздікі емес" дей салуға болады.

– Сіз барлау қызметінен жұмыстан шыққан жоқсыз ғой?

– Ал ол жақта ешкімді жұмысқа ресми алмайды. Сен кадрлар бөліміне барып "жұмыс істей тұрайын" дейтін автобус жүргізушісі сияқты емессің. Агентурамен ешқандай келісім-шарт жасалмайды. Ондай болып та көрмеген, болмайды да. Ары кетсе, алған ақша үшін есеп бересің, бірдеңе деп жазасың. Ол жерде таңғы сағат 9-дан 18-ге дейін басқармада отыратын 20 шақты адам ғана ресімделген. Ал қалғандары ресімделмеген. Біреулер Ішкі істер министрлігінде, біреу -"Аэрофлотта", біреу - темір жолда жұмыс істейді, біреу - журналист, енді біреу - оппозиционер сияқты дегендей.

Михаил Петровтың Псковтағы әскери бөлім дуалына соғысқа қарсы үндеген сурет салып тұрған сәті
Михаил Петровтың Псковтағы әскери бөлім дуалына соғысқа қарсы үндеген сурет салып тұрған сәті

– Ал сіз "тренерсіз"?

– Иә, мен жаттықтырушы болдым. Олар мені шетелге жарыстарға барып тұратынымды біліп, маған шыққан ғой. Сондықтан мені барлаумен айналысатын басқармаға алды. Яғни мен шетелге ешкімнің назарына ілікпей шыға аламын. Әйтеуір сондай болжам болған. Ал ол жаққа барған соң ақпарат жинаумен айналысатынмын.

Агентуралық және құпия операциялармен, әрине, айналысқан жоқпын, бұл - күрделі жүйе. Ал қалғанының бәрімен айналыстым... Уақыт өте келе өзімнің дұрыс емес іспен айналысып жүргенімді ұқтым. Мен кірген мекеменің саясатқа мүлде қатысы жоқ болатын. Ал ФСБ-ның "ОЗКС" деген конституциялық құрылысты қорғау бөлімі мүлде қарақшылықпен айналысатын мекеме. Ақпанда генералымызбен (Псков облысындағы ФСБ басқармасының бастығы, генерал-майор Алексей Кальян – Азаттық) үш сағат сөйлестік. Сондағы айтқаны - "Путинсіз Ресей жоқ". Осы сарындағы әңгімесінен кейін екеуміз қырын қабақ болып тарадық. Яғни мен қазір арнайы қызмет жоқ екенін, ал ФСБ деп жүргеніміз Усмановтардың, Владимир Владимировичтің, өзгелердің күзет фирмалары ғана екенін түсіндім.

– Эстония түрмесіндегі бір жылды қалай өткіздіңіз?

– Кей ресейлік түрмелермен салыстырғанда ол жақта мұндай былық жоқ... Түрмеде 13 ай отырдым. Алты ай бір кісілік камерада отырдым. Кейін жалпы камераға ауыстырды. Ол жақта ресейлік, мысалы Ярослав түрмесіндегідей былық бар ма дейсіз бе? Әрине, мұндай ештеңе жоқ. Бұрын болыпты, тіпті Совет одағы ыдырағаннан кейін де болған. Байырғы тұтқындардың сөзіне қарағанда, бұрын адамды керіп қойып жазалайтын кергіш те, азаптау да - бәрі болыпты. Қазір қысымды басқаша жасайды. Егер тұтқынға қысым жасау керек болса, "Бұл сіздің қауіпсіздігіңіз үшін" деп ескертеді екен. Мысалы, далада - 32 градус, ал камерада 40 градус ыстық делік. Сені камераға қамап тастайды, ауа жоқ, апталап еденде жатасың. Камерадан әбден жуасып құр сүлдерің шығады.

Ол жақта мұндай дүниелер, әрине бар, дәріптеудің керегі жоқ. Ал мұның бәрі тіпті жүйеге де байланысты емес, өйткені Эстония - демократиялық мемлекет. Бұл, біріншіден, адамдардың өздеріне, ал екіншіден, мұндай жүгенсіздіктерді қоғамның ақтауына байланысты. Путинді де, лагерьлерді де өзіміз жасап алдық. Өйткені адамдарды жалаңаш табанынан ұрып азаптайтын лагерьлерде Путин емес, біз сияқты адамдар жұмыс істейді ғой. Сондықтан бұл жерде Путиннің қатысы қанша?

Авторитарлы режим кезінде адамның жаман қасиеттері оңай дамиды, әрі онша жазаланбайды, мұның бәрін өзіміз ақтап шығамыз.Мен өзімнің не үшін кеткенімді айтып отырмын. Мен тіпті солар сияқты болуға тырыстым, бірақ қолымнан келмеді.

– Елге оралу ойыңың бар ма?

– Ой, ең бастысы, олардың өздері (арнайы қызмет – ред.) артымнан келмесе болды!... Бұл жақта әлі жұмысқа тұрған жоқпын, енді қалай күн көретінімді ойлауым керек. Бір ай өмір сүруге жететін ғана ақшам бар. Бір жақсысы, мына пәтерге достарым тегін орналастырды.

Жұмысқа тұру жағын ойластыруым керек. Ал Еуроодақтың ықтияр-хатымен Эстонияда ғана жұмыс істеуге тиіспін, ал мына жақта - Германияда жұмыс істеу үшін бөлек рұқсат алуың керек. Қазір осы шаруамен айналысып жатырмын.

Қазір Берлиндемін, бірақ үш аптадан кейін бұл жақтан кетіп, континенттің өзге қиырында боламын. Талайға дейін осылай болатын шығар. Өйткені Эстония маған бес жылға ықтияр-хат берді, бірақ Эстонияда жүргенімді қаламайтындарын анық білдірді. Шамасы, осылай ел-елді аралап жүретін шығармын.

Бұған қоса, жаттықтыру кәсібіме оралғым келеді. Мұны достарымды, достарымның балаларын жаттықтырудан бастайтын шығармын. Ал кейін сәтін салып рұқсат алып жатсам, осында жұмыс істегім келеді. Егер бұл әрекеттен түк шықпаса, онда, білмеймін, мүмкін Африкаға кетіп, әлдебір еліндегі бүлікті басқаратын шығармын.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Светлана Прокопьева алған сұхбат ықшамдап аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG