Accessibility links

Ресейде ГУЛАГ мұражайына қысым күшейді


"Пермь-36" мұражайының бір көрінісі.
"Пермь-36" мұражайының бір көрінісі.

Ресейдің Пермь облысының белсенділері совет заманындағы репрессия құрбандарына арналған ГУЛАГ мұражайына қарсы жүйелі түрде жасалып жатқан шабуылға қарсылық білдіретін шараны бастады.

Сталин заманындағы репрессияның символы болған ГУЛАГ лагерінің орнындағы «Пермь-36» мұражайы біраздан бері қағажу көріп келеді. Алдымен мұражайды бюджеттен қаржыландыру тоқтатылды, бұдан соң су мен жарықтан ажыратылды.

Мұражайдың басына бұлт үйірілгеннен бір жыл өткен соң жергілікті басшылық директорды орнынан алып тастады, бұған қоса оған туристерді кіргізу тоқтатылды. Бұдан совет режимінің құрбандары туралы мағлұмат беретін мәдени институтты құрдымға жіберу науқанының мақсатты түрде жүріп жатқаны белгілі болды.

«Мұражайдың жұмыс істеп тұруы федералдық және аймақтық басшылық өткеннен сабақ алып, 20 ғасырдың қасіреті қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды дегенге иландырып келген еді» деп жазды Пермь облысының губернаторы Виктор Басаргинге ашық хатында «Мемориал» адам құқықтарын қорғау ұйымының аймақтық филиалының басшысы Роберт Латыпов.

«Соңғы оқиғалар басшылықтың адал ниетіне күмәнмен қарауға мәжбүрлейді» деді ГУЛАГ мұражайының басындағы ауыр жағдай туралы ақпаратты халыққа таратып, дабыл қағып жүген Латыпов.

ҚЫРЫМ ДАУЫНАН СОҢ КҮШЕЙГЕН ҚЫСЫМ

Осы айдың басында онлайн петиция түрінде Интернетте жарияланған бұл ашық хатты 47 мыңнан астам адам қолдап, қол қойған. Қолдаушылар саны 50 мыңнан асқан соң бұл хат губернаторға жіберіледі.

Мұражайға қысым Ресей Қырымды аннексиялаған наурыз айынан соң күшейе түскен.

Пермьдегі ГУЛАГ музейіне келушілер.
Пермьдегі ГУЛАГ музейіне келушілер.

Жыл басында Ресей Коммунистік партиясы өз вебсайтында «фашизмді насихаттап отыр» деп мұражайды айыптаған ашық хат жариялаған. Бұл арызды бірнеше мың адам ғана жақтағанымен, Пермь облыстық өкілдік органының депутаты бұл хатты қолдап, «Ресей мемлекетіне қарсы жұмыс істеп отырған мұражайды қаржыландыруды тоқтатуды» талап еткен.


Кремльді жақтайтын «НТВ» телеарнасы ГУЛАГ лагерінде қамауда болып, кейін Ресей өкіметі ақтап шығарған совет диссиденттеріне «фашистер», «Степан Бандераның жақтастары» деп айдар таққан «Бесінші колонна» деп аталатын арнайы хабар шыққан соң бұл мұражайға федералдық деңгейде шүйлігу басталды.

Былтыр жергілікті әкімшілік қаржыландыруды азайтқан соң мұражай өткізбек болып жатқан халықаралық форумды кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Биыл облыс басшылығы мұражаймен арадағы келісім-шартты бұзып, мәдениет ошағын қаржыландыру мүлде тоқтатылды.

Сәуір айында мұражайдың жарығы өшіріліп, су құбырларынан ажыратылды, ал мамыр айында аймақтық мәдениет басқармасы мұражай директорын қызметінен алу туралы шешім шығарды. Сөйтіп, мұражай жұмысын біржола тоқтатты.

«Мұражайдың жұмысына әдейі жүйелі түрде тосқауыл қойылып жатыр» деді Латыпов Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұхбатында.

АЙМАҚТЫҚ МҰРАЖАЙҒА АЙНАЛДЫРУ ҚАУПІ

«Пермь-36» 1943 жылы Иосиф Сталиннің пәрменімен ГУЛАГ жұмысшылар лагері ретінде салынған. Ол өлген соң да бұл орын жазасын өтеушілер жататын колония қызметін атқарды. 1970-1980 жылдары бұл жер елдегі саяси қызметкерлерді қамайтын ең қатал түзеу мекемесі саналды. Белгілі адам құқықтарын қорғаушы Сергей Ковалев осы «Пермь-36» түрмесінде совет диссиденті ретінде жазасын өтеген.

Билік бұл мұражайды «оппозициялық» құрылым деп есептейді, немесе оппозицияның тұғырына айналып кете ме деп қорқады.

Совет Одағы құлаған соң белсенділер лагерьдің қалған бөлігін сақтап, оны халықаралық форумдар өткізетін ерекше символдық мәні бар мұражайға айналдырды. Бұл – Ресейде сақталып қалған жалғыз жұмысшылар лагері.

Жиырма жылдан бері «Пермь-36» мұражайы әлемнің түкпір-түкпірінен тарихшылар мен басқа да ғалымдар жиналып, Ресейдің бүгіні мен өткенін талқыға салатын «Пилорама» халықаралық форумы өтетін орынға айналған. Былтыр мұнда форум өтпей қалды.

Латыповтың айтуынша, билік бұл мұражайды «оппозициялық» құрылым деп есептейді, немесе оппозицияның тұғырына айналып кете ме деп қорқады, екіншіден, ол мемлекеттің бақылауында емес, сол себептен олар мұражайға қысым жасап отыр.

Оның ойынша, үкімет мұражайды толық жауып тастамайды, себебі бұл жергілікті басшылықтың ғана емес, федералдық үкіметтің абырой-беделіне нұқсан келтіреді.

«Олар мұражайды жаппайтын шығар. Егер өздері қалап жатса, қолдарынан келетіні – оны қарпайым аймақтық мұражайлардың біріне айналдыру ғана» деді Латыпов.

Том Бэлмфорттың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG