Accessibility links

Ресей Еуропа сотының өтемақыларын төлеуге қиналады


Ресей оппозициялық белсендісі Алексей Навальныйды ұстап жатқан полицейлер. Мәскеу, 26 наурыз 2017 жыл.
Ресей оппозициялық белсендісі Алексей Навальныйды ұстап жатқан полицейлер. Мәскеу, 26 наурыз 2017 жыл.

Күзде Ресей әділет министрлігінің Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотының (АҚЕС) шешімдері бойынша өтемақы төлеуге ақшасы тағы таусылып қалатын тәрізді. Былтыр үкіметтің ақшасы маусым айында біткен. Адвокат Андрей Лепехин өз қорғауындағы азаматқа тиісті өтемақы неліктен уақытында төленбей жатқын сұрағанда, министрліктің бухгалтериясындағылар «ақша бітіп қалды» деп жауап берген. 2016 жылға бөлінген 450 миллион рубль бар-жоғы жарты жылға ғана жеткен. Әділет министрлігі қосымша қаражат бөлуді сұрап қаржы министрлігіне қайта өтініш берген.

Ресей әділет министрлігінің Еуропа соты шешімдері бойынша өтемақы төлеуге ақшасы болмай қалған кездері бұрын да болған. Мәселен, 2009 жылы да қаражат жаздың ортасында таусылған. Ол кезде өтемақыға қазіргіден әлдеқайда аз сома – 97 миллион рубль бөлінген еді.

Ал шенеуніктер Ресей азаматтарының арасында Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотына шағымданатындар саны жылдан жылға азайып келеді дегенді танбай айтып келеді. Шілдеде Кремльді қолдайтын жастар форумдарының бірінде сөйлеген президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі өкіл Татьяна Москалькова «Еуропаның қылмыстық сотына (Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотын айтып тұрса керек – Азаттық) шағымданатын Ресей азаматтарының саны төрт есе азайған, себебі қазір Еуропа соты әділеттілік туралы біздің түсінігімізге сәйкес келмейді» деп мәлімдеген.

Татьяна Москалькова.
Татьяна Москалькова.

Бір жыл бұрын Ресей жоғарғы соты төрағасы Вячеслав Лебедев «2013 жылдан бері шағымданғандар саны 600 мыңға, яғни екі есе азайған» деп мәлімдеген. Бірақ бұл тұста я мемлекеттік ақпарат агенттігі оның сөзін бұрмалаған, я болмаса Лебедевтің өзі ақпаратқа толық қанық емес. АҚЕС-тің өзі берген ресми статистика бойынша, бұл сот жұмыс істегелі Еуропа кеңесіне мүше 47 елден барлығы 794 мың 350 арыз түскен. Демек, Ресейден 600 мың арыз түсуі мүмкін емес.

Вячеслав Лебедев.
Вячеслав Лебедев.

Бүгінде Еуропа соты Ресей үкіметі адам құқықтарын бұзды деп есептейтіндер шағымданатын негізгі мекеме болып қалған. 1998-2016 жылдар аралығында Ресейге қатысты 140 мың 731 арыз түсіп, Мәскеудің Адам құқықтары жөніндегі конвенция талаптарын бұзғаны жөнінде 1834 қаулы шыққан. Ресейді айыпты деп танитын ең алғашқы қаулы 2002 жылы мамырдың 7-сі шыққан. Сол жолы Еуропа соты Чернобыль АЭС-ындағы апат зардаптарын жоюға қатысқан ардагердің әділ сотқа жүгіну және жеке мүлкін қорғау құқықтары бұзылды деп, Ресей үкіметінің оған моральдық шығын ретінде 3 мың еуро төлеуін талап еткен.

Соңғы 10 жыл ішінде АҚЕС Мәскеуге қарсы шағымдар бойынша Ресей үкіметінен жалпы саны 1,935 миллиард еуро өтемақы өндіру жөнінде қаулылар шығарған. Мұның 1,866 миллиарды - ЮКОС мұнай компаниясының 2014 жылғы шағымы бойынша төленуі тиіс сома. Еуропа кеңесіндегі осы бір рекордты соманы есепке алмағанда, басқа істер бойынша Ресей 68,5 миллион еуро өтемақы төлеуі керек.

Еуропа соты судьялары Бесландағы мектепке шабуыл туралы тыңдауға қатысуға әзірленіп жатыр. 2014 жылдың қазаны.
Еуропа соты судьялары Бесландағы мектепке шабуыл туралы тыңдауға қатысуға әзірленіп жатыр. 2014 жылдың қазаны.

Мәскеудегі басшылардың «Еуропа сотына шағымданатындар азайды» деген сөзіне сене беруге болмайды. Біріншіден, жалпы қанша шағым түскенін білу мүмкін емес, себебі сол жылы қандай да бір шешім шыққан істер ғана ресми статистикаға енгізіледі.

Екіншіден, тек Ресей азаматтары ғана емес, осы елдің үкіметі адам құқықтарын бұзды деп санайтын кез келген адам және басқа мемлекет Мәскеуге қарсы шағымдана алады. Мәселен, үкіметаралық шағым бойынша сот 2006 жылы Ресейден грузиндерді жаппай шығару әрекетін заңсыз деп таныды. Ал 2008 жылғы Ресей-Грузия соғысы бойынша түскен екінші шағым бойынша әлі шешім шыққан жоқ. Сондай-ақ, соттың қарауында «Қырымда және Украинаның оккупацияланған аймақтары – Донецк және Луганск облыстарында адам құқықтарының бұзылуы бойынша» Украина түсірген үкіметаралық шағым да әлі қаралып жатыр.

Бұған дейін сот Ресейді өзі іс жүзінде бақылап отырған Молдованың Приднестровье аймағында адам құқықтарын бұзды деген шешім шығарған. Мамыр айында Абхазия тұрғындарының Грузия мен Ресейге қарсы шағымдары қабылданды. Қырымның аумағында адам құқықтарының бұзылуына қатысты жеке адамдардың шағымдары да сотқа жіберілді.

Үшіншіден, Еуропа сотының мәліметтері бойынша, 2015 жылдан бері Ресейге қатысты шағымдар саны көп өзгере қоймаған. (2015 жылы Ресейге қарсы 6712 арыз түссе, 2016 жылы – 7010, ал осы жылдың 7 айында – 3817 шағым болған).

Бірақ статистиканы саралағанда көбіне маңызды бір жайт ескерілмей қалып жатыр. Былтырдан бастап АҚЕС бір-біріне ұқсас шағымдарды біріктіріп, оларға қатысты ортақ шешімдер шығаруға көшкен. Әдетте қаулыларға қосымша кестелер беріледі, сол кестеде қай талапкерге қанша өтемақы төленетіні көрсетіледі. Бұрындары екінші шешен соғысы кезінде бейбіт тұрғындарды ұрлап әкету және өлтіру бойынша істер ғана біріктірілетін. Ал қазір наразылық шарасы кезінде жаппай тұтқындау, әлеуметтік желілерде репост жасағаны үшін қудалау істері (Адам құқықтары жөніндегі Конвенцияның 5, 10-баптары) бір іс ретінде қарастырылатын болды.

Өтемақы төлеу бойынша бюджет шығындарын көбейту керек екенін Ресей үкіметіндегілер де түсінеді. Былтыр өтемақыны уақтылы төлей алмай қалғаннан кейін 2017-2019 жылдар аралығында мұндай өтемақы төлеуге жылына 600 миллион рубль бөлу жөнінде шешім шыққан. Яғни, өтемақыларға арнап бөлінетін сома үштен бірге көбейген.

Демек, өтемақыға қатысты шешімдердегі сома онша көп өзгермесе де, он жыл ішінде Ресей үкіметі өтемақы бойынша төлейтін қаражат төрт есе өскен (ЮКОС-тың ісін қоспағанда).

Ресей үкіметі Еуропа сотының қаулысында көрсетілген соманы бірден төлемейді, Мәскеудің бұл шешімге қарсы шағым түсіруге үш ай уақыты бар. Егер іс Үлкен палатаның қарауына жіберілетін болса, бұл кесімді мерзім тіпті ұзартылуы мүмкін. Бұл әдісті Ресей басшылығы жиі қолданады. Мәселен, қаңтар айында Еуропа соты «оппозиция жетекшісі Алексей Навальныйдың тұтқындалуы заңсыз» деген шешім шығарып қойған. Соған қарамастан, Ресейдің қарсы арызы негізінде биыл желтоқсанның 13-і Үлкен палата Навальныйды заңсыз тұтқындауға байланысты бес шағым бойынша істі қарайды.

Ресей соты залында тұрған Алексей Навальный.
Ресей соты залында тұрған Алексей Навальный.

Соңғы кездері Ресей басшылығы әсіресе өтемақы сомасы көп шешімдерге қарсы шағым түсіріп, істі мейлінше соза түсуді әдетке айналдырған. Бәлкім, олар осы арқылы өтемақы төлеуді келер жылдарға қалдырып, осы жылдың бюджетіне салмақ салмауды көздейтін сияқты.

​Ресей басшылығы кей істер бойынша Еуропа сотының шешімін мүлде орындамауға бекінген тәрізді. Мәселен, ЮКОС ісіне бола «Ресей Федерациясының Конституциялық соты туралы» федералдық конституциялық заңға арнайы өзгерістер енгізілді. Ресейдің өтемақы төлеу бойынша сот шешімдерін орындамауы мәселесі биылғы қыркүйекте Еуропа кеңесінің министрлер комитетінде талқылға түспек. Әзірге Ресей үкіметінің ЮКОС ісі бойынша өтемақы төлейтін түрі көрінбейді.

Адам құқықтарының тікелей және жанама түрде бұзылуы бойынша шағымдарды Еуропа сотынан басқа да халықаралық органдар қабылдайды.

Мәселен, биыл шілдеде Гаагадағы халықаралық арбитраж 2013 жылы Greenpeace ұйымына тиесілі Arctic Sunrise кемесін тоқтатқаны үшін Ресей Федерациясынан 5,38 миллион еуро өтемақы өндіру түралы шешім шығарды. Кеме Арктиканы бұрғылауға наразылық ретінде Баренцев теңізіне шыққан болатын. Ресей кемені Мурманск қаласына алып келіп, ондағы белсенділерді қарақшылықпен айналысты деп айыптаған. Кеме тек бір жыл өткен соң Амстердамға қайтарылған.

Мурманск портында тұрған Arctic Sunrise кемесі. 2013 жылдың қазаны.
Мурманск портында тұрған Arctic Sunrise кемесі. 2013 жылдың қазаны.

Еуропа сотының бұдан басқа да мәліметтерін жинақтай келгенде адам құқықтарын таптау Ресей бюджетіне жылына мөлшермен 1,5-2 миллиард рубльге түседі. Ресейге ЮКОС ісі бойынша 50 миллиард доллар қаражатты төлеуді шегеру керек болып отыр. Ол бұл мақсатына жетті де, бұл іс қайта қаралып жатыр.

Адам құқықтарын бұзған Ресей үкіметі өтемақы төлеумен қоса, халықаралық ұйымдарға құқықтық құжаттарды рәсімдеуде де біраз шығынданып жатыр. Мәселен, ЮКОС акционерлерінің шағымы бойынша арбитражда Ресей басшылығының ұстанымын қорғаған заңгерлерге 37 миллион доллар төленген. 2012-2015 жылдар аралығында «Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотына Ресей заңгерлерін жіберуді қамтамасыз ету» пункті бойынша Ресейдің Федералдық бюджетінен 145 миллион рубль бөлінген.

Дамир Гайнутдиновтің мақаласы орыс тілінен аударылды. Ол – «Агора» халықаралық адам құқықтарын қорғау тобының құқықтық сарапшысы, заң ғылымдарының кандидаты.

XS
SM
MD
LG