Accessibility links

Ингуш имамын Қадыров өлтірмек болған ба?


Ингуш имамы Хамзат Чумаков.
Ингуш имамы Хамзат Чумаков.

Бес жыл бұрын көліктегі жарылыстан аяғынан айырылған ингуш имамы Хамзат Чумаковқа наурыздың 11-і тағы қастандық жасалды. Ол жұма намазынан шығып, көлігіне отырғанда басқа автомобильдегі бомба жарылып, жарақат алды.

Оқиға Хамзат Чумаков өзі имам болып жұмыс істейтін Насыр-Корт мешітіндегі жұма намазынан шыққан кезде болған. Имам көлігіне отырған кезде таяу маңда тұрған автомобиль жарылып, Чумаков жарақат алды. Жарылыстан жапа шеккен басқа төрт адамның біреуінің халі ауыр.

Имамның көмекшілерінің бірі Ресейдің «Коммерсантъ» газетіне берген сұхбатында соңғы кезде көп қоқан-лоқы естіп жүрген Чумаковтың екі айдан бері беренді «Мерседес» көлігімен жүргенін айтқан. Оны имамға ауқатты ингуш кәсіпкері сыйлаған. Бірақ оның аты аталмайды.

Ақпан айының басындағы жиында сөйлеген көршілес Шешенстан Республикасы президенті Рамзан Қадыров «Чумаковтың Ингушетияда уағыз айтуына тыйым салу» туралы бастама көтеріп, «егер ол Шешенстанға келіп уағыз айтса, басынан айырылатынын» ескерткен. Имам беренді көлікті осы мәлімдемеден кейін алды ма, жоқ па - ол жағы белгісіз.

СОПЫЛЫҚ ПЕН САЛАФИЗМ ЕГЕСІ

Хамзат Чумаков - шешендер мен ингуштар дәстүрлі түрде ұстанып келе жатқан сопылықтың емес, салафизм ағымының өкілі. Екі ағым арасында еш айырма жоқ деп санайтын ол Ресейдегі және шетелдегі ингуштарға уағыз айтады. Уағыздарында ол биліктегі жемқорлықты, Солтүстік Кавказ бүлікшілерімен байланысы бар деген күдікке ілінген жастарды аяусыз жазалайтын қауіпсіздік күштерінің репрессиялық әрекеттерін сынайды, бірақ қару алып, үкіметке қарсы соғысудың дұрыс емес екенін айтады.

Хамзат Чумаков (сол жақта тұр) құқық қорғаушылардың "Азаматтық қоғам қаһарманы" сыйлығын алып тұрған сәті. Ингушетия, 24 қаңтар 2016 жыл.
Хамзат Чумаков (сол жақта тұр) құқық қорғаушылардың "Азаматтық қоғам қаһарманы" сыйлығын алып тұрған сәті. Ингушетия, 24 қаңтар 2016 жыл.

Соның нәтижесінде әсіресе жастардың арасында оны қолдайтындар көбейген. Наурыздың 11-і күнгі қастандыққа байланысты жарияланған блогында адам құқықтарын қорғаумен айналысатын «Машр» ұйымы жетекшісі Магомед Муцолгов «Чумаков уағыз айтып келе жатқан тоғыз жыл ішінде Насыр-Корт мешітіне келушілер саны бірнеше жүзден бірнеше мың адамға дейін көбейгенін» айтады.

Алайда Ингушетия Республикасының басшылығы біраз жылдан бері оған күдікпен қарап, өздерін сынағанын тоқтатуды талап етіп, қысым жасап келеді.

ЧУМАКОВҚА ТІСІН ҚАЙРАП ЖҮРГЕНДЕР

Чумаков пен Ингушетия муфтиятының арасы да нашар. Республика мұсылмандары діни орталығын Рамзан Қадыров сияқты суфизмнің Қадырия ағымына жататын Иса қажы Хамхоев басқарады. Маусым айында Хамхоев өзін қолдайтындармен топтасып жұма намаз кезінде Назрань қаласының шетіндегі Насыр-Корт мешітіне баса-көктеп кірген. Чумаковты имамдықтан күшпен алып тастамақ болған Хахлоевтың адамдары мешітке келген жамағатпен қақтығысып қала жаздаған.

Осы оқиғадан соң Ингушетия Республикасы басшысы Юнус-бек Евкуров «өз міндеттерін дұрыс атқара алмаған, Чумаковпен тартысқа барып, ресми мүфтияттың беделін түсірген» Хамхоевқа мүфтиліктен кетуді ұсынған.

Елдегі сопылық және салафизм ағымдарын жақындастыруды қалайтын Евкуров жақында діндарлардың басын қосып, наурыздың 29-ы күні Хамхоевқа сенімсіздік білдіру мәселесін дауысқа салуға уағдаласқан.

Ингушетия Республикасы басшысы Юнус-бек Евкуров (сол жақта) пен мүфти Иса қажы Хамхоев. Назрань, 23 ақпан 2015 жыл.
Ингушетия Республикасы басшысы Юнус-бек Евкуров (сол жақта) пен мүфти Иса қажы Хамхоев. Назрань, 23 ақпан 2015 жыл.

Орнынан кетуден үзілді-кесілді бас тартқан Хамхоев көрші Шешенстанның басшысы Қадыровтан «пана тапты». Шешен үкіметі ақпан айының басында Грозный маңында Шешенстан, Ингушетия және Дағыстаннан сопылықтың Қадырия және Нақшбанди бағыттарын ұстанатын мыңдаған діни өкілінің басын қосып, үлкен конференция өткізген. Ол конференцияға Хамхоев та қатысқан.

Конференцияда сөйлеген Рамзан Қадыров салафизмді терроризмге теңеп, оның өкілдерінің бәрін «шайтандар» деп атаған әрі Чумаковтың уағыздарын Солтүстік Кавказ бүлікшілері мен «Ислам мемлекеті» (ИМ – Қазақстанда тыйым салынған террористік топ) ұйымының идеологиясымен қатар қойған. Ол «Чумаков Шешенстанға келіп уағыз айтса, басынан айырылады» деген мәлімдемесін де осы жиында айтқан.

Наурыздың 11-і күнгі қастандық себептерін тергеген полиция 20 килограмдық бомбаның қазір Ставрополь өлкесінде тұратын Дағыстан азаматына тиесілі көлікке жасырылғанын анықтады. Көлік Шешенстан тұрғынына сенімхатпен берілген екен.

ЧУМАКОВТЫҢ ӨЛІМІ КІМГЕ КЕРЕК?

Жарылысты көзімен көрген Чумаков жақтастарының бірі «Кавказский узел» сайтына берген сұхбатында «қастандықты Ингушетия сопылары ұйымдастырған» деген пікір айтты. Қадыров Чумаковты қорқытқан әйгілі конференцияға сопылар тобы басшының ұлы да қатысқан.

Хамхоевтың және Ингушетиядағы сопылық топтардың Чумаковқа тіс қайрап жүргені рас, дегенмен олардың Қадыровтан рұқсат алмай әрекет ете қоюы неғайбіл.

Шешенстан президенті Рамзан Қадыров.
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров.

Әйгілі имам қастандықтан мерт болса, бұл салафизммен күресіп жүрген Рамзан Қадыров үшін ыңғайлы болар еді. Ұзақ жылдардан бері Қадыров пен Евкуров шешендер мен ингуштар арасындағы жер дауына байланысты өзара дүрдараз болып келеді. Оның үстіне Қадыров соңғы кездері ингуш әріптесінің террормен күрестегі «жұмсақ саясатын» көп сынай бастаған. Шешен басшысы тек қатаң әдістермен ғана аймақта бейбітшілік орнатуға болады деп санайды.

Имамға жасалған қастандықты айыптаған Ингушетия басшысы Евкуров бұл оқиғаны «Ингушетиядағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысатындардың арандату әрекеті» әрі «дін саласындағы мәселелерді жеке мүдделеріне пайдаланып қалғысы келетіндердің ісі» деп атаған.

Солтүстік Кавказ мұсылмандарын үйлестіру орталығының басшысы Исмаил Бердиевтің айтуынша, жарылысқа Чумаков пен «мешітке келуші жамағат арасындағы келіспеушілік» себеп болған. Ал осы ұйымның Мәскеудегі өкілі, мүфти Шафиг Пшихачевтың айтуынша, «қастандықты осыдан екі күн бұрын шешен-ингуш шекарасында журналистер мен ресейлік адам құқықтарын қорғаушылар тобына шабуыл жасаған топ ұйымдастырған болуы мүмкін». Өзіне қастандық жасалардың қарсаңындағы құтба кезінде Чумаков бұл шабуылды сынаған еді.

Лиз Фуллердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG