Accessibility links

Қырым шахматшысы әлем чемпионы атағына Ресей атынан таласпақ


Қараша айында, Нью-Йоркте (АҚШ), шахматтан әлем чемпионы атағына таласатын ресейлік шахматшы Сергей Карякин. Мәскеу, 28 наурыз 2016 жыл.
Қараша айында, Нью-Йоркте (АҚШ), шахматтан әлем чемпионы атағына таласатын ресейлік шахматшы Сергей Карякин. Мәскеу, 28 наурыз 2016 жыл.

Қырымда туып-өскен шахматшы Сергей Карякин шахматтан әлем чемпионы атануға тырысатынын, 2009 жылы отаны Украинадан теріс айналып, Ресейге көшкенін, Путинді қолдайтынын баяндады.

Ресейде жаңа шахмат шебері пайда болды. Ол - Қырымнан шыққан гроссмейстер Сергей Карякин. 26 жастағы Карякин наурыздың 28-і күні Мәскеуде өткен FIDE (Халықаралық шахмат федерациясы) турнирінде жеңіске жетті, енді қараша айында, Нью-Йоркте (АҚШ), шахматтан әлем чемпионы атағына таласу үшін норвегиялық Магнус Карлсенмен кездеседі.

«УКРАИНА ЖАҒДАЙЫМДЫ ЖАСАЙ АЛМАДЫ»

Карякин АҚШ азаматы Фабиано Каруананы - 14-турда жеңіп, Владимир Крамниктен (2008 жылы) кейінгі әлем чемпионы атағына таласуға мүмкіндік алған екінші ресейлік. Наурыздың 29-ы күні Азаттыққа берген сұхбатында Карякин Ресейге осындай мүмкіндік әпергенін мақтан тұтатынын айтты.

1990 жылы Қырым астанасы Симферопольде дүниеге келген Карякин бұрын халықаралық жарыстарға Украина атынан барып жүрді, 2009 жылы Ресей азаматтығын алды. 2009 жылдың шілде айында Ресей президенті Дмитрий Медведев Карякинді Ресей азаматы етіп қабылдау туралы бұйрыққа қол қойды, содан бері ол - Ресей құрамасының мүшесі.

Карякин «Украина демеушілік жасай алмаған соң Ресей құрамасына өттім, Ресей шахмат федерациясы жақсы жаттықтырушылармен жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынды. Содан соң Мәскеуге көштім (2009 жылы). Содан бері Мәскеудемін» дейді.

Жаңа отанына келген соң Карякин Кремльді, Ресейдің Украинадағы әрекеттерін жан-тәнімен қолдады – Украинаның мәскеушіл президентін (Януковичті) биліктен кетіру, Қырым түбегін Ресейдің күштеп қосып алуы, елдің шығысындағы 9 мың 100 адамның өмірін қиған сепаратистер соғысын да жіті бақылады.

2014 жылы Қырымдағы Ресейдің әрекеттерінен соң Карякин Instagram парақшасына Ресей президенті Путиннің суреті салынған, «Өз адамдарымызды қиындықта қалдырмаймыз» деген жазуы бар футболка киіп тұрған фотосын салды. «Мен толықтай Ресеймен біргемін, өздеріңіз білесіздер, Қырым Ресейге өтті. Ол оқиғаға мен қатты қуандым, себебі өзімді ресейлік санаймын. Орысша сөйлеймін, орысша ойлаймын, нағыз орыспын, мемлекет ретінде Ресейді әбден қолдаймын» деді ол Азаттыққа. Путин туралы Карякин «Ол не істесе де, толық қолдаймын» деп мәлімдеді.

Гроссмейстер Украинадағы бұрынғы отандастарының қиындықтарына қайғыратынын да айтты. «Ол жақтағы революциялар ешқашан жақсы өмірге жеткізген емес. Революциядан кейінгі жағдай тіпті нашарлап кетті. Соның нәтижесінде осынша қиындыққа тап болғандарды аяймын. Олар бұл төңкерісті қолдады, ал қолдамаған адамдар тұтқынның күйін кешті» деді шахматшы.

Карякин Кремльді Украинадан басқа мәселелер бойынша да құптайды. Ол 2014 жылғы сайлауда FIDE президенттігіне Кремль ұсынған кандидатты қолдады. Аты аңызға айналған советтік шахматшы, Кремльді сынаушы Гарри Каспаров ресейлік саясаткер, 1995 жылдан ФИДЕ басшысы болып келе жатқан кремльшіл Кирсан Илюмжиновқа қарсы сайлауға түсті.

ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Карякин Илюмжиновты «шахматты танымал етуге көп еңбек сіңірді» деп мақтап, Каспаровты нашар менеджер және «әсірерадикалдық көзқарас иесі» деп сынады, шамасы оның оппозициялық қызметін меңзеген болар.

ЕҢ ЖАС ГРОССМЕЙСТЕР

Карякин 2002 жылы, 12 жасында гроссмейстер атағын алған ең жас ойыншы болды. Осы жылдың басында Карякин 2002 және 2004 жылдары әлем чемпионы болған украиналық гроссмейстер Руслан Пономаревтен кейінгі «екінші» орындағы адам саналып келді.

Карякин бір кезде «ең жақсы досы болған» 32 жасар Пономаревпен қазір араласпайтынын, Украина дағдарысы кезінде Ресейді қолдағаны үшін Пономаревпен араздасып қалғанын айтты.

«Осы дағдарыстан кейін, өкінішке қарай, ол маған қарсы позицияны таңдады. Саяси тұрғыда біздің жолымыз екіге айырылды. Бірақ ол жақсы ниетте болса, онымен сөйлесуге әзірмін. Оның жеке басына еш қарсылығым жоқ. Шахматшы ретінде қатты сыйлаймын. Бірақ саяси тұрғыда пікіріміз екі басқа» дейді ол.

Мәскеудегі жеңісінен кейін Карякин қарашада Карлсенге қарсы ойнайды. Карлсен 2013 жылдан бері әлемдегі ең жоғары рейтингі бар чемпион саналады. Карякин қорқынышын білдірмейді, жеңу мүмкіндігін «жоғары» санайды. «Әрине, ол үшін жұмыс істеп, көп күш салуым керек» дейді ол.

Том Бэлмфордтың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG