Accessibility links

Барлаушының «ерлігі» туралы фильм


Депутат Андрей Луговой Мемлекеттік дума жиынында сөйлеп тұр.
Депутат Андрей Луговой Мемлекеттік дума жиынында сөйлеп тұр.

Александр Литвиненконың қазасы туралы триллер түсіруге Андрей Луговойдың қатысуы арнайы қызметтің тағы бір операциясын еске салады.

2015 жылы НТВ телеарнасында тыңшылар туралы «Неподсудные» («Сотқа тартылмайтындар») триллерінің премьерасы өтеді. Мемлекеттік думаның ЛДПР-дан сайланған депутаты әрі федералдық күзет қызметінің (ФСО) бұрынғы қызметкері Андрей Луговой - бас кейіпкердің прототипі әрі сериалдың кеңесшісі.

Көркем фильм Александр Литвиненконы радиоактивті полониймен улап өлтірген оқиғаның желісімен түсірілмек. Ұлыбритания прокуратурасының болжамынша, негізгі күдікті - Андрей Луговой. Сондықтан фильмнің Лондонға қатысты көріністерін Мәскеуде түсіру туралы ұйғарымға шетелдік іссапарға ақша шығындамау ғана себеп болмаған сияқты.

Бір қызығы, фильмдегі кейбір кейіпкерлерге өмірде болған адамдардың есімдері алынған, ал кейбірін ойдан шығарылған есімдермен атаған. Сегіз сериялы фильмде Борис Березовский мен Бадри Патаркацишвилидің аты-жөндері өзгертілмеген, ал Андрей Луговой мен Александр Литвиненконың орнына кадрға Андрей Воронов пен Александр Волков шығады. Сериал авторлары Азаттыққа сұхбат бергісі келмеді. Драматург Родион Белецкий «сценарийді әлі аяқтаған жоқпын» деген уәжбен сұхбаттан бас тартты.

Александр Литвиненко. Лондон, 14 қыркүйек 2004 жыл.
Александр Литвиненко. Лондон, 14 қыркүйек 2004 жыл.

Бірақ сценарийі «аяқталмаған» фильмнің түсірілімі басталып кеткен. Қазір негізгі рөлдерді кімдердің ойнайтыны жарияланып та қойды. Оның үстіне арнайы форумдарда көпшілік көріністер мен эпизодтарға түсуге кастинг те жарияланған («Милиционер, оперлер мен криминалистер рөліне түсетін ер адамдар керек»). «Болаттан жаратылған жігіттер», «Офицерлер», «Басты айғақ», «Теңіз жаяу әскері десанттары» ("Парни из стали", "Офицеры", "Главная улика" , "Морпехи") фильмдерін түсірген режиссер Мурад Әлиев сұрақтарға «Централ Партнершип» компаниясы рұқсат етсе ғана жауап беретінін айтты. Фильмді НТВ-ның тапсырысы бойынша осы кинокомпания түсірмек.

Кинокомпания сайтында фильм жайында: «2001 жылдың көктемінде мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бұрынғы офицері Андрей Воронов күтпеген жерден тергеуге ілінеді. Оған «ірі қылмыстық іске қатысты айыпталушыны ұрлап кетуге әрекеттенді», ал іс жүзінде жемқор шенеуніктерге, ұлт мүддесіне опасыздық жасағандармен сыбайласты деген айып тағылады. Андрей 10 жыл бұрын өткен оқиғаларды - Ресей ғана емес, шетелдік арнайы қызмет органдары да қолға түсіруді көздеген адаммен қызмет бабымен танысқанын есіне түсіреді. Енді Воронов өзінің адал адам екенін дәлелдеу үшін қауіпті шайқасқа түсіп, тірі қалып қана қоймай, әлсіз қуыршақтан ірі ойыншыға айналуы тиіс» деп жазылған.

Сценарист бүкіл әлемге жалғыз өзі қарсы тұрып, жеңіске жететін қаһарман кейіпкер туралы классикалық тәсілді қолданғанын осы үзіндіден байқауға болады.

Сценарист бүкіл әлемге жалғыз өзі қарсы тұрып, жеңіске жететін қаһарман кейіпкер туралы классикалық тәсілді қолданғанын осы үзіндіден байқауға болады.

Әлі түсірілмеген фильмнің көркемдік құндылығы туралы айтуға ертерек, бірақ оның түпкі идеясын бағалауға болады. «Огонек» журналы мәдениет бөлімінің редакторы Андрей Архангельский «бұл - қоғамдық сананы жаулап алуды көздейтін идея» деп біледі.

– Бұл фильм арнайы қызмет туралы көркем туындыдан гөрі арнайы қызметтің тағы бір операциясына көбірек ұқсайды. Айтқым келгені, киноның көмегімен жұрттың санасына нанымды бейне түрінде әлдебір маңызды ойларды сіңіру. Сергей Эйзенштейннің «Октябрь» фильміндегі Қысқы сарайға жасалған шабуыл көрінісі есіңізде ме? Фильм 1927 жылы – революциядан кейін 10 жылдан соң түсірілсе де, жұрттың есінде бұл образдың жатталып қалғаны соншалық, ешкім «Қысқы сарайды дәл осылай шабуылдаған ба?» деп зәредей де шүбәланбайды.

– Иә, ол фильмде матростар темір торға өрмелейді, бірақ тарихи шындық олай емес қой. Тарихи фактіден гөрі миф сенімдірек болып шыққан. Түрлі хабарларда, әсіресе, 7 қараша қарсаңында бұл үзіндіні көп көрсететін де, жұрттың көбі оны арнайы қойылым емес, хроникалық кадрлар деп ойлайтын.

– Меніңше, фильм авторларына жұрттың санасына жуырда болған белгілі бір оқиғаға қатысты «тиісті» болжамды қалыптастыру міндеті жүктелген сияқты. Осыған ұқсайтын тағы бір советтік фильм еске түседі. 1984 жылы шыққан «ТАСС мәлімдейді» («ТАСС уполномочен заявить») фильмінде 6-7 жыл бұрынғы, яғни ЦРУ-дың Огородник деген тыңшысы әшкереленген 1977 жылы болған жайттар баяндалған.

Жұрт жадында белгілі бір оқиғаға қатысты ресми болжам қалу үшін қазір түсірілгелі жатқан мына фильм де әуелі көркемдік емес, практикалық мақсатты көздейді.

Ол өз заманына сай түсірілген фильм еді. Бірақ кейін Александр Огородник немесе бізге фильмнен үйреншікті болып кеткен Трианонға қатысты тағы бір жайттың беті ашылды. Ол КПСС орталық комитеті хатшысы Константин Русаковтың қызына сөз айтып, тіпті үйленуге ұсыныс та жасаған. Америкалықтар енді алынбас қамалдың ішіне енеміз деп мәз болған еді. Фильмде мұны, әрине, көрсеткен жоқ. «ТАСС мәлімдейді» фильмі шындыққа мүлде жанаспайтын оқиғаны көрсетеді. Бұл фильм «америкалық барлаушы КПСС орталық комитеті хатшыларының бірінің қызына үйлене жаздады» деген сыбыстардың жолын кесу үшін түсірілуі де мүмкін. Меніңше, келешекте жұрттың жадында белгілі бір оқиғаға қатысты ресми болжам қалу үшін қазір түсірілгелі жатқан мына фильм де әуелі көркемдік емес, практикалық мақсатты көздейді.

Барлау саласының тарихшысы, «КГБ-ның у фабрикасы: Лениннен Литвиненкоға дейін» («Фабрика ядов КГБ: от Ленина до Литвиненко») деген кітаптың авторы Борис Володарский «Централ Партнершип» кинокомпаниясының Александр Литвиненкоға қарсы Лондонда жасалған қастандық ізімен көркем фильм түсіру ниеті мен оған кеңесші ретінде Андрей Луговойды шақыруына қатысты комментарий берді. Ол кітабында ФСБ-ның бұрынғы офицерін радиоактивті полониймен улап өлтіруге қатысты жайттарды тексеріп, өз болжамын баяндаған. Борис Володарский - Александр Литвиненконың өлімі туралы Ұлыбритания түсірген және BBC бірінші арнасында көрсетілген «Тыңшыны қалай улауға болады?» (How to Poison a Spy) телефильмінің кеңесшісі.

– Литвиненко ісіне қатысты өмірде болған жайттарға негізделген фильмге кеңесшілік етуге Луговой мырзаның біліктілігі жетеді деп ойлайсыз ба? Айтпақшы, фильм продюсері Денис Фролов «актерлер мен режиссер үшін Андрей Луговойдың кеңестері өте құнды» деп мәлімдеген болатын.

Андрей Луговой баспасөз мәслихатында отыр. Мәскеу, 1 қараша 2007 жыл.
Андрей Луговой баспасөз мәслихатында отыр. Мәскеу, 1 қараша 2007 жыл.

– Өте қиын сұрақ... Александр Литвиненкоға қарсы ұйымдастырылған қастандық туралы фильмге кеңесші бола алатын әлемде үш сарапшы ғана бар. Олар – Алекс Гольдфарб, мен және Андрей Луговой. Андрей Луговой Литвиненкоға қарсы ұйымдастырылған операцияға оны улап өлтіргеннен кейін ғана кіріскен. Ал операцияға дейін Лондонда онымен 15 немесе 16 рет кездескен, үйіне барып жүрген, қонақ үйдегі өз бөлмесіне шақырып мейман еткен, қысқасы Литвиненконы улап өлтіруге болатын оңтайлы сәтті ұйымдастырған. Бұл істі көп ай тексергенде анықтағаным, Литвиненкоға у беріп өлтіру жоспарынан Луговойдың мүлде хабары болмаған сияқты. Айтпақшы, Литвиненконың халі нашарлап кеткен кезде ол қорқып, не істерін білмей, Ковтун екеуі Ұлыбритания елшілігіне жүгіріп барған, «Эхо Москвы» радиосында жұрттың бәрі білетін алғашқы баспасөз жиынын өткізген. Кейін операцияға саналы түрде қатысып, қастандыққа қатысты «тиісті», ресми болжамды айта бастаған. Бір жыл бойы онымен кездесіп жүрген, үйіне барған, Лондонда не болғанын және қалай болғанын, қысқасы, Литвиненко ісіне қатысты бүкіл жайтты біледі. Литвиненконы уландырып өлтіретінін ғана білмеген, бірақ қалғанының бәрін білген. Бұл жағынан оны ең білікті сарапшылардың бірі деп санаймын. Ал өзі Лондондағы оқиға мен «полоний жанжалына» қатысты комментарий бермейтінін айтқан.

– Бірақ ол «фильмнің сценарийі менің сұхбаттарым мен мақалаларым негізінде жазылды» деп те айтты ғой.

– Өте дұрыс. Журналистер мақалаларын оның берген сұхбат-ақпараттарына сүйеніп жазды. Бұл рас. Литвиненконы уландырып өлтіргеннен кейін ол операцияға белсенді түрде араласып, саналы әрекет ете бастады деп айттым ғой. Кейін оның қызметін өсірді, Мемлекеттік дума депутаты етіп тағайындады, аз уақыт ішінде екі әскери шен беріп, ФСО полковнигі, одан думаның қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары етіп қойды. Қысқасы, операцияға белсенді қатысқан еңбегін елеп, сый-сыяпатқа көміп тастады. Ол операцияның Литвиненконы улап өлтіргеннен кейінгі кезеңінде өте белсенді роль атқарды. Сондықтан оның кеңестерінің құнды болатын жөні бар. Ол Лондонды да, Литвиненконы да, операцияның бүкіл эпизодтарын бүге-шігесіне дейін біледі. Оның үстіне, бұл деректі фильм емес, көркем фильм ғой. Сондықтан кеңесші болуы әбден орынды.

– Луговой сұхбат-мақалаларында Литвиненко ісін қалай түсіндіреді?

– Ол «Литвиненконың өлімі - Ұлыбритания арнайы қызметінің ісі немесе Борис Березовскиймен бірлескен операциясы» деп сегіз жыл бойы жаңылмай мәлімдеп келді. Ол бұл істе жаңсақ баспайды, фильм де осы сарында түсірілер.

– Литвиненконың ісі арқау болған фильмге мұндай адамды кеңесші етіп шақыру этикаға қаншалықты сыйымды және орынды?

– Ресей көзқарасы тұрғысынан алғанда, бұл өте орынды әрі қисынды көрінеді. Өйткені ол - Литвиненконың көзін жою операциясына тікелей қатысы бар деп бүкіл әлем күдіктенетін әрі қазір Ресей мүддесін қорғап жүрген, Мемлекеттік думадағы рупорларының бірі. Сондықтан Литвиненко, Борис Березовский, Перепеличный, Бадри Патаркацишвилидің өліміне "Ресейдің ешқандай қатысы жоқ, мұның бәрі - Батыстың жымысқы әрекеті" деп, ал Ресейді сүттен ақ, судан таза періште етіп көрсететін фильмге кеңесші болатын одан артық адамды таппассыз.

Александр Литвиненконың жесірі Марина Литвиненко. Лондон, 31 шілде 2014 жыл.
Александр Литвиненконың жесірі Марина Литвиненко. Лондон, 31 шілде 2014 жыл.

– Сіз «Фабрика ядов КГБ: от Ленина до Литвиненко» деген кітабыңызда Александр Литвиненконы улап өлтіруге қатысты өз болжамыңызды жаздыңыз. Александр Литвиненконың жесірі Марина қастандық операциясына Андрей Луговойдың тікелей қатысы бар деген пікірінен танбайды. Мұны марқұм Борис Березовский және басқалар да айтқан.

– Литвиненконың көзін жою операциясына Андрей Луговой да, Дмитрий Ковтун да білмей қатысқан деген ойымды кітабымда да жаздым, көптеген сұхбаттарымда да айттым. Екеуі нақты қандай операция дайындалып жатқанын білмеген. Литвиненконы улап өлтіру Луговойдың қолынан келмес еді. Адамды радиоактивті полониймен уландыру - арнайы білімді, қолайлы орынды, айрықша костюм мен қолғапты, асқан шеберлікті талап ететін күрделі процесс. Ал Луговойдың қонақүйдегі бөлмесі полониймен әбден ластанғаны белгілі.

Кітабымда Литвиненконы тікелей улап өлтірген - Ресейдің сыртқы барлау қызметінің «С» басқармасында ресми тіркеуде жоқ адам деген ойымды дәлелдедім. Ал Луговой Литвиненконы қастандық жасауға қолайлы орында болуын ғана қамтамасыз еткен. Оперативтік жұмыста «тиісті орынға әкелу» деген тәсіл бар. Кезінде Украинаның бұрынғы президенті Виктор Ющенкоға да осындай тәсіл қолданған. Қастандық жасалатын адамның арнайы операция белгіленген орында болуын қамтамасыз ету - классикалық әдіс. Бірақ оның көзін жоятын адам - басқа. Сондықтан, меніңше, Луговой да, Ковтун да арнайы операцияға білмей қатысқан, - дейді барлау саласының тарихшысы Борис Володарский.

XS
SM
MD
LG