Accessibility links

10 жасар баланың «Шекспирге бола тұтқындалуы» жұртқа әсер етті


Мәскеудегі Шекспирге арналған көрменің баннері.

Полицейлердің Мәскеудің орталығында өлең оқыған баланы күшпен алып кетуі халықтың ашуын туғызды. Кейбіреулер «бұл оқиғаның билік үшін үлкен салдары болуы мүмкін» деп болжайды.

Бірнеше полицейдің Мәскеудің туристер көп жүретін ауданында баланы желкелеп әкетіп бара жатқан видеосы мамырдың 27-сінде Facebook-те жарияланып, бірнеше күннің ішінде 2,6 миллион рет қаралған. Facebook видеода зорлық элементтері болғандықтан оны тек ересектердің көруіне кеңес береді.

Интернеттегі жұртшылық ел алдында Шекспирдің «Гамлетінен» үзінді оқыған баланы осынша қатыгездікпен тұтқынға алған полицейлердің әрекетіне наразылық білдірді. Енді біреулер 10 жасар баланы еркімен жіберіп, көшеде өлең оқытқызып қойған ата-анасын кінәлады. Тағы біреулер (арасында биліктегі «Единая Россия» партиясының депутаты да бар) мұны полицияның беделін түсіру үшін әдейі жасалған әрекет деп бағалады.

Видеода бала өзін ұстаған полицейлерге шыңғыра қарсылық білдіріп: «Көмектесіңдер!» деп айқайлайды. Баланы әкетіп бара жатқан үш офицерге оның өгей анасы араша түспек болады. Өзін баланың «танысымын» деп атаған ол кісі баланы босатуды талап етеді. Бірақ полицейлер оның сөзіне құлақ аспайды.

Полиция баланы қасында ата-анасы жоқ болғандықтан әрі көшеде қайыр тілеп жүргендіктен ұстауға мәжбүр болғандарын айтады. Сақшылар баланы полиция бөлімшесіне апарып, содан соң әкесінің қолына тапсырған.

Баланың әкесі Илья Скавронскийдің айтуынша, баланы арашалап алып қалмақ болған әйелінің киімі жыртылып, планшеті сынған. Полицияға қарсылық көрсеткені үшін ол 15 тәулікке қамалуы мүмкін. Азаттыққа сұхбат берген Илья Скавронский баласының тілінің мүкістігі бар екенін, дәрігердің бұл дерттен айығу үшін жұрт алдында өлең оқуға кеңес бергенін айтты.

Жас баланы қатыгездікпен тұтқындаған полицейлердің әрекетіне наразылық білдірген бірнеше белсенді мамырдың 28-інде Мәскеудің «Арбатында» қарсылық шарасын өткізді. Шекспирдің «Гамлетінен» үзінді оқыған олар «Арбаттың полицейлеріне Шекспирді тегін оқимыз» деп ұрандады.

Баланы тұтқынға алған полицейлерді қызметінен босатуды талап еткен онлайн-петицияны интернетте 20 мыңнан астам адам қолдаған. Алайда бұл петицияның ешқандай заңдық күші жоқ.

Ресей тергеу комитеті оқиғаның жай-жапсарын тексеріп жатқандарын хабарлаған.

Ал бала отбасының адвокаты Татьяна Соломина аймақтық полиция бөлімі басшысы орынбасарының кешірім сұрағанын хабарлады. Ақпарат құралдары мамырдың 29-ында ешкімнің ресми түрде кешірім сұрамағанын айтты.

Интернетте осы оқиғаға байланысты пікірталас әлі жалғасып жатыр. Ақын Андрей Чернов Facebook-парақшасында: «Бұл оқиға елді тіксінтіп, халық енді ғана ойлана бастады. Бұл төрт минуттық видеоның режим үшін болжап білмейтін салдары болуы мүмкін. Нақтырақ айтсақ,– болжап білетін салдары болады. Бүгін болмаса да, ертең болады» деп жазды.

Оппозициялық саясаткер Леонид Гозман бұл оқиғаның жақсы әсері де бар екенін айтады. «Бұл бала да, басқа адамдар да өздері өмір сүріп жатқан елді енді сезіне бастайды... Бұл өте үлкен дау-дамай болғандықтан полицейлер жазасын алады, ал басқалар барынша абай болады» деп жазды ол.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG