Accessibility links

Трамппен «тату» Путин Меркельмен «салқын» сөйлесті


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Германия канцлері Ангела Меркель. Сочи, 2 мамыр 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Германия канцлері Ангела Меркель. Сочи, 2 мамыр 2017 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамппен мамырдың 2-сі күні телефонмен сөйлесті. Екі ел басшысы желі арқылы осымен үшінші рет сөйлесіп отыр. Ал Германия канцлері Ангела Меркельмен Владимир Путин Сочи қаласында кездесті. Олар Украина мен Сирия дағдарысы кесірінен нашарлап кеткен қарым-қатынас жайын талқылады.

Мамырдың 2-сінде болған келіссөзден соң өткен баспасөз мәслихатында Меркель де, Путин де Украинаның шығысындағы үкімет жасақтары мен Ресейдің қолдауына сүйенген сепаратистер арасындағы қақтығысты тоқтату үшін тараптардың Минск процесі міндеттемелерін орындауы маңызды екенін қайталады.

- Бүгін біз [Украинаның шығысындағы] қақтығысушы тараптардың Минск келісімдерінің талаптарына қатаң бағынуы қажеттігін тағы да айттық, - деді Путин.

ПУТИН МЕН ТРАМПТЫҢ "ЖАРАСА ҚАЛУЫ"

Меркельмен кездесуден бірнеше сағат өткен соң Путин АҚШ президенті Трамппен телефон арқылы сөйлесті. Бұл – екі басшының Трамп билікке келгелі үшінші, АҚШ Сириядағы әуе базасын зымыранмен атқылағаннан бергі бірінші сұхбаты болды. АҚШ-тың және жалпы Батыс елдерінің болжамы бойынша, Сирияның үкімет жасақтары бейбіт тұрғындарға химиялық қару қолданған.

Ақ үй екі ел басшыларының телефон әңгімесін "өте жақсы" деп бағалаған. Әңгіме барысында Путин мен Трамп Сириядағы әскери қақтығысты талқылап, "Таяу Шығыстағы терроризммен күресте және Солтүстік Корея дағдарысын шешу жолында ынтымақтасатындарын" мәлімдеген. Ақ үй Вашингтонның Астанадағы Сирия жөніндегі келіссөздерге өкіл жіберетінін айтқан.

Телефон әңгімесі туралы Кремль сайтында да осыған ұқсас ақпараттар жазылып, "конструктивті" деген баға берілген. Мәскеу Путиннің Трамппен шілде айында Гамбургте өтетін G20 саммитінде кездесуге келіскенін хабарлады. Кремль ақпаратына қарағанда, Путин Трампты Солтүстік Кореяға қатысты мәселелерде сақтық танытуға шақырған. Солтүстік Корея ядролық сынақтар жасағаннан кейін АҚШ пен Солтүстік Корея арасында шиеленісті қарым-қатынас орнаған еді.

МЕРКЕЛЬДІҢ "САЛҚЫНЫ"

Ал Мәскеу мен Берлиннің «конфликтінің шығу себебіне қатысты пікірі көзқарастары әрқилы» деген Меркель Украинаның өз шекарасын, соның ішінде сепаратистер бекінген аймақты толық бақылауына алуы қаншалық маңызды екенін айтты.

Германия канцлері Ангела Меркель мен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 2 мамыр 2017 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель мен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 2 мамыр 2017 жыл.

Бұған қоса, Путин мен Меркель Сириядағы алты жылдан бері толастамай тұрған азамат соғысын да талқылады. Путин «Идлиб аймағында бейбіт халыққа химиялық қару қолданылып, бұдан 80 адам қаза болды» деген ақпаратты объективті түрде зерттеу қажеттігін тағы қайталады. Ол Сириядағы кикілжіңді оңтайлы шешудің жолын табады деп АҚШ-қа үміт артатынын да айтты.

Меркель Путинмен Ресейдегі оқиғаларды, соның ішінде жақында өткен шерулер кезінде азаматтарды жаппай тұтқындау мәселесін, Шешенстандағы гомосексуал еркектерді қудалау жайын да талқылағанын айтты. Путин Ресей полициясын қорғап, «біздікілер шеру кезінде өте ұстамды, заң аясында әрекет етті, кейбір Еуропа елдерінің полицейлерімен салыстыруға келмейді» деп мәлімдеді. Мұнымен қоса, Путин «Мәскеу қарашада АҚШ-та өткен президент сайлауына араласыпты», «Германиядағы ішкі саясатқа ықпал етіпті» деген айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Reuters тілшісі Путин мен Меркельдің баспасөз мәслихатындағы ахуалды сипаттай келе «Олардың дене ишараларының өзінен шиеленіс байқалып тұрды: журналистерге қарап сөйлегендегі түрлері сұсты болды, екі лидер бір-біріне мүлде қарамады десе болады» деп жазды.

- Кей салаларда көзқарасымыз тым алшақ болғанына қарамастан, біз талқылауды тоқтатпауымыз керек. Осылай жалғастыра беруіміз керек, әйтпесе үнсіздік басталады да, бір-бірімізді мүлде түсінбей кетеміз, - деді Меркель.

Батыс пен Мәскеу арасы 2014 жылы Ресей Украинаның Қырым түбегін басып алғаннан кейін ушыққан. Батыс елдері 2014 жылы басталып, 10 мыңға жуық адам қаза тапқан Украинаның шығысындағы соғысқа Кремльді «ресейшіл сепаратистерді қолдау арқылы араласып отыр» деп те айыптайды.

Ресей президенті Владимир Путиннің Германия канцлері Ангела Меркельді Бочар бұлақтары резиденциясында күтіп тұрған сәті. Сочи, 2 мамыр 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путиннің Германия канцлері Ангела Меркельді Бочар бұлақтары резиденциясында күтіп тұрған сәті. Сочи, 2 мамыр 2017 жыл.

Биыл қаңтарда АҚШ-тың барлау ұйымдары Путин «2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына ықпал ету науқанын бастауға пәрмен берген» деген болжам жасаған. Германия, Франция және басқа да елдердің қауіпсіздік мекемелері де Ресейдің өз елдеріндегі сайлау процесіне ықпал етпек болғанын айтқан.

Меркель журналистің «Германия үкіметі Ресейдің алда өтетін сайлау кезінде жалған ақпараттар тарату арқылы Германияның ішкі ісіне араласуы мүмкін деген ақпараттан қауіптенетін-қауіптенбейтінін» сұраған еді. Меркель бұған:

- Ол жағына алаңдамаймын. Сеніміме берік түрде сайлауда күресе берем, - деп жауап берді.

Ал Путин бұл мәселеге қатысты:

- Кремль АҚШ-тағы президент сайлауы нәтижесіне ықпал етіпті деген – жай қаңқу сөз, - деді. Ол басқа елдердің Ресейдің ішкі ісіне араласуына жол бермейтінін айтты.

Меркель Минск келіссөздері кезінде жасалған бітім шарттарын Ресей орындауы керек деп санайды. Канцлер Украинадағы сепаратистер соғысы аяқталғанша Ресейге санкция сала тұруды қолдайтынын Сочиде тағы қайталады.

Дамыған елдердің G20 тобына төрағалық кезек бойынша биыл Германияға тигендіктен, Меркель шілдеде Гамбург қаласында өтетін саммит қарсаңында осы топтың негізгі мүшелерімен кездесіп жүр. Ресей державалардың G8 тобынан шығып қалғалы Путин әлемнің ірі елдерінің басшыларымен тек G20 саммитінде ғана кездесе алады.

XS
SM
MD
LG