Accessibility links

«Путиннің ойындары» фильміне Мәскеу қарсы


Ресей президенті Владимир Путин Сочи қысқы олимпиадасының алауын жеткізу рәсіміне қатысып тұр. Мәскеу, 6 қазан 2013 жыл
Ресей президенті Владимир Путин Сочи қысқы олимпиадасының алауын жеткізу рәсіміне қатысып тұр. Мәскеу, 6 қазан 2013 жыл

Осы аптада Ресейде премьерасы өтетін деректі фильм "Сочи олимпиадасына қатысты" парақорлық, ақша жымқыру мен зорлық-зомбылық оқиғаларын әшкерелемек. Мәскеу билігі оған қарсы.

Келер жылы Сочиде өтетін олимпиада құрылысындағы заң бұзушылықтарды сипаттайтын фильм мәскеулік биліктің қарсылығына қарамастан көрерменге жол тартты. «Путиннің ойындары» деп аталатын деректі фильмде сыбайлас жемқорлық, адам құқықтарын бұзу мен экологияның бүлінуі (сыншылардың айтуынша Қара теңіз шипажайына айтарлықтай зиян келген) сияқты мәселелер қозғалады.

«ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ШЫҒАМ» ДЕП ІСТІ БОЛУ

Туындының продюсері Симоне Бауманның айтуынша, ресейліктер даулы фильмді сатып алуға үш рет ұсыныс жасаған. Келіссөз жүргізуден бас тартқан Бауман фильмді жарыққа шығару үшін «керемет» ұсыныстарды қабылдамапты. Ол Азаттыққа: «Олардың талабына таң қалған жоқпын. Ресейде көп болдым, сондықтан ақшаң болса, бәрін сатып алуға болады деген пікірлері қанымды қайнатады» деді.

«Путиннің ойындары» Германия, Австрия және Израильдің біріккен жобасы. Ол алғаш рет Амстердамдағы деректі фильмдердің халықаралық фестивалінде, қарашаның 23-і күні көрсетілген болатын. Ал ресейліктер деректі фильмді желтоқсанның 6-ы күні Мәскеудегі ArtDocFest фестивалінде тамашалай алады.
Бауман мен Тель-Авивтегі режиссер Александр Гентелев «Путиннің ойындарын» түсіру үшін екі жылдай ізденген. Осылайша Сочи олимпиадасын өткізу хақына ие болған Ресейдің инфрақұрылымы, адам құқықтары мен экологиялық мәселелері туралы фильм түсірілген.
Сочидегі жол құрылысы.
Сочидегі жол құрылысы.

Фильмде ресейлік құрылыс магнаты Валерий Морозовтың пікірі беріледі. Ол Сочиде алып құрылыс алаңын салуды мойнына алып, кейін өкілетті органдар тарапынан парақорлыққа қатысы бар деп айыпталып, отбасымен елден кетіп қалған болатын. Мемлекет пен жеке инвесторлар бірігіп 50 миллиард АҚШ долларын жұмсаған Сочи ойындары ең қымбатқа түскен қысқы олимпиадаға айналғалы тұр.

Морозовтың айтуынша, Ресей шенеуніктері одан құрылысқа бөлінген қаржының 50 пайызына дейінгі шамада пара («откат») сұраған. Оның сөзінше, құрылыс салу үшін келісімге отырған фирмалар пара беруден бас тартса, оларды қорқытып-үркітеді.

«Қанға боялып жатасың, қансырап жатасың» деп қорқытты. Өте дөрекі әдіспен тұспалдайтын. Ол белгілі жайт қой. Ресейде адам өмірінің түк құны жоқ» дейді Морозов.

Шенеуніктердің жаппай бопсалауынан шаршаған Морозов оларды сотқа бермек болады. Бірақ ресейлік билік оған қарсы «салықтан жалтарды» деген айып тағып, іс қозғайды. Морозов бас сауғалап, 2011 жылдың желтоқсанында Лондонға қашады. Ол ресейлік шенеуніктер өзінен өш алу мақсатында тергеу жұмысын бастады деп санайды.

«ОЛИМПИАДА БӘЛЕ БОЛДЫ»

«Путиннің ойындары» фильмінде Сочидегі жүгенсіз құрылыстың экологияға зор зардап тигізіп жатқаны баяндалады. Алып қоқыс үйінділері қаланы басып барады. Шенеуніктер «қалдық қалмайды» деп уәде бергенімен, экологтар қаладағы сумен қамту орындары ластанады деп алаңдайды.

Бүкілресейлік табиғатты қорғау қоғамының төрағасы Константин Цыбко фильмде: «Бұл нағыз апатты жағдай. Ол жерде өмір сүру мүмкін емес. Қоқыстың маңынан екі шақырымдай алыс болу керек. Бірақ сол аймақта тұратын адамдар бар, ежелден салынған үйлер бар» дейді.
Сочидегі құрылыс қоқысының қасында тұрған үйлер. 21 қараша 2013 жыл
Сочидегі құрылыс қоқысының қасында тұрған үйлер. 21 қараша 2013 жыл

«Путиннің ойындары» фильмінде болып жатқан жағдайға наразы қала тұрғындары да сөйлейді. Автокөлік жүргізушісі жолды талқандап тастаған құрылыс компанияларына ашу-ызасын төгеді. Ол үйінде жарық пен судың күн сайын өшіп қалатынын айтады.

Роман Ребенко атты тұрғын жаңа пәтер береміз деп биліктің алдап үйін тартып алғанын, қазір тоғыз адамнан тұратын үлкен отбасының кішкентай бөлмеде сығылысып отырғанын баяндайды. Кішкентай балалары бар Ребенконың отбасы жылы суы жоқ, әжетханасы далада орналасқан бөлмеде тұрып жатыр.

«Олимпиада басымызға төнген бәле болды. Бұрын өз үйімізде тұрған едік. Биліктен де, үкіметтен де ештеңе сұраған емеспін. Өз күнімді өзім көретінмін. Енді менің және отбасымның тағдыры талқан болды» деген ол.
Біз Ресейге немесе олимпиадаға қарсы фильм жасауды көздеген жоқпыз.

«Путиннің ойындарында» қар аз жауатын, батпақты өлкеде қысқы спорт ойындарын өткізудің қаншалықты ақылға сыйымды екені сараланады. 2014 жылы олимпиаданы өз елінде өткізу үшін Ресейдің қалай жанталасқаны да сөз болады. Тау шаңғысынан бұрынғы олимпиада чемпионы, қазіргі президент Путиннің олимпиада ойындары бойынша кеңесшісі Карл Шранц Сочидің Зальцбургке қарсы тұруы үшін үкіметтің өте қомақты қаржы бөлгенін айтады.

Фильмде Сочидің мэрі Анатолий Пахомовтың сөйлегені болмаса, президент әкімшілігі мен министрліктен, олимпиада нысандарын салып жатқан мемлекеттік компания – «Олимпстройдан» ешкім пікір білдірмеген. Олар сұхбат беруге келіспепті. Сочидің келеңсіз тұстарын сипаттағанына қарамастан, Бауман фильмді Ресейге қарсы түсірілген деп атауға келіспейді.

«Біз Ресейге немесе олимпиадаға қарсы фильм жасауды көздеген жоқпыз. Ондай мақсатымыз болған емес. «Орыстарға қарсы фильм» дегенге келіспеймін, біз барлық тараптың пікірін тыңдауға даяр болдық» дейді Бауман.

Дегенмен халықаралық олимпиада комитеті «Путиннің ойындары» фильмін жақтырмай қалды. Олар деректі туындыны «саяси астары бар» деп тауып, атауынан «олимпиада» сөзін алып тастауды және олимпиадалық мұрағат кадрлерін қолданбауды талап етті.

София Корниенко мен Клэр Биггтің мақаласын аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG