Accessibility links

«Жеңімпаз Путин жылы» жалғаса ма?


Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік қызмет академиясында сөйлеп тұр. Мәскеу, 5 желтоқсан 2013 жыл
Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік қызмет академиясында сөйлеп тұр. Мәскеу, 5 желтоқсан 2013 жыл

«Сирия дағдарысында» бас мәмілегерге айналып, «Сноуден ісін» Вашингтонның бетіне басып, «Форбс» журналында «әлемдегі ең ықпалды адам» атанған Ресей президенті 2013 жылы әлемдік БАҚ-ты жаулап алды.

Биылғы қыркүйек айында өткен баспасөз конференциясында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри Сирия президенті химиялық қаруын тапсыратын болса, ол елге сырттан әскер кіргізілмейтіні туралы жұқалап болсын айтып қойған еді.

Дәл сол күні Ресей президенті Владимир Путин Сириямен одақтастығын пайдаланып, дипломатия тізгінін іліп әкетті. Ол осы арқылы қырғын соғыстың алдын алып, Таяу Шығыстағы тұрақсыздыққа жол бермейтін болашақ келісімдерге жол ашқандай әсер қалдырды.

Әлемдік баспасөз беттері «Путин Керридің қателігін сәтті пайдаланып кетті» деп жарыса жазды. Бір қарағанда Путин «соғысқұмар» АҚШ-тың жанында «бейбітшілік үшін күресіп жүрген тұлға» сияқты болып шыға келді.

Путин Сирия дағдарысы кезінде ғана сыртқы саясаттың хас шебері сияқты көрінген жоқ. Бұдан бөлек, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік агентінің (NSA) тыңшысы Эдуард Сноуденнің Ресейді паналауынан бастап, Армения мен Украинаның Еуропа Одағынан бас тартып, Мәскеуге қарай бет бұруы сияқты оқиғалар 2013 жылды Ресей президенті үшін сәтті жылға айналдырды.

ӘЛСІЗ ІШКІ САЯСАТТЫ БҮРКЕМЕЛЕУ

Биыл Путиннің халықаралық деңгейде беделінің өскеніне қарамастан, саяси сарапшылар оның сыртқы саясаттағы тактикалық жеңістері Мәскеу үшін стратегиялық тұрғыда ұзақ уақыт жемісті болады дегенге сенбейді.

Нью-Йорк универститетінің профессоры және Ресейдің қорғаныс қызметі бойынша маман Марк Галеотти:

- Әдетте саяси лидерлер ішкі саясатта тоқырап, әлсірей бастағанда сыртқы саясатқа белсенді түрде араласады. Меніңше бұл жерде де солай боп жатыр. Бір қарағанда, Путин сыртқы саясатта триумфқа жеткен сияқты. Басқа қырынан қарасаң, ол Ресейдің ішкі саясатын қараусыз қалдырды. Қазір Путинде «оппозициямен қандай қарым-қатынас жасаймын және ұзақ мерзімді экономикалық дағдарыспен қалай күресемін» деген нақты стратегия жоқ, - дейді.

Ресейлік белсенділер АҚШ-тың Сирияға әскери шабуыл жасау қаупіне қарсы шығып тұр. Санкт-Петербург, 2 қазан 2013 жыл
Ресейлік белсенділер АҚШ-тың Сирияға әскери шабуыл жасау қаупіне қарсы шығып тұр. Санкт-Петербург, 2 қазан 2013 жыл
Сарапшылардың пікірінше Путиннің Сирияғы қатысты шешімдері оның сыртқы саясаттағы ең үлкен жетістігі болды.

Сан-Франциско университетіндегі халықаралық қатынастар ғылымының профессоры Андрей Цыганков:

- Сирия үшін күрес биыл Ресейдің сыртқы саясаттағы ең елеулі жетістігі болды. Бұл тұрғыда, Ресейдің мәртебесі өсті. Қазір Ресей – Таяу Шығыстағы ең ықпалды державалардың бірі, - дейді.

«ҚОС СТАНДАРТТАРДЫ ӘШКЕРЕЛЕУ»

Одан бөлек, әлі де жалғасып жатқан «Сноуден ісінде» де Мәскеу Вашингтонды бір тықсырып алды. Мәскеу АҚШ тыңшысына Ресейде уақытша саяси баспана берді. Сноуден содан бері АҚШ-тың әлем бойынша жекелеген адамдардың әңгімесін жасырын тыңдаған тыңшылық әрекеттері туралы ақпарат беріп, Вашингтонның мазасын қашырып отыр.

Бұл оқиғаның Путин үшін маңызы зор болды. Ол биліктің тарапынан қуғын көрген арызданушыға саяси баспана беріп, жарылқаушы ретінде көзге түсті. Ресей түрмесінде қаза тапқан заңгер Сергей Магнитскийдің өліміне байланысты АҚШ Ресей басшыларының Америкаға кіруіне тыйым салған еді. Бұл оқиға Ресей үшін өте тиімді боп шыға келді.

Мәселен, Ресей үкіметі АҚШ азаматтарының Ресейден бала асырап алуына тыйым салып, қарымта қайтарды. Елдің көбіне бұл қадам Путинді Ресейді масқаралағандардан кек алушы, тіпті соның жолында балаларды да аямайтын адам етіп көрсетті.

Германияның Жасылдар партиясының заңгері АҚШ Ұлттық барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Эдуард Сноуденмен кездесіп тұр. Мәскеу, 31 қазан 2013 жыл
Германияның Жасылдар партиясының заңгері АҚШ Ұлттық барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Эдуард Сноуденмен кездесіп тұр. Мәскеу, 31 қазан 2013 жыл
Цыганков «Сноуденнің ісі» Путин үшін «құланның қасуына мылтықтың басуы» құсап сай келген іс болды деп ойлайды.

- Менің түсінгенім - Ресей Сноуденге баспана беруді қаламаған. Бірақ Ресей үшін АҚШ-ты сынайтын Еуропа елдері мен әлемнің өзге елдерінің алдында барынша ұпай жинауға мүмкіндік туған соң Ресей осы оқиғаны пайдаланып, басқа да Еуропа елдерінің алдында абыройын өсіріп алды, - дейді ол.

The Economist газетінің бас редакторы Эдуард Лукастың пікірінше, «Сноуденді сәтті пайдаланған Мәскеу Вашингтон мен Еуропаның арасына сына қағып үлгерді».

- Бұл жайт Кремльдің моральдік қос стандарттар туралы АҚШ-ты айыптаушы көзқарасына қуат берді. «Батыстың саудасы біткен, олар шындығында адам құқығына пысқырып та қарамайды, бәрі бос сөз. ФБР мен NSA-дің арасында не айырмашылық бар?» деген уәждер айтылды. Сноуден оқиғасы Кремльдің осы риторикасын күшейте түсті. Мұның салдары болашақта Батыстың алдынан шыға береді, - дейді Эдуард Лукас.

КҮШПЕН ҰСТАП ТҰРУДЫҢ САЛДАРЫ

2013 жылы Ресейдің сыртқы саясаттағы тағы бір ірі жетістігі - қыркүйек айында Еуропа Одағымен тығыз әріптестік келісімін жоспарлап отырған Арменияны райынан қайтарды. Осыдан соң қараша айында Украина да Еуропа Одақпен тығыз интеграциядан бас тартты.

Бірақ Украина әлі түпкілікті шешім қабылдаған жоқ. Қазір Киев те, Брюссель де бұл келісімге 2014 жылдың көктемінде қол қойылуы мүмкін деп мәлімдеп отыр. Қалай болғанда да осы оқиға Ресейдің энергетика саясаты мен экономикалық қысымдарына төтеп берудің қиын екенін көрсетті.

Наразылық шеруіне қатысушы Янукович пен Путин бейнеленген карикатураның қасынан өтіп барады. Киев, 12 желтоқсан 2013 жыл
Наразылық шеруіне қатысушы Янукович пен Путин бейнеленген карикатураның қасынан өтіп барады. Киев, 12 желтоқсан 2013 жыл
Украина үкіметінің шешіміне қарсы болып, шеруге шыққан жүздеген мың халыққа қарап Путиннің аталмыш елдің басшыларына қысым көрсеткенімен, халқының жүрегіне жол таба алмағанын байқауға болады.

Галеотти «осы оқиға Ресейдің «қара күш» саясатының Батыстың «жұмсақ саясатымен» бәсекеге түсе алмайтынын көрсеткенін» айтады.

- Әлдебір тарапты күшпен өзіне қаратқан соң, бір сәт босаңсытпай сол күйінде ұстап тұру керек болады. Ал Украинаны Еуропа Одағына (ЕО) тартып әкетіп бара жатқан күш қолдану саясаты емес. ЕО-мен жақындасудың экономикалық, әлеуметтік, саяси және моральдық артықшылықтары бар. Ал Ресейге «газ-мұнай күшін» үнемі босаңсытпай, ширықтырып ұстап тұру керек болады. Меніңше бұл қарудың болашағы жоқ, - дейді Галеотти.

Ресейдің құлдырап бара жатқан экономикасы мен жалғыз президентке ғана тәуелді саяси жүйесі Путинді алаңдатпай қоймайды.

- Ресейдің ішкі саясаты мен экономикасы реформаға мұқтаж. Себебі қазір Ресей экономикасының даму қарқыны 1,5 пайыз ғана. Мұндай экономикамен жылдам дамып бара жатқан Қытаймен бәсекеге түсе алмайсың. Нашар экономика қаптаған қиындықтарға төтеп беруге қабілетсіз. Ресейдің саяси жүйесі де тоқырап тұр. Қолға алып, дамытатын сала өте көп. Ресей үкіметі лайықты деңгейде жұмыс жасап жатқан жоқ, - дейді Цыганков.
XS
SM
MD
LG