Accessibility links

Соборға қатысты дау антисемиттік айыптауға ұласты


Ресей мемлекеттік думасының вице-спикері Петр Толстой. Мәскеу, 22 қараша 2016 жыл.

Ресейдегі еврей бірлестігінің жетекшілері мемлекеттік думаның вице-спикері Петр Толстойды "антисемиттік мәлімдеме жасады" деп айыптады.

Мемлекеттік думаның вице-спикері Петр Толстой Санкт-Петербургтегі Әулие Исаак соборын қала меншігіне беру туралы пікірін қаңтардың 23-і күні мемлекеттік ТАСС ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтқан.

Петр Толстой Әулие Исаак соборын Орыс православтық шіркеуіне беруді қолдап, оған қарсы шерге шыққандарды сынаған. Ол шеруге шыққандарды "Отырықшылықтан шыққандардың ұрпақтары" деп атады. Танымал жазушы Лев Толстойдың ұрпағы болып келетін депутаттың сөзінше «наразылық білдірушілер - 1917 жылы нагандарын асып алып, отырықшылық шегінен секіріп түсіп, ғибадатханаларымызды қиратқандардың ұрпақтары, қазір де сол ата-бабаларының жұмысын жалғастырып отыр». Ол осылайша империялық Ресейде еврейлер мекен еткен аумақты тұспалдады.

Осы жазбаның астына "еврейлер 1917 жылы большевиктер революциясын өршітті" деген антисемиттік пиғылдағы пікірлер айтылды, бірақ Толстойдың өзі "ондай ниетпен айтпадым" дейді.

Әулие Исаак кафедралды соборы. Санкт-Петербург, 19 маусым 2016 жыл.
Әулие Исаак кафедралды соборы. Санкт-Петербург, 19 маусым 2016 жыл.

Еврейлер қауымдастығы бірлестігінің төрағасы Александр Борода мемлекеттік дума мен "Единая Россия" партиясынан нақты жауап талап етті. "Әдетте бұндай мәлімдемені антисемиттік науқанның жауапсыз арандатушыларынан еститін едік" деді Борода "Интерфакс" агенттігіне.

- Бұндай сөзді ресми баспасөз мәслихатында мемлекеттік дума вице-спикерінің аузынан естігенде елдегі ұлтаралық бейбітшілікке қауіп төнеді және шиеленіс күшейеді. Толстой мырзаның айтқаны - еврейлерге қарсы хикаяның барлығы тәрізді көне және жалған аңыз, - деді Александр Борода.

Санкт-Петербург қаласы басшысы кеңесшісі "заң мекемелерінен ықтимал экстремизм фактісі бойынша тергеуді бастауды сұраймын" деді.

Басқа еврей қауымдастығы басшылары мен блогерлер (олардың ішінде Антон Носик пен Дмитрий Алешковский де бар) вице-спикерді айыптаушыларға қосылды. Бұған мемлекеттік дума спикері де өз пікірін білдірді.

Әулие Исаак соборын Ресей православ шіркеуіне беруге қарсы адамдар. Санкт-Петербург, 12 қаңтар 2017 жыл.
Әулие Исаак соборын Ресей православ шіркеуіне беруге қарсы адамдар. Санкт-Петербург, 12 қаңтар 2017 жыл.

Ресей мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володиннің айтуынша, "этносқа немесе адамның жеке басына тиісу - өрескел қате", бірақ ол Толстойдың сөзінен ондай ештеңе байқамапты. "Интерфакстың" жазуынша, Володин еврей бірлестігі өкілдерімен кездесуге әзір, алайда Толстойдың сөзіне ренжіп, қарсы пікір жазушыларды қолдауға болмайды. Володиннің сөзінше, Толстой өз жазбасында ешбір этнос туралы айтпайды, "сотталған тұтқындар да отырықшылық шегінде тұрған, Толстой соларды меңзеген болар".

Биыл Ресейде 1917 жылғы революцияға жүз жыл толады, мемлекеттік телеарналарды бақылаушылар көп, сондай кезде осындай даудың туғаны билікке тиімді емес.

Әулие Исаак соборы дүниежүзілік мұра тізіміне енген, оны жыл сайын 3,5 миллион турист келіп тамашалайды. Мемлекеттегі және әлемдегі ең үлкен Ресей православтық соборы саналатын Исаак соборының құрылысы Бірінші Александр патшаның тұсында - 1818 жылы басталған, 1858 жылы Екінші Александр билігі кезінде аяқталды. Большевиктер билеген кезеңде собор дінге қарсы музейге айналды.

Совет одағы құлаған соң ғимаратты Әулие Исаак атындағы ғибадатхана деді, бірақ қалаға үлкен пайда әкелетін мемлекеттік музей қалпын сақтап қалды.

Әулие Исаак соборы. Санкт-Петербург, 15 маусым 2016 жыл.
Әулие Исаак соборы. Санкт-Петербург, 15 маусым 2016 жыл.

Қаңтардың 10-ы күні Санкт-Петербург губернаторы Георгий Полтавченко соборды 49 жылда шіркеуге айналдырамыз деген кезде қарсылық білдірушілер көп болды. Табиғатты қорғаушылар "табысы аз болғандықтан ғимарат тозып кетеді" дейді. Олар белгілі бір уақытта соборға кіре алмай қалуымыз мүмкін деп те алаңдайды.

Қаңтардың 23-і күні Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский "соборды беруге рұқсат етеміз, бірақ азаматтардың кіруіне жағдай жасалуы керек" деді. Мединский "Интерфакс" агенттігінің "Ғимаратты тиісті қалпында ұстауға қаржыны қайдан аласыздар?" деген сауалына «оған Полтавченко жауапты» деді.

Наразылық білдірушілер "Полтавченко Путиннің тұсында шіркеудің байып, саяси ықпалға ие болғанын көрсетуді қалайды" деседі. Путиннің дәстүрлі құндылықтарды қолдап, Батыс либерализміне әлеуметтік консерватизмді қарсы қоятыны белгілі.

Қаңтардың 23-і күні собордың сыртында отырған белсенді фотосын жариялап, қаңтардың 28-і күні шеруге шығуға шақырды. Ол суретте жасыл қаптарға толған ақшаның қасында отыр, қолында "28 қаңтар күнгі шеруге келмеңдер. Бұдан да көп керек" деген жазуы бар.

Change.org сайтындағы соборды Ресей православ шіркеуіне бермеуге шақырған петицияға 200 мыңдай адам қол қойды.

Мемлекеттік думаның вице-спикері Петр Толстой қаңтардың 23-і күні өткен баспасөз мәслихатында шеруді қолдаушыларды сынады. "Өкінішке қарай, біздің Facebook қолданушылар ештеңенің мәніне бармай жатып бір диваннан екіншісіне таң қаларлық жылдамдықпен SOS сигналын жібереді, мемлекетті солай басқарамыз деп ойласа керек" деп жазды ол.

Өзіне қарсы пікірлерді оқыған Толстой бұндай наразылық "адамдардың өз тарихын білмейтінін көрсетті" деп, антисемитизм туралы айыптауға қатты таңданғанын айтады.

Қаңтардың 24-і күні "Интерфакстегі" пікірлерді оқыған Петр Толстой оқиғаны дауға ұластырды деп БАҚ-ты айыптады. "Эко Москвы" мен НГ беттеріндегі тақырыптарды антисемитизм деп атаса болар. Шынымды айтсам, қатты таң қалдым... Олар мені этносқа қарсы сөйледі депті, ондай ештеңе айтпап едім" дейді вице-спикер.

Том Бэлмфордтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG