Accessibility links

Құлдықтан босағандар депортацияланып кетуі мүмкін


Мәскеудегі құлдықтан босатылған Бәкия Қасымова (сол жақта) мен Ләйла Әшірова. Мәскеу, 2 қараша 2012 жыл.
Мәскеудегі құлдықтан босатылған Бәкия Қасымова (сол жақта) мен Ләйла Әшірова. Мәскеу, 2 қараша 2012 жыл.
Мәскеу прокуратурасы «Орталық Азиядан келген екі мигрантты құлдықта ұстады» деген айыппен қылмыстық іс қозғаудан бас тартты.

Ресейлік көші-қон саласының басшылары «тиісті құжаттары болмаған үшін оларды елден шығарып жібереміз» дейді. Адам құқығын қорғаушы белсенділер «билік органдарын бұл жанжалды жылы жауып, елдегі құлдық проблемасының әшкере болуына кедергі келтіріп жатыр» деп айыптайды.

Ләйла Әшірова мен Бәкия Қасымова өздері шеккен ауыр азап осымен бітті деп үміттенеді. Құқық қорғаушылар бұл әйелдерді Мәскеу дүкендерінің бірінде ондаған жыл бойы құлдықта жүрген жерінен бостандыққа шығуына көмектескен. Екі әйелдің мәселесін айтып дабыл қаққан белсенділер ақпарат құралдары арқылы олардың соққыға жығылып, еріктерінен тыс қамауда болғаны жайлы ақпаратты әлемге таратты.

Ақырында ресейлік құқық қорғау органдары осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі «Біздің Мәскеудегі елшілікке «Мәскеудегі Қазақстан азаматтары құлдыққа жегіліп жатыр» деген ақпараттар жиі түседі» деп хабарлаған соң бұл жанжал халықаралық деңгейде талқылана бастады.

ДЕПОРТАЦИЯ ҚАУПІ

Бірақ жағдай кенеттен өзгеріп шыға келді. Осы айдың басында (қарашаның 9-ы күні) полиция «Әшірова мен Қасымованы Ресей территориясында тиісті құжаттары болмаса да тұрып келген» деп айыптады. Құлдықтан босаған қыздар «біздің құжаттарды жұмыс беруші қожаларымыз баяғыда тартып алған» дейді. Екі қыздың адвокаты «полиция қыздарды елден шығарып жіберу үшін осылай жасап жатыр» деп түсіндіреді.

Өткен аптада (қарашаның 13-і күні) прокурорлар «қылмыстық іс қозғауға дәлелдер жеткіліксіз» деген желеумен әйелдерді қамап ұстаған адамдарға қарсы қозғалған қылмыстық істі аяқ астынан тоқтатты.

Мәскеуге Қазақстан арқылы он жыл бұрын келген, қазір 26 жастағы өзбек қызы Ләйла Әшірованың адвокаты Ирина Бирюкованың айтуынша, екі әйел қазір депортацияға қарсы барынша күресіп жатыр және олардың қауіпсіздігіне қатысты ешқандай кепілдік те жоқ.

- Екі қыз да қазір қиын жағдайда қалып отыр. Себебі олардың қылмыстық іске ешқандай да қатысы жоқ. Билік органдарының көзқарасынша, олар Ресей жерінде заңсыз жүрген. Билік өкілдері, әрине, оларды қалай да болсын депортациялағысы келеді. Алайда біз олай жасатпауға тырысып жатырмыз, - дейді Бирюкова.

МӘСКЕУДЕГІ ҚҰЛДЫҚ

Әшірова мен Қасымова құқық қорғаушы белсенділер мен журналистер араласқан соң, 12 қазақ және өзбек азаматтарымен бірге қазанның 30-ы күні Мәскеудегі бір дүкендегі ауыр жұмыстан босатылған. Ол 12 адамның арасында балалар да бар.

Әйелдерді Ресейге жұмыс тауып береміз деген уәдемен алдап әкелген. Олар тергеушілерге өздерінің он жыл бойына қамауда болғанын, қашпақ болғанда соққыға жығылғандарын, жасаған жұмыстары үшін болмашы ғана төлемақы алғандарын айтады.

Ләйла Әшірова Мәскеуге келгенде 16 жаста болған. Азаттық радиосының Өзбек қызметіне сұхбат бергенде ол өзінің он жыл қамауда сұмдық жайттарға куә болғанын айтады.

- Мен жап-жас әйелді өлідей әкетіп бара жатқанын көрдім. Тағы бір әйелді ол жерден ата-аналары күшпен алып кетті. Себебі ол ұзақ уақыттан бері үйіне бармаған еді. Тағы бір қыз ол жерден кетуге мәжбүр болды. Себебі оның бір аяғы гангренаға шалдықты. Ол қыз ол жерде 10-15 жыл бойы жұмыс істеген. Ол қыз бізден бұрын келген еді, - деп әңгімелейді Әшірова.

ПРОКУРОРДЫҢ УӘЖІ

Бірақ Мәскеу прокуратурасының хатшысы Елена Росохина құлдық бойынша ешқандай дәлел жоқ екенін айтты.

- Олар «Бізді құл ретінде ұстады. Біз мұнда бірнеше жылдан бері қамауда болдық» деп айтады. Бұл өзбек әйелдерді ешкім де күштеп ұстамаған. Олар дүкенге, клиникаға барып тұрған. Олар осы уақытқа дейін қамауда болғаны жайлы ешкімге шағымданбаған. Бұл жайттар қалайша қылмыстық іс қозғауға жеткілікті болмақ? Бұл - үлкен мәселе, - дейді Елена Росохина Азаттық тілшісіне.

Адам құқығын қорғаумен айналысатын «Альтернатива» ұйымының өкілі Олег Мельников прокурордың мәлімдемесін «жалған» дейді.

Әйелдерді құтқару ісін ұйымдастырған белсенді топ жетекшісі Мельниковтың сөзінше, «Кейбір тұтқындар перзентханаға барып босану үшін ғана аурухана баруға рұқсат алып отырған. Босанып алған соң оларды қайтарып алған».

Ол "Билік өкілдерін осы қылмыстың ізін жасырып, ашылуына барынша кедергі келтіріп жатыр. Тіпті жергілікті ақпарат құралдары да осы іске мейлінше назар аудармай жатыр" дейді.

- Меніңше, 21-ғасырда Мәскеуде бізге жиі айтатын "тұрақтылық" жағдайында құл ұстау - үлкен проблема. Сондықтан да олар оған мән бермей тергеу істерін жалғастыруға рұқсат бермей жатыр. Бұл жерде жемқорлық мәселесі де бар, - деді ол.

«Азаматтық көмек» ұйымының өкілі Анастасия Денисова Әшірова мен Қасымованың егер де өмірлеріне қауіп төнбесе, бұл істі ақырына дейін апаруға бекініп отырғанын айтады.

- Қыздар күреске нық бекінген. Олар егер өздері қазір осы істің ақырына дейін бармайтын болса және егер де қамаудағы адамдар қала беретін болса, болашақта мұнда да, үйде де тыныштық жоқ деп біледі, - дейді Денисова.

АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛЕРДІҢ ҮНІ

Адвокат Бирюкова қылмыстық тергеу істерінің жабылуына қарсы арызданып жатқанын айтты.

Transhumanitarian ұйымының директоры Данил Медведев Әшірова мен Қасымованың ісі сирек кездесетін жайт емес деп ойлайды. Ол қараша айында журналистерге бүкіл Ресейде құлдықта шамамен жарты миллионнан екі миллионға дейін адам өмір сүріп жатқанын айтқан.

Белсенділер Әшірова мен Қасымованы қамауда ұстаған адамдар Сәкен Мұздыбаев пен Жансұлу Ыстанбекова екенін айтады. Олардың екеуі де - Оңтүстік Қазақстаннан шыққан Ресей азаматтары.

Мельниковтің айтуынша, Жансұлудың әпкесі Шолпан Ыстанбекова Мәскеудің шетіндегі дүкенде адамдарды құлдыққа салғаны үшін қамалған. Бірақ арада бір жыл өтпей жатып Шолпан Ыстанбекова президент Владимир Путиннің «рақымшылығына» ілініп, бостандыққа шыққан.

Ал прокурорлардың пікірінше, Әшірова мен Қасымова депортациялануы керек. Себебі олар өздерін қамауда ұстаған адамға қарсы қылмыстық іс қозғатып жатыр. Бұл екеуінен бөлек бостандыққа шыққан басқа 10 адамның тағдыры не болары әзірше белгісіз.

(Мақаланы ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім).
XS
SM
MD
LG