Accessibility links

Виталий Родостың әкесі Борис Родос Совет Одағын диктатор Сталин билеген тұстағы ең қатігез әрі қаныпезер жендеттердің бірі болған. Ол өмір бойы әкесінің бұл жолға неге барғанын зерттеумен келеді.

1936 жылдың желтоқсан айында кіші лейтенант болып қызметке алынған Борис Родос екі жыл НКВД-ның қанқұйлы саяси бөлімі басшысының көмекшісі болған. Ол орыстың белгілі жазушысы Исаак Бабель мен аты аңызға айналған театр режиссері Всеволод Мейерхольдті, Сталиннің саяси бюро мүшелері мен Совет үкіметінің басқа да лауазымды тұлғаларын өз қолымен азаптаған.

Мейерхольд 1940 жылы атылар алдында: «Олар мені жерге етпеттеп жатқызып, резеңке бұраумен табанымнан, арқамнан ұрды; орындыққа отырғызып, сол резеңкемен аяғымнан ұрды. Келесі күндері қошқыл қызыл болып тұрған сол жерлерді бұраумен тағы да соққылайтын...» деп жазған.

"АЙНАҒА ҚАРАП, ӨЗІМНЕН ЖИІРКЕНЕТІНМІН"

Борис Родостың ұлы, қазір жасы 74-ке келген Виталий Родос сол қасіреттің әр отбасына қалай әсер еткенін зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған. 2008 жылы ол «Жендеттің ұлымын» деп аталатын ерекше мемуар жазды.

Виталий Родос ұлдарының ортасында тұр.
Виталий Родос ұлдарының ортасында тұр.

– Жазушы емеспін, ешқашан болғым да келмеген. Бірақ әкемнің тағдыры өмір бойы маза бермеді. Бұл – өте ауыр. Шыдауға, өзімді оның орнына қойып көруге, ақтауға, даттауға, жазалауға тырыстым. Жазаны орындадым... Кітап жаздым да... айықтым. Қолымнан келгенді істедім, бірақ кітап жақсы шықты ма - ол маңызды емес. Өзімді босаттым. Қазір ештеңе жазбаймын, – дейді ол.

Виталий Родостың бұл кітабы әкесі емес, көбіне өзі туралы, әке тағдырының өз өміріне қалай әсер еткені жайлы. Бір тұсында ол оқырманды өзінің орнына қойып ойлануға шақырады. «Өзіңізді менің орныма қойдыңыз ба? Енді айнаға қараңыз. Өмір бойы осылай айнаға тесірейіп, өз жан-дүниеме жиіркене қарайтынмын. Параллель мен ұқсастық іздейтінмін» деп жазды ол.

Бір кездері Томск университетінде философиядан дәріс берген Виталий Родос әкесін өз ісінің дұрыстығына шүбә келтірмеген қызуқанды адам болған деп санайды. Комсомол қозғалысында жүріп өсіп-жетілген ол елінің сол тұстағына үндеуіне толық құлақ астым деп ойлаған.

Виталий Родостың жас кезіндегі суреті.
Виталий Родостың жас кезіндегі суреті.

- Ол үндеуге құлақ асып, зұлым легионға кірмеуі керек еді. Бірақ «Менің кірмеуге [дәтім, батылым, ерік-жігерім] жетер ме еді?» деген сұрақ мені өмір бойы қинады... Білмеймін. Қазіргі азаматтардың 95 пайызы, әсіресе қазір мұны жан-тәнімен айыптап жүргендер бұл легионға өз еркімен әрі қуана-қуана кіретініне сенімдімін, - деді Виталий Родос.

Ол әкесіне қоса сол кездегі қоғамды да айыптайды.

- «Отаны батыр бол деп талап етсе, кез келген адам батырға айналады» деген ән бар еді. Отаны «тыңшы бол» деді, миллиондаған адам тыңшы болды, сыртқа шықсаң болды, көрші пәтердің өзінен-ақ бір жансыз табылады. Отаны жендет болуға шақырды. Қанша қажет болса, сонша жендет шықты. Одан да көп болар еді. Егер ондай сұраныс болмағанда, әкем пайдалы бір кәсіппен айналысар еді. Менің әкем оның әкесі сияқты тігінші болуы үшін қолымды, аяғымды, өмірімді берер едім. Басқа шаңырақтағылар басын тасқа ұрып, еңіреп жылап жатты. Менің отбасым қайғы-қасіретті білмеді, ал басқа үйлер қара жамылды, - дейді ол.

Виталий Родос әкесі туралы естеліктерінің көбі футболмен байланысты екенін айтады.

- Ол футболды өте жақсы көрді. Менің білуімше, Мәскеудің «Динамо» командасының ойыншыларымен жақын таныс болса керек. Матчтарға үлкен бір ағамен баратынбыз, кейін ғана оның ішкі істер министрі [Всеволод] Меркулов екенін білдім, - дейді ол.

Борис Родостың ұлы Валерий Родосқа жазған хаты.
Борис Родостың ұлы Валерий Родосқа жазған хаты.

Құпия полицияның қанқұйлы басшысы Лаврентий Берияның жақын адамы болған Борис Родостың өзі Сталиннің қазасынан бірнеше ай өткенде, 1953 жылғы қазанда тұтқындалған. Никита Хрущевтің 1956 жылы ақпанның 26-сы күні «Сталин мұрасынан арылу» туралы сөзінен бір күн өткенде ол өлім жазасына кесілді. Сол сөзінде Хрущев Родостың да есімін атаған.

Борис Родос 1956 жылы ақпанның 28-і «Берияның қоластындағы көзсіз жандайшап болыппын» деп ақталып, рақымшылық сұраған өтініш жазған. Сол өтінішінде ол «бейкүнә балалары, қарт анасы мен әйелі үшін» өзіне кешірім беруді сұраған. Ол 1956 жылы сәуірдің 20-сы күні «халық жауы» ретінде атылған.

Борис Родос Мәскеуде, өзі қан қақсатқан зұлмат құрбандары бейіттерінің маңында, Дон зиратына жерленген.

Борис Родостың ұлына жолдаған хаты.
Борис Родостың ұлына жолдаған хаты.

"ЖҰМЫС БОЛМАСА, ЖЕНДЕТ ТЕ БОЛМАЙДЫ"

Ал Валерий Родостың өмірі басқаша болды. Хрущев сөзінің көшірмесін қолына түсірген соң ол әкесі туралы бар ақиқатты білді. 1960 жылдардағы Чехословакиядағы «Прага көктемі» жылымығының әсерімен ол «режимді құлатып, нағыз коммунизм орнатуды» көздейтін астыртын партияның құрамына кірді. Кейіннен тұтқынға алынған ол қысқа уақыт совет түрмесінде отырып шыққан.

Босап шыққан соң жаңа құжат жасатқан Виталий Родос Мәскеу мемлекеттік университетінің философия мамандығына оқуға түседі.

- Тоталитарлық жүйе болғанымен, оның осал тұстары көп болатын. Мыңдаған адам өз құжаттарын жойып жіберген, - дейді ол.

Профессор атағын алған Виталий Родос Совет Одағы құлай сала әйелі мен екі ұлын алып, АҚШ-қа көшіп кеткен.

Виталий Родос пен әйелі және екі ұлының АҚШ-қа кетерде түскен суреттері.
Виталий Родос пен әйелі және екі ұлының АҚШ-қа кетерде түскен суреттері.

Осы уақыт бойы ол әкесінің әруағымен арпалысып жүреді. Оның айтуынша, Ресейде сол заман қазір де қайталануы мүмкін.

- Жендет деген жұмыс болмаса, жендет те болмайды. Ал бос орын бар деп жарияласаң, қаптап келеді. Тәубеге келу еш көмектеспейді. Айталық, қазір Путин ескі режимді қайта қалпына келтірем деп шешсе, ол қанша қаласа сонша жендет таба алады. Бастилияны құлатудың қажеті жоқ, одан да оны мүлде тұрғызбай-ақ қояйық, - дейді Виталий Родос.

2017 жыл Ресей тарихындағы ерекше жыл болмақ. Биыл 1917 жылғы большевиктер революциясына бір ғасыр толса, Сталиннің 1937 жылғы «ұлы террор» зұлматына 80 жыл болмақ. Тарихшы Ричард Пайпстың есептеуі бойынша, 1937-38 жылдары СССР-де күніне 1 мың адамнан атылып отырған.

Ата-бабалары баррикаданың қай жағында болса да, бұл қасірет Ресейдегі әрбір отбасына әсер еткен.
Ресей президенті Владимир Путин.

Соңғы жылдары Сталиннің образын жақсартуға тырысып жүрген Ресей президенті Владимир Путин желтоқсандағы халыққа арнаған жолдауында осы даталар туралы да пікір білдірді. «Өткеннің айтыс-тартысы мен араздығын, қатыгездігі мен өкпе-ренішін біздің заманымызға көшіруге жол берілмейді» деген Путин «ата-бабалары баррикаданың қай жағында болса да, бұл қасірет Ресейдегі әрбір отбасына әсер еткенін» айтты.

2016 жылғы қарашада «Мемориал» адам құқықтарын қорғау ұйымы Сталиннің құпия полициясында жұмыс істеген 40 мың агент туралы мәліметтер базасын жариялады. Арада бірнеше күн өткенде жендеттер тізіміне енген адамдардың ұрпақтары Путиннің атына хат жазып, бұл жобаны жапқызуды сұрады. Олардың айтуынша, «қудаланған бабалары үшін кек алғысы келгендер [тыңшылардың] балаларына, немере-шөберелеріне қастандық жасауы мүмкін».

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG