Accessibility links

Мәскеуде Pussy Riot-ты қолдаған қазақстандыққа үкім шықты


Азаматтық белсенді Татьяна Романова өзі өткізген Pussy Riot тобын қолдау шарасында. Сурет Twitter желісінен алынды.
Азаматтық белсенді Татьяна Романова өзі өткізген Pussy Riot тобын қолдау шарасында. Сурет Twitter желісінен алынды.
Тамыздың 22-сі күні Мәскеуде азаматтық белсенді, Қазақстан азаматы Татьяна Романоваға қатысты сот өтті. Судья "белсенді 500 рубль айып төлесін" деген шешім шығарды.

Мәскеуде жүрген қарағандылық Татьяна Романова Ресей әкімшілік құқық бұзу кодексінің 19-бабы (құқық қорғау орыны қызметкерінің заңды талабына бағынбау) бойынша айып тағылған еді. "Сот оны 15 тәулікке қамауы мүмкін" деген болжам да айтылған.

ҚОЛДАУ

23 жастағы Татьяна Романова Pussy Riot тобына қатысты шыққан үкімге тамыздың 17-сі күні наразылық білдірген еді. Ол сот ғимаратының жанындағы Түрік елшілігінің шарбағына шығып, «Pussy Riot-қа бостандық!» деп айқайлаған.

Қызыл бас киім киген бойжеткен полицияның ескертуін елемеген соң, полицейдің бірі оның артынан өрмелеп шығып, ұстамақ болған. Алайда қызметкерден қашпақ болған Романова Түркия елшілігінің ішінен бірақ шықты.

Азаматтық белсендіні тұтқындау сәтін Youtube сайтынан алынған мына видеодан көре аласыз:



Осылайша «қоғамдық тәртіпті» бұзды деген Романова бір тәулік тергеу изоляторында болып, сотқа дейін босатылған.

Татьяна Қазақстан азаматы болғанымен, Ресейде тұрып жатқанына төрт жыл толған. Бірақ азаматтығын әлі ауыстырмаған. Оның айтуынша, «Қазақстанға депортациялау туралы мәселе көтерілген жоқ, өйткені миграциялық құжаттары дұрыс».

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі шетелде сотты болған Қазақстан азаматы ретінде онымен байланысқа шықпаған және Романова «олардан ешқандай көмек те күтпейді».

ПІКІР БОСТАНДЫҒЫ

2012 жылы ақпанның 4-і күні феминистік Pussy Riot панк тобының мүшелері Құтқарушы Ғайса ғибадатханасында (Храм Христа Спасителя - ред.) «Құдай Ана, Путинді қуа гөр» деп орыс тілінде ән салған еді.
Pussy Riot панк-тобының мүшелері (оңнан солға қарай) Надежда Толоконникова, Екатерина Самуцевич, Мария Алехина сот залында отыр. Мәскеу, 17 тамыз 2012 жыл.
Pussy Riot панк-тобының мүшелері (оңнан солға қарай) Надежда Толоконникова, Екатерина Самуцевич, Мария Алехина сот залында отыр. Мәскеу, 17 тамыз 2012 жыл.

Pussy Riot мүшелері «осылайша қайтадан Ресей президенті болып сайланған Владимир Путинді православие шіркеуі басшысының ашық түрде қолдап шыққанына наразылық таныттық» деп санайды.

Ал орыс православие шіркеуінің басшысы патриарх Кирилл «феминистік Pussy Riot панк тобы Құтқарушы Ғайса ғибадатханасын қорлады» деп мәлімдеді.

Ғибадатханадағы оқиғадан соң көп кешікпей үш қыздың үстінен «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Ол оқиғаны Youtube сайтынан алынған мына видеодан көре аласыз:



Тамыздың 17-і күні Мәскеудегі Хамовник аудандық соты ғибадатханада ән айтқан - Надежда Толоконникова, Мария Алехина, Екатерина Самуцевичтің әрқайсысын екі жыл мерзімге соттап, жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуге бұйырды.

Судья Марина Сырова айыпталушылардың діни ғибадатханада өткізген шарасын «мұқият жоспарланған, діни жеккөрініш ауанында жасалған бұзақылық» деп бағалады.

«АРЗАН ПИАР»

Қазақстанның православ шіркеуінің статс-хатшысы, протоиерей Александр Суворов. Фото pritvor.kz сайтынан алынды.
Қазақстанның православ шіркеуінің статс-хатшысы, протоиерей Александр Суворов. Фото pritvor.kz сайтынан алынды.
Алматыдағы Вознесенский кафедралды соборының шырақшысы Александр Суворовтың пікірі Ресей патриархы Кирилдің көзқарасынан алшақ емес. Оның сөзінше, «Pussy Riot-қа қатысты дау қолдан жасалған».

- Pussy Riot тобы бірнеше күн бұрын дәл соған ұқсас шараны Мәскеудің Богоявлен соборында да өткізген. Бірақ ол ескерусіз қалды. Сондықтан олар келесі акцияны орыстар үшін киелі жер - Құтқарушы Ғайса ғибадатханасында жасап отыр. Бұл - түріктердің Сұлтан Ахмет мешіті секілді ұлттық маңызы зор ғибадатхана, - деді протоиерей тамыздың 22-сі күні Азаттық тілшісіне.

Ол Pussy Riot мүшелерінің жасаған ісін «күпірлік» деп бағалайды.

Ал Pussy Riot-қа тағылған айыптың «қаншалықты әділ болғандығын айта алмаймын, себебі сот ашық өтті және ол Ресей заңнамасының негізінде өтті» дейді Алматыдағы Вознесенский кафедралды соборының қызметкері Александр Суворов.
XS
SM
MD
LG