Accessibility links

Қырық алтыншы саяси тұтқын


Владимир Лапыгин (оң жақта) ғылыми сыйлық алып тұр.
Владимир Лапыгин (оң жақта) ғылыми сыйлық алып тұр.

Тамыздың аяғында Ресейде тағы бір саяси тұтқын тіркелді. «Мемориал» құқық қорғау ұйымы ғалым Владимир Лапыгинді қудалаудың саяси астары бар деп таныды.

Бір жыл бұрын – 2016 жылғы қыркүйектің 6-сында Мәскеу қалалық соты 76 жастағы Лапыгинді Ресей қылмыстық кодексінің 275-бабы («Мемлекетке опасыздық жасау») бойынша жеті жылға соттап, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге кескен.

Лапыгиннің ісі – 2000 жылдардың басында Ресейде алғашқы легі басталған осыған ұқсас «тыңшылық» істердің бірі.

2004 жылы физик Валентин Даниловты «Қытайдың пайдасына тыңшылық жасады» деген айыппен 14 жылға соттап, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге үкім еткен. Сол жылы, тергеу болжамынша, АҚШ-қа Ресейдің мемлекеттік құпияларын берген Ресей ғылым академиясының АҚШ және Канада институтының қызметкері Игорь Сутягин 15 жылға сотталған.

Игорь Сутягин сотта тұр. Мәскеу, 7 сәуір 2004 жыл.
Игорь Сутягин сотта тұр. Мәскеу, 7 сәуір 2004 жыл.

«Шпиономанияның» екінші легі шамамен 2014 жылы басталды – көп балалы ана Светлана Давыдованың аты шулы ісін немесе 2016 жылы 12 жылға қатаң режимдегі колонияға кесілген сочилік авиадиспетчер Петр Парпуловтың ісін еске алуға болады.

Қытайдағы әріптестеріне «құпия бағдарламаны» берген Владимир Лапыгин - Ресейде «мемлекетке опасыздық жасау» айыбымен 2016 жылы сотталған 14 адамның бірі.

Лапыгин – СССР-дің және Ресейдің еңбегі сіңген зымыран жасаушысы, «Роскосмос» ғарыш корпорациясының бас ғылыми-зерттеу институтының орталық машина жасау ғылыми-зерттеу институтының қызметкері. Институтта жұмыс істеген 46 жыл ішінде ол 1970 жылдан кейін елде жасалған бүкіл зымыран тасығыштар мен құрлықаралық баллистикалық зымырандарды құрастыруға қатысқан. 2015 жылғы мамырдың 13-інде Лапыгинді «құпия мәліметтері бар бағдарламаны Қытайға берді» деген айыппен қамауға алған. Лапыгин үйқамақта отырған кезде жазған «Мен қалай тыңшыға айналдым» деген жазбасында: «Құпия мәліметтерді» ФСБ қызметкері – ФГУП ЦНИИмаш («Орталық машина жасау ғылыми-зерттеу институты» федералдық мемлекеттік унитарлы кәсіпорын – ред.) кураторы ойлап тапқан. Мемлекетке опасыздық жасау айыбы бастан-аяқ ойдан шығарылған» деп мәлімдейді.

ФСБ көлігі. (Көрнекі сурет)
ФСБ көлігі. (Көрнекі сурет)

Лапыгин гипердыбыстық ұшу аппараттарының аэродинамикалық сипаттамаларын есептеу бағдарламасының архивтелген демо-нұсқасын 2011 жылғы желтоқсанда қытайлық танысы Чэнь Вэйцзяға шынымен жолдаған. ЦНИИмаш кәсіпорны Қытаймен бірлескен жобаларын жылдар бойы дамытып келген, сондықтан Лапыгин институттың «1-бөлімімен» әрдайым келісіп, Қытайда қызметтік іссапармен талай болған. Ғалым демо-нұсқаны қытайлық әріптесіне бағдарламаның Қытай нарығындағы коммерциялық құнын талқылау үшін жіберген, бірақ Лапыгин файлда ешқандай құпия мәліметтер жоқ деп ойлаған.

Бағдарламаның демо-нұсқасы «Союз» типтес жерге қонатын аппараттың аэродинамикалық сипаттамаларының біреуін ғана есептей алады, ал ол мәліметтер баспасөзде баяғыда ашық жарияланған. Бірақ құпия мәліметтер бағдарламаның тіпті толық нұсқасында да болуы мүмкін емес, өйткені оны ашық жариялауға рұқсат беретін тиісті ұйғарым 2010 жылы шыққан. Сотта қорғаушы тараптың куәгері ретінде сөйлеген бағдарлама авторы Андрей Горшков та осылай дейді. Оның айтуынша, жүйені құрастыру кезінде ол сүйенген ғылыми еңбектердің ешқайсысында «құпия» белгісі жоқ. Бірақ сот әдеттегідей сараптаманы негізгі дәйек деп тапты.

Лапыгиннің ісін тергеуші сараптама комиссиясы құрамына Лапыгиннің бұрынғы аспиранты және қарамағындағы қызметкері әрі жетекшісімен қырынқабақ болып жүрген Алексей Галактионовты енгізген.

Лапыгиннің ісін тергеуші сараптама комиссиясы құрамын өзі белгілеп, сарапшылар тобына қорғаушы тарап енгізуді талап еткен мамандарды қоспай, есесіне Лапыгиннің бұрынғы аспиранты және қарамағындағы қызметкері әрі жетекшісімен қырынқабақ болып жүрген Алексей Галактионовты енгізген. Комиссия айыптаушы тарапқа қажет «файлда құпия мәліметтер болған» деген ұйғарым шығарып берді. ФСБ әлгі сараптамаға сілтеме жасап, ЦНИИмаш кәсіпорнынан Горшковтың федералдық интеллектуалдық меншік қызметі – Роспатентте бұрыннан тіркеліп қойған бағдарламасының өзін құпияландыруды талап етті. Лапыгиннің адвокаты Василий Процык «комиссия құрамында Лапыгиннің танысы Галактионов болды» деген уәжбен сотты сараптаманы қайта өткізуге көндірді. Бірақ сарапшылар тобының жаңа құрамына қорғаушы тарап ұсынған мамандар тағы кірмей қалды. Сот пікірінше, «олардың бәрі – айыпталушының таныстары, сондықтан әділ ұйғарым шығара алмайды». Сот Процыктың «бұл – аясы тар сала, оның нағыз мамандары конференцияларда кездесіп тұрады, бір-бірінің еңбектерін оқиды» деген уәжіне құлақ аспады.

Қайта құрылған сараптама комиссиясы да алғашқы комиссия сияқты Қытайға Лапыгин жолдаған мәліметтерде «мемлекеттік құпия бар, әлгі мәліметтерді шетелдік арнайы қызмет өкіліне беру Ресей Федерциясы қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деген ұйғарым шығарды. Шындығында, екінші сараптама ұйғарымының мәтіні алғашқы сараптама мәтініне қатты ұқсайды, ал кей тұстарында одан тіпті тұтас абзацтар келтірілген. Бірақ сот әлгі ұйғарым негізінде Владимир Лапыгинді айыпты деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айыру және жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге үкім кесті. Бұл «Мемлекетке опасыздық жасау» бабында қарастырылған жаза мерзімінің төменгі шегінен (12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру) аз мерзім, адвокат Василий Процык мұншалықты «жұмсақ» үкім кесу сырын «айыптаушы тараптың дәлел-айғақтар базасының жеткіліксіздігінен» деп түсіндірді.

Үкімді 2016 жылғы желтоқсанда Ресей жоғарғы соты бекітіп, Лапыгинді колонияға этаппен жіберді. 2017 жылғы ақпанда ішінде Ресей ғылым академиясының академиктері Владимир Левин, Сергей Суржиков, Василий Фомин және корреспондент-мүшесі Иван Егоров бар 23 ғалымнан тұратын топ Владимир Лапыгинге рақымшылық жасауды сұрап, Владимир Путинге хат жолдады. Мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталған ғалым Қытайға материалдарды «дұрыс ресімдемей» бергенін хат авторлары мойындайды, бірақ «мұның еліне зияны тимейтінін маман ретінде түсінгендіктен ғана осылай істеген» деп көрсетеді. «Екі рет аса ауыр жол көлік апатына ұшыраған 76 жастағы адам үшін кез-келген жаза мерзімін қатаң режимдегі колонияда өтеу өлім жазасына парапар» делінген әлгі хатта.

Өтініш хатқа қол қойғандардың бірі – физик, СССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Александр Крайко «Открытая Россия» басылымына ғалымдардың хатына Ресей президенті әкімшілігінен «егер Лапыгин қамауда отырған Тверь облысындағы рақымшылық жариялау комиссиясына рақымшылық туралы өтініш жазса, Путиннен реакция болуы мүмкін» деген жауап келгенін айтып берген. 2017 жылғы наурызда ондай өтініш жолданған, бірақ әзірше жауап келген жоқ.

Владимир Лапыгинге қарсы іс ЦНИИмаш кәсіпорнындағы ФСБ кураторы әрі ғалымның шетелдік іссапарларға шығуына көп жылдар бойы рұқсат беріп келген адам Артем Егоровтың талабымен қозғалған. Лапыгин оны қудалауға институттағы қаржылық былықтар жайлы Егоров екеуінің арасындағы әңгімелер түрткі болған шығар деп жорамалдайды. Бұл жайлы ол «Мен қалай тыңшыға айналдым» деген жазбасында жазады. «Мені эксперименттік стендтерді жаңартуға арналған құжаттар жобасын құрастыруға қатысты жұмыстардың қаржылық есебін және жұмысты бірлесіп атқаруды талап еткенім үшін қамаған шығар. 2015 жылдың басында зерттеу қондырғыларын қайта жабдықтау жөніндегі бюджеті қомақты бағдарламаның техникалық жетекшісі болғанмын әрі мердігер компаниялардың өкілдерінен бюджет ақшасы қайда жұмсалып жатқаны жайлы ашық әрі нақты есеп талап еткенмін» дейді ол.

Бірақ ғалымды қудалаудың мүлде өзге себебі болуы да мүмкін. Александр Крайко «Открытая Россия» басылымына берген комментарийінде: «Біреулер кезекті жұлдыз алғысы келді ме деп күдіктенемін» деген болжам айтқан. Лапыгиннің өзі де әлгі мәтінінде: «ФСБ зерттеу нысанына қатысты тиісті білімі жоқ, бір топ сенімді адамды жинап алып, сарапшы етіп тағайындайды, олар қажет ұйғарым жазып береді, ал ФСБ мен прокуратура қызметкерлері оны дұрыс әрі дәлелді ұйғарым деп қабылдайды. Қорғаушы тарап пен айыпталушының шағымдарын қанағаттандырмайды, ақыры сот айыптау үкімін кеседі. ФСБ-да той, бәрі награда алуға кезекке тұрады» деп жазады.

«Тыңшылық істердің» алдыңғы легі Владимир Путиннің алғашқы президенттік мерзімі кезінде Ресейдің арнайы қызметі ықпалын күшейту тұсында басталған.

Тыңшылық айыбымен сотталған адамның бірі - физик Валентин Данилов мерзімімен бұрын босап шыққан.
Тыңшылық айыбымен сотталған адамның бірі - физик Валентин Данилов мерзімімен бұрын босап шыққан.

Бұл жолғысы Қырым аннексиясы, Украинадағы жағдай, Ресейді халықаралық оқшаулау күшейген тұста басталды. Қазір арнайы қызметке 15 жыл бұрынғыдай өзінің маңыздылығын дәлелдеп қажеті жоқ, енді «шпиономанияның» өзге себептері бар. «Мемориал» ұйымы өкілдері: «[мемлекетке опасыздық жасады деген сылтаумен сотталғандар санының көбеюі] – соғыс уақыты кезіндегідей атмосфераны қоғамда саналы түрде орнатып, «бесінші колонна» мен «халық жауларын» іздеуге ұласқан мемлекеттік саясат пен үгіт-насихаттың салдары. Елді осындай атмосферада ұстау үшін «тыңшылар» мен «отанын сатқандарға» қарсы жаңа қылмыстық істер қажет, сондықтан құқық қорғау органдарының жұмысы қылмыстық істерді ойдан шығару, азаматтардың заңды әрекеттерін жасанды түрде криминалдандыруға бағытталған» деп санайды. Владимир Лапыгин құқық қорғау орталығы тізіміндегі №46 саяси тұтқынға айналды.

Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG