Accessibility links

Ресей мемлекеттік думасы өзге ел БАҚ-тарын "шетел агенті" деп тіркеу туралы заңды бір ауыздан қабылдады. Сарапшылар Ресейде жұмыс істейтін америкалық бұқаралық ақпарат құралдарын шетел агенттері реестріне енгізу мен олардың қысастыққа ұшырау ықтималдығы Мәскеу мен Вашингтон арасындағы араздықты қоздыра түседі деп санайды.

​Америкалық комментаторлардың негізгі тұжырымы АҚШ үкіметінің ресейлік мемлекеттік ақпарат құралдарына қатысты әрекетіне қарымта қайтаруға Кремльдің құқығы бар екеніне ешкім дауласпайды дегенге саяды.

Бірақ олар кабельді желілердің көмегімен ондаған миллион америкалықтың үйінде емін-еркін хабар таратып, АҚШ-та мүлде еркін жұмыс істейтін RT (Ресей қаржыландыратын Russia Today телеарнасы – ред.) арнасының жағдайы мен америкалық ақпарат құралдарының Ресейдегі жағдайын салыстыру мүмкін емес дейді. АҚШ-тағы журналистерді қорғау комитеті өкілі Нина Огнянова осы тақылеттес, бірақ әлдеқайда қатал пікір білдірді. Ол "Тәуелсіз БАҚ-қа шабуыл жасап, қудалап, тұншықтырған, Ресейдегі танымал тәуелсіз журналистерді қастандықпен өлтіруді дұрыстап тексермей қойған Ресей үкіметінің енді келіп жаңалық тарататын халықаралық ұйымдардың қызметін шектейміз деп сестенуі ашу келтіреді" деп мәлімдеді.

Журналистерді қорғау комитеті АҚШ әділет министрлігінің RT телеарнасын (нақтырақ айтқанда, осы арна үшін телебағдарлама шығаратын америкалық компанияны) шетел агенттері тізіміне кіргізу шешімін де сынап, "ненің журналистика, ал ненің насихат екенін үкімет шешпеуі тиіс» деп мәлімдеді.

RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симонян мен тележүргізуші Дмитрий Киселев.
RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симонян мен тележүргізуші Дмитрий Киселев.

Азаттықтың Орыс қызметі әңгімелескен Вашингтондағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының өкілі Джеффри Манкоффтың пікірінше, АҚШ пен Ресейдегі жағдайды салыстыру мүмкін емес.

Сондықтан Ресейдегі америкалық БАҚ-тардың қызметіне қатысты жаңа шектеулерді қарымта шаралар деп көрсету әрекеттерінің бәрі - абсурд. Шын мәнінде әлгі шектеулер – ресейліктер үшін жаңалықтар кеңістігін тарылту әрекеті.

Джеффри Манкофф: - Меніңше, мұны Кремльдің "айна-қатесіз" жауабы деп атауға мүлде болмайды. Егер материалдарын "америкалық үкімет қаржыландырады" деген таңбамен Ресейде еркін тарауға Азат Еуропа/Азаттық Радиосы корпорациясына рұқсат берсе, сонда "айна-қатесіз" жауап болар еді. Бірақ Азаттық радиосына Ресейде хабар таратуға мүмкіндік бермейді, оның материалдарын интернеттен ғана оқып, тыңдауға болады! Сондықтан Ресейдегі америкалық БАҚ-тардың қызметіне қатысты жаңа шектеулерді қарымта шаралар деп көрсету әрекеттерінің бәрі - абсурд. Шын мәнінде әлгі шектеулер – ресейліктер үшін жаңалықтар кеңістігін тарылту әрекеті.

Азаттық: - Ал Америка билігінің ненің журналистика, ал ненің насихат екенін анықтауға килігуін жақтырмайтын журналистерді қорғау комитетінің АҚШ үкіметінің әрекеттерін сынауына қалай қарайсыз?

Джеффри Манкофф: - Мен RT телеарнасының сөз бостандығына қатысты құқығын қамтамасыз етуге қарсы емеспін. Бірақ RT арнасы таратып жатқан дүниелердің көбі құр сандырақ қана емес, АҚШ-қа деген өшпенділік саясатын ұстанатын Ресей билігінің жарлығымен жасалып жатқанын ескерсек, әлгі материалдарды тұтынушылардың көзін ашатын шаралар ойластыру керек. Бұған мемлекет араласуы тиіс деп кесімді түрде айта алмаймын, бірақ мысалы, әлеуметтік желілер өздерінің жаңалық таспаларына белгілі бір жаңалықтар қызметінің өнімдерін жариялатпай қоюына немесе беделді ақпарат құралдары күмәнді дерек көздерінің ақпаратын таратудан бас тартуына бола болады.

Азаттық: - Егер Кремль, ресейлік кей функционерлер ескерткендей, өзге ел БАҚ-тарына шетел агенттері деген айдар тағып қана қоймай, олардың Ресейде жұмыс істеуіне де тыйым салуға тырысса, АҚШ-тың жауабы қандай болатынын болжауға бола ма?

Джеффри Манкофф: - Бұған қатысты болжам айту қиын. Біз белгілі бір ресейлік саясаткерлерге қарсы санкция енгізе аламыз. Әлдебір «дипломаттарды» елден шығарып жібере аламыз, яғни алуан түрлі шара қолдануға болады. Меніңше, қарымта шаралар лайықты жауап және Американың ұлттық мүдделеріне сәйкестік принципіне негізделетін болады.

Азаттық: - RT арнасын америкалық кабельді желілерден ажыратып тастап, телеарнаның АҚШ-та жұмыс істеуіне кедергі келтіретін әрекеттер болады деп елестете аламыз ба?

Джеффри Манкофф: - Жоқ, өйткені бізде конституциядағы бірінші түзету сөз еркіндігіне кепілдік береді әрі АҚШ жоғарғы соты БАҚ-тардың құқығын әрдайым қолдап келеді.

Нью-Йорктегі көлікке жапсырылған Russia Today жарнамасы.
Нью-Йорктегі көлікке жапсырылған Russia Today жарнамасы.

Вашингтондағы америкалық сыртқы саясат кеңесінің вице-президенті Илан Берман егер Кремль президент сайлауы жақындағанда мына жағдайды америкалық және халықаралық БАҚ-тарды Ресейдің жаңалықтар кеңістігінен ығыстырып шығару үшін пайдаланатын болса, RT телеарнасы АҚШ билігі тарапынан елеулі санкцияға ұшырауы мүмкін деп санайды.

Илан Берман: - Біз RT телеарнасының АҚШ-тағы болашағын талқылайтындай шиеленіске әзірше жеткеніміз жоқ. Бірақ жетуіміз әбден мүмкін. Әзірше RT-ді Ресей үкіметінен толық тәуелсіз емес жаңалықтар тарататын ұйым деп танып, шетел агенті ретінде ресми тіркеп, алғашқы қадам жасалды. Енді мемлекеттік дума осы қадамға ресми реакция танытып жатыр. Енді тірес тереңдей түсіп, RT-ді АҚШ-тағы қызметін шектеуге мәжбүрлеуге тырысу немесе бағдарламаларын спутник арқылы трансляциялау мүмкіндігінен айыру сияқты қарымта әрекеттер бола ма әлде жоқ па - бұл жағы әзірше түсініксіз, бірақ олай да болуы мүмкін екені анық.

Азаттық: - RT-ге қатысты жағдай мен Ресей думасының жауабын Вашингтон қаншалықты жіті бақылап отыр деп ойлайсыз?

Илан Берман: - АҚШ басшылығы Ресейдің ақпарат соғысына, оның ақпараттық операцияларына мұқият назар аударып, қарымта қайтаруға дайындала бастады десем, қателеспейтін сияқтымын. RT - осы операциялардың бір бөлігі. Жаңа айтқанымдай, қарымта жауап қандай формада болатыны әзірше белгісіз. Президент Трамп Кремльмен қарым-қатынаста жанжалдасу тәсіліне онша жүгінгісі келмейді деген пікір бар. Бірақ ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшілерінің көбі, америкалық депутаттар АҚШ-тың сайлау процесіне Ресейдің килігуін қауіпті санайды, сондықтан Трампқа қарағанда әлдеқайда қатаң позиция ұстанады. Ресей әрекеттеріне америкалық қарымта жауап қандай болуы тиіс деген мәселеде АҚШ басшылығында әзірше ортақ позиция жоқ, бірақ бітісу емес, батыл реакция таныту қажет деген идеяны құптау басым екені байқалады.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Юрий Жигалкиннің мақаласы орыс тілінен аударылды)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG