Accessibility links

«Бұл қырғиқабақ соғыс емес...»


Мәскеудегі Қызыл алаң. (Көрнекі сурет)
Мәскеудегі Қызыл алаң. (Көрнекі сурет)

Ресей мен Батыс арасындағы араздық қанша жерден асқынса да, оны қырғиқабақ соғыс деуге болмайды. Бұл - одан да өткен шатақ. Неге екенін Power Vertical блогында Брайан Уитмор баяндайды.

Михаил Горбачев әлемнің «жаңа қырғиқабақ соғыстың» алдында тұрғанын ескертеді. Генри Киссинджер оның алдын алудың әдісін білетінін мәлімдеді. Ал Владимир Путин әлемдегі ахуалды одан бетер ушықтыра түскісі келетін сияқты.

«РЕСЕЙ АЛЫП ДЕРЖАВА ЕМЕС»

Қырғиқабақ соғыс туралы болжам көбейді, қауіп те күннен күнге күшейіп тұр. Лондондағы European Leadership Network (ELN) орталығының кейінгі сегіз айды қамтитын есебіндегі мәліметке қарағанда, «Ресей мен Батыс осы 10 жыл ішінде әскери қақтығысқа беттеп келеді».

Баяндамада бұған дәлел ретінде «ұлттық әуе кеңістігін бұзу, әуеде соғысуға шақ қалу, теңізде де тақасу, шабуыл жасайтындай түр көрсету, ...барлаушы ұшақтардың ізіне түсу, әскери кемелерге төніп келу, Ресейдің «бомбалау жаттығулары» сияқты әрекеттер» аталған.

Бірақ оның бәріне қарамастан, Ресей мен Батыстың арасындағы шиеленіс жаңа қырғиқабақ соғыс емес.

Бұл егестер қырғиқабақ соғыс болуы үшін Ресей алып держава болуы тиіс. Іс жүзінде олай емес. Мәскеу Батыстың либералдық демократиялық капитализмімен бәсекеге түсе алатын мемлекеттер одағына жетекшілік етсе керек еді, олай да емес.

Солдан оңға қарай (алдыңғы қатарда): АҚШ президенті Барак Обама, Ресей президенті Владимир Путин және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 11 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Солдан оңға қарай (алдыңғы қатарда): АҚШ президенті Барак Обама, Ресей президенті Владимир Путин және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 11 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Саясаттанушы Владимир Фролов жақында The Moscow Times газетіне «Ресейдің халықаралық қатынастарға жалғыз әсер ете алатын шамасы жоқ, бұл ел – аймақтағы ортаңқол мемлекет. Мәскеу Вашингтон және Пекинмен бой таластыра алмайды» деп жазды.

«Мәскеу өзін алып держава деп ойлайды, соның елесімен ауырады, бірақ оның бұл кеудемсоқтығын көтеріп тұра алатын экономикасы да, технологиялық қуаты да жоқ. Қолындағы жалғыз шоқпар - ядролық қаруы. Сол шоқпарды ары-бері бұлғап отырған бұл ел шектен шығып кетті» дейді Фролов.

СССР-МЕН САЛЫСТЫРУ

Мәскеу қанша тырысса да Батысқа қарсы тұратын елдер одағын құра алмады. Жарнамасы жер жарған БРИКС - дамып бара жатқан Қытайдың етегіне жармасқан орта деңгейлі елдер ғана.

Қанша кемшілігі болса да (ондай кемшілігі тым көп еді) СССР коммунизмі Батыстың демократиялық капитализміне балама саяси-экономикалық жүйе ұсынды. Ондай жүйе құруға ұмтылған мемлекеттер болды. Әсіресе СССР үлгісіне Үшінші әлем елдері қызықты.

Ал Ресей қандай жол ұсынды? Гомофобия мен «дәстүрлі құндылықтарды қорғау» деген сылтаумен гомосексуалдарды соққыға жығу ма? Мұнайдан түскен долларды азық еткен клептократия ма? Әлде «Ресей империясы қайта тірілді» деген риторика ма?

Халықаралық қатынастар институттарының АҚШ-тағы кеңесі және Global Governance Program директоры Стюарт Патрик жақында блогына «Ресей де, Қытай да (бұл екі елдің басшылары пайда қуып, коммунистік авангард болудан баяғыда бас тартқан) еркін нарық капитализмімен бәсекеге түсуге лайық әмбебап идеология ұсынбады» деп жазды.

Оның ойынша, «Мәскеу мықтағанда барлық жауларына оңды-солды мағынасыз үндеулер тастайды».

Петр Померанцев.
Петр Померанцев.

Петр Померанцев The Atlantic журналына берген сұхбатында «Кремльдің Батысқа балама ұсына алмайтыны оның орашолақ насихатынан-ақ байқалып тұр» дейді.

Оның айтуынша, «Путиннің Ресейі алдымен «шындықты» қолдан жасап, бұқараның көз алдына елестетеді, солайша оны кейін саяси науқанға айналдырады».

Советтік коммунизмде қандай да бір логика, идеологияның бірізділігі болса, қазір ақиқат пен уәждің ара-жігін ажырату қиын.

«Совет Одағында өтірік айтылып жатса да, шындықты айту деген идея маңызды еді. Советтік насихат Кремльдің теориялары немесе жалған деректері «шындық» екенін дәлелдеуге тырысты. Ал қазіргі насихатшылар жұртты иландырайын демейді, тыңдарманның назарын Батыс ақпараттарына аудармай, ұстап тұруға ғана тырысады » деп жазады ол.

«МҰНДАЙ КИНОНЫ БҰРЫН ДА КӨРГЕНБІЗ»

Бұл қырғиқабақ соғыс емес. Сонда не? Бұл одан да қауіпті әрі қорқынышты сұмдық. Қырғиқабақ соғыс кезінде Кремль қалыптасқан халықаралық жүйені сақтауға тырысатын. Идеологиясы мен үндеулері өзгермесе де, Сталиннен кейінгі СССР-ді «революциялық» деп атауға келмейді. Яғни, ол билікті сақтауға тырысқан классикалық жүйеге айналды.

Бірақ соңғы 25 жылда жаңа халықаралық тәртіп орнап, әлемдік жүйе екі алпауыт державаның бәсекесі болудан қалды – Мәскеуге бұл ұнамайды. Кремль 20-ғасырдағы қосполярлық әлем немесе ірі державалар бір-біріне бөгет жасамаған 19-ғасырдағы «ұлы күштер келісімі» қайта орнаса дейді. Осы ойын жүзеге асыра алмаса, қазіргі әлемдік тәртіпті талқандау үшін аянып қалмайды.

Патрик «Ресей қанша жерден жоққа шығарып, жасырып-жапса да, оның Украинаға басқыншылық жасауын халықаралық либералдық тәртіпке қарсы жарияланған соғыс деп білеміз. Ол тәртіпті орнату үшін АҚШ пен Батыс көп еңбек сіңірген еді» деп жазады.

Украинаға Ресейден кірді деген танкілер. Донецк, 10 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Украинаға Ресейден кірді деген танкілер. Донецк, 10 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Оның пікірінше, «Ресейдің қазіргі әрекеті - күш көрсету саясатының қарадүрсін үлгісі. Кремль мұнысымен егемендік принципі, шекаралардың мызғымастығы, азаматтықты ұлтшылдықтан жоғары қою сияқты қағидаларға шабуыл жасап жатыр. Ресей өзінің осындай ықпалының заңсыз екенін мойындағысы келмейді».

Қырғиқабақ соғыс кезінде тұрақтылық болды, екі жақтың әрекетін болжауға болатын еді. Ал қазіргі жағдай мүлде басқа.

Ресей қазір «спойлер» (бүлікші – ред.) рөлін ойнап отыр. Халықаралық тәртіпке шабуыл жасаған, оның үстіне ядролық қаруы бар «спойлер» – өте қауіпті.

Әлем мұндай «киноны» бұрын да көрген. Наполеон бастаған Франция ағылшындар басымдық жүргізетін еуропалық тәртіпті 19-ғасырдың басында талқандамақ болды. 20-ғасырда Германия да екі мәрте соған ұмтылған еді.

Патрик «Киссинджердің терминімен айтқанда, әлем «революциялық» кезеңнен өтіп кеткен. Ол кезеңде Франциядағы төңкеріс, Лениннің Ресейі немесе Маоның Қытайы сияқты радикалдық билік бүкіл әлемді өзгертуді армандады» деп жазады.

Бірақ ондай кезең келіп қалуы да ғажап емес.

(Брайан Уитмордың блогын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG