Accessibility links

"Башқұрт" ұлттық ұйымы жетекшісі Руслан Габбасов: Билік бізді саяси алаңнан біржола аластағысы келеді


Куштау тауы етегінде "Башқұрт" ұлттық ұйымы өткізген жиынға қатысушылар. Маусым, 2019 жыл.
Куштау тауы етегінде "Башқұрт" ұлттық ұйымы өткізген жиынға қатысушылар. Маусым, 2019 жыл.

Башқұртстан прокуратурасы "Башқұрт" ұлттық ұйымын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салуын сұрап сотқа арызданғаны белгілі болды. Бұған дейін құзырлы орган "Башқұрт" ұйымына "экстремистік қызметпен айналысуға болмайтыны" туралы ескерту жіберген. Прокуратура ескертуі "Башқұрт" ұйымы қызметіне "бұрын экстремистік баптар бойынша жауапқа тартылған Сагит Исмагилов, Фанзиль Ахметшин, Айрат Дильмухаметов" сынды белсенділер қатысып, "Башқұртстан аумағында экстремистік қызметке шақыру және ұйым қатарына жаңа адамдарды тарту мақсатында жаппай қоғамдық шаралар ұйымдастырылып жатыр" деген тұжырымға негізделген. Бұған қоса прокуратура Башқұрт мемлекеттік университетінің мамандары жүргізген "Тарихи-психологиялық-лингвистикалық зерттеу" қорытындысына сүйеніп, "Башқұрт" өткізетін йыйындар (жиындар) негізінен басқа мақсатты көздейтіні айтылған. "Башқұрт" ұлттық ұйымы белсенділері онымен келіспейді.

Билік пен құқық қорғау органдары "Башқұрт" ұлттық ұйымын Куштау тауын қорғау мақсатында "Ерлердің жалпыбашқұрттық йыйынын" өткізгеннен кейін қудалай бастаған. Бірнеше күннен кейін ұйым белсенділерін, делегаттар қатарында болғандарына қарамастан, башқұрлардың бүкіләлемдік 5-құрылтайына кіргізбеген. "Башқұрт" ұлттық ұйымының төрағасы Фаиль Алсынов пен белсенді Ильмир Мухаметьяров құрылтай жиынынан күштеп шығарылып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Құрылтай жиынына қатысқан республика басшысы қызметін уақытша атқарушы Радий Хабиров ұйым белсенділерін меңзеп, "шовинизмді насихаттап, расизмге бет бұрған" оларға "аяушылық танытпайтынын" мәлімдеген.

"Башқұрт" ұлттық ұйымы жетекшілерінің бірі Руслан Габбасов.
"Башқұрт" ұлттық ұйымы жетекшілерінің бірі Руслан Габбасов.

2019 жылы желтоқсанның басында "Башқұрт" ұлттық ұйымы Куштау тауын сақтап қалу мақсатында ғалымдар, қоғам өкілдері мен азаматтық белсенділердің қатысуымен жиын өткізген. Шараға қатысушылар халықаралық қауымдастықты тауды қорғауға қолдау көрсетуге шақырған. Осыдан кейін прокуратура, төтенше жағдайлар министрлігі мен Башқұртстан ішкі істер министрлігі экономикалық қауіпсіздік пен жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері "Башқұрт" ұйымын тексеруге келген. Барлық тексеріске белгісіз азаматтардың "Башқұрт" ұйымы кеңседе "экстремистік қызметпен айналысады" деген анонимді шағымы негіз болған.

Азаттықтың "Idel.Реалии" сайтына берген сұхбатында "Башқұрт" ұлттық ұйымы басшыларының бірі Руслан Габбасов прокуратураның арызы және билік тарапынан басталған қудалаудың астары туралы әңгімеледі.

- Руслан, "Башқұрт" ұйымы прокуратура арызымен танысып үлгерді ме?

- Жоқ, ол әлі қолымызға тиген жоқ; сотта бір-ақ танысатын сияқтымыз.

- Онда прокуратураның былтыр желтоқсан айында жіберген ескерту хатындағы талаптар мен айыптаулар болуы мүмкін бе? Әлде жаңа бір айып қосыла ма?

Башқұрттың ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанның ескерткіші жанында тұрған башқұрт белсенділері. Күзен ауылы, Башқұртстан, 29 қараша 2017 жыл.
Башқұрттың ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанның ескерткіші жанында тұрған башқұрт белсенділері. Күзен ауылы, Башқұртстан, 29 қараша 2017 жыл.

- Дәл сол айыптаулар болатын шығар. Билік біздің ұйымды "экстремистік" деп танып, осы негізде оның қызметіне тыйым салу үшін жұмыс істеп жатыр деген күдігіміз бұрыннан болған. Бізге олардың бұл үшін сылтау іздеп жүргені туралы хабар жетті. Прокурорлар "жаңа" бір нәрсе табуы мүмкін бе? Білмеймін. Бірақ, қалай болған күнде де, біздің қызметімізде экстремистік ештеңе жоқ. Егер шынымен сондай бір нәрсе болса, олар ұйымды әлдеқашан жауып тастау үшін қалт жібермес еді.

- Прокуратура өткен жылы желтоқсанда ескерту жіберіп, сіздерге "хатта көрсетілген кемшіліктерді түзетуге екі ай мұрсат берген". Сіз бұл ескертуге байланысты сотқа шағым беретініңізді айттыңыз. Үлгердіңіз бе?

- Хатта көрсетілген мерзім ақпан айының соңында аяқталады. Осы аптаның басында жауап дайындап, онда біздің "экстремистік қызметпен айналысқанымыз" туралы айыптаулардың негізі жоғын көрсеттік. Айрат Дильмухаметов ешқашан "Башқұрт" ұйымы құрамында болмаған; ол соңғы уақытта біздің қызметімізді бірнеше рет сынаған. Сагит Исмагилов пен Фанзиль Ахметшин де ұйым басшысы емес.

Башқұрт саясаткері, публицист Айрат Дильмухаметов сотта отыр.
Башқұрт саясаткері, публицист Айрат Дильмухаметов сотта отыр.

Одан бөлек, Исмагиловтың сот үкімі оны жауапқа тартқан баптың декриминализациясына байланысты жойылды. Прокуратурадан құзырлы органды біз өткізетін йыйындар башқұрлардың дәстүріне сай келмейді деген ақылға сыймайтын шешім шығаруға итермелеген "сараптама" қорытындысын сұрадық. Халқымыз бен оның өкілді мекемелерінің түрлі кезеңдегі тарихын көп жылдан бері зерттеп келе жатқан біз йыйын дегеннің не екенін және қалай өткізу керегін жақсырақ білеміз деп ойлаймын. Осыдан кейін сотта прокуратура ескертуінің күшін жоюға тырыстық. Бірақ прокуратура не қарсылығымызды, не өзі бекіткен екі айлық мерзімнің аяқталуын күтпей, әрекетке көшті.

- Құзырлы ведомство неге аяқ асты осындай асығыстық жасады деп ойлайсыз?

- Оларды "Ақ үйден", Радий Хабировтың әкімшілігінен асықтырып жатыр деп ойлаймын. Соңғы уақытта біздің ұйымға қарсы қудалау мен репрессияның бәрі республиканың жаңа басшысының бастамасымен жасалып отырғанын айтқанбыз.

Билік пен құқық қорғау органдары біздің ұйымның қызметіне екі себеппен тыйым салуға тырысып жатыр деп ойлаймын. Біріншісі — бізге Ресей Конституциясына ұсынылған өзгерістерді талқылауда белсенділік танытуға жол бермеу, екіншісі – "Башқұрт" ұлттық ұйымының көктемге жоспарланған Куштау тауын қорғауға байланысты белсенділігіне тосқауыл қою. Бір сөзбен айтқанда, бізді саяси алаңнан толық аластағысы келеді.

- Конституциялық өзгерістер туралы не ойлайсыз? Сіздің ұйымның бұған көзқарасы қандай?

- Жақын уақытта біз конституциялық өзгерістерді ұйым болып талқылаймыз. Республикада бірде-бір саяси партия не қоғамдық қозғалыс әлі күнге өз позициясын білдірмегенін көріп отырмыз. Кремльді қолдайтын билік өкілдері мен "Единая Россия" партиясының мүшелерінен басқалардың бәрі бұл мәселені айналып өтеді.

Бүкілресейлік дауыс беруде біз аталған өзгерістерге қарсы дауыс береміз деп ойлаймын.

- Неге? Бұл өзгерістердің несі ұнамайды?

- Біріншіден, бұл өзгерістердің бәріне бірдей дауыс беру дұрыс емес. Әрбір маңызды өзгеріске жеке дауыс берілуі керек. Бірінші балаға берілетін ана капиталы мен Ресей құқығы халықаралық келісімдерден басым болуы керек деген өзгеріске бірдей дауыс беру мүмкін емес. Екеуі мүлде бөлек дүние.

Екіншіден, Кремльдің мұны жоққа шығарғанына қарамастан, өзгертулер Конституцияның бірінші және екінші бөлімін қамтиды. Сондықтан елдің негізгі заңын Конституциялық жиын өзгертуі керек. Мысалы, бұл өзгерістер бірінші бөлімнің "Ресей Федерациясының халықаралық келісімінде заңда көрсетілгеннен басқа ережелер бекітілсе, халықаралық келісім ережелері қолданылады" деп жазылған 15-бабына тікелей әсер етеді.

- Конституциялық өзгерістер федералды орталық пен өңірлердің қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін бе?

- Мен Путин басқаруы ықтимал, құрамына губернаторлар кіретін жаңа Мемлекеттік кеңестің құрылуын федерализмге қауіп көремін. Жаңа құзырет Путинге өңір басшыларын тікелей басқаруға мүмкіндік береді. Ал елдегі федерализмді тоқтатып, "билік вертикалін" құру бастамаларына Путин жауапты болғандықтан, ол осы ісін ары қарай да жалғастырады. Оның "Ленин Ресей мемлекеттігінің негізіне мина қойды" деген соңғы сөзі бекер айтылған жоқ. Оның позициясы, Ресейдегі ұлттық республикаларға көзқарасы – осындай. Мені Конституцияға өзгерістердің преамбуласында "Ресей Федерациясының көпұлтты халқы" деген сөзді "көпхалықты ресей ұлты" деген сөзге ауыстыру туралы ұсыныс алаңдатады [бұл өзгерісті Мемлекеттік думаның білім мен ғылым жөніндегі комитетінің басшысы Вячеслав Никонов ұсынған - Idel.Реалии].

"Башқұрт" ұлттық ұйымының жетекшісі Фаиль Алсынов, башқұрт тілін қолдау жиынында сөйлеп тұр. Уфа, 16 қыркүйек 2017 жыл.
"Башқұрт" ұлттық ұйымының жетекшісі Фаиль Алсынов, башқұрт тілін қолдау жиынында сөйлеп тұр. Уфа, 16 қыркүйек 2017 жыл.

Біз жергілікті басқаруды "билік вертикаліне" кіргізуге тырысып жатқандарына да қарсымыз. Конституцияның бірінші бөлімінің 12-бабында "жергілікті басқару органдары мемлекеттік билік органдарының жүйесіне кірмейді" деп жазылған. Біздің ұйым жергілікті басқару органдарымен тікелей жұмыс істейді. Біздің йыйындар — осының айқын көрінісі. Конституциялық өзгерістер жергілікті басқару органдарының дербестігін жойып, оны мемлекеттік биліктің жоғарғы органдарына толықтай бағынышты қылады.

- Көп сарапшылардың Конституцияға өзгеріс енгізу процесі Путин мен оның тобын 2024 жылдан кейін де билікте қалдыру үшін жасалды деген пікіріне не айтасыз?

- Бұл пікірлерге қосыламын. Ресейде билікте отырған топ 2024 жылдан кейінгі билік транзитінің сценариін бұрыннан құрып келген. Бұл үшін Қазақстан мен Беларусь үлгісі және басқа нұсқалар қарастырылған. Беларусьпен одақтас ел болу нұсқасы ендігі өзектілігін жойды деп санаймын. Өйткені Беларусь халқы өз тәуелсіздігінен бас тартады деп ойламаймын.

- Куштау тауы туралы сөйлесейік. Неге биліктің ұйымдарыңызды қудалауына осы мәселе де себеп болды деп ойлайсыз?

- Билік "Башқұрт" ұйымының тауды қорғау мақсатында құрылған қозғалыста маңызды рөл атқаратынын, жақын уақытта наразылық ұйымдастыруы мүмкін екенін жақсы түсініп отыр. Сондықтан олар біздің ұйымды жауып, Куштау тауын қорғап жүрген басқа азаматтарға олар да осындай жағдайға тап болуы мүмкін екенін көрсетуге тырысып жатыр.

Құштау тауын қорғау акциясына қатысушылар. Башқұртстан, 4 қаңтар 2020 жыл.
Құштау тауын қорғау акциясына қатысушылар. Башқұртстан, 4 қаңтар 2020 жыл.

- Куштау тауын қорғауды ары қарай қалай жалғастырасыздар?

- Әзірге жоспарымыз өзгерген жоқ — қоғамды оятып, көтеруге тырысамыз. Бұл мақсатымыз белгілі бір деңгейде орындалған сияқты. Жергілікті тұрғындардың белсенділігі оянып, олар тауды қорғау мақсатында өз ұйымдарын құрып, екі флешмоб өткізді. Өткен жылы желтоқсан айында Республикалық қауымдастық жиынын өткізіп, халықаралық қауымдастықтан қолдау сұрадық. Билік тауды "башқұрт ұлтшылдары ғана қорғап жүрмегеніне" тағы да көз жеткізді. Куштау тауын қорғау үшін ірі митинг өткізу туралы идеямыздан бас тартқан жоқпыз. Қоғамдық жиындар туралы республикалық заңдар жеңілдеген кезде, бірден митинг өткізуге өтініш береміз. Бірақ тауды игеруге байланысты қарсылық әлі алда. Тауда барлау және жарылыс жұмыстары басталса, бұл қарсылық процесін жылдамдатуға әсер етеді.

- Ұйымды жауып тастауға талпыныстан қалай қорғайсыздар? Ұйым жақтастарының реакциясы қандай болады?

- Ұйым жақтастарын "Башқұрт" ұйымына репрессия жүргізуге қарсы наразылық акцияларын бастауға шақырдық. Оның ішінде ақпанның 7-сі күні бірінші сот отырысына келіп, бізді қолдауды сұрадық. Сотқа қанша адам келетінін көреміз. Жақында өтетін жиында "Башқұрт" ұйымын жабу мәселесіне Ресей және халықаралық қауымдастық назарын аудару тақырыбын талқылаймыз. Сотта және қоғамдық алаңда өзімізге тағылған әділетсіз айыптардан барлық заңды әдістермен қорғануға тырысамыз.

"Idel.Реалии" сайтының тілшісі Артур Асафьевтің материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG