Accessibility links

Ана тілінің тағдырына алаңдаған удмурт ғалымы өзін өртеді


Альберт Разин Удмуртия мемлекеттік кеңесі ғимараты алдында пикет өткізіп тұр. Ижевск, Ресей, 10 қыркүйек 2019 жыл.

Биліктен удмурт этносы мен тілін қорғауға көбірек көңіл бөлуді талап етіп жүрген удмурт ғалымы Альберт Разин қыркүйектің 10-ы күні таңертең Ижевск қаласындағы Удмуртия мемлекеттік кеңесі ғимараты алдында өзін өртеді. Оған дейін Разин мемлекеттік кеңес ғимараты алдында қолына авар ақыны Расул Ғамзатовтың "Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ!" деген өлең жолдары жазылған плакат ұстап тұрған еді деп хабарлады Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметі ("Idel.Реалии").

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер отты өшіріп, денесі түгелдей күйген Разин ауыр жағдайда республикалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер дәрінің көмегімен терең ұйқыға жіберген ғалым бірнеше сағаттан соң ауруханада қайтыс болды.

"БҰРЫЛЫП ҚАРАСАМ, ӨРТЕНІП ЖАТЫР ЕКЕН"

Удмурт ұлттық қозғалысының белсендісі Петр Тимошкиннің сөзінше, Альберт Разин мемлекеттік кеңес ғимараты алдында сейсенбі күні таңертеңнен бастап пикет өткізген (болған оқиғадан кейін мемлекеттік кеңес жиыны қыркүйектің 24-іне ауыстырылды). Сол күнгі жайтқа куә болған Тимошкин оқиғаның қалай өрбігенін былай еске алды:

"Екі күн бұрын маған Альберт Разин хабарласып, кейін ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде тарату үшін өзін пикет кезінде суретке түсіруімді сұрады. Мен ол кезде ауылда едім. Сондықтан уәде берген жоқпын. Ол менің қалай да келуге тырысатынымды түсінді. Мемлекеттік кеңес ғимараты алдына ертерек келгенімді қалады. Біз ол жерге таңертең, сағат сегіз болмай бардық. Разин хабарласып, кешігетінін ескертті. Менімен бірге тағы екі белсенді болды. Сағат 8:30 шамасында көлігін тұраққа қойған Разин бізге қарай беттеді. Қолында плакаттар бар екен. Амандастық, әдеттегідей көңіл-күйде болатын. Аса бір маңызды тақырыпта сөйлескен жоқпыз. Күдік туғызатын ештеңе байқамадым. Ол қолына плакат алып, парламент алдында қалды, біз алысырақ барып тұрдық".

Тимошкиннің сөзінше, сейсенбі күнгі сессияға депутаттар таңертеңгі сағат 9-ға қарай жинала бастаған. Разинды танитын кейбіреулері тоқтап, онымен амандасқан. Полицияның Разинмен шаруасы болмаған: дүйсенбі күні ол билік органдарына электронды поштамен хабарлама жазып, жалғыз адамдық пикетке шығатыны туралы ескерткен.

"Сағат тоғызға таман Альберт Разин шаршағанын айтты. Біз оған орындық бермекші болған едік, сол кезде оның жанына бір жігіт келді. Разин көлігіне демалуға кетті де, әлгі жігіт оның орнында плакат ұстап қалды. Мен ол жігітті бұрын көрмегенмін. Он минуттан кейін джинсы шалбар мен кәстөм киген бір жігіт келіп, пикетті аяқтау керегін ескертті. Біз бір адамдық пикет өткізуге құқылы екенімізді айттық. Бейтаныс адам кеткеннен кейін мен Разинге хабарласып, мемлекеттік кеңес ғимаратына келуін өтіндім. Ғимарат алдына келген Разин бізге: "Кетіп қалмаңдар, сағат 10-нан кейін мемлекеттік кеңес кабинеттерін аралап, үкіметке жазған ашық хатымды тарату керек" деп ескертіп, қайтадан демалуға кетті. Бір кезде Андреймен сөйлесіп тұрып, бұрылып қарасам, өртеніп жатыр екен".

Петр Тимошкин Альберт Разинге көмектеспек болғанын, бірақ ештеңе жасай амлағанын айтады.

"Қолдан келер қайран болмады. Қасына жақындай алмадық. Сұмдық болды. Бірақ ол тіпті дыбыс шығарған жоқ. Өрт сөндіретін құрал таба алмадық. Бәрі камерасын ұстап, түсіріп тұрды. Сол жерде газет, журнал сататын әйел бірден жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметіне хабарласты. Олар 10 минуттан кейін жетті" дейді Тимошкин.

Биыл жасы 79-ға толған Альберт Разин – философия ғылымдарының кандидаты, доцент, Удмуртияның ғылыми қайраткері, "Удмурт Кенеш" ұлттық қозғалысы мен "Тодосчи" ғалымдар клубының белсенді мүшесі болатын.

Удмуртиялық ғалым Альберт Разин.
Удмуртиялық ғалым Альберт Разин.

Альберт Разин - өткен жылы жазда Ресей мемлекеттік думасы жолдаған, орта мектептерде Ресейдің байырғы халықтары тілдерін міндетті пәндер қатарынан алып тастау туралы заң жобасын қолдамауды талап етіп, Удмуртия мемлекеттік кеңесінің төрағасы Алексей Прасолов пен депутаттарға ашық хат жазған ғалымдардың бірі. "Удмурт Кенеш" ұлттық қозғалысының белсендісі Илья Викторовтың сөзінше, Разин мектептерде удмурт тілін міндетті оқытуды сақтап қалу үшін күрескен, Удмуртияның экологиялық және экономикалық мәселелерін де жиі көтерген.

"Онымен бес күн бұрын сөйлестім. Жалғыз адамдық пикетке шығатынын хабарлады. Мен ауа-райы жақсы кезде бақшаның шаруасымен жүргенімді, құрылыс жұмыстары барын айтып, пикетке барған жоқпын. Ол сессия алдында депутаттарға талаптары жазылған парақша таратқысы келетінін айтты. Удмурт тілін сақтауға көп күш салды. Мәскеуге, Удмуртия билігіне хат жазғанын, бірақ хаттың тіркелгені туралы хабарламадан басқа жауап алмағанын айтты. Қазір мектептерде удмурт тілі қосымша пән ретінде оқытылады. Разин удмурт мерекелері тойланатын "Березовая роща" аймағын сақтап қалу мәселесін де көтерді. Діни сенімі бойынша пұтқа табынатын. Табиғатқа сыйынып, қоршаған ортадан ештеңе алмай, оны сақтау керек деген сеніммен өмір сүрді. Қала ішінде "Березовая роща" аумағының табиғаты жақсы сақталған. Разин ол жерге удмурттар құлшылық жасайтын орын - Куала салғысы келді. Қазір билік онда "жайлы аймақ" салу бастамасын қолға алды. Тек удмурттармен емес, жергілікті халықпен түгел сөйлесіп, "удмурт этнопаркі" құрылысы жайлы пікірлерін сұрап жатыр. Разин бұл жобаға қарсы болатын" деді Викторов.

Илья Викторовтың сөзінше, Разиннің артында әйелі мен 18 жастағы қызы қалған. Ол ғалым өзіне қол салады деп күтпегенін айтады.

"Разин бұл туралы ешқашан айтқан емес, бірақ дайындалып келгенге ұқсайды. Ол темекі тартпайды. Бірақ өзімен бірге сіріңке мен жанармай ала келіпті. Разин философия ғылымдарының кандидаты, бұрын Удмурт мемлекеттік университетінің оқытушысы болған. Соңғы жылдары удмурт тілі мен дәстүрлері бойынша конференциялар өткізіп жүрді. Он күн бұрын Разин Челябинск облысындағы Аркаимнан оралды. Бізге сол жақтағы жергілікті мұражайдан тапқан удмурт өрнегін көрсетіп, "сондай әдемі" деп тамсанды" дейді ол.

Удмурт тарихшысы Дмитрий Мадуров Разинді бүкіл ғұмырын ұлттық құндылықтарды сақтауға арнаған адам деп атайды.

"Біз үй-ішімізбен араластық. Қызы ұлттық киім үлгісін жасаумен айналысады. Разиннің барлық ғылыми еңбегі ұлттық мүддені қорғауға арналған. Ол консерватор болатын. "Ата-бабамыздан қалғанның бәрін көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек” деп санайтын. Жаңаның бәріне қарсы болды. Жаңа заң, жаңа әдістеменің ешқайсысын мойындамайтын. "Жаңа бәрінің көзін құртады" деп сенетін. Ғылыми еңбектерін өз қаржысына жариялайтын" дейді Мадуров.

Idel.Реалии сайты Ресей президенті Владимир Путиннің "оқушыларды орыс тілінен бөлек, Ресейдегі басқа халықтар тілін үйренуге мәжбүрлеу дұрыс емес" деген мәлімдемесінен кейін елде байырғы халықтардың ана тіліндегі пәнді мектептегі міндетті оқу бағдарламасынан алып тастағанын жазады. Еділ өзені бойындағы (Поволжье) бірнеше республика бұған наразылық білдірді. Мысалы, татар, башқұрт, чуваш қоғамы жергілікті биліктен мектептерде ана тілдерінде оқытуды сақтап қалуды талап етіп, тілі құрыған ұлтқа жойылып кету қаупі төнеді деп мәлімдеген. 2002 және 2010 жылдары жүргізілген бүкілресейлік халық санағының қорытындысы бойынша, 8 жылда удмурт тілінде сөйлейтіндер саны 30 пайызға, яғни 463 мың адамнан 324 мың адамға дейін қысқарған. Татар тілінде сөйлейтін ресейліктер осы 8 жыл ішінде 1 миллион адамға азайған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG