Accessibility links

Татар тілін меңгергісі келетіндер тосқауылға ұшырайды


Светлана Фурутина

Былтыр қарашада татар тілін міндетті пәндер қатарына енгізу туралы дауға нүкте қойылды. Татарстан мемлекеттік кеңесі татар тілін міндетті пәндер қатарынан алып тастады.

Жаңа ережеге сәйкес, Татарстанда егер бала тоқай тілін үйренгісі келсе, ата-анасы өтініш жазып, ана тілін татар тілі деп көрсетуі керек.

Светлана Фурутинаның қызы Қазан қаласындағы 12-мектепте оқиды. Светлана қызын татар тілі сабағына беруге тырысқан кезде көп тосқауылдарға кезіккен. Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ол татар тілін оқыту, Татарстандағы татар тілінің жағдайына да тоқталады.

Азаттық: - Татар тілі міндетті пәндер қатарынан алынғалы бері мектепте не өзгерді?

Анам – татар, әкем – орыс. Татар тілін әжем мен атам үйреткен. Мектептің де үлесі бар

Светлана Фурутина: - Қызым Қазандағы 12-мектепте оқиды, оны көпшілік "еврей мектебі" деп атайды. Мұнда иврит және татар тілдері ана тілі болып саналады. Былтыр қараша айында мектеп әкімшілігі бәрімізді жинап алып, мектепте әртүрлі этникалық топтар болғандықтан негізгі тіл ретінде иврит тілін қалдыруды ұсынды. Мен келіспедім. Татар тілін үйренгісі келетін азаматтардың барын айттым. Бұрын аптасына екі сағат иврит және үш сағат татар тілін оқитынбыз. Өкінішке қарай, татар тілін оқығысы келетіндер өте аз болып шықты.

Бастауыш сыныпта татар тілін оқитын екі бала ғана болды. Екеуі де аралас отбасынан шыққан. Өзім де аралас отбасынан шықтым. Мен үшін татар тілін білу өте маңызды. Анам – татар, әкем – орыс. Татар тілін әжем мен атам үйреткен. Мектептің де үлесі бар! Мектепте оқыған кезде татар тілі сабағына татарлармен бірге бардым.

Азаттық: - Былтыр тілге қатысты жанжал туындаған кезде қандай күйде болдыңыз?

Светлана Фурутина: - Өте қиын болды. Менің көзқарасымды көбі түсінбеді. Татар тілін оқытайық деп айттым. Бәлкім, біздің мектепте бұл мәселеге басқаша қараған болар, себебі мұнда ана тілі – иврит қой. Директормен сөйлестім. Біз бұл мектепте татар тілі болғандықтан таңдадық. Бұрындары бәрі жақсы еді. Республика ісіне немесе татар тілі мәселесіне біреулер сырттан араласса болды, бәрін бүлдіреді. Біреу бірдеңе деп айтқан, енді бәрімізге мәселе тауып берді. Бұл ұлттық деңгейдегі мәселе. Оның кімге, не үшін қажет болғаны түсініксіз.

Видео: Владимир Путин және ана тілі

Путин и родной язык
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00

Азаттық: ​- Бұл жанжал татарлар мен орыстардың өзара қарым-қатынасына әсер етті ме?

100 пайыз этникалық республикада татар тілін оқытпау – дұрыс емес

Светлана Фурутина: - Әрине. Мен жәй ғана өз отбасымды айтайын: осы мәселеге байланысты күйеуіммен біраз дауластық. 90-жылдары жағдай ойдағыдай еді. Сол жүйені неге өзгерткеніне таңым бар. Ол кезде орыстар да, татарлар да татар тілін үйренетін. Тек татарлар шамалы тілді тереңірек меңгеріп, әдебиет пен тарихты да қоса оқыды. Ал орыстар сәл бейімделген әдіспен оқыды. Тамаша жүйе еді. 100 пайыз этникалық республикада татар тілін оқытпау – дұрыс емес.

Азаттық: ​- Дегенмен де егер балаңыз татар тілін үйренгісі келсе, онда татар мектебіне не гимназиясына барсаңыздар болады ғой. Сіздерге басқа мектепке ауысу туралы айтқан жоқ па?

Светлана Фурутина: - Иә. Маған жәй ғана айтып қойған жоқ, "Ауысуларыңызға тура келеді!" деді. Ал мен оларға федералдық заң бойынша баламды қалаған мектепте оқытуға құқылы екенімді айттым. Бірақ татар тілі сабағының сағаты азайды. Жалпы татар тіліне қатысты мәселе толық шешілмеді. Мәселені шешу үшін тіпті АХБББ-ға (аудандық халықтық білім беру бөлімі) да бардым. Олар әлі қарастырып жатыр. Ал әдістеме мен оқулықтар сол қалпында қалды. Бірақ тілге бұрынғыдай қатты көңіл бөлінбейді.

Азаттық: - Қызыңыз өзі татар тілін меңгергісі келе ме әлде сіз оның тілді меңгергенін қалап отырсыз ба?

Светлана Фурутина: - Жоқ, қызымның өзі үйренгісі келеді. Татар тілі сабағын алып тастаған кезде қызымның да, басқа балалардың да көңілдері түсіп кетті. Татар тілі иврит тіліне қарағанда жеңілдеу. Татар тілін алды да, оның орнына орыс тілі мен әдебиетін қосты, бірақ онымен оқу бағдарламасы жақсармады ғой. Өзім де мұғалімдер отбасынан шыққанмын, оқу жоспарының алдын-ала жазылатынын білемін ғой. Жүктемені көбейтіп қана қойды.

Мектепте қызыма достары айтатын көрінеді "саған қандай жақсы, бәріне қарсы шығатын анаң бар, енді татар тілін оқып жүрсің" деп. Ата-аналардың көбі мектеп басшылығына қарсы шығудан қорқады. Бізде тұрақты тіркеуге қатысты мәселе жоқ. Сондықтан бізге тиісе алмайды. Сондықтан да шығар...

Видео: Татар тілін үйренгім келеді

Азаттық: - Былтыр кейбір ата-аналар "татар тілі орыс тілі есебінен оқытылады, орыс тілінен ЕГЭ (бірыңғай мемлекеттік емтихан) тапсыру керек, татар тілі кесірінен балалар орыс тілін дұрыс оқи алмай жатыр" деген еді. Бұл пікірмен келісесіз бе?

Светлана Фурутина: - Маған да осылай деген. Музыкалық мектепте біраз қолайсыз әңгіме болды. Олардың уәждеріне мен былай жауап бердім: анам бесінші сыныпта Мамадыш ауданындағы татар мектебінен аудан орталығына келгенде оны орыс мектебіне жіберіпті. Бес жасар баланы өз ортасынан бөліп, жыраққа орыс тілін үйренуі үшін орыс мектебіне жіберген. Себебі Татар АССР болғанына қарамастан, ЖОО-ға тапсырғанда емтиханның татар тілінде өтпейтінін бәрі білген.

Ол орыс тілін орыстардан жақсы оқыды. Орыс тілден беретін мұғалімі үнемі "Луиза Юнусова шығарманы Иванов, Петров, Шариковтан жақсы жазады" деген екен. Ол таза татар отбасынан шыққан. Математика факультетін бітірді. Орысша таза сөйлейді. Ассимиляция деген осы. Адам орыс ортасына сіңіп кетті. Сондықтан менен "орыстар неліктен татар тілін үйренуі керек?" деп сұрағанда таң қаламын.

Егер әлдене ұнамаса, көрші Киров облысына барыңыз. Таза орыс ауданы. Тіл бар жерде халық бар. Сондықтан да еврейлер идишті, көне тілдерін сақтап қалды. Татар тілі ешкімге керек емес деп жүрген татар истеблишменті қатты қателеседі. Ол құрып барады. Алдымен тіл құриды, сосын халық құриды.

Азаттық: - "Күнделікті өмірде қолданбасақ, татар тілініңне керегі бар?" дейтіндер көп. Көпті татар тіліне қызықтыру үшін, ата-аналар балаларын татар тіліне беру үшін билік не істеуі керек деп ойлайсыз?

Светлана Фурутина: - Бұл сұрақты жиі естимін. Мәскеулік ақсүйектер не үшін француз тілін оқыған дейсіз ғой? Неге біз Лермонтов пен Пушкиннен мысал келтіреміз? "Евгений Онегиннен" үзінді келтіреміз. Оған ешкім мәжбүрлеген жоқ қой. Мәселе өзіңді-өзің тануда, ұлттық идентификацияда жатыр.

Сен кімсің? Рахимов Ильдус Фаритовичпін деп қана айту болмысты аша алмайды. Бірдеңеге сүйену керек қой. Қазір өзін этникалық татар деп атайтын адамдар пайда болды. Татар отбасында туған, бірақ тілін, мәдениетін, тарихын білмейді, доңыздың етін жейді...

Татар тілі үшін жаным ауырады. Фин татарларына қараңыз, балаларына татар тілін үйретеді. Финляндиядағы татарлармен араластым, олар Ғабдолла Тоқай сияқты сөйлейді! Олардың қасында аузымды ашуға ұялдым, себебі "асүй деңгейінде" сөйлеймін. Тілдің қалай өлетінін білемін. Мамандығым – лингвист. Адамдар сөйлемейтін тіл өледі. Егер адамдар татар тілін білемін, отбасымда татарша сөйлеймін, осы жеткілікті десе, анам айтқандай жағдайға тап боламыз, яғни, мұғалімдер бөлмесінде бір оқытушы орыс болса, қалғандары татар болса, татарлардың татарша сөйлеуге құқығы болмаған.

Азаттық: - Орыс тілін ана тілі ретінде көрсетіп жатқан татар отбасылары бар. Бұл жайлы не айтар едіңіз?

Светлана Фурутина: - Себебі ЕГЭ-ні орыс тілінде тапсыру керек. АҚШ-тағы жоғарғы оқу орнына тапсыру емтиханын қараңыз. Бірде-бір мексикалықты ағылшын тілінде мемлекеттік емтихан тапсыруға мәжбүрлемейді. Бізде орыс тілі мен математика – міндетті пән. Сондықтан орыс тілін таңдаған татарлар өз тілдерін құрбандыққа шалады, ЕГЭ тапсыруға көмегі тиеді деп ойлайды.

Азаттық: - ЕГЭ-ні ана тілінде тапсыруға мүмкіндік берсе, жағдай өзгереді деп ойлайсыз ба?

Светлана Фурутина: - Татар тілінде сөйлемейтін адамдар өздерін аутсайдер сезінетіндей жағдай жасау керек. Мен жалғыз екеніме ұяламын. Менің аты-жөнім - Фурутина Светлана Юрьевна. Мен татар тілі үшін күресемін. Ал татарлардың 80 пайызы "сырттан бақылаушы болғанды" жөн санайды.

Видео: Татар тілі міндетті пәндер қатарынан алынды

Азаттық: - Ал татар мектебі қандай болуы керек?

Светлана Фурутина: - Бізде татар истеблишменті өзімен-өзі, театрлар мен поп-музыканы айтамын. Дін мамандары, ғалымдар, мектептер бар. Бірақ олардың бәрі жеке-жеке, әрқайсысы өз бетімен жүр. Енді еврей мектебіне қараңыз. Олар баласына кім екенін ұғындырып өсіреді! Біздің мектепте еврейдің барлық діни мейрамын атап өтеді. Татар мектебінде ондай бар ма? Біз тіпті өз мейрамдарымызды білмейміз. Кезінде балаларға пайғамбардың туған күні туралы айтатын жерді іздедім. Оны фанатизмге салынып оқу міндетті емес. Бірақ ондай жер таппадым. Соның бәрі сәби кезінен үйретілуі керек.

Азаттық: - Татарстандағы тіл дауы осымен аяқтала ма? Қалай ойлайсыз?

Светлана Фурутина: - Адамдарды тіл үшін керістіріп қою – жақсы емес. Іштен жеген құрт сияқты. Оның үстіне, біз Ресейдің ортасында орналасқанбыз. Аралас неке өте көп. Балаларды бөліп алып, "біз татармыз, татар тілін оқимыз, сен орыссың, татар тілін үйренбе" деу жақсылықтың нышаны емес. Бұл саяси мәселе, сондықтан өте қауіпті.

Азаттық: Сұхбатыңызға рахмет!

(Азаттықтың Татар-башқұр қызметінің мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG