Accessibility links

«Ресейде белсенді мұғалімдер аз»


Набережные Челны қаласындағы №24 мектепте тарих пәнінен сабақ беретін мұғалім Раушан Валиуллин

Татарстанда орта мектеп мұғалімі Навальный митингілерін ұйымдастырады, билікті ашық сынайды. Ол өз құқығын білген мұғалімге ешкім қысым жасай алмайтынын айтады.

Кейінгі кезде мектеп мұғалімдері туралы Алексей Навальныйды қолдаған мектеп оқушыларына қысым жасады, билікшіл митингілер мен сайлау нәтижелерін бұрмалауға еріксіз қатысады деген әңгімелер айтылып жүр. Оппозициялық саяси көзқарасын білдірген немесе тіпті «Единая Россия» партиясын үгіттеуден бас тартқан мұғалімдерді жұмыстан шығарып жібереді. Бірақ билікті ашық сынаудан қорықпайтын, Навальныйды қолдаған оқушыларға ұрсу түгілі, саясаткерді қолдау үшін өздері митингілер ұйымдастыратын мұғалімдер бар.

Набережные Челны қаласындағы №24 мектепте тарих пәнінен сабақ беретін мұғалім Раушан Валиуллин Алексей Навальныйдың коррупцияға қарсы митингілерін ұйымдастырады, "Единая Россия" партиясы мен жергілікті шенеуніктерді сынайды, мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзу фактілерін зерттеп, мэр сайлау туралы референдум өткізуге әрекеттеніп жүр. Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Валиуллин оппозициялық жұмыс пен мұғалім мамандығын қалай ұштастыруға болатыны жайлы, коррупцияға қарсы акцияларға шығып жүрген жастар туралы айтып берді және Ксения Собчактың штабын басқарудан неліктен бас тартқанын түсіндірді.

Навальныйды қолдау митингісіне қатысып тұрған Раушан Валиуллин.
Навальныйды қолдау митингісіне қатысып тұрған Раушан Валиуллин.

​​Азаттық: – Мектеп мұғалімі - жұмыстан оңай шығарып жіберуге болатын кіріптар әрі еріксіз адам деген көзқарас бар. Бұл стереотиппен келісесіз бе? Әлде мұғалімде таңдау еркі бар ма?​

Шын мәнінде мұғалімдердің теперішке көне беруінің негізгі себебі олардың қорқақтығында, әлсіздігінде және надандығында жатыр.

Раушан Валиуллин: – Таңдау еркі кез келген адамда бар екеніне сенімдімін. Мұғалім өзіне қысым жасауға немесе оны оқушыларға қысым жасау құралына айналдыруға өзі мүмкіндік береді. Немесе өзінің де, баланың да құқығын қорғау жолын таңдайды. Құқығын бұзып жатқанда мұғалімдердің көпшілігі үндемей қалатыны рас, өйткені қорқады. Тіпті жұмыстан шығарып жібереді деп емес, сыйақы жазбай қояды, сағатымды қысқартып тастайды немесе педкеңесте ұжым алдында талқыға салады деп қорқады. Олардың көбі «нағыз мұғалім ұрыс-керіс, жанжал атаулыдан алыс болуы тиіс» деп ақталады. Шын мәнінде мұғалімдердің теперішке көне беруінің негізгі себебі олардың қорқақтығында, әлсіздігінде және надандығында жатыр. Біздің республикада саяси көзқарасы немесе азаматтық позициясы үшін мұғалімді немесе мектеп әкімшілігін қызметкерін жұмыстан шығарыпты дегенді естімеппін. Мұндай оқиғалар санаулы, өйткені белсенді азаматтық позиция ұстанатын мұғалімдерді саусақпен санауға болады. Бірақ міндеттерін адал орындап, құқығын жақсы білетін мұғалімге қысым жасау өте қиын екенін өз тәжірибемнен білемін.​

Азаттық: – Өзіңіз мектепте қысымға ұшырадыңыз ба?​

Қызметтік нұсқаулық пен білім туралы заң талаптарын бұлжытпай орындаймын. Ал жұмыстан тыс уақытымда, оның ішінде әлеуметтік желілерде немесе митингілерде немен айналысатыным - өз шаруам.

Раушан Валиуллин: ​– Наурыздың 26-сы күні өткен “Он вам не Димон” митингісіне қатыстым. Мені ұстап әкетіп, 10 мың рубль айыппұл салды, ал кейін мектеп әкімшілігінен "істі болып, сотталған адам мектепте жұмыс істей алмайды" деген сарында хат алдым. Мені ақымақ санады ма, әлде заңды білмейді деп ойлады ма - ол жағын білмеймін. Ал шындығында педагогикалық қызметпен шұғылдануға қылмыстық кодекс баптары бойынша сотталған адамдарға ғана тыйым қарастырылған. Кейін мектеп директоры жеке әңгімелесіп сағатымды қысқартамын деген емеурін айтты. Мен ол кісіге еңбек кодексін жақсы білемін дедім. Содан кейін Навальныйдың маусымның 12-сі өткен митингісін ұйымдастырдым. Жаңа оқу жылында 26 сағатымды сол қалпында қалдырыпты, тіпті сынып жетекшілігін қосып беріпті. Директор әлгіден кейін саясат жайлы әңгіме қозғаған жоқ. Тек маусымның 12-сі күнгі митинг алдында ғана "Навальныймен бірге тағы жалаулатуға барасың ба? " деп әзілдеп сұраған. Мен "Ресей туын қалаған жерімде жалаулатам" деп жауап бердім. Мектеп басшылығы жақсы маман екенімді, сабағымда педагогикалық этикадан аттамайтынымды, үгіт, насихат жүргізбейтінімді біледі. Қызметтік нұсқаулық пен білім туралы заң талаптарын бұлжытпай орындаймын. Ал жұмыстан тыс уақытымда, оның ішінде әлеуметтік желілерде немесе митингілерде немен айналысатыным - өз шаруам. Мектеп әкімшілігі саясатпен айналысқанды қойсаңшы деп емеурін білдіре бастаса, дәл осылай жауап беремін. Бірақ бұл (қысымды айтады – ред.) олардың өз бастамасы емес, тіпті білім басқармасының өтініші де емес деп ойлаймын.

Азаттық: - Оқу жоспарына сәйкес, жоғарғы сыныптарда тарих және құқықтану пәні сабақтарында саяси тақырыптарды талдау қарастырылған. Оқушылар сізге Қырымның мәртебесі, Навальный, Путин, коррупция туралы сұрақтар қоятын шығар. Оларға не деп жауап бересіз?​

Раушан Валиуллин: – Әрине, жоғарғы сынып оқушылары қазіргі маңызды оқиғалардан хабардар, ондай сұрақтар қояды. Тіпті жоғарғы сыныптарда алты айдай сайлау, саяси партиялар, коррупция және үкіметті жасақтау тақырыптарын өтеміз. Мен пәнді оқыту әдісі ретінде мұғалімнің монологына жол беруге болмайды деп санаймын. Мен проблеманы көрсетіп, пікірталасты бастап беремін. Оқушылар өздігінен ақпарат жинайды, ал сабақта ойларын айтып, бір-бірімен дауласады. Мен талқылау тәртіпсіздікке айналып кетпеуін ғана қадағалаймын.

Навальныйды қолдау митингсісі. Қазан қаласы, 7 қазан 2017 жыл.
Навальныйды қолдау митингсісі. Қазан қаласы, 7 қазан 2017 жыл.

Азаттық: ​– Ал егер оқушы Навальныйға қатысты көзқарасыңыз жайлы, оның митингілерін неге ұйымдастырасыз деп сұраса не деп жауап бересіз?​

Раушан Валиуллин: - Егер оқушы жауап беруімді талап етіп жатса, мұндай сұрақтарға сабақтан тыс уақытта жауап беремін. Қазір әлеуметтік желілерде мені маусымның 12-сі оқушыларды митингіге шығарды деп айыптап жатыр. Митингіде менің оқушыларым болған жоқ, бірақ жоғарғы оқу орнын бітіргелі жатқан түлектер барды. Митингіге жастардан маған жеті жастағы ұлым ғана еріп барды. Ол митингіге өз еркімен барды. Балам Навальныйдың блогын үзбей қарап, жаңа роликтері туралы маған айтып отырады.

Азаттық: – Ол видео не жайлы екенін түсіне ме? Әлде оған Навальный роликтерде пайдаланатын мемдер, әзілдер ұнай ма?

Раушан Валиуллин: – Бәрін түсіне бермейді, әрине. Бірақ оған күрделі дүниелерді өзі сенетін адамның түсіндіргені ұнайды. Маусымның 12-сі күнгі митингінің ұйымдастырушысы болуды ұйғардым, өйткені наурыздың 26-сы митинг өткізуге сол күйі рұқсат ала алмай қойдық. Әуелі өтініш берген студентті әбден қорқытып тастады, сосын өтініш беру мерзімін өткізіп алдық. Ақыры пикет өткізудің сәті түсті, оның өзінде рұқсат етілмеген пикет өткіздік. Маусымның 12-сі күнгі митингіні өткізуге өзім өтініш беремін деп шештім, өйткені заңды жақсы білемін әрі қысымға төтеп бере аламын деп ойладым. Маусымның 12-сі митинг өткізуге рұқсат берді әрі ешқандай айғай-шусыз өтті, ешкімге айыппұл салған жоқ, ұстап та әкеткен жоқ. Қалаған адамдардың бәрі сөйледі, полиция да өзін сыпайы ұстады.

Азаттық: – Жасөспірімдерге митингілерге баруға тыйым салатын мұғалімер мен мектеп директорлары «балалар қандай былыққа кіріп кеткенін түсінбейді, сөйтіп арам пиғылды адамдардың құрбанына айналады» дейді. Ондай жандарға не айтар едіңіз?

Раушан Валиуллин: – Ондай ағалар мен әпкелерге Киселев пен Соловьевтің зомби жәшігінің ықпалына түскенсіңдер деп жауап беруге болады. Жоғарғы сынып оқушылары оң-солын танып қалған адамдар екеніне сенімдімін. Олардың жасында өзімнің қандай болғаным есімде. Саясатта не болып жатқанын жақсы түсінетінмін, өтірік пен шындықты ажырата білетінмін. Сондықтан мектеп оқушылары Навальныйға алданып еріп жүре береді деп айта алмаймын. Менің оқушыларым қандай елде тұрып жатқанын да, қандай елде тұрғысы келетінін де жақсы біледі. Олардың бәрі азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетте өмір сүргісі келеді. Тоталитаризм мен авторитаризм жайлаған елде оқушыларымның ешқайсысы тұрғысы келмейді. Бұған қоса, олар мемлекет өзі қабылдаған заңдарды өзі орындасын дейді. Менің оқушыларым Ресейде өзгертетін нәрселер көп, бұл олардың еншісінде екенін түсінеді. Жастардың саясатқа қызығушылығы болғаны дұрыс әрі жақсы. Ал біздің елде саясатпен айналысу неге қауіпті деген сұрақты митинг ұйымдастырушыларға емес, құқық қорғау органдарына қою керек. Олар Ресей конституциясы кепілдік берген жиналу еркіндігін пайдалануды қауіпсіз етуге міндетті.

Азаттық: – “Левада-орталығы” ұйымының биылғы тамызда жариялаған зерттеуі жұмыс жағдайына көңілі толатын мұғалімдер саны екі есе қысқарғанын көрсетті. Бұл көрсеткіш 2015 жылғы 42 пайыздан 2016 жылы 22 пайызға түсіпті. Қазір мұғалімдер ортасындағы көңіл-күй ауаны қандай?

Раушан Валиуллин: – Мұғалімдер қауымының көпшілігі саясаттан аулақ болуға тырысады. Менің әріптестерім Путиннің мамырдағы жарлықтарын немесе мектеп, жоғары оқу орындарын оңтайландыру саясатын талқыламайды. Осы күйінде бола берсін деп ойлайды. Кейбірі ерікті-мәжбүрлі түрде билік партиясына мүшелікке өткен. Енді біреулері бес жылда бір рет сайлау нәтижелерін бұрмалауға қатысады. Кейбірі үзіліс кезінде немесе әлеуметтік желілерде Навальный деген кім, онымен қалай таныстың деп сұрайды. Оның коррупцияға қарсы тексерулері туралы ресурстарға сілтеме жіберуді сұрайды. Бір әріптесім маусымның 12-сі күнгі митингіге барды. Бірақ, меніңше, мұғалімдердің көбі тележаңалықтарға сенетін сияқты.

Татар тілін оқытуды қысқартуға қарсы митинг.
Татар тілін оқытуды қысқартуға қарсы митинг.

Азаттық: – Мұғалімдер оқушыларға мектептен шығасың, мәселеңмен полиция айналысады, тіпті түрмеге түсесің деп қорқытады, сонда өздері де бұған сене ме? Әлде қорқыныштан немесе жоғары жақтың қысымынан солай дей ме?

Раушан Валиуллин: – Меніңше, олар Навальныйды АҚШ мемлекеттік департаментінің агенті дегенге шынымен сенеді. Әсіресе жасы келген мұғалімдер. Набережные Челны қаласының өзге мектептерінде тарих және қоғамтану пәнінен сабақ беретін мұғалімдер менен балалардың "Навальный деген кім, Димон деген кім, жұрттың бәрі оның үйректерін неге мазақ етеді? " деген сұрақтарына не деп жауап береміз деп сұрайды. Сондықтан маңызды деген саяси тақырыптар жайлы ойлануға мұғалімдерді балалар мәжбүрлейді.

Азаттық: – Сіз Татарстанда аудан, қала басшыларын халықтың тікелей сайлауын қарастыратын заң қабылдау туралы референдум өткізуді ұсынған бастамашыл топ мүшелерінің бірісіз ғой.

...маңызды деген саяси тақырыптар жайлы ойлануға мұғалімдерді балалар мәжбүрлейді.

Раушан Валиуллин: – Айтпақшы, оқушылар «Татарстанда қала мэрлерін тұрғындардың өздері неге сайламайды?» деген сұрақты жиі қояды. Бізде қала басшысын депутаттар өз ішінен тағайындайды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Халықтың өзі сайлаған мэрге қарағанда, әлдебір тізімдегі адамдардан тағайындалған мэр өз міндеттеріне немкетті қарайтын болады. Меніңше, қала азаматтары сайлаған мэр жоғарыдағы басшыларға жалтақтамай, өзіне билік берген адамдарға көбірек қарайлайды. Біз “Открытая Россия”, “Голос” ұйымдары өкілдері, өзге де қоғамдық белсенділер, саясаткерлер мен депутаттардан тұратын бастамашыл топ құрдық. Референдумға салу үшін тұжырымдамалар қабылдадық. Қарашаның 7-сі күні заңгеріміз Татарстан орталық сайлау комиссиясына өтініш берді, 15 күннен кейін комиссия өз ұйғарымын беруі тиіс. Референдумды Ресей президенті сайланатын күнге белгілеуді жоспарлап отырмыз. Айтпақшы, "Левада-орталығы" ұйымының зерттеуі мэрлерді тікелей сайлауды Татарстан халқының 60 пайызы құптайтынын көрсетті.

Азаттық: – Сіздің қатысуыңызбен болған жуырдағы оқиғалардың тағы бірі –мектептерде татар тілін оқыту мәселесінің компромисс шешімін ұсынып Татарстан президенті Рустам Миннихановқа жазған ашық хатыңыз. Татар тілін міндетті түрде оқытудан бас тарту туралы әңгімелер неден басталып еді?

Раушан Валиуллин: – Ұлттар істері кеңесі отырысында Владимир Путин " орыс тілін оқыту сағаттарын азайтуға да, адамды өз ана тілінен басқа тілді мәжбүрлеп оқытуға да жол берілмейді" деп мәлімдеді. Мектептерде татар тілін міндетті оқытуды Татарстандағы орыс қоғамдық қозғалысы баяғыдан жақтырмайтын. Олар Путиннің сөздерін әрекет етуге рұқсат деп қабылдаған сияқты.

Азаттық: – Путиннің әлгі репликасы туралы не ойлайсыз? Бұл Татарстанға қарата айтылған сөз бе?

Раушан Валиуллин: – Путин бұл сөзді ойланбай айта салған жоқ... Бәлкім, бұл "бөліп ал да, билей бер" стиліндегі саясат шығар. Бәлкім, ол жергілікті элиталарды басып тастағысы келген шығар.

Азаттық: – Бірақ прокуратура мен Рособрнадзор (Ресейдегі білім және ғылым саласындағы федералдық қадағалау қызметі – ред.) директорларға татар тілі мен әдебиеті пәні сабақтарын қысқарту қажеттігі туралы жедел түрде нұсқау жолдады. Бірақ көптеген ата-аналар, татар тілі пәні мұғалімері, мектеп директорлары татар тілін қорғауды сұрап, Путинге жүгінді. Ал сіз не ұсынар едіңіз?

Раушан Валиуллин: – Прокуратура талап еткеннен кейін ата-аналардың шешімімен оқушылардың бір бөлігінің сабақ кестесінен татар тілін алып тастады, ал өзге оқушылардың кестесінде татар тілі сабақтары алты сағаттың орнына 2-3 сағатқа дейін азайды. Ең сорақысы,орта мектептерде татар тілін міндетті оқыту мәселесі қоғамды екіге бөліп жіберді, енді ұлт мәселесі ушығуы мүмкін. Өз басым қос тілділікті, тіпті көп тілділікті қолдаймын, өйткені көп тіл үйренген сайын баланың миы да белсенді жұмыс істейтін болады. Бірақ мен бәрінен бұрын Татарстан тұрғындары ортақ мәмілеге келсе деймін. Қыркүйекте Татарстанның жоғары лауазымды шенеуніктеріне хат жазып, татар тілінің орнына өлке тарихын оқытуды ұсынғанмын. Меніңше, татарстантану пәні мектептердегі татар тілін міндетті түрде оқытуды ауыстыра алады. Әлі ресми жауап келген жоқ, бірақ өткен аптада қаламыздың білім басқармасынан телефон соғып ұсынысымды қарауға құлық бар екенін аңғартқан.

Азаттық: – Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан Ксения Собчак сайлау кампаниясының Қазан қаласындағы штабын басқаруды ұсынды деп жазған постыңызды оқыдым.

Раушан Валиуллин: – Ондай ұсыныс алдым, бірақ бірнеше себеппен бас тарттым. Жақсы көретін жұмысым бар, 5-сынып жетекшісімін, оқушыларымды 11-сыныпқа дейін жеткізуді армандаймын. Маған әлгі келіссөздің құпия жүргізілгені ұнамады. Бұдан бөлек, "барлық кандидатқа қарсы кандидат" дегенді парықсыз авантюра деп санамйын. Мен "бәріне қарсы" емеспін, сайлауда дауыс бергім келетін кандидатым бар әрі ол Собчак емес, - дейді Раушан Валиуллин.

Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Дарина Шевченко алған сұхбат орыс тілінен аударылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG