Accessibility links

Мұғалімдер «заңсыздықты айтып қуғын көрдік» деседі


Мұғалімдер Баян Сәбден (сол жақта) мен Меңсұлу Малдыбаева баспасөз мәслихатында отыр. Шымкент, 21 тамыз 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстандағы бірнеше ұстаз заңсыздықпен күрескендерінен зиян шеккендерін айтады. Облыстық білім басқармасы дерегінше, өңірдегі мектептерден жылына осындай мыңдаған арыз-шағым түседі.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы Талғат Бигелдинов атындағы мектептің бұрынғы мұғалімі Меңсұлу Малдыбаева 2013 жылы мектептегі заңсыздықты әшкере етемін деп басы дауға қалғанын айтады.

«МҰҒАЛІМДЕР ҚҰЛ СИЯҚТЫ»

Меңсұлу Малдыбаеваның сөзінше, ол мектептегі жөндеуге мұғалімдерден ақша жинауға және ол жұмыстарға мұғалімдерді тартуға қарсы шыққан соң қудалауға түскен.

– Соңында «оқушыны ұрып, денсаулығына зақым келтірдің» деген желеумен әкімшілік жазаға тартылып, жеті күнге қамауға алындым. Қазір жұмыссыз жүрмін. Кінәсіз екенімді дәлелдеу үшін төрт жыл уақыт кетті. Жақында бас прокуратура сол кезде қабылданған процессуалдық шешімнің заңсыз екенін анықтап, оны бұзып, лауазымды тұлғаларға қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр, – дейді ол.

Мұғалімдер құл сияқты. Бас көтерсең, қудалауға салады. Міндетінен тыс жұмысқа жегіледі. Бір кабинетке жөндеу үшін әр мұғалімнен 10-15 мың теңге жиналады.

Меңсұлу Малдыбаева арыздың басы мектепті күрделі және ағымда жөндеуге мұғалімдерді тартқанына наразылық білдіріп, 57 мұғалімге қол қойдырып аудан әкіміне барғаннан басталғанын айтады.

– Мұғалімдер құл сияқты. Бас көтерсең, қудалауға салады. Міндетінен тыс жұмысқа жегіледі. Бір кабинетке жөндеу үшін әр мұғалімнен 10-15 мың теңге жиналады. Кабинетті безендіруді де мұғалімдердің мойнына салып қойған. Осының бәрін жазып, қарсыласқаным үшін жазықты болдым, – дейді ол.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы Талғат Бигелдинов атындағы мектептің бұрынғы мұғалімі Меңсұлу Малдыбаева. Шымкент, 21 тамыз 2017 жыл.
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы Талғат Бигелдинов атындағы мектептің бұрынғы мұғалімі Меңсұлу Малдыбаева. Шымкент, 21 тамыз 2017 жыл.

Меңсұлу Малдыбаева айтқан мәселеге қатысты Сарыағаштағы Бигелдинов атындағы мектептің басшыларынан жауап алу мүмкін болмады. Директор Айша Асқарованың ұялы телефоны жауап бермеді.

«АҚША ЖИНАУ МӘСЕЛЕСІН ОҢДЫ-СОЛДЫ АЙТА БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ»

Оңтүстік Қазақстан облысында мектептегі заңсыздыққа қарсы шыққаны үшін қуғын көргенін айтатын тек Меңсұлу Малдыбаева ғана емес. Түркістан қаласындағы №9 мектеп-гимназиясының мұғалімі Баян Сәбден де осындай оқиғаға тап болғанын сөз етті.

– Оқушылардан орынсыз ақша жинау, заңсыз жұмысқа қабылдауға қарсы шықтым. Мұғалімдердің 20-30 пайызына сабақ толымдылығы жетіспейді. Бұл жөнінде қалалық әкімдікке арыздандым. Комиссия құрылып, кемшіліктерді анықтады. Қалалық білім бөліміне директорға тәртіптік шара қолдануға ұсыныс тастады. Бірақ мектеп директорына тәртіптік шара қолданбады, – дейді ол.

Баян Сәбден кейбір оқушылардың ата-аналарының өзін сотқа бергенін айтып, оны заң бұзушылықтар туралы арызданғанына наразы мектеп басшылығының әрекеті деп сипаттайды.

– Ол ата-аналардың қыздары сабақ уақытында сабақта болмай, әр тал шашына жауап беретін сынып жетекшісі ретінде іздегенім үшін айыпты етті. «Өзін-өзі өлтіруге итермеледі» деп айыптағанымен, төрт сот мені ақтап шықты, – дейді ол.

Түркістан қаласындағы №9 мектеп-гимназиясы мұғалімі Баян Сәбден. Шымкент, 21 тамыз 2017 жыл.
Түркістан қаласындағы №9 мектеп-гимназиясы мұғалімі Баян Сәбден. Шымкент, 21 тамыз 2017 жыл.

Бірақ Түркістан қаласындағы №9 мектеп-гимназиясы директоры Жаңыл Орынбаеваның бұл мәселелер жайлы пікірі басқаша.

Заңсыз жұмыстарға тарту бойынша... мысалы, мен қаланың патриоты ретінде қалалық мерекелік шараларға демалыс күндерімді қисам, заңсыздық деп есептемеймін. Ақша жинау мәселесін оңды-солды айта беруге болмайды.

– Заңсыз жұмыстарға тарту бойынша... мысалы, мен қаланың патриоты ретінде қалалық мерекелік шараларға демалыс күндерімді қисам, заңсыздық деп есептемеймін. Ақша жинау мәселесін оңды-солды айта беруге болмайды, – дейді ол.

Мектебінде 343 адам жұмыс істейтінін айтқан директор сабақ толымдылығы жайлы айыптауға да жауап берді.

– Бізде қазақ тілі және еңбек пәнінде жетіспейді. Себебі 2013 жылы мемлекеттік стандартта орыс сыныптарында қазақ тілі пәні екі сағатқа қысқарған. Көп өтпей министрліктің бұйрығымен қазақ тілі пәні бір сағаттан қайтарылды. Ұжымдағы жиналыста «сабақтың қысқаруына байланысты не толымсыз сабақпен жүресіздер, немесе соңғы болып жұмысқа қабылданғандар жұмыстан босатылады» дедік, – дейді Жаңыл Орынбаева.

Ақыры қазақ тілі пәнінің 43 мұғалімінің жартысы 18 сағаттан, жартысы 17 сағаттан жұмыс істеуге келіскенін сөз еткен директор «бұл – барлық аралас мектептердегі жағдай» деп біледі. Ол мұғалім мен ата-аналардың арасындағы сотқа өзінің қатысы жоқ екенін айтты.

«МҰҒАЛІМДІ ҚОҒАМ ҚОЛДАСА, ӨЗГЕРІС БОЛАДЫ»

Республикалық «Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық қорының Оңтүстік Қазақстан облысындағы өкілі Жаңабек Әбіштің сөзінше, соңғы 10-15 жыл шамасында мұғалімді міндетінен тыс іске жұмсау әдетке айналған.

– Қазір мұғалімдердің ішінен белсенділер шыға бастады. Бұл белсенділерді жағалап келген әріптестері көбеюде. Бір мұғалім сотталып жатса, оны қолдайтын әріптестері көбейді. Бұл – мұғалімдер «тіріліп», адами құқықтарын қорғай бастады, түсіне бастады деген сөз, – дейді ол.

Жаңабек Әбіш кей мұғалімдердің мектептегі заңсыздықтарға қарсы тұрмауын «жұмыссыздық кесірінен, күн көру қамымен амалсыз көну» деп түсіндіреді. Әбіштің бұл пікірімен республикалық «Ағартушы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы да келіседі. Оның айтуынша, экономикалық жағдай да мұғалімнің өз құқығын қорғауына кері әсер етеді.

– Мысалы, ауылды жерде тұрақты жалақы – тек мектепте. Сондықтан әрбір отбасы өзінің бір мүшесін мектепке кіргізуге күш салады. Бұған көп жағдайда пара араласады. Мектептердегі заңсыздықтарды азайту үшін білім туралы заңға өзгеріс енгізіп, мұғалімнің міндеті анық көрсетілуі тиіс. Дүниежүзілік тәжірибеде мұғалімнің міндеті оқу-тәрбие жұмысы болса, бізде қоғамдық жұмыстар қосылған, – дейді Өмір Шыныбекұлы.

«Ағартушы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы.
«Ағартушы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы.

Ол облыстық білім басқармаларын жергілікті билікке бағыныштылықтан босатып, тікелей білім және ғылым министрлігіне бағындыру керек деп біледі.

– Сонда ғана мұғалім сенбілік, сайлау, санақ сияқты өз міндетіне жатпайтын жұмыстардан босайды, – дейді «Ағартушы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Өмір Шыныбекұлының сөзін наразы мұғалімдер Меңсұлу Малдыбаева мен Баян Сәбден де қоштайды. Біріншісі «мұғалімдерді қоғам болып қолдаса ғана өзгеріс болады» десе, екіншісі «әкімдік пен білім бөлімі мектеп директорын қолдап, жәбір көрген мұғалімді жығып бере берсе, наразылық күшейе береді» деп есептейді.

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы Меңсұлу Малдыбаева мен Баян Сәбден айтқан жайттар – облыс мектептеріндегі заң бұзу оқиғалары туралы Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап бермей, облыстық білім басқармасына сілтеді. Ал білім басқармасы 2016 жылғы деректерді берді. Басқарма дерегінше, 2016 жылы бұл аймақтағы мектептерден 2 мыңнан аса арыз-шағым түскен. Олардың арасында тек мұғалімдер мен директорлардың ғана емес, ата-аналардың да шағымдары бар.

Кейінгі жылдары қазақстандық мұғалімдер мектеп директорлары мен әкімдіктердегі білім бөлімдері шенеуніктерінен көретін қысымдарын айтып, жиі шағымдана бастаған.

Оқи отырыңыз: «Тәуелсіз мұғалімдер» құқықтарын бірігіп қорғауға көшті

Олар педагогикалық міндеттерінен тыс түрлі қара жұмыстарға, сенбіліктерге, сайлау кезіндегі шараларға мәжбүрлеп жұмсауға, мектеп әкімшіліктері тарапынан болатын түрлі ақша жинау, мәжбүрлеп газет-журналға жаздыру, билет алғызу сияқты жөнсіз әрекеттерге наразы.

Соңғы кездері мұғалімдер арасынан осындай заңсыз мәжбүрлеу оқиғаларына қарсы белсенді мұғалімдер шығып, құқықтарын сот арқылы қорғауға мәжбүр болған. Олар әлеуметтік желілерде бірігіп, бір-бірінің құқығын қорғауға жәрдемдесе бастаған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG