Сауалнама: Қазақстандықтардың жартысына жуығы биліктің шешіміне әсер ету мүмкіндігіне сенбейді

Парламент сайлауы кезіндегі дауыс санау процесі. 23 тамыз, 2026 жыл.
Парламент сайлауы кезіндегі дауыс санау процесі. 23 тамыз, 2026 жыл.

Қазақстандықтардың жартысынан астамы қоғамдық-саяси оқиғаларға қызығады. Бірақ сауалнамаға қатысқандардың 45 пайызға жуығы азаматтардың саясатқа ықпал ететін нақты тетіктері жоқ деп санайды. Ал респонденттердің жартысына жуығы соңғы бір жылда қоғамдық-саяси өмірге мүлде араласпаған. DEMOSCOPE қазақстандықтардың қоғамдық пікірін мониторингтеудің тәуелсіз бюросы жүргізген зерттеу осыны көрсетті.

«Қазақстан азаматтарының саясатқа араласуын бағалау» тақырыбындағы сауалнама 2026 жылы 5–27 қазан аралығында жүргізілген. Оған елдің 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қала — Астана, Алматы және Шымкенттің 18 жастан асқан 1100 тұрғыны қатысқан.

Зерттеу нәтижесіне қарағанда, респонденттердің 52,4 пайызы елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларды бақылап отырады. Ал 44,3 пайызы қазіргі саяси күн тәртібіне қызықпайтынын айтқан.

Қоғамдық-саяси оқиғаларға қызығушылық танытқанмен сауалнамаға қатысқандардың 44,7 пайызы азаматтардың саясатқа ықпал ететін нақты тетіктері жоқ деп есептейді. Олардың 28,4 пайызы бұл пікірмен толық келіссе, 16,3 пайызы ішінара келісетінін жеткізген.

Ал респонденттердің 48,2 пайызы азаматтардың саяси өмірге қатысу мүмкіндігіне сенеді.

Қоғамдық-саяси өмірге қатысудың ең кең тараған түрі — сайлау мен референдум. Сауалнамаға қатысқандардың 44,7 пайызы соңғы уақытта осындай шараларға қатысқанын айтқан. 9,6 пайызы мемлекеттік органдарға, соның ішінде eOtinish порталы арқылы өтініш жолдаған.

ePetition платформасында петицияларға 2,8 пайызы қол қойған. Ал 2,2 пайызы БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы билікке жүгінген.

Бұған қоса, зерттеуге қатысқандардың 48,7 пайызы соңғы 12 айда қоғамдық-саяси өмірге мүлде араласпағанын мәлімдеген. Зерттеу авторлары азаматтар мемлекет олардың өміріне немесе отбасының әл-ауқатына кері әсер ететін шешім қабылдаса, өз мүддесін қорғауға қаншалықты дайын екенін де сұраған. Респонденттердің 40,5 пайызы мұндай жағдайда азаматтық қимыл жасауға дайын екенін айтқан. Ал жартысынан астамы — 54,5 пайызы бұған дайын емес екенін жеткізген.

Азаматтық белсенділіктің төмен болу себептерінің бірі ретінде сауалнамаға қатысқандардың 31 пайызы мұндай әрекеттерден еш нәтиже шықпайды деп санайтындықтарын айтқан.

Зерттеушілер азаматтық белсенділікке бейімділік жастар арасында жоғары екенін анықтады. 18–29 жас аралығындағы респонденттердің 54,2 пайызы өз мүддесіне қатысты шешім қабылданса, әрекет етуге дайын екенін айтқан. 30–39 жас тобында бұл көрсеткіш — 47,6 пайыз, 40–49 жаста — 39,9 пайыз, 50–59 жаста — 33,9 пайыз. Ал 60 жастан асқандардың 21,5 пайызы ғана өз мүддесін қорғауға дайын екенін білдірген.

Респонденттер қоғамдық өмірге араласуға кедергі келтіретін басты себеп ретінде бір нәрсені өзгертуге болатынына сенбеуді атаған. Сауалнамаға қатысқандардың 32,8 пайызы осылай жауап берген.
Тағы 25,8 пайызы саясатқа қызықпайтынын, 22,3 пайызы уақыт тапшылығын алға тартқан. Бұдан бөлек, 12,3 пайызы азаматтық белсенділіктің кері салдарынан қауіптенетінін, 11,5 пайызы саяси үдерістерге қалай қатысуға болатынын білмейтінін, ал 7,9 пайызы қолданыстағы қатысу тетіктеріне сенбейтінін айтқан.

Азаматтардың билік шешімдеріне ықпал етуіне қандай шаралар көмектесуі мүмкін деген сұраққа респонденттердің 30 пайызы сайлау мен референдумдарға белсендірек қатысуды атаған. 17,6 пайызы мемлекеттік органдар мен депутаттарға жиірек өтініш жолдау қажет деп санайды. Ал 14,4 пайызы қоғамдық тыңдаулар мен талқылауларға қатысуды маңызды деп есептейді.

БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы өз ұстанымын ашық білдіруді – 11,4 пайызы, петициялар мен ұжымдық өтініштер әзірлеп, оларға қол қоюды 10,4 пайызы атаған. Бейбіт жиналыстар мен қоғамдық акцияларға қатысуды сауалнамаға қатысқандардың 8,9 пайызы маңызды құрал деп санайды. Ал 7,2 пайызы саяси партиялардың қызметіне қатысуды ұсынған.

​
XS
SM
MD
LG