Accessibility links

Сеул Пхеньянға бейбіт келіссөз бастауды ұсынды

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мен
Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мен

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мен Солтүстік Кореяға ондаған жылға созылған қақтығысты аяқтау үшін бейбіт келіссөз бастауға шақырды. Ол мұндай ұсынысты 15 тамызда Кореяның жапон отаршылдығынан азат етілгенінің 81 жылдығына арналған салтанатты шарада жария түрде жасады.

Ли Чжэ Меннің сөзінше, екі тарап бір-біріне қауіп төндіруді тоқтатып, соғысты ресми түрде аяқтайтын келісімге қол жеткізу үшін тікелей диалогқа көшуі қажет. Ол келіссөздер барысында Солтүстік Кореяның ядролық қару бағдарламасының кеңеюін тежеу мәселесін де талқылауға болатынын мәлімдеді.

Оңтүстік Корея президенті қазіргі қолданыстағы бітім келісімі Корей түбегін тұрақты қауіпсіздікпен қамтамасыз ете алмай отырғанын айтып, оны толымды бейбітшілік жүйесімен алмастырудың уақыты келді деп мәлімдеді.

Сондай-ақ ол өңірдегі шиеленістердің алдын алуға мүмкіндік беретін "көпқабатты қауіпсіздік жүйесін" құруды ұсынып, Солтүстік және Оңтүстік Корея бейбіт қатар өмір сүру үшін бетпе-бет келіссөз үстеліне отырады деген үміт білдірді.

Пхеньян бұл ұсынысқа әзірге ресми пікір білдірген жоқ.

Солтүстік және Оңтүстік Корея 1950 жылдан бері заң жүзінде соғыс жағдайында саналады. Қақтығыстың атыс-шабыс кезеңі 1953 жылы аяқталғанымен, тараптар бейбіт келісімге қол қоймаған. Оның орнына тек оқ атуды тоқтату туралы келісім жасалып, екі ел 38-параллель бойындағы демилитаризацияланған аймақ арқылы бөлініп тұр. Бүгінде бұл шекара әлемдегі ең қатаң күзетілетін шекаралардың бірі саналады.

Айдар
XS
SM
MD
LG