Accessibility links

Нёнокса маңындағы бақылау станциялары неге өшті?


Северодвинскідегі атом сүңгуір қайығы тоқтайтын орын.
Северодвинскідегі атом сүңгуір қайығы тоқтайтын орын.

Тамыздың 20-сы күні ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы келісім ұйымы халықаралық мониторинг жүйесінің тағы екі станциясы байланысқа шығуды тоқтатқаны белгілі болды. Ақпарат құралдары ұйым басшысы Лассина Зербоға сілтеме жасап, аталған екі станцияның бірі Чукотка түбегіндегі Билибино қаласында, екіншісі Алтайдағы Залесово ауылында орналасқанын жазды. Осыған дейін Венадағы бірыңғай оталыққа тамыздың 8-і күні жарылыс болған Северодвинск түбіндегі Нёнокса ауылына жақын жердегі Дубна мен Кировск станцияларынан дерек беру тоқтаған. Тамыздың 20-ы күні Алтай мен Чукоткадағы станциялармен байланыс қалпына келді, бірақ қалған екі станциядағы жағдайдан әлі хабар жоқ.

Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында Зербо "ресейлік шенеуніктер станциямен байланыстың үзілуін желі мен байланыс жүйесінде туындаған ақаулармен түсіндірді" деген.

Көп сарапшылар Нёноксадағы апаттан кейін бірнеше мониторинг станциясының жұмысы тоқтауын "кездейсоқ емес" деп санайды. Лассина Зербо твиттер парақшасында жарылыс салдарынан тууы мүмкін радиоактивті бұлттың теориялық таралуын сипаттайтын бейнеролик жариялады. Видеоға қарағанда, радиоактивті бөлшектер Қазақстан аумағына да жетуі мүмкін екені байқалады. Тамыздың 20-сы күні Қазақстан энергетика министрілігінің "Қазгидромет" мемлекеттік кәсіпорыны (радиациялық ластану деңгейін бақылаумен де айналысады) тамыздың 8-і мен 19-ы аралығында жинаған мәліметтерін келтіріп, Қазақстанның Ресеймен шектесетін алты облысында радиациялық гамма-фон қалыптан ауытқымаған деп хабарлады.

Гамбург университеті жанындағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін зерттеу институтына шақырылған ғылыми қызметкер Дмитрий Стефанович Азаттыққа ядролық сынақтарды мониторингілеу жүйесі бірінші кезекте ядролық жарылыстарды анықтауға бағытталғанын айтты.

- Солтүстік Корея сынақ өткізгенде, бұл жүйе жақсы жұмыс істеп, қарудың қуаты, ядролық сипаты сияқты деректер беріп тұрған. Яғни, бұл - бір жерде ядролық жарылыс болған-болмағанын нақты көрсететін халықаралық жүйе. Әртүрлі станцияларда әртүрлі параметрлер өлшенеді.Ресейде сейсмикалық, ультрадыбыстық, радионуклидтік станцияларды қоса алғанда жалпы саны 32 нысан жұмыс істейді. Елде сондай-ақ радионуклидті зертхана мен Дубнадағы ұлттық деректер орталығы бар, - дейді Стефанович.

Қалыпты жағдайда станция тәулігіне бір рет аталған орталыққа деректер жіберуі керек.

Сарапшы соңғы кезде жұмысында ақаулар байқалған төрт станция да радионуклидті нысандар қатарына жататынын айтады. Яғни, бұл станцияларда атмосферада радиоактивті изотоптардың бар-жоғы тексеріледі. Сарапшының пікірінше, станциялар жұмысын жалғастырып, жай ғана деректерді бірыңғай халықаралық орталыққа бермей отырған болуы да мүмкін. Қалыпты жағдайда станция тәулігіне бір рет аталған орталыққа деректер жіберуі керек. "Деректер ресейлік орталыққа түсіп, тіркелген болуы мүмкін (шын мәнінде, Зербо Чукотка мен Алтайдағы станцияларда бұрын жазылған деректер қазір ұйымның штаб-пәтеріне түсе бастағанын хабарлаған – Азаттық). Бұл белгісіз. Мүмкін станция жұмысында шынымен де ақау пайда болған шығар. [Ресейдің ресми тұлғалары] деректерді бірінші өздері қарап, қандай ақпаратты тіркеп, қайсысын назардан тыс қалдырғанын түсінуге тырысып жатқан болуы да мүмкін" дейді Стефанович.

Ресейдің Северодвинск қаласы, шілде 2019 жыл.
Ресейдің Северодвинск қаласы, шілде 2019 жыл.

Апат салдарын жасыру үшін халықаралық мониторинг станцияларына түскен деректерді бермеудің не қажеті бар? Жарылыс Норвегия мен Финляндия шекарасына жақын маңда болған. Радиациялық жағдайды Гидроцентр сияқты ресейлік жүйелер де бақылап отыр. Стефанович ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы келісім ұйымы ұсынған ауа ағындарының қозғалысын бақылайтын модельдің дерегіне сүйеніп, радионуклидті бұлттардың басым бөлігі Ресей территориясында қалуы керек деп топшылайды.

Сарапшы мониторинг станциясының датчиктері азаматтық жүйелерге қарағанда әлдеқайда көп дерек жинайтынын айтады. Өйткені олар ядролық реакция өнімдерін іздеуге бағытталған. Ал мұндай қызмет Гидромет міндетіне кірмейді. Стефановичтің айтуынша, қауіпті мөлшердегі радиацияны халықаралық мониторинг жүйесінің бірнеше станциясын өшіру арқылы ғана жасыру мүмкін емес. Халықаралық мониторингтің басқа бақылау жүйелерінен негізгі айырмашылығы – олар ауаға тараған радионуклидтің нақты құрамын анықтайды. Бұл Нёноксада болған апат туралы толығырақ мәлімет алуға көмектесуі мүмкін" дейді ол.

Greenpeace Ресей билігінен осындай ақпарат беруді сұрап, ресми хат жолдаған. Ұйымның энергетикалық бөлімінде жобалар жетекшісі боп істейтін Рашид Алимов Азаттыққа Greenpeace хаты жауапсыз қалғанын айтты.

Архангельск облысында адамдар дәріханадан йод сатып ала бастаған.

- Ресей заңдарына сәйкес, адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға қатысты ақпаратты жариялауға болмайды. Апат болған тамыздың 8-і күні бізРоспотребнадзор мен Росгидрометке сұрақ жолдап, нақты жауап ала алмадық. Қазір халық "жағдай бақылауда, адам өміріне қауіп жоқ" деген жалпылама жауаптарға сенбейді. Қорғаныс министрлігі басында-ақ "қоршаған ортаға ешқандай зиянды заттар тараған жоқ" деген мәлімдеме жасады. Бірақ сол кезде Северодвинскідегі радиациялық ахуалдың 20 есеге артқанын ескерсек, қоршаған орта белгілі бір деңгейде ластанған деген қорытындыға келеміз. Ендігі кезекте ауаға тараған радионуклидтердің сипатын анықтау керек. Архангельск облысында адамдар дәріханадан йод сатып ала бастағанын білеміз. Бұл шара ауаға тез жойылатын диоксидті йод тараған жағдайда ғана көмектесе алады. Қоршаған ортаға басқа радионуклидтер бөлінген болса, мұның пайдасы жоқ. Міне, сондықтан да, қандай изотоптар бөлінгені жөнінде ақпарат беру маңызды, - дейді Алимов.

Нёноксадағы сәтсіз аяқталған сынақ салдарынан қоршаған ортаға тараған радионуклидтер туралы деректер әлі жоқ. Оларды не Ресейдегі, не басқа елдегі бақылау жүйелері тіркемеген. Северодвинскідегі Гидрометцентр мониторингі кезінде белгісіз заттан туған гамма-фонның қысқамерзімді өсуі байқалған. Бірақ бұл дерек апаттың себебі туралы ешқандай ақпарат бермейді. Атмосфераға түскен изотоптардың құрамын білу арқылы жарылыс кезінде зардап шеккен ядролық құрылғының сипатын анықтауға болады. Росатом бұл құрылғыны "изотопты энергия көзі" деп атады – бұл термин шағын ядролық реакторға да, электр энергиясын радиоактивті бөлініс негізінде өндіретін "мәңгілік қуат көзі" РИТЭГ-ке де қатысты қолданылуы мүмкін.

Северодвинскідегі төтенше оқиға туралы шенеуніктер мен журналистер болжамы (орысша):

Сарапшылар Северодвинск түбіндегі полигонда сыналған қару түріне қатысты бірнеше нұсқа ұсынады. Олардың басым көпшілігі ядролық энергетикалық қозғалтқышы бар қанатты зымыран "Буревестник" сыналған деп есептейді. Дәл осындай нұсқаны твиттер парақшасында АҚШ президенті Дональд Трамп та жазған. Басқа болжалды нұсқалардың қатарында дыбыстан да ұшқыр "Циркон" зымыраны, "Посейдон" суасты боты немесе "Скиф" зымыран құрылғысы (халықаралық келісімдерге сәйкес, бұл құрылғыны сынауға тыйым салынған. Бірақ "Известия" газеті "Скиф" құрылғысының сынақтан өткізілгені туралы жазған) бар. Бірақ аталған нұсқалардың бірде-бірі изотопты энергия көзін сынақтан өткізу не үшін қажет болғанын және радиациялық апаттың сипатын түсіндіре алмайды.

Тамыздың 19-ы күні Азат Еуропа / Азаттық радиосының орталық жаңалықтар қызметі Вильнюстің Newsader ақпараттық агенттігінің Sotnik-TV ақпарат көзінесілтеме жасап жариялаған видеосына назар аударды. Видеода әскери қызметкердің Нёнокса ауылы тұрғындарымен кездесуі көрсетілген.

"Тамыздың 8-і күні адамдар понтонға шыққан. Понтонның астында жарылыс болғанда, үстіндегі адамдар ауыр жарақат алып, қаза тапқан. Олар - Росатомның қызметкерлері. Жараланғандарды Росатомның арнаулы ауруханасына алып кетті. Сынақтар тек тамыздың 8-і ғана болды деп кім айтты? Сынақтар бұған дейін де болған" дейді видео кейіпкері. Әскери қызметкер ядролық изотоптардан қуат алатын зымыран қозғалтқышы сынақтан өткенін айтып, соңғы күндері жағалауға шығарылған заттарға жақындамауға кеңес береді. Азаттық радиосы бейнероликте шынайы жағдай суреттелгеніне көз жеткізетін дерек таба алмады. Бірақ, сарапшылардың айтуынша, ол шынайы видеоға ұқсайды. Әскери тақырыптарда жазатын e_maksimov деген блогер видеодағы адам - 09703 әскери бөлімінің (45-ші ГЦМП) бастығы, бірінші дәрежелі капитан Владимир Игоревич Босый деген болжам жасайды.

"Босый" Нёнокса тұрғындарымен әңгіме кезінде қазіргі уақытта жағалауға жақындамаған адамның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ екенін алға тартады. Дәл осындай пікірді Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесу кезінде Владимир Путин де айтқан. Француз журналистінің сұрағына жауап берген ол: "Сіз Северодвинскідегі апатты меңзеп тұрсаңыз, онда ешқандай қауіп те, радиацияның артуы да тіркелген жоқ. Оқиға орнына сарапшылар жіберілді. Олардың қатарында тәуелсіз сарапшылар да бар. Әскери және азаматтық сарапшыларымыздан есептер алып отырмын. Үлкен бір өзгерістер байқалмайды. Бірақ тосын жағдайлар болмас үшін алдын-алу шаралары қолға алынып жатыр” деген.

Оларға адам өмірінен бомбалар мен зымырандар қымбат.

Ресми тұлғалардың сабырға шақырған сөздеріне қарамастан, апат пен оның салдарынан қоршаған ортаға тараған радиоактивті изотоптар туралы нақты ақпараттың жоқтығы және халықаралық мониторинг станцияларының кенеттен жұмысын тоқтатуы сарапшыларды алаңдатып отыр. "Ресей билігінің әдетте ақпаратты жасырын ұстайтынын ескерсек, станциялардың жұмысындағы ақау апат туралы деректерді жасыру үшін қолдан ұйымдастырылған деген нұсқаға көбірек сенемін. Қорғаныс министрлігі мен Росатом ауаға бөлінген заттардың құрамы мен қоршаған ортаға тараған радиацияның көлемі туралы ақпаратты ашып айтуы керек. Бұл ақпаратсыз қандай территориялар ластанғанын біліп, тамыздың 8-і күні радиоактивті бұлт жүріп өткен жерлердегі халықтың өміріне төнген қауіпті нақты бағалай алмаймыз" дейді эколог, anti-atom.ru жобасының бас редакторы Владимир Сливяк.

Сливяк ақпараттың жарияланбауын "ескі советтік дәстүрмен" байланыстырады. "Елді советтік арнаулы қызмет өкілдері басқарады. Оларға адам өмірінен бомбалар мен зымырандар қымбат" дейді эколог.

Ресей билігі халықаралық келісімдер шеңберінде де ақпаратпен бөлісуге асығар емес. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков сейсенбі күні халықаралық мониторинг жүйесінің ұлттық сегментіне кіретін станциялардан дерек беру "ерікті түрде" жүзеге асатынын айтты. Дмитрий Стефановичтің айтуынша, ядролық жарылысқа жатпайтын радиациялық апаттарды зерттеу де келісім ұйымының міндетіне кірмейді.

"Олардың Нёноксадағы апатқа қатысты деректерді жариялай бастауы дұрыс емес" дейді сарапшы.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Любовь Чижованың материалынан аударылды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG