"Шекарасыз тілшілер" ұйымының сөз бостандығы рейтингісінде Қазақстан ахуал ең қиын елдер категориясында 8 сатыға төмендеді. Былтыр Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында 141-орынды иеленсе, биыл 149-орынға сырғыды.
Баспасөз қорғау ұйымының айтуынша, Қазақстанда журналистер заңнамалық тұрғыдағы қысым ғана емес (мысалы, Қылмыстық кодекстегі бұлыңғыр жазылған "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен қудалау), сонымен бірге аңду, қорқыту, кейбір жағдайда ұстау немесе үйқамаққа жіберу сияқты түрлі тосқауылдарға кезігіп отыр.
Қазіргі кезде "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша Orda-ның бұрынғы бас редакторы Гүлнара Бажкенова, "Айтпа, Ботагөз" телеграм-арнасының авторы Ботагөз Омарова, ҚазТАГ-тың бас редакторы Әмір Қасенов үйқамақта отыр.
"Бұл алаңдатарлық жайт. Реформа жүргізуге уәде бергенмен президент [Қасым-Жомарт] Тоқаев кезіндегі шынайы жағдай [бірінші президент Нұрсұлтан] Назарбаевтың дәуірімен сабақтастығын көрсетеді. Ақпаратты бақылау ерекшелік емес, ереже болып қалды" деді «Шекарасыз тілшілер» ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бюросының басшысы Жанна Кавелье Азат Еуропа/Азаттыққа берген сұхбатында.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымының айтуынша, елде ақпарат құралдарының сайттары бұғатталып жатыр. Есепте айтылған Respublika порталы былтыр қараша айында Қазақстан аумағында бұғатталып қалды. Басылымның әлеуметтік желілердегі аккаунттары да шектеуге тап болды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мұны 2012 жылғы сот шешіміне байланысты деп түсіндірді: сол кезде сот ондаған оппозициялық басылымды "біртұтас БАҚ" деп танып, оларға "экстремист" басылым ретінде тыйым салған. Алайда кейінгі бұғаттауды өзі жариялаған, әлдекімдерге жақпай қалған материалдармен байланыстырған басылым редакциясы қазір бұғатталған respublika.kz.media сайты 2014 жылы, яғни сот шешімі шыққан соң екі жылдан кейін құрылғанын айтты.
Баспасөз қорғау ұйымының пікірінше, Астана барған сайын онлайн-шабуыл сияқты қысымның жанама түрлеріне жүгініп жатыр. Ұйым ақпарат құралдарының әлеуметтік желідегі аккаунттарына да жаппай шағым көбейгенін, бұдан соң парақшалар бұғатталып немесе материалдары өшіріліп жатқанын айтады.
"Жазасыздық дағдарысты онан сайын ушықтырады. Журналист Айдос Садықовтың Украинадағы өлімі ашылған жоқ, оны өлтірді деп күдікке ілінгендер әлі бостандықта жүр, ал Қазақстан іс жүзінде тергеуге көмектесіп жатқан жоқ, бұл журналистерге шабуыл жасау жазасыз қалуы мүмкін екенін айқын көрсетеді. Санаулы тәуелсіз БАҚ кей жағдайда YouTube немесе Telegram сияқты платформаларда жұмысын жалғастырса да, үнемі қысымға ұшырайды" деді Кавелье.
Рейтингті түзушілердің айтуынша, Қазақстанда дәстүрлі БАҚ басым рөлге ие және ақпаратқа қолжеткізу қатаң бақыланып, еркін журналистиканың алаңы тарылып жатыр.
Қазақстан билігі халықаралық ұйымның есебіне әзірге реакция білдірмеді.
Осы аптада Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы Қазақстанда тәуелсіз БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар, блогерлер және қоғам белсенділерінің әлеуметтік желідегі аккаунттарының бұғатталып, жазбаларының жойылуына қатысты алаңдаушылық білдірген.