Влада Харебова 2022 жылдан бері Ресей азаматтығынан шығуға әрекеттеніп келген. Алайда ешқандай нәтиже болмаған.
Харебова Латвияда тұрады және өзі мен екі баласына Латвия азаматтығын алғысы келеді. Бірақ бұл елде қос азаматтыққа рұқсат жоқ.
Сөйтіп ол бастапқы азаматтығынан бас тарту үшін Ресейдің Ригадағы консулдығына барған. Консулдық қажет құжаттардың тізімін берген, бірақ оларды қалай алуға болатынын түсіндірмеген.
"Консулдыққа қоңырау шалсаңыз немесе хат жазсаңыз, олар: "Біз мұнымен айналыспаймыз. Кешіріңіз, көмектесе алмаймыз" деп жауап береді" дейді Харебова.
Ресей сондай-ақ азаматтықтан шығу үшін төленетін алымды да көбейткен. Мұғалім болып жұмыс істейтін Харебова үшін бұл – өте үлкен сома.
Консулдыққа барғанда оның қызы да қиындыққа тап болған. Одан Ресейдегі университет берген дипломның көшірмесін талап еткен. Харебованың айтуынша, жария нұсқаулықта мұндай талап көрсетілмеген.
Бүгінде шетелде тұратын ресейліктер арасында азаматтықтан бас тартқысы келетіндер көп. Бірі Ресей азаматтығынан құқықтық не бюрократиялық себеппен, бірі моральдық себеппен шыққысы келеді. Бірақ бұл процесс бірталай жылға ұласуы мүмкін және оның бағасы да артқан.
22 шілдеде күшіне енген жаңа заң бойынша азаматтықтан бас тарту алымы 4200 рубльден (50 доллар) 50 мың рубльге (592 доллар) көбейген. Бұдан бөлек, үкімет қаулысы қабылданып, шетелде тапсырылған өтінім үшін консулдық алым 130 доллардан 1200 долларға жеткен.
Төлемдердің қымбаттауы шетелде жүрген ресейліктер үшін онсыз күрделі процесті одан әрі қиындатып жіберді.
Финляндияда тұратын Вероника Микконен рәсімге қажетті кейбір құжаттардың жарамдылық мерзімі небәрі үш ай екенін айтады. Ал Ресейдің дипломатиялық өкілдігіне жазылу оңай емес. Оған бірнеше ай кетуі мүмкін. Мұның бәрі ресейліктерді уақытпен жарысуға итермелеп отыр.
Микконен ақыры дегеніне жетіп, Ресей азаматтығынан шыға алған. Ол құжаттарды дайындауға шамамен 1000 еуро (1160 доллар) кеткенін айтады. Бірақ ол кезде консулдық алым 130 еуро (152 доллар) болған.
Микконеннің сөзіне қарағанда, ол Ресей азаматтығынан шығу туралы шешімін Кремльдің ел ішіндегі репрессиясы мен Путиннің Украинаға қарсы соғыс бастауынан кейін қабылдаған.
"Диктатуралық елдің және соғыс бастаған мемлекеттің төлқұжатын қалтамда алып жүргім келмеді" деді ол "Настоящее время" арнасына.
Мәскеу статистиканы жариялауды тоқтатты
Ресей сыртқы істер министрлігі 2023 жылдан бері азаматтықтан бас тарту жөніндегі статистиканы жариялаған жоқ. Оған дейін жариялаған деректеріне қарағанда, 2019 жылы Ресей азаматтығынан 4356 адам, 2020 жылы 3877 адам, 2021 жылы 4055 адам, 2022 жылы, яғни соғыстың алғашқы жылы 4306 адам шыққан.
Министрлік 2022 жылғы көрсеткіш бұл трендте үлкен өзгеріс барын көрсетпейді деген. Ал сыртқы істер министрлігі консулдық департаментінің басшысының айтуынша, 2023 жылдың алғашқы тоғыз айында азаматтықтан 4400 адам шыққан.
2022 жылғы қыркүйекте Путин әскери мобилизация науқанын жариялағанда жүздеген мың ресейлік шетелге қашқан.
Мемлекеттік статистиканың жаңартылмауы Украинадағы соғыстан кейін Ресей азаматтығынан бас тартқысы келетін адамдар саны көбейген-көбеймегенін анықтауды қиындатады. Алайда жекелеген елдердің мәліметтері азаматтықтан шығуға деген сұраныс артқанын көрсетіп отыр.
Мәселен, 2024 жылы Эстонияда 107 адамның Ресей азаматтығынан бас тартқаны тіркелген. Елдің ішкі министрлігінің дерегінше, былтыр 25 тамызға дейін бұл көрсеткіш 126-ға жеткен.
Ресей азаматтығынан бас тарту ұзаққа созылып жатқаны Эстонияда да байқалған. Ресейдің Таллиндегі елшілігі Ресейдің жаңа азаматтық туралы заңы күшіне енгеннен кейін 2023 жылдың аяғынан 2024 жылғы ақпанға дейін азаматтықтан бас тарту туралы жаңа өтініштерді қабылдауды тоқтатқан.
Құжат қабылдау басталған соң ұзын-сонар кезек пайда болған. Өйткені Ресей Тарту және Нарва қалаларындағы консулдығын жауып, Таллиндегі елшілік қызметкерлері санын қысқартқан.
Украинадағы соғыстан кейін Мәскеу мен Батыс арасы қиындап, Ресей Еуропаның бірталай қаласындағы консулдығын жапқан.
Эстония азаматтығын натурализация арқылы алғысы келетін шетелдіктер негізінен бұрынғы азаматтығынан бас тартуға тиіс. Сондықтан Ресей елшілігіндегі кідірістер азаматтық алу рәсімін аяқтау үшін Ресей азаматы емес екенін растайтын құжатқа зәру адамдар үшін қиындық туғызып отыр.
"Ресеймен ешқандай байланысым жоқ"
Ресей азаматтығынан бас тартуға сол елдің заңы да бірқатар талап қояды. Өтініш берушінің басқа азаматтығы немесе оны алатынына кепілдігі болуы керек. Сонымен қатар салық, алымдар мен айыппұлдар бойынша берешегі немесе орындалмаған белгілі бір заңды міндеттемелері болса, азаматтықтан шығуға рұқсат берілмеуі мүмкін.
Өтініш берушілер үшін Ресейден кеткісі келу – мәселенің бір ғана қыры. Бұдан бөлек бұл процеске үлкен қаражат пен табандылық керек.
Испания астанасы Мадридте тұратын Александр Смирнов "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында Ресей азаматтығынан шығуға әрекеттенгенін, бірақ нәтижеге жете алмағанын айтты.
Смирнов алымдар мен төлемдер көлемі артқаннан кейін процесті жалғастырар-жалғастырмасын білмей отыр.
"Ресейге бармағаныма 10 жыл болды, Ресеймен ешқандай байланысым жоқ, онда мүлкім де, банк шоттарым да жоқ. Маған бұл азаматтық қажет емес" дейді ол. "Ресей азаматтығынан өзім тұрып жатқан елдің азаматтығын алу үшін шыққым келеді. Мұның қисыны сол. Бірақ байқауымша, олардың мақсаты – осыған кедергі жасау".
Құқық қорғаушы Лев Пономарёв бұл пікірді қуаттайды. Оның айтуынша, Мәскеу Ресей азаматтығынан шығып жатқандар көп деген ақпарат тарағанын қаламайды.