Шығыс Қазақстан облысы Шіліктідегі сақ дәуіріне жататын көне обаларға әлдекімдер ауыр техникамен зақым келтірген болуы мүмкін деген ақпарат өткен аптаның аяғында әлеуметтік желіде тарады.
Желі қолданушылар жариялаған видеода қар жауған аумақты көрсеткен адам көне тарихи ескерткіш орнын белгісіз біреулер бульдозермен қазып, таптағанын айтады.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі осы жайтқа байланысты 13 қарашада полиция қызметкерлері Зайсан ауданындағы "Шағаноба" археологиялық кешені аумағына барып, ондағы қазылған шұңқырлар "SRS" компаниясына тиесілі техниканың көмегімен көмілгенін анықтағанын хабарлады. Сол күні тарихи-мәдени мұраны қорғау мамандары, археолог, әкімдік және полиция өкілдері оқиға болған жерді тексеріп, жер қазу іздерін фотоға және бейнеге түсіріп, тиісті акт жасаған.
"Қар жамылғысы қорғандардың жай-күйі мен ықтимал залал көлемін толық анықтауға мүмкіндік бермейді. 2027 жылдың көктемінде қосымша тексеру жүргізіліп, қажет болған жағдайда авариялық-құтқару археологиялық жұмыстары ұйымдастырылады. Оқиғаның мән-жайына құқықтық баға беру үшін тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына жолдау тапсырылды" деп хабарлады облыс әкімдігі.
Мамандар Шілікті жазығындағы көне қорғандар бұрынғы дәуірде де, кейінгі уақытта да заңсыз қазба жұмыстарынан зардап шеккенін айтады. Ғалымдар мен қоғам белсенділері тарихи маңызы бар ескерткіштердің қорғау аймағын қатаң бақылауда ұстауды үнемі көтеріп келеді.