Қарағанды облысындағы Талды оба кешеніндегі археологиялық қазба жұмыстары кезінде құшақтары айқасқан қалпы бір зиратта бірге жерленген екі адамның сүйектері табылды. Археологтар бұл көне дәуірде өмір сүрген ақсүйектер жұбының моласы болуы мүмкін деп топшылайды. Батыс бұқаралық ақпарат құралдары ол екеуін "бағзы заманның Ромеосы мен Джульеттасы" деп атаған.
"Табылған зират – өткен жылы біз [осы жерден] тапқан жұптың зираты секілді. Бірақ мұнда ер мен әйел бір-біріне бетпе-бет жатыр, ал былтырғы молада екі адам бірінен соң бірі жерленген болатын" деген журналистерге археологиялық экспедиция жетекшісі Игорь Кукушкин.
Мамандардың болжамы бойынша, моласы табылған жұп шамамен біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтың алғашқы ширегінде өмір сүрген. "Бай адамдардың зираты екеніне қарағанда бұл екеуі ақсүйектер тәрізді" дейді археолог.
Әзірге бұл жұптың тарихы жұмбақ. Екеуі бір уақытта дүниеден өтті ме, жоқ әлде әйелді бірнеше жылдан кейін ер адамның жанына қойған ба, ол жағы белгісіз. Бәлкім, оны құрбандыққа шалып, ер адаммен бірге жерлеген болуы да ықтимал дейді мамандар.
Бұған дейін Қазақстанда осы дәуірге жататын көне қорымдардағы сияқты, бұл моланың жанынан да жерге көмілген жылқы сүйектері табылған.
Әйелдің қолында ұшы бұратылған спиральға ұқсас білезіктер, ою-өрнегі бар дөңгелек салпыншақтар, алтын аспалы әшекей сырға-сақиналар бар.
Қарағанды облысы әкімдігін Шет ауданы аумағынан табылған көне тарихи жәдігер туралы ақпарат таратып, моладан табылған жұптың фотосуреттерін жариялады. Мола осы өңірде көп кездесетін көне қорымдардың бірінен табылды. Орталық Қазақстанда Биғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын ірі рулар мен тайпалардың қорымдары жиі ұшырасады.
Қазақстанда қола дәуірі мен ерте темір дәуірі кезеңінде өмір сүрген сақ тайпаларынан қалған археологиялық ескерткіштер көп.
Ромео мен Джульетта – ағылшын драматургы әрі ақыны Уильям Шекспирдің трагедиясындағы кейіпкерлер. Ал жергілікті тұрғындарға бұл екеуі ғасырлар бойы атадан балаға ғашықтар жыры арқылы жеткен Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың тарихын еске салады. Қазақ халқының ауыз әдебиетін жинаушылар бұл жырды 19-ғасырда қағазға түсірген. Өмірде арманына жете алмаған, кейін бір зиратта бірге жерленген Қозы мен Баянның махаббаты жайлы әдеби шығармалар, фильмдер бар.
2011 жылы Қазақстанда жыл сайын сәуірдің 15-ін Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың құрметіне Ғашықтар күні ретінде атап өту туралы бастама көтерілді. Ғашықтар мерекесін Батыс елдеріндегі әулие Валентин күніне балама ретінде ұсынды.
Қазақстанда табылған көне дәуір адамдарын Батыс жұрты дала Ромеосы мен Джульеттасына балап жатқанына қазақстандық басылымдар да назар аударған. Жергілікті Tengrinews.kz сайты мола табылғаннан кейін "Қазақстан тарихына қызығушылық артқаны" туралы жазған еді. Талды оба кешеніндегі бір молада табылған ер және әйел жайлы АҚШ археологиялық институты, британдық Daily Mail басылымы, World News ақпараттық сайты мен Ancient Origins ғылыми-көпшілік онлайн басылымы да хабарлаған.
Бұған дейін қазақстандық ғалымдар Қарағанды облысындағы қазба жұмыстары кезінде көне дәуірде салынған пирамида тәрізді сатылы мазар тапқан еді. Сол кезде бұл нысан Египеттегі әйгілі пирамидаларға дейін салынған болуы мүмкін деген болжам айтылған. Бірақ ол расталған жоқ.
1990 жылдардың соңында Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы көне заманғы зираттан ер және әйел адаммен бірге алтын ер-тұрманы бар 13 аттың сүйектері қоса табылған болатын.
ПІКІРЛЕР