Accessibility links

10 балалы Дәрібаевтардың жаңа қонысы


Көпбалалы Дәрібаевтар отбасы жаңа қоныста. Шымкент, 3 қаңтар 2016 жыл.
Көпбалалы Дәрібаевтар отбасы жаңа қоныста. Шымкент, 3 қаңтар 2016 жыл.

Шымкентте баспанадан қиындық көріп отырған көп балалы Дәрібаевтар отбасы жаңа жылды бес бөлмелі пәтерде қарсы алды.

Шымкенттегі Дәрібаевтар отбасы үшін 2016 жыл жақсы жаңалықпен басталды. Жаңа жыл мерекесіне санаулы сағаттар қалғанда 10 балалы тұрмысы төмен отбасы қала орталығындағы бес бөлмелі пәтерге көшірілді.

ЖАҢА ЖЫЛҒА ТОСЫН СЫЙ

Азаттық тілшісі Дәрібаевтар отбасының қазіргі жағдайымен танысу үшін 3 қаңтарда олардың шаңырағына барды. Қала орталығындағы Отырар шағын ауданында бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқан бес бөлмелі пәтердің іші кең, жарық әрі жылы екен.

Қайырбек пен Қарлығаш Дәрібаевтардың балаларының жүздерінен қуаныш байқалады. Мәз-мейрам балалар бізге бөлмелерін, ондағы бұйымдарды көрсетіп жүр. «Енді киім, кітап қоятын жеке-жеке шкафымыз бар. Арманымыз орындалды» дейді олар. Отбасындағы ересек қыздар асханада тамақ дайындап жатыр. Әлі мектепке бармайтын кішкентайлар теледидар тамашалап отыр.

Дәрібаевтар отбасы жаңа қоныста дастархан басында отыр. Шымкент, 3 қаңтар 2016 жыл.
Дәрібаевтар отбасы жаңа қоныста дастархан басында отыр. Шымкент, 3 қаңтар 2016 жыл.

– 31 желтоқсан күні кешкісін әкімдік қызметкерлері жүк көлігімен келді. «Жаңа жылға тосын сый жасамақпыз, жүріңіздер» дейді. Шыны керек, алғашында сенбедік. Не де болса өзіміз барып көрейік деп шештік. Бұл үйге кіргеннен соң балаларымның қуанғанын көрсеңіз ғой. Бұл шындығында ерекше сый болды, - дейді «Ана даңқы» орденінің иегері Қарлығаш Дәрібаева.

Өзін «орындаушымын» деп таныстырғанымен аты-жөнін айтудан бас тартқан әкімдік өкілі 2016 жылы қаңтардың 1-і күні Азаттыққа хабарласып, күнкөріс жағдайы төмен, 10 балалы Дәрібаевтар отбасының жағдайымен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов танысқанын айтқан еді. Оның сөзінше, әкімдік 2016 жылға санаулы уақыт қалғанда Дәрібаевтар отбасын қала шетіндегі Ынтымақ шағын ауданындағы уақытша тегін тұрып жатқан бір бөлмелі пәтерден қала орталығындағы Отырар шағын ауданындағы тұрғын үйлердің біріндегі кеңірек пәтерге көшіруді ұйғарған.

– Әкімдік пен кәсіпкерлер бірлесіп Дәрібаевтар отбасын уақытша бес бөлмелі пәтерге көшірді. Қазір балалар жылы үйде тұрып жатыр. Әзірше пәтердің жалдау ақысы алты айға алдын ала төленді. Енді отбасы жеке баспана алғанша осы жерде тұратын болады, - деді әкімдік өкілі Азаттыққа.

АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАҒАН МӘСЕЛЕ

10 баланың әкесі Қайырбек Дәрібаев өз отбасы кірген жаңа қоныс бұрынғыдан жайлы екенін айтады.

– Бұған дейінгі уақытша тегін тұрып жатқан пәтеріміз суық әрі балаларға қолайсыз жер еді. Жаңа шаңырақ одан кең әрі жылы. Отбасым, бала-шағамның атынан көмек беріп, қол ұшын созған барша азаматтарға рақметімді айтамын. Балаларымның қуанышында шек жоқ, - дейді Қайырбек Дәрібаев Азаттыққа.

Қайырбек және Қарлығыш Дәрібаевтар балаларымен бірге жаңа қоныста. Шымкент, 3 қаңтар 2016 жыл.
Қайырбек және Қарлығыш Дәрібаевтар балаларымен бірге жаңа қоныста. Шымкент, 3 қаңтар 2016 жыл.

Теміржол бекетінде күзетші болып жұмыс істейтін Қайырбек Дәрібаев айлық еңбекақысы 40 мың теңге екенін, оған қосымша жүк тасып, 30-35 мың теңге табыс табатынын айтады.

– Ашығын айтқанда, балаларымды осылай қуантуға тапқан табысым жетіңкіремеді, - дейді отағасы.

Оның әйелі Қарлығаш Дәрібаеваның сөзінше, 10 балалы отбасының ауыр жағдайы туралы Азаттық сайтында 16 желтоқсанда жарияланған мақаладан соң оларға көмек беруге ниетті адамдар хабарласа бастаған.

– Жаңа үйге көшіп келген бетте әкімдік қызметкерлері мен кәсіпкерлер бір қойдың еті мен азық-түлік жеткізіп берді. «Демалыс біткен соң балаларға киім-кешек алып береміз» деді. Бір кәсіпкер 10 баламның барлығына жаңа көрпе-төсек алып келді. Енді міне, балаларым жылы үйде, жылы төсекте жатыр, – дейді Қарлығаш Дәрібаева.

Ананы қуантып отырған тағы бір жайт – балаларын толық медициналық тексеруден өткізетіні. Бұған дейін Қарлығаш Дәрібаева салқын пәтерде балаларына суық тиіп, кішкентай қызының құлағы естімей қалғанына шағымданған еді.

​– Балаларым осы кезге дейін суық пәтерде тұрып келгенін білесіздер. Тіпті шомыла алмайтын еді. Мына пәтерге келгенде бірінен соң бірі суға түсіп, қызықтап жүр. Алты айлық қызым тіпті шомылдырып тұрғанда ұйықтап қалды. Ендігі бар жұмысым - балаларымның денсаулығын түзеу. Әкімдік өкілдері "демалыс біткен соң толық медициналық тексеруден өткіземіз, мектепке орналастырамыз" деп уәде етті, - дейді Қарлығаш Дәрібаева.

10 балалы Дәрібаевтардың жаңа қонысы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:57 0:00

Осыдан жарты жыл бұрын жергілікті әкімдіктен «тұрмыс жағдайыңызды ескере отырып, пәтер мәселесін 2015 жылы шешіп береміз» деген хат алған Қарлығаш Дәрібаева биліктегілердің жаңа жылға жасаған тосын сыйын жақсылыққа жорып отыр. Ол «10 баламның жағдайын көріп, тұрмысымызбен танысқан жергілікті әкімдік баспана мәселемізді шешіп беретін шығар» деп үміттенеді.

Шымкент қаласы әкімдігі тұрғын үй секторының меңгерушісі Гүлнәр Құдайбердіқызының Азаттыққа бұған дейін айтуынша, Дәрібаевтар көпбалалы отбасы ретінде 2012 жылы тіркелген пәтер кезегінде қазір әлеуметтік әлсіз топ санатындағы тізімде 2721 болып тұр. Шымкентте Дәрібаевтар сияқты пәтер кезегінде тұрған 1145 көпбалалы отбасы бар. Әкімдік мәліметі бойынша, Шымкент қаласында жиыны 20 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр.

XS
SM
MD
LG