Accessibility links

Сот жазасын жеңілдеткен бұрынғы шенеунік Абылай Мырзахметов бостандыққа шықты

Абылай Мырзахметов (архивтегі фото)
Абылай Мырзахметов (архивтегі фото)

Ірі көлемде алаяқтық жасаған деген айыппен бес жылға сотталған "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы 57 жастағы Абылай Мырзахметов жазасы жеңілдетіліп, бостандыққа шықты. Бұл туралы "Қазақпарат" хабарлады.

Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, Мырзахметовтің сот кескен жазасының өтелмеген бөлігі бостандығын шектеу жазасына ауыстырылған.

"Бостандыққа шыққаннан кейін сотталушы пробация қызметінің есебіне қойылды. Ол сот шешімінен туындайтын барлық шектеулерді, міндеттер мен талаптарды, соның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығуға тыйым салуды сақтауға міндетті" деген ҚАЖД.

Абылай Мырзахметов 2023 жылы мамырда "аса ірі көлемде пара алды" деген күдікпен ұсталған. Қылмыстық істе Мырзахметовтің бір кәсіпкерден оның істі болып, қамауда отырған туысын босатуға көмектесемін деген уәдемен 30 млн доллар сұрағаны айтылған. Қазақстандық басылымдар қамауда болған әлгі адам – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әулетінің бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев деп жазған еді.

2024 жылы Астана қаласының соты Абылай Мырзахметовті "аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады" (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) деп танып, бес жылға бостандығынан айырды. Бұған қоса оған алдағы он жылда жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға тыйым салды.

"Куәгер мен оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында" жабық өткен сот үкім шығарғанда Мырзахметовтің "шынайы өкінгенін, қылмысты тергеуге және қылмыс кезінде алынған мүлікті іздестіруге жәрдемдескенін", кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, мұны жазаны жеңілдететін жағдай ретінде қарастырған еді. Сот материалында Мырзахметовтің өзге адамның "сеніміне кіріп алдап, 13,9 млрд теңге ақшасын жымқырғаны" дәлелденгені, сотта өз кінәсін мойындап, әділ жаза тағайындауды сұрағаны айтылған.

  • Абылай Мырзахметов 2013 жылдан 2022 жылғы ақпанға дейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы болды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" президиумы төрағасы қызметінен кеткен соң бір ай өткенде Мырзахметов те отставкаға кетті.
  • Мырзахметовті 2021 жылы Forbes Kazakhstan басылымы елдегі ең ықпалды 50 бизнесменнің қатарына енгізген. Сол кезде ол медицина бұйымдарын шығаратын зауыт пен алтын кен орнын барлайтын инвестициялық компанияға иелік етті.
  • 2003 жылы Жоғарғы сот Абылай Мырзахметовке бес жыл шартты жаза кескен. Ол "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын басқарып тұрғанда "мемлекет мүлкін жымқырған" деген айыппен жауапқа тартылған.
  • Абылай Мырзахметов 2001 жылдың қарашасынан 2002 жылдың наурыз айына дейін Қазақстанның көлік және коммуникация министрі лауазымын атқарды.
  • 1998 – 2001 жылдар аралығында "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының президенті болды.



Айдар
XS
SM
MD
LG