Accessibility links

«Ислам мемлекеті» террорлық ұйымымен кемінде төрт коалиция соғысып жатыр. Бұл коалициялардың үшеуі үлкен жетістіктерге жетсе, тек біреуі ғана жеңіліске ұшыраған. Мұның өзі аймақтық және геосаяси ахуалдың жағдайынан хабар береді.

«Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымымен кемінде төрт коалиция соғысып жатыр. Бұл коалициялардың үшеуі үлкен жетістіктерге жетсе, тек біреуі ғана жеңіліске ұшыраған. Мұның өзі аймақтық және геосаяси ахуалдың жағдайынан хабар береді.

2014 жылы «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымы құрған «мемлекет» Сирияның солтүстік-батысынан бастап Ирак астанасы – Бағдаттың шетіне дейін созылып жатқан. Тұс-тұстан шабуылға ұшыраған бұл «мемлекеттің» аумағы қазір өте жылдам кішірейіп барады.

Шығыс майданда Ирак үкіметі, күрдтердің «Пешмерга» тобы, түрік әскері, Ирак жасақтары, АҚШ-тың арнайы күштері және АҚШ бастаған халықаралық коалицияның әуе күштері Рамади мен Фаллуджаны ИМ-нен қайтарып алды, қазіргі уақытты ИМ-ның батыс Ирактағы үлкен бекінісі – Мосулды қайтаруға шақ тұр. Шайқас өте ауыр болса да, ИМ-ге қарсы күштер Мосулда сағат санап жеңіске жетіп жатыр.

Батыс майдан – Сирияда түрік әскері мен сириялық жасақтар ИМ-ге үсті-үстіне соққы беріп жатыр. Тамыз айынан бері Азаз, Жарабулус, Мари және ең бастысы – Дабиқ қалалары ИМ шеңгелінен босатылды. ИМ-нің тағы бір мықты бекінісі - Әл-Бабта түрік коалициясы үлкен қарсылыққа тап болды, бірақ олар ИМ-нің қоластындағы аймақты екіге бөлу арқылы тықсырып келеді. Қазір ИМ-ді жеңуге аздаған уақыт қана керек болып тұр. Бірақ, әрине, адам шығыны болатыны да анық.

ИМ-нің орталығында, АҚШ-тың қолдауына сүйенетін, көбіне күрд жасақтарынан тұратын Сирия Қорғаныс әскері ИМ-нің қоластындағы аймақтың солтүстігінде үлкен аумақты басып алды. Олар қазір ИМ-нің астанасы – Раққаны қайтаруға бекінді, АҚШ және коалиция күштері қаланы әуеден қайта-қайта бомбалап жатыр.

Бұл үш коалиция ИМ-нің ең басты деген қалаларын қоршауға алған. Олар ИМ-нің маңызды мұнай және газ ресурстарын бақылауға алуға да әзір тұр. Ең бастысы – АҚШ экстремистік топтың аймақтағы ең негізгі басшыларын қолға түсірдік деп сенеді.

Осындай жағдайда террористердің онша маңызды емес нысандарына шабуыл жасап жатқан төртінші коалицияның жеңіліп жатқаны қайран қалдырады.

Бұл төртінші топ – Сирия президенті Башар Асадты қолдайтын коалиция. Оның құрамында Ресей жауынгерлері, осы елдің арнайы жасақтары мен жалдамалы солдаттары (бұлардың біразы Ресейдің Украинаға шабуылы кезінде тәжірибе жинаған), сондай-ақ, Иранның «Ислам революциясын қорғау корпусының» өкілдері, «Хезболла» экстремистері, Ирактан келген шиит жасақтары бар. Бұл коалицияның жалпы мақсаты – террормен күрес. Бұлардың кейбірі АҚШ-қа арқа сүйеген, және содырлармен соғысып жатқан көтерілісші топтарға шабуыл жасау арқылы ИМ-нің кең алқапты басып алуына жол ашқан.

Асадты қолдайтын коалиция Алеппоны режимге қарсы жасақтардан азат ету операциясын жүргізіп жатқанда ИМ күтпеген жерден тарихи қала – Пальмираны қайта басып алуға кірісті. Пальмираны қорғайтын әскер қалмағандықтан, ИМ мұнда оп-оңай жеңіске жетті. Алеппо үшін болған ұрыста Асад күштері жеңіске жеткенімен, ИМ бәрібір Пальмираның батысына дейін жайылып, жерін кеңейтіп алды. Қала маңында ұрыс әлі жүріп жатқанымен, ИМ-ді ығыстыру мақсатында ешқандай операция жүргізілген жоқ. Ресей «Сириядағы әскерімізді шығарып жатырмыз» дегенімен, мұның шындыққа жанаспайтыны анықталып келеді, олар бүгінде солтүстіктегі «Әл-Қаидамен» байланысты топтарға да, Пальмирадағы ИМ-ге де емес, Дамаскінің солтүстігіндегі онша белсенді емес жасақтарға қарсы күш жинап жатса керек.

Мұның барлығы «Ресей бастаған күштердің Пальмирадағы жеңісі – террормен күрес емес, Мәскеу мен Асад ИМ-ге қарсы күресте тізе қосып әрекет етіп жатыр деген пікір қалыптастыру» деген бір жыл бұрынғы болжамдардың рас екенін аңғартып келеді.

Өткен аптада Ресей мен Асад ИМ-мен жауласудың орнына онымен тиімді қарым-қатынас орнатқанын дәлелдейтін жаңа айғақтар шықты. Дегенмен бұл қарым-қатынастың динамикасы өзгеріп келе жатқан сияқты.

Сирияның Дайр-эз-Заур қаласы 2015 жылдан бері ИМ бақылауында, оның тек шағын бір бөлігі мен айналасы ғана Сирия әскерінің қоластында. Ең бастысы, мұндағы әуежай ешқашан ИМ-нің қолына өткен емес, соның арқасында Сирия режимі әскері мен қару-жарағын қалаға емін-еркін тасымалдап келген. Өткен аптада ИМ Сирия әскерін қаланың осы нысандарынан шығару мақсатында шабуыл бастады.

ИМ террорлық тобы Асадтың күштерін екіге бөліп тастады, ал Ресей ИМ-ді бомбалауға тырысып жатыр. Өткен аптада Мосулда жеңіліп жатқан ИМ керісінше Дайр-эз-Заурда жеңіске жетті.

Бірақ Дайр-эз-Заур - Сириядағы Асад режимі бақылап отырған ең жақын нысаннан 250 километр қашықтықта жатқан, ИМ «халифатының» қақ ортасындағы қала. ИМ бұл нысандарды жаулап ала алатын болса, онда неге осындай бейшара халге түскен кезде ғана шабуылдауға кіріскен?

Ресейдің үгіт-насихат құралдары мен Асадты қолдайтын журналистер «АҚШ ИМ жасақтарының Дайр-эз-Заурдың батысынан кетуіне мүмкіндік берді» деп сендіруге тырысты. Бұл сөзді растайтын ешқандай айғақ әлі келтірілген жоқ. Оның үстіне ИМ-нің Мосулдан қашып шыққан кез келген жасағы Сирияда әрекет етіп жатқан АҚШ-тың арнайы күштеріне шабуыл жасай алады. Мұны рас деген күннің өзінде ИМ бұл шабуылды бастамай неге осы кезге дейін күткен?

Бұл сұрақтың айқын жауабы мынау: ИМ Сирия әскерінің бұл нысандарды ұстап тұруына мүмкіндік берген, ал Сирия әскері ИМ-нің шамына тимей тыныш отырған. ИМ мен Сирия әскері арасында бұрынырақта шын соғыс болғаны рас, бірақ кейіннен екі жақ та өзара тиімді мәмілеге келген тәрізді. Ондағы нысандарын сақтау арқылы Сирия үкіметі «ИМ экстремистерімен кескілескен ұрыста тығырыққа тірелгенін» дәлелдеуге тырысқан. Сирияның әскери нысандарына жақын орналасқаны үшін ғана АҚШ бастаған коалиция ИМ ошақтарын әуеден бомбалаған жоқ. Ал осы айдың басында АҚШ барлаушылары «Дайр-эз-Заурда аса маңызды нысаналар болуы мүмкін» деген ақпарат ала сала үлкен тәуекелге барып, қаланың шетінде арнайы операция бастады.

ИМ күйреп барады. Соған қарамастан олар Пальмира мен Дайр-эз-Заурда Сирия әскеріне шабуылдап жатыр, себебі олар жеңіске жететіндерін біледі. Сарапшылар осы кикілжің басталғаннан бері «ИМ-нің құрылуына Сирия үкіметінің қатысы бар» дегенді ескертіп келеді.

Башар Асадты жақтайтын күштер мен «Ислам мемлекеті» арасында қарым-қатынастың бары анық. Олар қазіргі оңтайлы мүмкіндікті пайдаланып, екі жаққа тиімді әріптестік орнатып отыр ма, әлде Сирия мен Иракта аласапыран жасау үшін әдейі қақтығысты ма? Қай долбар дұрыс шықса да, оған еш таңғалудың қажеті жоқ.

Джеймс Миллердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG