"ТАҒАМДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖОҚ ӨНІМ"
Алматы тұрғыны Александр Плотниковтың қаланың у-шу, әбігер тіршілігінен бойын аулақ салып, тау баурайындағы жер телімінде фермерлікпен айналысып жүргеніне алты жылдың жүзі болған. Негізгі мамандығы – психолог. Қазір радиода диктор болып та істейтінін айтады.
– Психология мамандығы бойынша білімім бар, бакалавр дәрежесі және практикалық психология мамандығы бойынша аспирантура бітіргенмін. Эвакуаторлық компаниям да болды, ол Қазақстандағы алғашқы ірі эвакуатор компанияларының бірі еді. Өзім қиын жерлерден көліктерді алып шығатын, жол талғамайтын эвакуатор идеясын ойлап таптым. Қазақстанда алғаш болып салауатты жүргізуші қызметін енгіздім. Яғни, ол өмірді көргенмін. Енді әлемді тікелей әрі дұрыс амалмен, яғни, табиғат арқылы танып жатырмын, – дейді Александр Плотников.
Плотниковтың жер телімінде алхоры, өріктен бастап, бұрыш, күнбағысқа дейін түрлі жеміс-жидек өседі. Мұнда қарақат пен жүзім де табылады. "Бәрі табиғи, бәрі дәмді" дейді фермер мақтанышын жасырмай. Ол өзі тұтынатын жеміс-көкөністің бәрін өзі өсіруге тырысатынын, себебі базарда табиғи өнімдер азайып, олардың орнын дәмсіз көкөніс басып жатқанын айтады.
– Бұл бірнеше себепке байланысты. Біріншіден, жаз мезгілінен өзге кезде тезірек өнім алуға тырысып, пестицидтер мен небір қосымша тыңайтқыштар қолданады. Жемістің пісу жылдамдығы мен сырт көзге тартымды көрінуіне мән береді, бірақ дәмі, былайша айтқанда, өзінің тағамдық құндылығы жоғалады. Тура Instagram-дағыдай: сырты әдемінің бәрінің ішкі әлемі бірдей бай деп айта алмайсың, – деді Плотников.
"ОҒАН ДӘМДІ БОЛҒАНЫ КЕРЕК БОЛМАЙ ТҰР"
Қазір сырты әдемі, бүрісіп-тырыспаған, бірақ дәмсіз көкөніс пен жеміс-жидек көбейгенін ондай өнім сататындардың көбі мойындайды. Сатушы Шолпан Шымбаева жаз мезгілінде ондай өнімдер азаятынын, себебі дәрі-дәрмекпен емес, табиғи жолмен піскен жеміс-жидек пен көкөніс көбейетінін айтады. Сондықтан көкөністі мезгілінде жеген абзал дейді ол.
– Бір ай бұрын сондай болған шығар. Қазір енді өзіміздің өнімдер пісіп жетілді ғой. Қазір алып жесеңіз, дәмі өте тамаша, – дейді көкөніс сатушы.
Мамандар көкөністің дәміне тұтас жүйе: сұрып түрі, топырақ, су, климат, өсіру жағдайы, жинау маусымы әсер етеді дейді. Тіпті көкөніс жолда қанша уақыт тасымалданады, оның да ықпалы бар. Селекционер Серік Жантасовтың сөзінше, қазір өндірушілер өнімді мол беретін, ұзақ жолға шыдайтын, тез бұзылмайтын "резеңке" көкөніске көбірек назар бөледі. Ал дәмді, тәтті көкөніс тез бұзылатындықтан оларды өсіруге аса ынтық емес дейді маман.
– Базарда тұрып өнім сататындар бізге мынаны ал деп [таңады]. Шағын саудагерлерге береді, олар дүкендерге сатқызады. Олар өздеріне сатуға ыңғайлы сорттарды ғана көбейтеді. Мысалы, дихан алқапта өсіретін қарбыз я қызынақты, өзіне ұнайтын өнімді жақсы деп әкелетін болса, аналар алмай қояды. Сөйтіп оның өнімі бекерден-бекер құриды. Сосын келесі соның айтқанын ғана өсіріп береді. Оларға көп жатып, ұзаққа шыдайтын, былай айтқанда, "резеңке" өнім керек. Ұзақ жолға шыдайтын, мыжылмайтын, бұзылмайтын дегендей. Оған дәмді болғаны керек болмай тұр, – дейді селекционер Серік Жантаев.
Маманның сөзінше, 1990-жылдардың басында елде тұқым таратумен айналысатын шаруашылықтардың жабылып-жойылып кеткені де жағдайды қиындатып отыр. Жақсы көкөніс тұқымын көптеп алу үшін арнайы техника керек. Ал ондай техника қымбат. Сол себепті өндірушілерге шетелдік сорттарды алу ыңғайлырақ деп түсіндірді маман.
– Қазір үкімет мемлекеттік инвестжоба бойынша 2027-2029 жылдарға қаржы бөліп жатыр. Өтініштің бәрін үлкен жобаға беріп жатырмыз. Егер толық қаржыландыру болатын болса, біз сол тұқым өндіруді жан-жаққа таратар едік. Бізде Ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу орталығы, үш университет, 20-дан астам ғылыми мекеме бар. Мысалы, соларға қаржы бөлініп, қолымызда тұқым тазалайтын, тұқым өндіретін, жақсы өсімдіктер өсіріп, тұқым алатын техника болса, онда жақсы тұқымды жан-жаққа таратуға мүмкіндік туар еді, – деді Серік Жантаев.
Көкөністің дәмі мен құнарына топырақтың да сапасы әсер етеді. "Тірі топырақ" жобасының авторы Серік Дияр BaitasovLive арнасына берген сұхбатында 1990-жылдары Қазақстанда 34 млн гектардан астам егіс алқабы болса, қазір 24 млн гектар қалғанын, елде топырақ құнарсызданғанын айтты.
"ЖАСЫРЫН АШТЫҚ"
Көкөніс пен жеміс-жидек жолға ұзақ шыдап, көпке дейін бұзылмай сақталуы үшін оларды көбіне піспеген күйі жинайды. Бұл да көкөністің дәмі мен иісін кетіріп, тиісті дәрумендерден айыруы мүмкін.
Мәселе тек дәм мен иісте ғана емес. Табиғи емес дәмсіз көкөніс пен жеміс "жасырын аштық" (hidden hunger) тудыруы да мүмкін дейді мамандар. "Жасырын аштық" деп азық-түлік жеткілікті болғанымен, дәрумендер мен микроэлементтерге жұтаң болуын атайды. Ондай жеміс-көкөніс жеген адамның қарны тоқ болса да, ағзасы тиісті дәрумендер ала алмайды.
Азаттық көкөніс дәмі жөнінде алматылықтардың да пікірін сұрап көрген еді:
– Әрине, байқайсың. Қазір көкөністердің бәрінің құрамында химикат көп. Мысалы, қарбыздың сыртын жуып жемесең, дәрі-дәрмек, химикат көп қосылады. Қазір химикаттың небір түрі шығып жатыр ғой. Сол жағы алаңдатады. Экопродукциялар азайып бара жатыр.
– Мен оған қатты бас ауыртпаймын, өйткені өзім фермерлерден сатып алғандықтан шығар. Ал олардың өнімі дәмді болады.
– Жеріміздің өзі бұрынғыдай құнарлы емес, себебі жердің бәрі уланған, ластанған. Су да, ауа да солай. Сосын өзімізде ешнәрсе өнбейді. Көбіне сырттан әкелеміз. Мысалы, дүкен, базарлардағы алма, басқа да жемістер қандай қымбат. Ал иіскесең иіс жоқ.
– Мұндай жағдай көбіне қыста, жылыжайлардың жұмыс қуаты бәсеңдеген кезде болады. Біз импорт өнімді сатып алуға мәжбүрміз, ол өнім дәмсіз.
– Мәселе, ең алдымен, Алматыда халық көп болуына байланысты. Иә, мұндай үлкен мегаполис көп мөлшерде өнім өндіруді қажет етеді, ал мүмкіндігінше көп өнім алу үшін химиялық заттар қолданылады. Мұның бәрі бір-бірімен байланысты мәселе екенін айтуымыз керек.
Тұтынушы дәмді, тәтті, исі аңқыған көкөніс-жемістен ажырап қалмас үшін ең алдымен ауыл шаруашылығы сияқты мехнаты көп, қайтарымы аз салада еңбек етіп жүрген кәсіп иелерін тұрақты табыспен қамтамасыз ету жүйесін жолға қою керек, сонда ғана шаруалар өнімнің саны емес, сапасын мән беретін болады дейді мамандар.