Табиғи апат және сақтандыру. Үй иелерін жарна төлеуге міндеттеудің қисыны қандай?

Петропавлдағы суға батқан үйлер. 2024 жылғы сәуір.
Петропавлдағы суға батқан үйлер. 2024 жылғы сәуір.

Кейінгі жылдары болған жойқын су тасқындарынан кейін Қазақстан билігі табиғи апаттан келген шығынды өтеу тәсілін өзгертуді ұйғарды. Бұған дейін қираған үйлерді қалпына келтіруге мемлекет бюджеттен миллиардтаған теңге бөлетін. Енді оның орнына тұрғын үйді міндетті сақтандыру жүйесін енгізу ұсынылып отыр. Іске асса, жылжымайтын мүлік иелері арнайы қорға жыл сайын жарна аударуға тиіс болады. Шенеуніктердің айтуынша, сақтандыру жүйесі зардап шеккендерге тезірек көмек көрсетуге және бюджетке түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді. Бірақ сарапшылардың пікірі екіге жарылып отыр: бірі реформаны қажет деп санаса, енді бірі халықтан ақша жинайтын тағы бір құрылым пайда бола ма деп қауіптенеді.

Бас тартуға болмайтын ұсыныс

Қазақстанда тұрғын үйді табиғи апаттан міндетті сақтандыру тетігі әзірленіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – жылжымайтын мүлік иелерінің табиғи апат болған жағдайда қажет болатын қаржыны алдын ала жинақтауына жол ашу.

Бұл бастаманы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынып отыр. Агенттік тұрғын үйлерді үш негізгі қауіптен: жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи орман өртінен сақтандыруды көздейді. Жарналарды жинақтау үшін Тұрғын үйді міндетті сақтандыру қоры құрылмақ.

Ұсынылған жобаға сәйкес, жыл сайынғы жарна мөлшері 2 мыңнан 20 мың теңгеге дейінгі (4,4–44 доллар) аралықта болуы мүмкін. Нақты сома өңірдегі табиғи қауіп деңгейіне қарай белгіленеді. Мысалы, сейсмикалық қаупі жоғары аймақтардағы сақтандыру шарттары мұндай қатер аз өңірлерден өзгеше болуы ықтимал.

Сақтандыру жағдайы туындаса, меншік иесіне жылдық жарнасының 500 еселенген мөлшерінде өтемақы төленеді деп уәде етілген. Демек, ең төменгі жарна 2 мың теңге болса, төлем 1 миллион теңге (шамамен 2,2 мың доллар) құрайды. Ал жыл сайын 20 мың теңге төлеген адам ең көбі 10 миллион теңге өтемақы ала алады. Сақтандыру жағдайы расталғаннан кейін бес күн ішінде ақша аудару жоспарланып отыр.

Алайда үйі толық қираған адам 1 миллион теңгеге баспанасын қалай қалпына келтіре алады? Тіпті ең жоғары өтемақы – 10 миллион теңге де жаңа үй салуға немесе дайын баспана сатып алуға әрдайым жете бермейді.

Жүйені әзірлеушілер бастапқы кезеңде төлемдер зардап шеккендердің ең шұғыл шығындарын өтеуге бағытталатынын айтады. Қорда қаражат жиналған сайын сақтандыру тетігінің мүмкіндігі де кеңейе түсуі мүмкін.

Жүйені кезең-кезеңімен енгізу ұсынылып отыр. Қордың капиталы мен резервін қалыптастыру үшін үш жылдық дайындық кезеңі қарастырылған. Осыдан кейін тұрақты сақтандыру жарналарын жинау басталмақ.

Үкімет үшін мұндай модель кезекті апатты күтпей, қаржы резервін алдын ала қалыптастырудың жолы болып тұр. Бұдан былай төтенше жағдайда бюджеттен шұғыл миллиардтаған теңге бөлудің орнына шығынның бір бөлігі жылжымайтын мүлік иелері алдын ала аударған қаражат есебінен өтелмек.

Алайда реформаның ең даулы тұсы да осында: барлық азаматқа міндетті төлем енгізу қаншалық әділетті және жаңа жүйе төтенше жағдай кезінде оларға нақты көмек көрсете ала ма?

Экономист Айдар Әлібаев жаппай міндетті сақтандырудың қажеттілігіне қатысты дәлел жеткіліксіз деп санайды.

– Олардың қолында салмақты бір уәж бар: Алматыда жер сілкінісі қаупі жоғары. Бірақ олар бұл жүйені бүкіл елге енгізгісі келеді. Мұндай уәжді барлық өңірге бірдей қолдана алмайсың. Өйткені сейсмикалық қауіп барлық жерде бірдей емес. Оның үстіне, сақтандыру жағдайы туындағанда компаниялардан лайықты өтемақы алу қаншалық қиын екенін білеміз. Кейде өтемақыны ала алмай да қаласыз, – дейді Әлібаев.

Сарапшының сөзінше, мүлікті қаржылай қорғау идеясының өзі орынды болуы мүмкін, бірақ оны жүзеге асыру тетігі де маңызды.

Су тасқыны қаншаға түсті?

Табиғи апаттың зардабын өтеуде бюджетке қандай салмақ түсетінін билік жақсы біледі. 2024 жылғы көктемде Қазақстанның бірнеше өңірін су басып, ондаған жыл ішіндегі ең жойқын табиғи апатқа ұласты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болған оқиғаны ауқымы мен зардабы жағынан кейінгі 80 жылдан астам уақыттағы ең ірі табиғи апат болуы мүмкін деп бағалады.

Топан су құлатып кеткен тұрғын үй мен оның ауласына тігілген шатыр. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылы. 13 сәуір, 2024 жыл.
Топан су құлатып кеткен тұрғын үй мен оның ауласына тігілген шатыр. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылы. 13 сәуір, 2024 жыл.

Су тұрғын үй орамдарын басып, үйлер мен жолдарды қиратып, коммуналдық инфрақұрылымды істен шығарды. Мыңдаған адам баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Көбі өзімен бірге құжаттары мен ең қажетті заттарын ғана алып үлгерген.

Үкіметтің мәліметінше, су тасқынынан 17 мыңнан астам тұрғын үй зардап шеккен. Олардың жартысына жуығы тұруға жарамсыз деп танылған.

Қираған нысандарды қалпына келтіру үшін мемлекет қаржысы жұмсалып, бизнес пен қайырымдылық ұйымдары көмек көрсетті. Жалпы шығын көлемі жүздеген миллион долларға бағаланды.

Мемлекет зардап шеккендерге пәтер сатып алуға, жаңа үй салуға, бүлінген баспананы жөндеуге, жолдар мен инженерлік желілерді қалпына келтіруге мәжбүр болды.

Шығын мұнымен шектелмеді. Адамдарды эвакуациялап, уақытша баспанамен, азық-түлікпен, киім-кешекпен және күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз ету керек болды.

Соның бір мысалы – Атырау облысындағы Құлсары қаласы. 2024 жылғы сәуірде Жем өзенінің арнасынан асуынан қаланың тұтас орамдарын су басып, қала табиғи апаттың зардабын тартты. Су тұрғын үйлерге кіріп, жұртты баспанасын шұғыл тастап кетуге мәжбүр етті. Отбасылар ондаған жыл бойы жинаған дүние-мүлкін қалдыруға мәжбүр болды.

Су қайтқан соң үйлеріне оралғандардың бәрі бірдей жеңілдеп қалған жоқ. Кейбір ғимараттар бүлініп, қабырғалары ылғалға малынды, жиһаз, тұрмыстық техника мен басқа да заттар жарамсыз болып қалды. Зардап шеккендерге шығынды бағалап, өтемақы төлеу туралы шешімді күтуге тура келді.

Арнайы комиссиялар үйлерді тексеріп, оларды қалпына келтіруге бола ма, жоқ па – соны анықтады. Алайда шешім қабылданғаннан кейін де өтемақының жеткіліктілігі, қалпына келтіру мерзімі мен шығынды бағалаудың әділдігіне қатысты сұрақтар туындады.

Тасқын су үй-жайын бұзып кеткен тұрғындар өтемақы талап етіп тұр. Құлсары, Атырау облысы, 16 мамыр, 2024 жыл.
Тасқын су үй-жайын бұзып кеткен тұрғындар өтемақы талап етіп тұр. Құлсары, Атырау облысы, 16 мамыр, 2024 жыл.

– Бір қабатты, ішкі әрлеуі жасалмаған үйдің бір шаршы метрі 220 мың теңге тұрады, – деген еді су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың бірі Құлсарыдағы әкімдік ғимараты алдында өткен стихиялық митингіде. – Судың астында жер телімдері, гараждар, сарайлар қалғанын ұмытпаңыздар. Адамдар жөндеуге қанша ақша жұмсады! Бірақ сіздер осы соманы жеткілікті деп отырсыздар. Біз жоғалған баспананы бір шаршы метріне кемінде 400 мың теңгеден бағалауды сұраймыз. Сонда ғана әділ болады.

Құлсарыдағы жағдай табиғи апат алдында адамдардың қаншалық дәрменсіз екенін көрсетті. Көпшілік үшін үйінен айырылу – өмір бойы жиған-тергенінен айырылумен тең болды. Ал жаңа баспана сатып алуға күш те, қаражат та қалмады. Мұндай жағдайда қаржылай көмектің негізгі көзі мемлекет болды.

Елдің басқа өңірлерінде де осындай жағдай қалыптасты. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында да үйлері апатты деп танылған отбасыларға мемлекет есебінен жаңа баспана салынып, пәтер сатып алынды.

Мемлекеттің жауапкершілігі қай жерде аяқталады?

Осындай ауқымдағы қаржылай көмек мемлекеттік бюджетке үлкен салмақ түсірді. 2024 жылғы көктемгі су тасқыны табиғи апаттың салдарын жоюға кететін шығынды жыл сайынғы бюджетті жоспарлау кезінде дәл болжау мүмкін емес екенін байқатты.

Бірақ мәселе тек қалпына келтіру құнында емес. Жеке мүліктен айырылған жағдайда жауапкершілікті кім көтеруі керек деген сұрақ та бар.

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев мемлекеттің халықты қорғау жөніндегі міндеті мен азаматтардың өз мүлкіне қатысты жеке жауапкершілігін ажырату қажет деп санайды.

– Айталық, бір жерде су тасқыны болды. Мемлекеттің міндеті қандай? Әрине, адамдарды құтқару, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Одан кейін су тасқынының салдарын жою керек. Егер оған біреудің қателігі немесе салғырттығы себеп болса, кінәлілерді тауып, жазалау қажет. Мұның бәрі – мемлекеттің негізгі міндеттері. Ал содан кейін мүлікті қалпына келтіру жауапкершілігі азаматтардың өзіне жүктеледі. Олар жеке меншігін қаржылай қорғауға қатысуы керек, – дейді Бейсембаев.

Топан су басқан Большая Малышка ауылы. Солтүстік Қазақстан облысы. 15 сәуір, 2024 жыл.
Топан су басқан Большая Малышка ауылы. Солтүстік Қазақстан облысы. 15 сәуір, 2024 жыл.

Осы тұрғыдан алғанда, сақтандыру тәуекелді жүйеге қатысушылар арасында бөлісуге мүмкіндік береді. Яғни әр апаттың зардабын өтеу міндеті түгелдей мемлекеттік бюджетке жүктелмейді.

Мұндай тәсіл табиғи апаттан келген шығынды өтеуде жылжымайтын мүлікті сақтандыру негізгі құралдардың біріне айналған көптеген елде қолданылады. Бірақ ол елдерде бұл сақтандыру түрі меншік иелерінің бәріне бірдей міндеттеле бермейді. Әртүрлі елде жеке сақтандыру компаниялары, мемлекеттік қайта сақтандыру тетіктері мен арнайы қорлар қатар қатысатын аралас модельдер бар.

Қазақстанда мүлікті сақтандыру мәселесі екі жыл бұрынғы су тасқынынан кейін жоғары деңгейде көтерілді. Президент 2024 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін дамыту қажеттігін айтты. Сондай-ақ табиғи апаттан келген шығынды сақтандыру тетіктері арқылы өтеудің шетелдік тәжірибесіне назар аударды.

Бұл мәселе бұған дейін де талқыланған, бірақ көбіне нақты ұсыныстарға ұласпайтын. Әрбір табиғи апат сайын бұл әңгіме қайта жанданатын. 2010 жылы Алматы облысындағы Қызылағаш ауылында жойқын су тасқыны болды. Бөгеттің бұзылуы ондаған адамның өмірін қиып, көптеген тұрғын үйді қиратып кетті.

Сол кезде де апат қорғаныс инфрақұрылымының жай-күйі, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі және зардап шеккендерге көмек көрсету шаралары туралы сұрақтарды қайта көтерді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, арада он жылдан астам уақыт өтсе де, бұл мәселе әлі өзекті.

Сақтандыру жүйесін құру мәселенің тек қаржылық жағын шешеді. Ол төтенше жағдайлардың алдын алу, гидротехникалық құрылыстарды бақылау және елді мекендерді дер кезінде қорғау міндеттерін алмастыра алмайды.

Оның үстіне, сақтандыру тетігі жемқорлық қатерімен, қорды басқарудың ашық болмауымен және өтемақы алудың қиындығымен қатар жүрсе, тиімділігін жоғалтуы мүмкін.

Жаңа атауы бар ескі мәселеге айналмай ма?

Реформаға сыни көзбен қараушылар сақтандыру жарналарын жинақтайтын бөлек құрылым құру туралы ұсынысқа алаңдайды. Тұрғын үйді міндетті сақтандыру қоры жылжымайтын мүлік иелерінен түсетін қаражатты басқарады деп жоспарланған. Әр адамның жыл сайын төлейтін жарнасы аз көрінгенімен, бүкіл ел бойынша жиналғанда қомақты қаржыға айналуы мүмкін.

Бірақ бұл ақшаның жұмсалуын кім бақылайды? Қор жұмысының ашықтығы қалай қамтамасыз етіледі? Ал сақтандырушы зардап шеккен адамға төлем жасаудан бас тартса немесе шығын көлемін төмендетіп бағаласа, не болады?

Экономист Айдар Әлібаев бұл сұрақтарға жауап берілмесе, реформа халықтың сеніміне ие бола алмайды деп санайды.

Экономист Айдар Әлібаев
Экономист Айдар Әлібаев

– Мемлекет халықтың ақшасын жинақтауға кіріскенде не болатынын көрсететін жарқын мысалдар бізде бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын алайық. Онда ұрлық пен жемқорлықтың көлемі ақылға сыймайтын деңгейге жеткенін көріп отырмыз, – дейді экономист (Тамыз айында Қаржылық мониторинг агенттігі медициналық ұйымдарға шамамен 140 мың азаматты жалған тіркеу және көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәлімет енгізу схемаларын анықтағанын хабарлаған).

Әлібаев миллиардтаған теңге айналымын басқаратын жаңа компанияның пайда болуы теріс пайдалануға қосымша мүмкіндік туғызуы мүмкін деп қауіптенеді. Міндетті қаржыландыру тетіктеріне деген сенімсіздік реформаны әзірлеушілер үшін үлкен проблемаға айналуы ықтимал.

Қазақстандықтар сақтандыру үшін ақша төлеуге дайын болуы мүмкін. Бірақ оның орнына қандай кепілдік алатынын түсінуі керек. Ал болашақта өтемақы алатынына сенім болмаса, міндетті жарна тағы бір қаржылық алым ретінде қабылдануы мүмкін.

– Батыста жақсы жұмыс істейтін тетіктердің бәрі біздің елге келгенде басқа сипат алып, күткен нәтижесін бермей жатады. Мұны халқымыз жақсы түсінеді, – дейді Әлібаев.

Тұрғын үйді сақтандыруды қолдайтын Арман Бейсембаев та жаңа мемлекеттік сақтандыру корпорациясын құру идеясын құптамайды.

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев

– Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын, – дейді сарапшы. – Меніңше, жылжымайтын мүлікті сақтандыруды бәсекелестік ортада жұмыс істейтін жеке сақтандыру компанияларына тапсырған жөн. Міндетті автосақтандыруды алайық. Ол жүйе жұмыс істеп тұр, ешкім оған қарсы емес. Өйткені адамдар қай сақтандыру компаниясына жүгінетінін өздері таңдай алады. Бір компания төменірек тариф ұсынады, екіншісі көбірек кепілдік береді, үшіншісі қосымша бонуспен қызықтырады. Бәсекелестік деген осы.

Сақтандыру ма, әлде тағы бір салық па?

Міндетті сақтандыру идеясы жарна мөлшері мен оның орнына берілетін кепілдіктің сәйкестігіне қатысты мәселелерді қозғап отыр. Мысалы, сейсмикалық қаупі жоғары өңірде тұратын отбасы үшін баспанасын сақтандыру қажеттілігі түсінікті болуы мүмкін. Бірақ табиғи апат қаупі әлдеқайда төмен аудандардағы жылжымайтын мүлік иелеріне де міндетті төлем жүктеу қаншалық орынды?

Билік жарна мөлшерін қауіп деңгейіне қарай саралауды қарастырып отыр. Алайда бұл қауіп-қатердің қаншалық объективті бағаланады деген сұрақ бар.

Реформаның әлеуметтік жағы да маңызды. Кейбір меншік иелері үшін жарна елеулі салмақ болмауы мүмкін. Бірақ зейнеткерлерге, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға кез келген қосымша міндеттеме қаржылай қиындық туғызуы ықтимал.

Осы тұрғыдан алғанда, міндетті сақтандыру ерікті сақтандырудан өзгеше. Жұрт бұл қызметтің қажет-қажет еместігін өзі шеше алмайды. Өтемақы мөлшерінің әділдігі жөнінде де сұрақ бар. Егер қымбат жылжымайтын мүліктің иесі әлдеқайда арзан баспананың иесімен бірдей өтемақы алса, сақтандыру төлемі бүлінген мүліктің нақты құнын өтемейді.

Екінші жағынан, өтемақы жарна мөлшеріне қарай белгіленсе, қаржылық жағдайы осал отбасылар тиімсіз жағдайда қалуы мүмкін. Өйткені олардың қалтасы көтеретін сақтандыру жарнасы тек ең төменгі өтемақыны қамтамасыз етуі ықтимал.

Қордың ауқымды апатқа төтеп бере алу қабілеті де маңызды.

Егер мыңдаған үй бір мезгілде қираса, өтемақы көлемі ондаған миллиард теңгеге жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда қорда қанша қаржы жиналғаны ғана емес, қайта сақтандыру жүйесінің, қаржылық кепілдіктер мен мемлекеттің араласу тетіктерінің болуы да маңызды. Қор қаражаты жетпей қалса, билікке қайтадан бюджеттен қосымша қаржы бөлуге тура келуі мүмкін.

Демек, міндетті сақтандыру мемлекетке түсетін қаржылық салмақты азайтуы ықтимал, бірақ оны толығымен жоймайды.

2024 жылғы су тасқыны зардап шеккен адамдардың мемлекеттен қандай көмек күткенін көрсетті. Оларға жаңа үйлер салынып, пәтер сатып алынды, жөндеу шығындары өтеліп, материалдық көмек берілді. Бірақ шешімдер төтенше жағдайда қабылданды және ол шешімдер тұрғын үйді тексеру қорытындысына, қолда бар қаржыға және өтемақы төлеу тетіктеріне байланысты болды.

Тасқын судан зардап шеккен Подгора ауданы, Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, 14 сәуір, 2024 жыл.
Тасқын судан зардап шеккен Подгора ауданы, Петропавл, Солтүстік Қазақстан облысы, 14 сәуір, 2024 жыл.

Жаңа жүйе басқа тәсілді ұсынады. Адам алдын ала белгіленген соманы төлеп отырады да, сақтандыру жағдайы туындағанда бекітілген өтемақыны алады.

Бір жағынан мұндай модель қарапайым әрі болжамды көрінеді. Бірақ оның тиімділігі ақшаның қаншалық жылдам аударылатынымен ғана өлшенбейді.

Егер үйі толық қираған адам 1 миллион теңге алса, ал жаңа баспана сатып алу үшін одан ондаған есе көп ақша қажет болса, негізгі мәселе шешілмей қалады. Мұндай жағдайда отбасы қосымша қаражат іздеуге немесе мемлекет көмегін күтуге мәжбүр болады.

Процедуралар да айқын болуы керек. Сақтандыру жағдайы болғанын кім анықтайды, шығынды кім бағалайды және меншік иесі мен қор арасында дау туындаса, оны кім шешеді? Зардап шеккен адам сақтандыру компаниясының өтемақы беруден бас тартуына шағымдана ала ма?

Бұл сұрақтарға түсінікті жауап берілмесе, жаңа тетік басқа да міндетті қаржылық жүйелер сияқты халықтың сенімсіздігіне ұшырауы мүмкін.

​
XS
SM
MD
LG