Tәжікстанның 60 жастағы тұрғыны Шариф Ширбеков Сирияға кеткен кіші ұлы 20 жастағы Рахматулломен әңгімені еске алады. Азаттықтың Тәжік қызметіне сұхбатында Ширбеков ұлының өз сөзіне құлақ аспағанын өкінішпен баяндайды:
- Мен оған қаншама рет бұлай істеме, анаңды жылатып кетпе, әйелің әлі жас дедім. Ол жақта саған не бар? Ол болса, мені ағаларым шақырды, сонда кетемін деді.
Соңғы алты айда Ширбековтің үш ұлы бірдей Сирияға кеткен. Ал жалпы бұл әулеттен 8 адам экстремистер ұйымына қосылған – үш ұлы, төрт немересі және бір келіні кеткен.
Тәжікстанның оңтүстік-батысындағы Кубадиен ауданында тұратын Шариф Ширбеков соңғы кездерінен ұлдарынан мүлдем хабар алмағанын айтты. Олар кеткеннен бері отбасы қаржыдан қиындық көріп отыр. Өзі жүргізуші болып істейтін қария күнкөрістің ауырлап кеткеніне шағымданады. Үш ұлы Сирияға аттанған соң әйелі сырқаттана береді, дәрігерге жиі қаралады.
РЕСЕЙДЕГІ МИГРАНТТАР
Шариф Ширбековтың айтуынша, ұлдарының бәрі алдымен Ресейге еңбек мигранты ретінде жұмыс істеуге кеткен. Олардың ешбірі жоғары білім алмаған, әскери борышын өтемеген. Ресейде ұлдары құрылыста жұмыс істеген немесе көше сыпырған. Үшеуі де сол жақта жүріп әсіредіншілдердің қармағына ілінген.
Ширбеков балаларының теріс жолға түсуін өзбекстандық еңбек мигранттарынан көреді. Өзі де өзбек тілді отбасынан шыққан қария ұлдарының Наманған мен Әндіжаннан келген өзбектерге еруіне осы жақындық ықпал еткен болар деп топшылайды.
Үш ұлдың үлкені – 30 жастағы Умар бірінші болып Ресейге, одан соң Сирияға аттанған. Ол 15 жыл бұрын Мәскеуге жұмыс іздеп кеткен еді, өзбек еңбек мигранттарымен бірге пәтер жалдап тұрған. Әкесінің айтуынша, намаз оқуды да сол жақта үйренген. 2014 жылдың басында Умар «ақымақтық жасап» Сирияға кеткен.
Умар өзінің неліктен ондай қадамға барғанын әкесіне хабарласқанда былай түсіндірген: «Әлемнің бәрі жалған, сондықтан бүкіл әлемдегі мұсылмандар бас қосқан бір мемлекет құруға тиіспіз». Екі айдан соң 25 жастағы Абубакр де ағасының артынан аттанған. Бұдан соң тағы екі ай өткенде Рахматулло да Сирияға жол тартқан. Ширбековтар әлі күнге дейін үш ұлдан да, олардың отбасынан да еш хабар алмағандарын айтады. Олар Умар, Абубакр және Рахматулло үйге оралар деп үміттенеді.
СИРИЯҒА ОТБАСЫМЕН КЕТКЕНДЕР
Кейбір жағдайда Сирияға соғысуға кеткен Орталық Азия азаматтары алдымен Ресейге жұмыс істеуге аттанады – әйелдері мен балаларын елде қалдырады. Бірақ кейде отбасы тұтас бірге қоныс аударады. Ширбековтің ұлы әйелін Сирияға әкеткен жалғыз тәжік емес.
Кубадиен билігінің Азаттыққа баяндауынша, ауданның 10 шақты тумасы Сирияда жүр, олардың біразы әйелдерін қоса алып кеткен. Деректерге сүйенсек, Сириядағы жағдай Орталық Азия әскерилерінің отбасы үшін қауіпті, тіпті олардың ажалына себеп болуы мүмкін.
Мамыр айында Сирияға күйеуімен бірге кеткен 25 жастағы тәжік әйелі Гулру Олимованың анасы Азаттыққа хабарласып, ері дүние салған соң қызының елге қайтқысы келгенін айтқан болатын. Бірақ «Ислам мемлекеті» ұйымы әйелдің үш баласын алып қаламыз деген.
Сириядағы әскери топтардың Орталық Азия жасақтарынан, соның ішінде этникалық өзбектердің балаларынан әскери топ жасақтап, соғысқа дайындап жатқаны жайлы дәлел бар. Өзбектерден құралған "Имам Бухари Жамағат" ұйымы (ауғанстандық "Талибан" ұйымына адал боламыз деп ант берген) өзбек балалары мен жасөспірімдерін соғысқа баулып жатқандарын растаған, олардың ішінде соғысып жүрген әскерилердің балалары да бар.
(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.)