Accessibility links

70 жастағы тәжік студенті Гиннесс кітабына енгісі келеді


Университетте дәріс жазып отырған Гуломхайдар Искандаров.
Университетте дәріс жазып отырған Гуломхайдар Искандаров.

Тәжікстанның Жылыкөл ауданындағы бастауыш мектеп мұғалімі Гуломхайдар Искандаров 70 жасқа келгенде университетке түсті.

Хатлон облысы Жылыкөл ауданындағы Сеюм ауылының тұрғыны Гуломхайдар Искандаров 70 жасында жоғарғы оқу орнының табалдырығын аттады. 2014 жылы ол Носир Хусрав атындағы Қорғантөбе мемлекеттік университетінің тәжік филологиясы факультетіне сырттай оқуға түсті. Енді ол «ЖОО бітірген соң қоғамға көбірек пайдам тиер» деп үміттенеді.

Бұрын Хатлон облысындағы педагогикалық, ауылшаруашылық және технологиялық коллеждерді бітірген қария туған ауылында бастауыш мектепке сабақ беріп келген. Зейнетақысы мен жалақысы 300 долларға әзер жетеді. Бірақ зейнеткер айлығын өсіру үшін емес, ежелгі арманы – университетте білім алу үшін оқуға түскенін айтады. Бірнеше жыл бұрын зайыбы қайтыс болған ол белсенді өмір сүруге әлі де қабілетті екенін байқайды. Екі ұлы - Ресейде еңбек мигранты, ал екі қызы – үйлі-баранды, сондықтан Гуломхайдар Искандаров өмірдің жаңа белесіне бет бұрады. Ол филология факультетін бітірген соң заң факультетінің сырттай бөліміне түсуді жоспарлап отыр.

Жасы 25-тен сәл асқан курстастары қарияның білімге деген құлшынысын қалай бағалайды? 70 жастағы студент «Әрқайсысы әртүлі қарайды. Шынын айтқанда, көбі мені «ата дейміз бе, әлде атын атаймыз ба?» деп қысылып жүр. Бірақ курстастарым да, оқытушылар да жасыма қарап құрметтейді. Айтпақшы, басқа студенттерден сұрағандай менен пара бопсаламайды. Ұялғандарынан емес, мен бағаны өз біліміммен аламын» дейді.

Гуломхайдар Искандаров оқуға қиналмайтынын айтады. «Бұрыннан кітап оқығанды, әдебиетті, өлеңдерді жақсы көретінмін. Алты жыл бұрын жарымнан айырылғанда тіпті ақын болып кеттім. Сондықтан жылына екі рет 40 күннен оқу маған қиын емес» дейді ол.

Қария университеттегі күндерін бағаламай, уақытын босқа өткізетін курстастары мен жастарды сынайды. Ал басқа студенттер «оны сұраққа жақсы жауап беріп, сабаққа ынтамен дайындалатыны үшін сыйлаймыз» дейді. Адолат атты курстасы «жастармен салыстырғанда Гуломхайдардың орыс және ағылшын тіліне сауатты екенін» атап өтті. Ақсақал бұл тілдерді советтік кезеңде үйренген екен.

Гуломхайдар Искандаров.
Гуломхайдар Искандаров.

Гуломхайдар жас кезіндегі арманын жүзеге асырып, егде тартқан шағында университетке түсуге ресейлік 74 жастағы студент үлгі болғанын айтады. Ол туралы теледидардан естіген қария «Гиннестің рекордтар кітабына мен туралы жазса қуанатын едім» дейді.

Қорғантөбе мемлекеттік университеті әкімшілігі «жаңа һәм қарт» студенттің оқуға түскеніне таңғалды. Әдетте дәстүрлі тәжік қоғамында 60-тан асқан адамдар өздерін қарттар санатына жатқызып, жұмыстан алшақтап, дінге бет бұрады және немерелерін тәрбиелейді.

Дегенмен олар Гуломхайдар Искандаровтың бұл әрекетін «елге үлгі» деп бағалап, «жас студентерге де өнеге» деп санайды. Қорғантөбедегі Носир Хусрав атындағы университет проректоры Абдулхай Комили Искандаровқа дейін ЖОО-да 50 жастағы студенттің «ең кәрі шәкірт» саналып келгенін айтты. «Егер 70-тегі адам білім алуға ұмтылса, оны тек қолдау керек» дейді ол.

Ал Гуломхайдар Искандаров дәріс тыңдап, тәжірибелік сабақтарға қатысып, қысқы сессиядағы алғашқы емтиханын тапсыруға дайындалып жүр.

(Орзу Кәрімнің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG