Accessibility links

Тәжікстан Ислам партиясы сайлауда неге жеңілді?


Тәжікстан Ислам өркендеу партиясы лидері Мухиддин Кабири «сайлаудағы жеңілісті жаңа өзгерістер, реформалар мен тың бастамалар көтеру мақсатына пайдаланамыз» дейді.
Тәжікстан Ислам өркендеу партиясы лидері Мухиддин Кабири «сайлаудағы жеңілісті жаңа өзгерістер, реформалар мен тың бастамалар көтеру мақсатына пайдаланамыз» дейді.

Тәжікстанда өткен парламент сайлауында Орталық Азиядағы жалғыз ислам партиясы ойсырай жеңілді. Сарапшылар мұның себебін түрліше жориды.

Тәжікстан Ислам өркендеу партиясы осы елде наурыздың 1-і күні өткен парламент сайлауында ойсырай жеңілді. Бұл жеңілісі үшін олар сайлау өткен мерзімді, автократиялық режимді және өздерін кінәлайды.

Сайлауда Тәжікстан Ислам өркендеу партиясы 1,5 пайыз ғана дауыс алды. Сөйтіп, соңғы 15 жылда алғаш рет елдің екінші ірі партиясына парламенттен орын тимей қалды.

Партия қазір «қателерді түзеумен» айналысып жатыр, ал сарапшылар болса, «олардың жеңілуіне әсер еткен факторларды» айтып берді.

«ИСЛАМҒА ҚАРСЫ КӨЗҚАРАС»

Душанбелік сарапшы Рашид Ғани кең тараған пікірді қайталап, «Ислам партиясының жеңілуіне әлемдегі оқиғалар себеп болды» дейді.

- Жалпы исламға қарсы көзқарас күшейіп тұр, оның үстіне БАҚ арқылы хабарланған [«Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының] Мосул (Ирак – ред.) қаласындағы жасаған жауыздықтары тәжік қоғамының Ислам партиясына қатысты позициясына да әсер етті, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, «Араб көктемінен» кейін Таяу Шығыста басталған хаосты жұрт исламшыл топтармен байланыстырады, ал бұл Тәжікстандағы діни саяси тұлғаларға деген жағымсыз көзқарастың қалыптасуына алып келген».

Тәжікстан Ислам өркендеу партиясы жақтастары сайлау науқаны кезінде ілінетін плакаттарды іріктеп отыр. (Көрнекі сурет)
Тәжікстан Ислам өркендеу партиясы жақтастары сайлау науқаны кезінде ілінетін плакаттарды іріктеп отыр. (Көрнекі сурет)

Ал Тәжікстан Ислам өркендеу партиясы өкілдері «партияның өзіне және қолдаушыларына жасалған қысым және күйе жағу әрекеттері сайлау нәтижесіне әсер етті» деп санайды.

Сайлау науқаны кезінде партияның бірнеше мүшесі тұтқындалып, жергілікті филиалдары жабылды. Ақпараттарға қарағанда, сайлау өткен күннің ертеңінде (наурыздың 2-сі ) партияның аймақтағы үш бірдей басшысы қамауға алынған.

Былтыр интернетте жарық көрген секс-видеолар да Ислам партиясына қатысы бар діни тұлғалардың «арсыз әрекеттерін әшкереледі». «Абыройы төгілгендердің» арасында партияның белгілі әйел мүшесі де бар.

Ислам өркендеу партиясы «мұның барлығы – саяси тұрғыда жасалған қысым» деп санайды. Ал үкімет өкілдері «бұл дау-дамайға еш қатысы жоқ екендерін» айтады. Олардың сөзіне қарағанда, партия мүшелерін тұтқындаудың да саясатпен байланысы жоқ.

Сарапшы Рашид Ғани «бұлайша ойсырай жеңілуіне сайлаушыларды қызықтыратын тың бастамалар ұсына алмаған партияның өзі кінәлі» дейді.

«ЖЕҢІЛІСТЕН КЕЙІНГІ КЕЗЕҢ»

Тәжікстандағы азамат соғысынан соң, 1997 жылы қабылданған билікті бөлісу туралы келісімнің арқасында ресми түрде тіркеуден өткен Ислам өркендеу партиясының беделі көтерілген еді. Оны сол кезеңде елдегі мұсылмандардың көпшілігі қолдаған. Үкімет діни институттарды қатаң бақылауға тырысатындықтан, Тәжікстан Ислам өркендеу партиясы биліктегі орны үшін әрдайым күресіп келеді.

Мәселен, 2010 жылы партияның Душанбедегі мешіті жабылып қалды, ал тек әйелдер ғана баратын мешіт ашуға ұмтылысы үкімет тарапынан қарсылыққа ұшырады. Үкімет әйелдер ғана баратын мешіттерге тыйым салды.

Партияның басындағы қазіргі қиындықтарға қарамастан, Ислам өркендеу партиясының басшысы Мухиддин Кабири «сайлаудағы жеңілісті жаңа өзгерістер, реформалар мен тың бастамалар көтеру мақсатына пайдаланамыз» дейді.

Дауыс беру аяқтала салысымен, наурыздың 2-сі күні сөйлеген Кабири биліктің Ислам партиясына тыйым салу ниеті бар екенін, бұл туралы лақаптың бұрыннан айтылып келе жатқанын мәлімдеді.

Ол үкіметке «Ислам партиясының болашағына қатысты асығыс шешім қабылдамау» туралы ескерту жасады және бұл саяси ұйымның тәжік қоғамына үлкен көмек көрсетіп отырғанын айтты.

ТӘЖІКСТАННЫҢ «ЕРЕКШЕЛІГІ»

Мухиддин Кабири «Сауатсыз саясат кесірінен пайда болған «Ислам мемлекеті», «Әл-Қаида» сияқты діни экстремистік топтардан төніп тұрған қауіпті сейілтуге партияның үлес қоса алатынын» айтты.

Бұдан бұрын ол «парламентте Ислам партиясының болмауы биліктің имиджіне нұқсан келтіреді» деген пікір айтқан еді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның парламент сайлауына дауыс беруге келген сәті. Душанбе, 1 наурыз 2015 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның парламент сайлауына дауыс беруге келген сәті. Душанбе, 1 наурыз 2015 жыл.

Бұл пікірмен сарапшы Рашид Ғани де келіседі. Оның айтуынша, «парламентте билікті сынай алатын ислам оппозициялық партиясы өкілдерінің отыруы Тәжікстанды төңірегіндегі автократиялық режимдерден ерекшелендіріп тұратын».

Соңғы сайлаудың нәтижесінде заң шығару органына тек биліктегі Халықтық демократиялық партия мен үкіметті жақтайтын Аграрлық партия, Экономикалық реформалар партиясы және Социалистік партия өкілдері өтті.

Тәжік үкіметін анда-санда аздап сынап қоятын Коммунистік партия да парламенттегі екі депутаттық орнынан айырылып қалды. Тәжік билігін қатты сынайтын жалғыз ғана зайырлы оппозициялық күш – Социал-демократиялық партия сайлау додасында ең соңғы орын алды.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG