Accessibility links

Күн суығанда орман-тоғайға қауіп төнеді


Отын әкеле жатқан Тәжікстан азаматы. (Көрнекі сурет)
Отын әкеле жатқан Тәжікстан азаматы. (Көрнекі сурет)

Тәжікстанда күн суыта билік орман-тоғайды қоруға көшеді. Өйткені, азаматтар отын үшін онсыз да сиреп бара жатқан орманды отауға кіріседі.

Биыл Тәжікстанда қыс қатты. Осы елдің оңтүстігіндегі Хатлон өңірі орманшылары күн-түн демей күзетте жүр.

Хатлон облысының Дангарин ауданы орманшысы Құрбаннозар Мирзоев «Биыл қар ерте, қазан айында түсті және қыс қатты болып тұр. Ел көмірін бітіріп, ағаш отын жағуға көшті» дейді.

Енді орманшылар жұрттың ағаш отауына қарсы әрекет етіп жатыр, көбі тәулік бойы кезекшілікке шығады.

Орман-тоғайды қорғау агенттігі дерегіне қарағанда, соңғы жарты ғасырда Тәжікстандағы орманның 70 пайызы оталып кеткен. 1990 жылдан бері 700 мың гектар орман қиылған.

Жұмысында жүрген орманшылардың бірі. (Көрнекі сурет)
Жұмысында жүрген орманшылардың бірі. (Көрнекі сурет)

Үкімет көшет отырғызып, орман-тоғай көлемін бұрынғы қалпына келтіруге тырысып-ақ жатыр. Бірақ биліктің бұл еңбегін орман отаушылар жоққа шығарып келеді.

Хатлон өңірінің орман қорғау бөлімі басшысы Куатали Назиров «Кейінгі төрт айда біз 145 азаматтық іс қозғадық. Олардың көбі пісте ағаштарын шапқан. Жиыны 2200 доллар айыппұл салынды» дейді.

Бұл шаралар орманды құтқармайтын сияқты. Бірақ билік өкілдері аз да болса төленген әр айыппұл ормандарды сақтап қалуға септеседі деп біледі.

Тәжікстан халқының көбі, әсіресе ауыл тұрғындары үйлерін отын, көмір және тезекпен жылытады. Электр қуаты қыс айларында шектеліп беріледі. Бұл елде газ инфрақұрылымы жоқ, көп адамның көмір алуға да шамасы келе бермейді.

Жергілікті сарапшылардың айтуынша, Тәжікстандағы отбасы орта есеппен айына отынға 30 доллар жұмсайды, ал халықтың көбінің табысы айына 150 доллардан аспайды. Қаражаттың жетіспеуі жұртты орманнан отын ұрлауға мәжбүр етеді.

Бұрын біз ас әзірлеуге газ бен электр плиталарын пайдаланатынбыз, қазір кейбір үйлердің газ көрмегеніне 25 жылдай болып қалды.

Хатлонда тұратын Гулмох есімді әйел «Бұрын біз ас әзірлеуге газ бен электр плиталарын пайдаланатынбыз, қазір кейбір үйлердің газ көрмегеніне 25 жылдай болып қалды» дейді.

Гулмох жазда отын мен тезек жинай бастайтынын айтады. Алайда биылғы қыс тым суық, жиған отын, түсірген көмір бітіп бара жатыр.

Жұрттың жағдайын сәл де болса жақсарту үшін тәжік билігі электр қуатын шектеп беруді тоқтатты. «Бұл жағынан алғанда жағдайымыз былтырғыдан жақсы» дейді Гулмох. Электр энергиясын шектеп беру қаңтардың 14-і тоқтап, қазір тоқ үздіксіз беріліп жатыр.

Гулмох «электр қуатын шектемей беретін болса, адамдарды - суықтан, орман-тоғайды отаудан сақтауға сеп болады» дейді.

Тәжіктердің көбі 2020 жылдан бастап елде электр қуаты үздіксіз берілетін шығар деп үміттенеді. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да елдің энергетикалық тәуелділігін жоятын әрі жұрт көптен күткен ГЭС құрылысын бастау негізгі мақсаттың бірі екенін айтып келеді.

Бірақ оған дейін біршама уақыт бар, орманшылар «біз сол аралықта қол қусырып отырсақ, орман-тоғай оталып бітеді» дейді.

Тәжікстанның орманды алқабы.
Тәжікстанның орманды алқабы.

Орман отаушыларды аңдып, айыппұл салуды күшейткен полиция шыршаларды да қорғауға мәжбүр. Адамдар бұл ағаштарды мейрам кездерінде кесіп әкетеді. Билік жұртты пластикалық жасанды шыршаларды пайдалануға үндеп жатыр.

Қазір Тәжікстанда 1,3 миллион гектар орман бар. Орман қорғайтын мемлекеттік агенттіктің басшысы Мадиброн Саидзоданың айтуынша, «1990 жылдары орман көлемі 2 миллион гектар болған».

Проблема Тәжікстан тәуелсіздік алғаннан кейін басталған. Бірақ Саидзоданың сөзіне қарағанда, орман отау Совет Одағы кезінде, 1970 жылдары басталған. Алайда ол кезде ағаштарды қалалар мен жолдарды, басқа да нысандарды салу үшін орын босату мақсатында отаған.

Үкімет көшет отырғызуды көбейтіп жатқанымен, олар жылдар бойы, баяу өседі. Сондықтан, статистика жақын арада өзгермейді. Саидзода «жылына екі гектар көшет отырғызып келеміз» дейді.

Фарангис Наджибулланың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG